Ол 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетім қалып, біраз жыл ағасының қолында өседі. Ес білген соң туған ауылында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. 1924 жылы Семей қаласындағы интернатта білімін жалғастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленіп, одан әрі үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жаза бастаған. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады. Осында жүріп, 1933 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, әскерге барып қайтады.
Қасымның арынды ақын ретінде қалыптасуына Орал қаласының тигізген әсері ұшан-теңіз. Осы өңірде жүріп ол ең алғашқы алаулаған махаббат туралы, жалынды жастық жайындағы жырларын дүниеге әкелді. 1935 жылы Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, оның жұмысын іскерлігінің, шығармашылық әлеуетінің арқасында дөңгелетіп әкетті. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Осы кездері ақынның әншілік, артистік қырлары кеңінен танылған болатын.
Ал 1936-1941 жылдары Қасым Аманжолов Алатау баурайындағы ару қала Алматыға барып, сол кездегі бас басылымдар болып саналған «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет атқарады. Осында жүріп, яғни 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағын «Өмір сыры» деген атпен жарыққа шығарады.
Қасым 30-жылдардың өзінде-ақ А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасады. Бұл оның үлкен поэзияның сырына терең бойлап, ақындық өнерінің қыр-сырын тануына көмектесті. 1939-1940 жылдар ақынның өсу жолындағы елеулі кезең болды. «Нар тәуекел», «Бурабай толқындары», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Өз елім», «Ғашық едім қайтейін» сияқты тамаша туындылары осы жылдары дүниеге келді. Сондай-ақ, Қасым лирикалық өлеңдермен қатар сүйекті туындылар жазуды да қолға алады, «Құпия қыз», «Бикеш» секілді алғашқы поэмаларын жазады.
Қасым Аманжолов тек лирик емес, сонымен қатар ірі эпик ақын. «Дүние қандай жап-жарық», «Сақыпжамал», «Күйім тасып барады, күйім тасып», «Жаным сәулем, еркешім, қызыл гүлім» атты өлеңдері Қасымның нәзік лирикасын танытса, «Ақын өлімі туралы аңыз», «Боран», «Біздің дастан», «Жамбыл тойында» атты поэмалары бар.
«Ұлы Отан соғысы туралы жыр», «Байкал», «Орал», «Елге хат» өлеңдері
Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештің бес ұлы" секілді әсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін "қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде" болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен – Қазақстанын қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде "Орал", "Сарыарқа", "Байкал", "Өтіп бара жатырмын" тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясының жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келеді. Ақын рухының бұл қуатты серпілісі майдан жырларына ұласып, мазмұн, тақырып, түр, көркемдік бейнелеу кұралдары, ой мен сезім тереңдігі жағынан жаңа сапа тауып, биік белеске көтеріледі. "Елге хат" (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), "Ұлы күтіс", "Үстімде сұр шинелім", "Подполковник Әлпинге", "Қапанға", "Сәбитке", "Ғалиға жауап", "Қызғалдақ", "Сен фашиссің, мен қазақпын", "Дариға, сол қыз" сияқты хрестоматиялық өлеңдері мен әйгілі "Ақын өлімі туралы аңыз" поэмасы – соның айғағы.
«Құя алман үгітілген балшық өлең, Көңілімде көл жасаман тамшыменен, Серінің сертке соққан семсеріндей, Өлеңнің өткірін бір алшы менен», — деп ақын бұл кезеңде қазақ өлең өнеріне мазмұн жағынан да, түр жағынан да мол жаңалық әкелген. Көркемдеу құралдарының образды сөз өрнектерінің жан тебірентер жаңа үлгілерін тауып қолданды. Бұл тұста ақынның «Байқал», «Оралым», «Подполковник Альпин», «Дариға сол қыз» өлеңдері, «Мартбек», «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмалары жазылды. А-тың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын Ғ. Мүсірепов қазақ поэзиясындағы жаңа бетбұрыс деп бағалады. Соғыстан кейін А. не бары он жыл өмір сүрді. Көркемдік сапасы жоғары лирик. өлеңдермен қатар «Боран», «Біздің дастан», «Бикеш», «Жамбыл тойында», «Құпия қыз» тәрізді үлкен эпик. поэмалар жазды. А. ақындығымен қатар үлкен сазгер де болған. Оның әнін де өзі шығарған «Дариға сол қыз», «Туған жер», т.б. шығармалары халықтың сүйікті әндеріне айналған. А. қазақ әдебиетінде аударма жанрының дамуына да зор үлес қосты. Ол А.С. Пушкиннің «Полтава», М.Ю. Лермонтовтың «Маскарад», А.Т. Твардовскийдің «Василий Теркин», Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмаларын, Т. Г. Шевченконың, В. В. Маяковскийдің өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Қазақ поэзиясына он буынды өлең түрін енгізіп, оны әбден тұрақтандырды.
Майданнан оралғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қасым журнал редакцияларында істейді, ара-тұра поэзия, ақындық өнер тақырыбына сын мақалалар жариялайды, өлеңді де өндіре жазады. Мысалы: 1946 жылы 26 өлең жазыпты, солардың ішінен, әсіресе "Достар", "Туған жер", "Құрбыма", "Сауыншы жеңгейдің жыры", "Домбыра", "Май келді", "Күйім тасып барады, күйім тасып", т.б. көркемдігі жоғары өлеңдерін ерекше атауға болады. Ақын 1947 жылдан бастап сырқатқа шалдығады. Соның өзінде сол жылы он шақты өлең жазып, "Біздің дастан" поэмасын бастайды. М.Лермонтовтың "Маскарад" драмасын, А.Твардовскийдің әйгілі "Василий Теркин" атты ұзақ та күрделі поэмасын өте шебер аударады. 1948 жылы да Қасым көп жазады, "Дауыл" атты жинағы жарық көреді. Ол туралы үлкен ақын әрі поэзия білгірі Әбділда Тәжібаев "Социалистік Қазақстан" газетінде "Дауылды жырлар" деген мақала жазып, аса жоғары бағалайды. Осы жылдары Пушкин мен Лермонтовтың бірсыпыра өлеңдеріне қоса, Пушкиннің "Полтава" поэмасын аударады. "Балбөбек", "Нұрлы дүние" жинақтарын шығарады. 1952 жылы "Таңдамалы шығармалары" жарық көреді. 1954 жылы бүгінде жұрттың көбі жатқа білетін әйгілі "Өзім туралы" толғауын аяқтайды.
Қасымның өлеңдері "Гроза" деген атпен 1946 жылы, "Стихи" деген атпен 1949 жылы орыс тілінде жеке кітап болып басылады. Қасым Аманжолов ұзаққа созылған науқастан 1955 жылғы қаңтардың 17-сінде қайтыс болды. Өлеңдері. Соғыстың алдында Қасым "Өз елім", "Дауыл", "Нар тәуекел", "Талғар" тәрізді әдемі лирикалық өлеңдер жазды. Бұл өлеңдердің кейіпкері – өз елін, туған даласының табиғатын шексіз сүйген, "көк дауылдай кеуделі жігіт" болып өскен қайратты замандасы. Өмірге көзін ашпай жатып, "жетімдік тағдыр" желкелеген балдырғанды өз тәрбиесіне алған Отанын ақын ерекше сезіммен жырлайды:
Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағын жаба түксиген.
Өмірден үміт жоқ өзге,
Даланың тердім тезегін.
Әкем боп таптың сол кезде,
Қайран да менің өз елім.
Қасым поэзиясындағы патриоттық, отаншылдық сезім соғыс жылдарында ерекше күшейді. Соғыстың қатал да ащы шындығы ақынды да, оның жырларын да тың өріс, жаңа биікке самғатты. 40-жылдардың басында Қасым туған жер табиғатының әсем суреттерін жасаған тамаша лирикалық өлеңдер жазды. Қиыр Шығыстан майданға аттанып бара жатқан жолда туған "Байкал", "Сарыарқа", "Ертіс", "Орал" атты өлеңдерінде ақын ел табиғатының әсерлі көріністерін адамның отаншылдық сезімімен терең байланыста көрсетеді. "Оралға" өлеңін:
Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым, менің Оралым.
Қол созып қызыл вагоннан
Үстіңнен өтіп барамын,–деп бастап, онда өткізген жастық дәурен қызықты шағын ризалықпен еске түсіреді.
Оралым, сенің қойныңда,
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында
Достармен сайран құрғамын.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс.
Кеудесі гүл болып, бұлбұл қонған бұла жастың бақыты қандай ыстық.
Сонау бір шетте, сонау үй,
Кетер ме, сірә, көңілден.
Алушы ед тартып мені ылғи,
Махаббат, жастық лебімен.
Терезе алды – жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,
Жүрегін ұстап, үйге еніп?..
Біз де ақынмен бірге сол үй, сол терекке қызыға, тіпті күрсіне қарағандаймыз...
Қош болшы енді, Оралым,
Күле бер шалқып, сайранда
Айтпақшы, қайда бораның
Кетейін алып майданға,–деп, туған ел боранын қатерлі сапарға серік етіп ала кеткісі, сөйтіп, майданға бұрқыратып бірге кіргісі келеді. Ғажап емес пе?! "Байкал" өлеңінде Байкалдың торғын тұман жамылған көлі, таң сәріден кернейлете құйған өзендері, көлге ғашық боп ерте оянған таң – бәрі де ақын қиялын тербетіп, сұлу суретке айналады. Жастық шағын өткізген ыстық қала – Оралға тоқтап, Ертіс, Сарыарқа тұсынан өтіп бара жатқан ақын туған жерге деген мол махаббатын, ел сағынышын төгілте жырлайды. Осындай өр мінезді, сезімтал, патриот ақынның жаумен бетпе-бет кездесуі де есте қаларлықтай. Қасымның майдан жырларының лирикалық кейіпкері – кеудесі кек пен ызаға толы, аса қажырлы жан. Оның "ажалдың дегеніне көнбей", "сескену, қорқу дегенді" білмей, соғыстың ауыртпалығын әр төзіммен көтерген қайсар бейнесі көп өлеңдердің мазмұнын құрайды.
Бармын мен бұл дүниеде, жүрмін тірі,
Жоқсың деп жала жабар қудың бірі.
Түссем де отқа, суға тозар емен,
Солдаттың етігіндей жаньм сірі.
Соңғы бір жолда қаншама тарих, терең мағына бар. Бұл – поэзиядағы бұрын айтылмаған жаңа сөз, тың образ. Онда кайғы да, қайсарлық та, сабыр мен даналық та бар. Бүкпесіз, шыншыл, сыршыл, кемеңгер ақынның:
Мен емес сыртын сылар, іштен іріп,
Кимеймін тұмылдырық, көзілдірік.
Өткізіп өз көзімнен бар өмірді,
Аралап жерде жаяу келем жүріп,–деген сөздерін тебірене оқып, тереңіне ойлана үңілеміз. Ақтарыла сыр ашқан атақты "Ғалиға жауаптан" алынған бұл шумақтан әлдекімнің жат, суық, сұрқай сұлбасы да елес береді. Ол өз аяғынан жүруді, өз көзімен көруді, өз қолымен істеуді ұнатады. Ол жалтармақ емес, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмек емес. Ол өмірдің қайнаған ортасында жүріп, көптің жүгіне өз иығын тосады, бой тасалауды ар көреді, ауыр жүкті арқалаушылардың сапында болу – ол үшін адамгершілік борыш, мерей, мақтанып. Қасымның ақындық көзқарасының, философиясының, эстетикалық принциптерінің түп қазығы – осы. Бұл – алып кайратты, сарқылмас жігерлі, туған еліне қызметші болуды абыройлы үлесім деп білген үлкен дарынның, үлкен қайраткердің өмір мұраты. Қасымның майданда жазылған, оның ішінде елдегі ақын аға, қаламдас құрбыларына жазған шыншыл, сыршыл өлеңдерінен, хаттарынан ақынның өз бейнесін, Отан үшін жанын отқа салып жүрген солдаттың образын көреміз.
Үстімде сұр шинелім
Үстімде сұр шинелім, Ақсаңдай басып келемін. Қанды кырғын, қызыл от, Қаптап жүр ажал дегенің.
Үстімде сүр шинелім, Ақсаңдай басып келемін. Қағып-соғып жығар ма Оңайлықпен мені өлім!
Үстімде сүр шинелім, Ақсаңдай басып келемін. Баяғы Қасым, бір Қасым, Баяғы күйім, өлеңім.
Үстімде сүр шинелім, Ақсаңдай басып келемін. Ұмытса да достарым, Ұмытар ма мені елім!
Тапсырма:
Қ. Аманжоловтың қызметтік жолын талда
Жазушының шығарма тақыраптарын атап шығыңыз
Әр өлеңнің идеясын ашып жазыңыз
Хронологиялық кесте құрастырыңыз
Қасым Аманжоловтың әнге жазылған өлеңдерін атап шығыңыз
Тірек сызба құратсырыңыз
«Үстімде сұр шинелім» өлеңінің талдап, көркемдеуіш құралдарды көрсетіңіз