Киіз үй – Еуразия далаларын мекен еткен көшпенділердің көне баспанасы. Киіз үй түркі және монғол халықтарында кең таралды. Өткені олардың негізгі байлығы, оларға негізгі тамақ және тұрмыстық заттарды дайындауға қажетті шикізат көзі мал болып саналады. Бұл жағдай Еуразия аумағында жасаған бұрынғы тұрғындарды көшпенді өмір салтына алып келді. Олар қолданылу міндетіне қарай, көшпенді өміріне толық сай келетін киіз үй ойлап тапты.
Киіз үй құрылымының жетілдірілу тарихы бойынша ол тасымалданатын қарапайым баспана кейпінен, жетілдірілген қазіргі күндегі пішініне дейін ұзақ әрі қиын жолды басып өтті. Киіз үйдің ойлап табылуы біздің заманымыздың алғашқы мыңжылдығының ортасына тура келіп, көне түрік қоғамымен байланысты. Көшпенділердің басқа баспаналарынан киіз үйдің артықшылығы – тасымалдауға өте қолайлы болып, ірі арбаларды қажет етпейтіндігінде. Оны оңай жинауға, бұзуға және шағын болса, теңдестіріп тасуға болатын.
Киіз үйдің дамуы XVI ғасырда оның түркі және монғолдық түрлерінің қалыптасуына алып келді. Иілген күмбездік сырықтардың көмегімен жасалатын дөңгеленген сфера тәрізді күмбез түркі киіз үйіне тән болса, тік сырықтардан құрастырылатын конус тәрізді күмбез монғол киіз үйіне тән. Киіз үй оңай әрі тез құрастырылып, бұзылады, оны түйеге теңдестіріп немесе арбамен тасуға болады, сонымен қатар күшті селден, аптап ыстықтан және шаңнан пана қызметін атқарып, ішінің кеңдігімен (сыйымдылығы) де ерекшеленеді.
Қазақ бірлесіп ұлыс болып, халық болып қалыптасқаннан бастап қазақи киіз үйді көшпенді халықтардың көшпелі баспаналар жүйесіндегі өзіндік ерекшелігі бар, біртұтасі толық құрылым болып қалыптасқандығын айтуға болады. Киіз үй халықтың тарихи дамуымен қатар өрбіп, қазақ халқының бай, мәдени мұрасының маңызды, ажырамас бөлігі болып табылады. Киіз үйдің негізгі қаңқасын мыналар құрайды: негізгі тіреуіші (қабырғасы) – кереге, күмбездік сырықтар – уық, жартылай сфера тәрізді төбесі – шаңырақ, және есігі – сықырлауық.
Кереге – киіз үйдің бөлек шарбақтардан (тор), яғни «қанаттарынан», айнала қабырға жасап құрастырылатын, жиналмалы және бұзылмалы, негіжгі қаңқасы болып саналады. Қанаттарды көлбеу ағаштарды – желілерді (ұзыны – «ерісі», қысқалауы – «балашық», ең қысқасы – «сағанақ») бір-біріне көктеп (түйе, сиыр, жылқы терісінен жасалған майысқақ материал – көк) тор түрінде дайындайды.өзара диагональ айқастырылып жасалған тор оңай ашылып (көлденең немесе тік жаққа ығыса), жабылады. Жалпы киіз үйдің ағаш құрылымында бірде-бір шеге қолданылмайды.
Уық – бір жағы иілген, керегенің басы мен шаңырақты ұштастырып, күмбезді қалыптастыратын ағаш сырық. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың керегенің басына байланатын жағы жалпақтау, имектеу болып келеді, мұны уықтың иіні деп атайды. Уықтың жоғары түзу жағын қары, шаңырақтың көзіне сұғылатын, төртқырлы ұшын қаламы дейді. Уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, иленбеген теріден немесе жүннен есілген бау өтізеді, оны уықбау дейді.
Шаңырақ – дөңгелек пішінді, киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Оны көбіне тораңғыдан, сом қайыңнан иіп қиыстырады, қоспаларын жылтырауық металл – күміспен құрсайды. Шаңырақтың дөңгелек шеңберін тоғын дейді, ал оған қатаңдық беретін, өзара тікбұрыш жасап, айқастыра бекітілген ағаштарды күлдіреуіш деп атайды. Күлдіреуіштер бір-бірінен ажырап кетпес үшін өзара беріктік деп аталатын тақтайшалармен бекітіледі. Тоғында уық сұғылатын төрт қырлы көз – қаламдықтар тесіледі.
Жарма есік – (сықырлауық – есіктерді ашып-жапқанда сықырлаған дыбыс шығатындықтан қалыптасқан атауы) кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп-шығатын есік қызметін атқарады. Ол табалдырық пен маңдайшадан, босағадан және қос жарма беттерден құралады. Есіктер, босаға, маңдайша қарағай ағашынан жасалады. Есіктерге өрнектер ойылып, бояумен безендіріледі.
Киіз үйдің ағаш бөлшектерін (сүйегін) дайындаумен арнайы ұсталар – үйшілер шұғылданады. Ағаш қаңқаға қойылатын басты талап оның материалының жеңілділігі мен беріктігі. Сондықтан оны дайындау үшін тал, қайың және теректі пайдаланған. Ертеден ең жақсы материал ретінде – тал танылған. Ол қатты әрі жеңіл материал, қарапайым техникалық тәсілдердің көмегімен иілу қасиетіне ие. Ең бастысы, Қазақстаның көптеген аудандарында өседі. Киіз үйдің киіздік қаптамасы (жабуы) әртүрлі өлшемдер мен пішіндегі төсемелер түріндегі төрт бөліктен тұрады; туырлық – кереге қабырғасының қаптамасы, төрт дана; үзік – уықтардың қаптамасы, екі дана; түндік - шаңырақтыңқаптамасы, бір дана. Киіз қаптамалар өңдеуге оңай келетін, күздік, қой жүнінің ең жақсы сұрыптарынан дайындалады және өте тығыз әрі мықты (оңай тозбайтын) болады. Киіз жабулары қыста суықтан және желден, жазда – күннен, жаңбырдан және шаң-тозаңнан қорғаған.