Просмотр содержимого документа
«Мұқағали Мақатаев»
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын.
Ол 1931 ж. 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-нда тойланады. Бұған тиісті ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.» Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші туған күніне байланысты мынадай сөз айтады: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен». Азан шақырып қойылған аты - Мұхаметқали. Әкесі қарапайым шаруашы:колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туылған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері - Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады("Неңді сенің аңсаймын,бала шағым?"). Мұқағалидің әкесі 1941ж Калиниград майданында қаза табады.
1948 - 49 ҚазМУ-дың филология факултетінің студенті;
1948 - оқуын тастап, Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы;
1949 - көктемде жары Лашынмен отау құрады;
1949 - "Советтік шекара" газеті ақынның "Қырман басында", "Қойшы бала - Әкітай" деген өлеңдірін жариялады;
1950 - Алматыдағы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, көп ұзамай тұрмыстық жағдайына байланысты оқуын тастайды;
1954 - Қарасаздың бастауыш мектебінде орыс тілі мұғалімі болып тағайындалады, осы жылы ақынның үш өлеңі "Әдебиет және искусство" журналында жарияланды;
1957 - Республикалық радионың диктор қызметін атқарады;
1960-62 - "Советтік шекара" газетінің бөлім меңгерушісі;
1963-1965 - "Мәдениет және тұрмыс" журналында жұмыс істейді;
Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.
Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жж.), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жж.), «Жұлдыз» (1965-1972 жж.) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жж.) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді. Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған.
Ақынның тұңғыш өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай” ауданындағы “Советтік шекара” газетінде жарияланды (1949). “Інімнің ойы”, “Шебер” өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: “Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!” деген еді (“Қазақ әдебиеті”, 18.3.1960).
Алматы қаласында дүниеден өтті. Негізгі жыр жинақтарын көзінің тірісінде жарыққа шығарды (“Мавр”, “Дариға-жүрек”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің”). Дүниеден өтер алдын “Реквием” атты толғау-өлеңін жазды.
Шығармалары өзбек, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған. Ақынның әдеби мұрасын зерттеуде 3 кандидаттық диссертация қорғалып К.Сейтова “Мұқағалидың ақындық мұрасы” (1991), К.Хамидуллаев “Мұқағалидың ақындық шеберлігі” (1993), тіл білімінде З.Қазанбаева “М. Мақатаев лирикасының грамматикалық ерекшеліктері”(1999)], шығармашылығы турасында 700-ге тарта еңбек (мақала, естелік-эссе, роман, поэма, өлең, т.б.) жазылған. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін ҚР Жазушылар одағы Мұқағалидің атындағы әдеби сыйлық тағайындады (1985), оған ҚР Мемлекеттік сыйлық (1999), “Ғасыр ақыны” атағы берілді. 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде мұражайы ашылды. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында Мұқағалиға арналған ескерткіш бар. Мұқағали өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А.Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұхамеджанов, Ә.Тінәлиев, Б.Оралұлы, Т.Досымов, т.б. сазгерлер ән жазды. 1985 жылы Қазақстан Жазушылары Одағының бастамасымен үздік әдеби шығарма авторларына М. Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды. Ал 2008 жылы М.Мақатаев атындағы жаңа сыйлық тағайындалды.
1999 жылы Мұқағалидың «Аманат» атты кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды (Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық). 2011 жылы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығы түрлі деңгейде аталып өтпек. Осы мерекеге орай "Ақын, туған күнінмен!" деген Асқаров Алимжан өлең арнаған.
«...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, —
деген ерен жырдың жаратушысы, Ұлы түлға, Ұлы ақын.