Просмотр содержимого документа
«Мектептің даму жоспарының тиімділігі»
Алматы облысы Іле ауданы №2 орта мектеп
Баяндама.
Тақырыбы: Мектептің даму жоспарының тиімділігі
1деңгей бойынша сертификатталған мұғалім: Азимбаева Г.Т.
2016-2017 оқу жылы
«Мектептің даму жоспарының тиімділігі»
«Білімді ұрпақ - болашақтың кепілі» деп дана халқымыз айтқандай, бүгінгідей ел болашағы - жас буынды заманына лайықты жеке тұлға ретінде қалыптастыру ісі мемлекетіміз үшін маңызды боп отырған уақытта бізге, мұғалімдер қауымына артылар жүк ауыр екеніне таласымыз жоқ. Қоғамның дамуында білім берудің ең маңызды мәселе екендігі белгілі. Қазіргі кездегі білім берудің негізгі мақсаты - жан -жақты білімді, өмір сүруге бейім, ой - тұлғасы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Бұл жөнінде : «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» - дейді Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Елдің болашағы, көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Осыдан барып жас ұрпаққа ХХІ ғасырда нені оқыту керектігі, ұстаздарымыздың оларды қалай дайындайтындығы, сондай-ақ оқушы бойындағы іскерлік қабілетін ашу және оларды шығармашылыққа баулу қажеттігі туындайды. Бұл жерде қолданылатын заманауи әдіс - тәсілдердің ең негізгі ерекшелігі оқушылардың жаңа білімді жай ғана иеленіп қоймай, ол білімді қажетті жерде қолдана білуге үйрету басты мәселе болып табылады. ХХІ ғасырдағы бізден, мұғалімдер қауымынан, сұралатын дағдылардың өзі де осы болмақ. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келетін кез келген мемлекет, ең алдымен, білім беру саласын жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. ХХІ ғасыр-тәуелсіз еліміздің дүниежүзілік өркениетке өрлеу ғасыры. Мектепті дамыту үшін жаңа ұғым, жаңа үлгі, жаңа тәсілдер қажет. Сондықтан жаңаша көзқарас қажеттілігі - өмір талабы. Әрбір басшы өз мектебінің артықшылықтары, өзіндік «келбеті» болғандығы, жақсы білім бергендігін, балалар мен ата-аналар ортасында құрметке ие болғандығын, өз түлектерінің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болғандығын қалайды. Осының барлығы мектептің тұрақты дамуына байланысты. Бұл үшін мектептердің даму жоспары білім беру саласындағы жұмыстарының жете әзірленген даму үлгісі деуге болады. Кез келген саладағы белгіленген мерізімдегі даму жоспары өзгеріс енгізуге түрткі болатын ең маңызды факторлар төңірегінде терең ойлануды талап етеді. Аталған факторлардың арасындағы өзара байланыс жүйесін зерттеу өзгерістердің табиғаты мен сипатын барынша түсініп, тиісінше аталған өзгерістерді басқаруға қажетті шара қолдануға мүмкіндік береді. Мектептің даму жоспары болашақты болжамайды, бірақ ортақ ұстаным қалыптастырып, стратегияларды әзірлеп, қажетті өзгерістерді дер кезінде енгізудің тиімді саясатын құру мақсатында келешек дамудың түрлі әдістерін зерттеудің тиімді құралы болып табылады. Белгілі бір салаға, мысалы білім беру немесе оқыту саласына арналған даму жоспары белгілі бір жағдайлар жасалса мүдделі тараптар қол жеткізетін нәтижелерді көрсету қажет, осыған байланысты бұндай жоспарлар барлық деңгейдегі шешім қабылдайтын тұлғалар үшін әбден пайдалы болмақ. Мектеп жағдайында даму жоспары бізге болашақтағы мектептің құрылымы, жеке және мемлекеттік секторлардың өзара әрекет ету тетігі туралы, сондай-ақ мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың арасындағы қарым-қатынас қағидалары туралы түсінік береді. Мектептің даму жоспары белгілі бір саланың болашақ үлгісі деуге болады. Әрі ойларды шоғырландырып, ортақ ұстаным қалыптастырып, іске асыру саясатын айқындауға түрткі болып табылады. Даму жоспарын жасақтау мақсатында мектептің бастапқы жағдайы жөнінде ізденіп, олардың оқу үдерісіне қатысты пікірлері мен көзқарастарын білу бағытында мектеп басшылығымен, мұғалімдермен, оқушылармен және ата - аналармен әңгіме, сұхбаттар, сауалнамалар өткізілді. Оларда мектеп әкімшілігінің жұмысы, мектеп мұғалімдерінің көзқарастары мен ұстанымдары, өз кәсіби міндеттерін атқару сапасы, оқушылардың білім алуы, олардың білім берудің әдіс - тәсілдерін өз бетінше талдауларына қаншалықты мүмкіндік берілген деген сияқты сұрақтар мен мәселелер төңірегінде ой қозғалды. Сауалнама қорытындысында мектеп мұғалімдерінің мектептегі ахуалға көзқарастары, жұмыстарының қаншалықты ынталандырылуы, қызметте кездесетін қиындықтар, олардың шешілу жайы мен жолдары, жаңа бастамаларға деген көзқарастары деген т.б. сауалдарға жауаптар алынды. Сол арқылы ХХІ ғасырдағы мектеп оқушысының бойында болуға қажетті дағдылардың тізбесі мен сипаттары анықталды. Мектеп оқушыларының көпшілігі мектептің келешек дамуы туралы өз ойларын айтуда қиналатыны, өзі оқитын мектебі мен ұстаздарына сенім білдіргенімен, мұғалімдерімен оқыту мен оқудағы проблемаларды талқылауға дайын еместігі байқалды. Мектептің болашақ бағыттарын, ұзақ мерізімді мақсаттарын анықтауда әкімшіліктің басымдығы жоғары екені байқалады, яғни негізінен мектеп әкімшілігінің ролі басым, мектеп қызметкерлері тек әдістемелік жұмыстар бойынша өз пікірлерін білдіре алады. Жоғарыда аталған деректерді басшылыққа ала отырып, талдау жұмыстарын жүргізген кезде мектептің даму жоспарына мектептің болашақтағы оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгерістер енгізер алдында мұғалімдердің, оқушылар мен ата - аналардың пікірін біліп алудың маңыздылығына көз жеткізіп, мектептің басшылығы, әкімшілігі және қызметкерлері мектеп жұмысының алдағы уақыттағы бағыттары туралы шешім қабылдау үшін бірлесе жұмыс істеулері керек деген тоқтамға келдік. Негізгі мақсаты мұғалімдер әр сабақта жаңа әдіс –тәсілдерді, оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытуға, модульдерді қолдануы және өзара тәжірибе алмасуы, оқушыларды топпен жұмыс істеуге машықтандыру жолдарын меңгерту, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жоғарылату және жаңаша жұмыс істеуге ынталандыру болып табылды. Бұдан күтілетін нәтиже ең алдымен, оқу сапасы жоғарылайды, оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау дағдысы дамиды, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады, оқушылар арасында ынтымақтастық қалыптасады, сөйлеу дағдысы қалыптасады, бірін - бірі тыңдауға үйренеді. Жоспардың «Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру» бөлімінде мастер класс, коучинг ұйымдастыру, менторлық жүргізу арқылы шығармашылық топтардың (шығармашыл ұстаздар тобы мен шығармашыл оқушылар тобы) жұмысын дамыту үшін іс-тәжірибесімен бөлісу, тренингтер өткізу, менторлық жүргізу шаралары, мұғалімнің шығармашылық белсенділігін арттыру бағытында сауалнамалар, сабақтарға қатысу, талдау, талқылау, рефлексия жасау, кәсіби сайыстарға қатысу, жас мамандардың жұмысын басқару, оларға жан-жақты әдістемелік көмек беру, тәлімгерімен тығыз байланыс орнату, кәсіби сайыстар ұйымдастыру, апталықтар өткізу, жаңа үлгідегі жабдықталған кабинеттердің (мультимедиалық құрылғылар, интербелсенді тақтаны қолдану т.б.) мүмкіншіліктерін пайдалана білуді үйрету үшін теориялық семинарлар, мастер класс, практикумдер өткізу сияқты жұмыстар қарастырылған. Сондай - ақ сыныпта оқушыны және сабақты зерттеу іс-әрекеттерін жүзеге асыруға үйрету бағытында тақырыптық сауалнама, «Lesson Study» тәсілін енгізу, сабақтарға қатысу жұмыстарын жүргізу көзделген. Мектептің дамыту бағытына байланысты жаңаша оқыту тәсілдері бойынша мұғалімдермен өткізген коучинг сессияларын қадағалап, ақыл-кеңестер беру және мұғалімдер коучинг бойынша топтарға бөлініп, жаңаша сабақтың ОМЖ және ҚМЖ сабақ жоспарларын жасап, ол сабақтарда мүмкіндігінше Lesson study түрінде жоспарлауға машықтандыру жолдары қарастырылды. Мектепте өзара тәжірибе алмасу мен оқып-үйренуге бағытталған кәсіби қоғамдастық құруда қарым-қатынас пен біріккен іс-әрекет жүргізуге ұйымдасқан адамдар тобын құру, іскерлік қатынастар желісін орнату, кәсіби ақпаратпен алмасуларды жүзеге асыру, оқушылардың білім сапасы жоғары нәтижеге жету үшін бір мектеп шегінде ғана емес, басқа мектептер арасында оқыту мен оқу үдерістерін жетілдіруге бағытталған түрлі іс-шаралар жопарланды. Мектепте үйлестіру жұмысымен айналысатын қызметкерлер өз әріптестерімен жұмыс істеу жөніндегі кәсіби дағдыларды меңгерсе, мектептің қандай бағытта дамып жатқанын айқын түсінер еді. Сонда ғана мектептің барлық қызметкерлеріне де көшбасшылық функция атқаруға мүмкіндік беріледі. Мектептің жаңа перспективалық жоспарын жасақтауда мектепте бірлескен оқу мен білім қалыптастыру әдістерінің әдістемелік амал - тәсілдерін кеңінен қолданады, мұғалімдер өз әріптестерімен өзінің сәтті, сондай - ақ сәтсіз тәжірибелерімен бөлісе отырып, себептері мен факторларын анықтап, қызметтестерінің іс - тәжірибесін сын тұрғысынан бағалайды. Жоспарда әр ұстаздың өз жұмысында жаңа әдіс тәсілдерді қатыстыра отырып түрлі іс шараларды жүзеге асыруы қарастырылған. Онда мұғалімдер бір - біріне ілтипатпен қарап, жұмыста кездескен әртүрлі проблемалардан қорықпауға, олар пікірлерімен және ресурстарымен алмасу мақсатында бір - бірінің сабақтарына бейресми түрде қатысуға, жетістіктерді бірлесе талқылап, жаңа идеяларды анықтауға және оларды оқыту мен оқуда негіз етіп алуға басымдықтар берілген. Идеялар авторының мәртебесіне қарамай, маңыздылығына қарап бағаланады. Жас, еңбек жолын жаңа бастаған мұғалімдердің жұмысы үшін ұжымдық жауапкершілік алу басым болады.
Мұғалімдердің кәсіби даму үдерісін дамыту барысында мектептің даму жоспарында (Коучинг өткізу, «Lesson study» үдерісі, Желілік қоғамдастық, Тәлімгерлік сияқты) инновациялық, интерактивті әдістерді пайдалану арқылы сабақ сапасын арттыру, интернет жүйесімен байланысты жандандыру, жаңа ақпаратты технологияны меңгеру, жоғары білікті және бәсекеге қабілетті құзырлы тұлға тәрбиелеу сияқты мақсат- міндеттер қарастырылған. Жаңалыққа жаны құмар, өз мамандығын шексіз сүйетін мамандарға тәлімгерлік жасап, бағыт бағдар берудің орны ерекше. Мұғалімдер өз әріптестерімен өздері сабақ беретін пән бойынша және мазмұндас пән бойынша, бір ұйымның ішінде немесе бірқатар басқа ұйымдардың өкілдерімен желілік кәсіби қоғамдастық шеңберінде, тәлімгерлік жүйесін көздейтін басқа да іс-шаралар аясында ынтымақтастық орнатуының маңызы зор болмақ. Мұғалімдер әріптестерімен ынтымақтастықта оқу ортасын құру, жүргізу, басқару және жоспарлауға үлес қосу үшін өзінің мүмкіндіктерін барынша жетілдіріп отыруға тиіс. Желілік қоғамдастық арқылы әлемдік үздік тәжірибелерді қорытып, деректер жинақтау, өзгерісті іске асырудың кешенді жоспарын құрып, орындалу кезеңдерін белгілеу, пайдалы тиімділігін зерттеп, ұжым талқысына салу және әдіс-тәсілдерін құру сиякты маңызды іс әрекеттер мектептің даму жоспарына енгізілуі шарт.
Мектебіміздің даму жоспарына өзгерістер енгізу үшін анықталып алынған тақырыпты «Оқушыларды сын тұрғысынан ойлауға үйрету арқылы шығармашылық қабілеттерін арттыру». Жеті модульдің ішіндегі СТО стратегияларын қолдана отырып мұғ.түсіндіру) нақты және маңызды деп ойлаймын. Онда көрсетілген дамудың басым мақсаттары мен күтілетін нәтижелері де өзекті. Өйткені бұл тақырыптың таңдалып алуына жоғарыдағы жасалған жұмыстар негіз бола алады. Бүгінде Қазақ елін дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім болса, білім беру жүйесінің алдында болашақтың бәсекесіне қабілетті XXI ғасыр шәкіртін тәрбиелеу және оқыту үрдісін технологияландыру мәселесі тұр. мектепке өзгеріс енгізу үдерісі көрсетілген кезең ішінде толық жүзеге асады деу қиын, әйтсе де жоспарлаған іс шаралардың уақытында, сапалы жүргізіліп отырғанына қарап, жоспарланған іс шаралардың орындалатынына сенімім мол.