Тақырыбы: «Үй жануарлары»
Мақсаты: Балаларды үй жануарларымен таныстыру. Төрт түлікті дәріптеген өлең жырлар, әңгімелер арқылы халық ауыз әдебиетімен таныстыру. Сұрақ – жауап арқылы балалардың ауызекі сөлеу тілін дамыту. Үй жануарларына қамқорлық сезімдерін тәрбиелеу.
Тәрбиеші:
Балалар, «Амандасу - адамгершіліктің, әдептіліктің баспалдағы»
сондықтан да, алдымен қонақтармен амандасып алайық.
Білер қазақ баласы
Сәлем сөздің анасы
Көп танасты көреміз
Алдымыздан кезіккен
Бәріне де ізетпен
Иіліп сәлем береміз
- Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
- Қыс мезгілінде неше ай бар?
- Қыс мезгілінде қандай өзгерістер болады?
- Сендер қыс мезгілінде қандай ойындар ойнайсыңдар?
- Өте жақсы. Жарайсыңдар!
- Балалар, тыңдаңдаршы, нелердің даусы?
- Дұрыс айтасыңдар, балалар, осы сиыр, қойды үй жануарлары деп атайды. Үй жануарларына сонымен бірге жылқы, түйе, ешкі және ит пен мысық жатады. Мысық - ол үйде тұрады. Ал, ит үйдің сыртында, үйшікте тұрады. Ол үйді күзетеді. Ит - жеті қазынаның бірі.
- Балалар, сендерді ата - әжелерің қандай сөздермен еркелетеді?
- Балалар: Ботақаным, қозым, құлыным, еркем, кішкентай лағым, қошақаным.
Сендерді ата - әжелерің жақсы көріп, сүйкімді жануарлардың аттарымен еркелетеді екен, қандай тамаша!
Тәрбиеші: Балалар, осы сүйкімді жануарлар төрт түлікке жатады. Олар: түйе, жылқы, сиыр, қой, ешкі. Түйенің баласы - бота, сиырдың баласы - бұзау, қойдың баласы - қозы, ешкінің баласы - лақ, жылқының баласы - құлыншақ. Халқымыздың байлығы да, берекесі де осы малдар. Адамға пайдасы өте көп. Сүтін ішеміз, етін жейміз, киім қыламыз. Сиырдың, қойдың, сүтінен май,
құрт, айран, ірімшік жасайды. Адамдар да оларға қамқорлық көрсетеді. Бағады, шөп, жем, су береді, сауады, көптеген күтім жасайды. Үй жануарлары өздері күн көре алмайды. Ата бабамыздан келе жатқан қасиетті жануарларды өте жақсы көрген, күтіп, қасиеттеп қараған.
Төрт түлік туралы көп жырлар, өлеңдер, мақал - мәтелдер шығарған.(Слайдтан көрсету)
(Осы кезде боран соғып, есік ашылып бақташы кереді)
Бақташы ата: Амансыңдар ма, балалар, ғафу етіңдер.
- Бұл қай жер екен?
- Балабақша.
- Қандай балабақша?
-«Достық» балабақшасы.
- Естілмейді қандай балабақша?
-«Достық» балабақшасы.
- Мен, боранда ығып кеткен төлдерімді іздеп жүр едім, осы балабақшаның жанынан өтіп бара жатыр деп еді. Тауып берсеңдер сыйлығым бар. Көрмедіңдер ме?
Балалар:- Жоқ
Тәрбиеші: Келіп қалған екенсіз. Ата төрлетіңіз! Бүгінгі оқу ұйымдастылырған
іс - әрекетінде үй жануарлары туралы айтып жатыр едік.
Бақташы ата: Жарайды, балалар ендеше мен сендерге жұмбақ жасырайын шешуін кім табады екен?
Кішкене ғана бойы бар
Айналдырып киген тоны бар.
(Қой)
Қане, балалар ендеше қойдың дыбысын салыңдаршы.
Балалар: Қой - мә - мә маңырайды
Бақташы ата: Ой, бәрекелді балалар жарайсыңдар!
Кезекті бір жануар
Үстінде екі тауы бар
(Түйе) Түйе - бө - бө боздайды
Басында екі таяғы бар
Төрт аяғы бар
Бірақ тағы сақалы бар
(Ешкі) Ешкі - бе - бе бақырады
Екі айнасы бар
Екі найзасы бар
Төрт жылтырмағы бар
Бір шыпыртқысы бар
(Сиыр) Сиыр - мө - мө мөңірейді
Екеуі елеңдеп келеді
Төртеуі төбелесіп келеді
(Жылқы) Жылқы - е - е - е кісінейді
Тәрбиеші: Жарайсыңдар, Ата уайымдамаңыз, төлдеріңіз табылады шаршаған шығарсыз бәріміз бірге сергіту сәтін орындап жіберейік, балалар бойымызды сергітіп алайық.
Сергіту сәті:
Тіктеп титтей құлағың
Ботам былай жүреді
Сыртылдатып тұяғын
Бұзау былай жүреді.
Алға созып мойынын
Ойнақтайды ботақан
Көкке қарай мұрынын
Шүйіреді бұзауқан.
Бақташы ата: Жарайсыңдар балалар! Көңілім көтеріліп сергіп қалдым.
Тәрбиеші: Ендеше бақташы атамызға тақпақтар айтып берейік!
Айару: Ақ бұзауым ұнайды
«Мө - мө» деп сүт сұрайды
Келеді өсіп күн сайын
Тұмсығын созып қарайды
Тілімен мұрнын жалайды
Фариза: Кіп - кішкене момақан
Қошақанды ұнатам
Сүйеді апам қозым деп
Қошақаным өзім деп.
Диас: Құлыншағым құндызым
Құлдырайды шабады
Жылтылдаған жұлдызым
Құстай қанат қағады.
Перизат: Шөре - шөре лағым
Тентек болма шырағым
Секектеме деміңді ал
Селтеңдемей құлағың
Зұхра: Айналайын, ботам
Қандай күлте жотаң
Табандарың жалпақ
Теріп жейсің жантақ
Тәрбиеші: Қане, балалар Бақташы атамызбен бірге «Сиқырлы қалташа»
ойын ойнайық.
(Төрт түліктің даусы естіледі)
Тәрбиеші: Балалар тыңдайықшы бір төлдердің дыбысы естілетін сияқты
Бақташы ата: Ой, балалар менің төлдерімнің даусына ұқсайды.
Бала: Сүйінші, сүйінші ата сіздің қозыңызды тауып алдым
Бақташы ата: Рахмет, балам өркенің өссін! Сүйіншіңді ала ғой. Балалар, менің қозым Қане, балалар ұстап көріңдерші. Қандай екен?
Балалар: Сүйкімді, әдемі, кішкентай.
Бақташы ата: Мен сендерге сыйлығымды беріп кетейін, мұны ауылдан әжелерің беріп жібірді дәм татыңдар балалар. Жақсы сау болыңдар!
Тәрбиеші: Рахмет, бақташы ата сіз келіп, біздің көңіліміз көтеріліп қалды. Жолыңыз болсын! Соу болыңыз!
- Балалар, сонымен үй жануарларына нелер жатады?
- Үй жануарларының төлдерін не деп атаймыз?
- Малдың дыбысталғанын қалай атайды?
Жылқы - кісінейді
Сиыр - мөңірейді
Қой, ешкі - маңырайды
Түйе - боздайды.
Тәрбиеші: Қане, балалар, орнымыздан тұрып жылулық шеңберін құрайық жылқы жылына арналған тілектерімізді айтайық!
Еліміз аман болсын!
Аспанымыз ашық болсын!
Деніміз сау болсын!
Ата - анамыз қасымызда болсын!
Жылқы жылы бақыт әкелсін!
Төрт түлігіміз түгел болсын!
Ақ мол болсын!
Бәріміз дос болайық!
Бәріміз бақытты болайық!
Тәрбиеші: Осы тілектеріміз қабыл болсын! Балаларымыздың апайларына дайындаған сыйлықтары бар екен. Бұл сыйлық биылғы жылқы жылының күн тізбесі. Алдағы күндері сәтті, табысты болсын деген тілекпен сіздерге тарту етеміз.
Қане, балалар орнымыздан тұрып келген қонақтармен қоштасайық
Біз ақылды баламыз
Айтқан тілді аламыз
Бүгінгі келген қонаққа
Сау болыңыз деп, айтамыз.
Өте жақсы балалар, сендерге үлкен рахмет. Сау болыңдар.