Көңілді есептер.
Ағаштағы төрт алмұрт
Піскен екен тимей құрт.
Таңат алып екеуін,
Қалдырған екен нешеуін?
***
Қазьш жүр құмды бес мысық,
Үшеуі жатыр, күн ыстық.
Екеуі жүр шомылып,
Барлығы қанша, санап шық.
***
Ойнап жүрген аулада,
Таңат, Айзат, Ернатты,
Қара төбет қорқытты.
Жан-жаққа қашты бәрі де,
Табылмай қалды бірі де.
***
Бүлдіршіндер, келіп, қонақ болыңдар,
Патшалықты «Есеп» деген шолыңдар.
Санауды тез үйретеді ханзада.
Таңбалары «Қосу», «Алу» тұр алда.
Таныстыңдар шығуымен есептің,
Ойлану мен дәлелдеу де қажет тым.
Сұрақтарға дұрыс жауап табуды,
Білесің бе, үйретерін саған кім?
***
Қалаға кетті он екі
Ұл-қыз бала біркелкі.
Әрқайсында үш себет,
Әр себетте - бір мысық.
Әр мысықтың 12
Мыршайы бар біркелкі.
Әр мыршайда тіспенен
Төрт тышқан бар тістеген.
Ойлан, енді, балақай,
Ауылдан қалаға қарай
Қанша тышқан барады?
Қанша мыршай?.. Санады.
***
Алты қонжық орманға
Бара жатты қорбаңдап.
Бірі олардың шаршады,
Әрі қарай бармады.
Жауабын тез айт,
Қанша қонжық кетті алда?
***
Төрт көжек келе жатып соқпақ жолмен,
Жол-жөнекей тауып алды бір-бір сәбіз.
Он көжек келе жатса соқпақ жолмен,
Жол-жөнекей табар еді неше сәбіз?
***
Түрлендіріп өңірді,
Көктем келді көңілді.
Көк орманның төрінде
Құстар әні төгілді.
Бірін бірі тоспастан,
Дауыс қосты сол тұста
Шырылдаған қос торғай –
Қараторғай,
Бозторғай.
Тұс-тұстан қанша дауыс
Қосылғанын санап шық.
***
Шортан көлде жүзген еді,
Қармақтан құрт үзген еді,
Шортаи аспаз айтулы
Ас жасады, қатырды.
Бес таутанды шақырды.
Жауабын бер тиісті,
Қанша балық ас ішті?
***
Аулада сұр күшік отыр,
Күнге төсін тосып отыр.
Тағы бірі келді шауып,
Қатарласты, ебін тауып.
(Енді қанша күшік болды?)
***
Орманда кірпі келеді,
Саңырауқұлақ тереді.
Кездесті, міне, керегі:
Екеуі - қайың астынан.
Біреуі - терек қасынан.
Қанша олар болмақ есепте,
Тоқылған салса себетке?
***
Айтшы, бақа, бақашақ,
Міне, сені сынар шақ.
Бірге екіні қосқанда,
Қанша болмақ санасақ?
Жауап берді бақашақ:
.....!
***
Қос балапан әне тұр,
Қос балапан жүр ғой сұр.
Санап көргін асықпа,
Шатастырма сен босқа.
Қанша шөже, анықта,
Ұябасар тауықта?
***
Жүк тапсырды бір бикеш:
Чемодан, кілем, екі әтеш,
Қолшатыр, сандық, суретті,
Кішкентай қанден бір итті.
Қоңырау да қағылды,
Вагоннан себет табылды.
Есептеп, қане, алғанын,
Айт қанша мүлік болғанын?
***
Дейді Күлтай:
Ойыншықтар, тұршы қатар:
Екі аю мен Буратино,
Көңілді әрі Чипполино!
Мыштай менен пілтай да
Көмектесіп Күлтайға,
Бәрін, қане, қосып шық,
Нешеу екен ойыншық?
***
Апам самса пісірді,
Пештен оны түсірді.
Бір-бірден жеп балалар,
Айзат, Таңат, Даналар,
Ернат, Сымбат, Саралар
Тойып лезде қалғаны...
Тағы да бір самсаны
Мысық жалмап алғаныі
(Апай қанша самса пісірді?)
***
Аулада жүрген тауықтың
Жер қазуда бесеуі,
Күнге күйіп үшеуі,
Күлге аунауда екеуі.
Сонда қанша тауық бар?
***
Түйенің төрт ботасы
Асыр салды алаңқайда.
Екеуі кеп әлдеқайдан
Әлгілерге қосылды,
Ойын әрі созылды.
Саны олардың... болды?
***
Кірпі ертең той жасамақ
Болғандықтан шақырмақ:
Екі қонжық, үш көжек.
Бес тиінді ертерек.
Айтшы, бәрін қос-дағы,
Қанша кірпі достары?
***
Зауза қоңыз болған екен,
Бұта түбін қылған мекен.
Ұл мен қызы, әке, шеше,
Сонда қоңыз екен неше?
***
Ешкі еңіреп бақылдап тұр:
- Қырсық! Қырсық! - деп қақылдап тұр.
Жан-жаққа қашты лақтарым,
Жинаңдаршы, шырақтарым!
Бірі тартты тоғайға,
Екіншісі - маяға,
Ал енді бір шұнағым
Селтеңдетіп құлағын,
Тығылыпты бөшкеге.
Тағы бірі текшеге,
Шығып әнін салады.
Тек кішісі қалады
Өз орнында - төсекте.
Қанша сонда болады,
Барлық лақты есепте.
***
Бір түнде өсіп шықты тез
Қозықұйрық бірнешеу:
Мұнда - екеуі, мұнда - үшеу,
Жалғыз емес, бір емес.
Бәрі қанша? Тура -...
***
Сөмкеңді ашып қарашы,
Барлық затты санашы:
Сиясорғыш, өшіргіш,
Дәптерің менен қаламың,
Қарындаш пен пеналың
Және үйретер әріпке
Жақын досың - Әліппе.
***
Қасқыр қақты қақпаны.
- Ашыңдар тез! - айтқаны.
Сол-ақ екен лақтар -
Титтей-титтей шұнақтар
Жан-жағына жүгірді,
Жасырынып үлгерді:
Бірі - төсек астына,
Бірі - пештің қасына,
Бірі - сәкі астына,
Бірі - кереует астына,
Бірі - тапқыр керемет,
Отыр күбі түбінде.
Қанша лақ бар бұл үйде?
***
Шынылы үйге кірейік,
Тұрарын кім білейік?
Мен - қызанақ, мәрт жігіт!
Мен - шалқан, бырт-бырт!
Мен - жасыл жуамын!
Мен - кәді жуанмын!
Мен - қияр дәм нағыз!
Мен - сәбіз!
(Жылыжайда қанша көкініс тұрады?)
***
Үйшікте мына бір сәулетті
Тұратын қай мықты әулеті?
Мен - тышқан-шиқылдақ,
Мен - қоян-желаяқ,
Мен - түлкі-керіммін,
Мен - қасқыр-серімін.
Бәріміз тұратын көңілді,
Қажетті сәулетті көр үйді!
***
Үйге кірді Айзат,
Оған қоса Таңат,
Кейін келді Айдана,
Қанша болды бар бала?
***
Тиін отыр арбада,
Жаңғақ сатып базарда.
Түлкі бикеш пысыққа,
Торғай менен шымшыққа
Мақтап қойып жаңғағын,
Салып берді алғанын:
Жаулығына бірінің,
Жемсауына бірінің,
Табанына бірінің.
***
Бір қатарға Мархабат
Ойыншықтарды тізіпті:
Маймыл отыр басында,
Қыжым қонжық қасында.
Тізе қоса түлкімен,
Қитар қоян жайғасқан.
Бақа, күшік, кірпімен
Қатар әрі жалғасқан.
Барлығын сен қосып шық,
Қанша сонда ойыншық?
***
Мен, Таңат, Берік, Ербол –
Ойнауға шықтық волейбол.
Екі ойыншы - Мереке, Нәзір,
Дайын емес тап қазір.
Кейін қосып алармыз.
Сонда қанша боламыз?
***
Тауық шықты көшеге,
Ерді барлық шөже де.
Алға кетті 7-еуі,
Артта қалды 3-еуі.
Санай алмай барлығын
Есі шықты тауықтың.
Сен есепте, балақан,
Қанша еді балапан?
***
8-ге Зере толады,
6-ға Аяулым келмеген.
Қанша кіші болады,
Аяулым сонда Зереден?
***
Түлкі барды базарға,
Түскен бірден назарға
Жеті қызыл кеудеше
Сатып алды мыршайға.
Киіндірді қос ұлын,
Киіндірді қос қызын,
Қызықтады күн ұзын.
(Түлкіде қанша кеудеше қалды?)
***
Жалғыздыққа жаны қас,
Сайрады ұзақ қарлығаш.
Әлдекімге «тез кел!» деп,
Безектеді безгелдек.
«Болмас жүрген бөлек» деп,
Көкектеді көкек кеп.
«Жақсы өзімнің әупім» деп,
Әупілдеді әупілдек.
Ән дегенде дүлдүл құс –
Құйқылжытты бұлбұл құс.
Шықылықтап сауысқан,
Шымшықпенен салысты ән.
Орман хоры жалғасты,
Көктем тойы жарасты.
Кел, санайық екеуміз,
Есебіңнен жаңылма,
Айт, қанша құс бар мұнда?
***
Бір үйде біз нешеуміз,
Кел, санайық екеуміз:
Бас бармағым - панам,
Балаң үйрек - анам,
Ортан терек - ағам,
Шылдыр шүмек - мен,
Титтей бөбек - сен.
Бір үйде біз нешеуміз?
Бір үйде біз ... !
***
Алаңқайда дауласты:
«Ақылды кім, кім басты?»
Қасқыр, қарсақ, жолбарыс,
Қос маймыл мен үш барыс.
Жедел жетті қу түлкі,
Санап тұр болсын деп күлкі.
Кенет көзі атысты,
Есебінен шатысты.
Қиналғанын білдіңдер,
Енді көмек беріңдер!
***
Әр қолына Нұриден
Төрт өріктен бердім мен.
Бала санай білмеді,
Неше өрік ол жеді?
***
Қызыл,
Сары,
Көгілдір -
Беткейде өскен небір гүл.
Күлгін түсті тағы бар,
Алқызыл да табылар ...
Ажыратьш, санаңдар,
Қанша бояу сонда бар?
***
Балықшылар қатар отыр,
Қармақтарын салып отыр.
Балықшы Нұржан
Ұстады үш сазан.
Балықшы Темірлан
Ұстады төрт табан.
Балықшы Құсайын
Ұстады қос жайын.
Өзеннен қанша балықты
Ағалар аулап алыпты?
***
Ұзынқұлақ, Саққұлақ,
Ойнап жүрсе шапқылап.
Кішкене Сұр, Сасқалақ
Бәрі ерке ұл бала.
Ең соңғысы қыз қара.
Көжектері қоянның
Нешеу екен, тез сана.
***
Жан-жаққа кетті зымырап,
Мысықтан қорыққан тышқандар.
Қорапқа кірді біреуі,
Соңынан кетті екеуі.
Тығылды сонда нешеуі?
***
Екі балапан тұр,
Екі балапан отыр.
Шатаспай тез ойлансаң,
Тура тауып атасаң,
Тұрғаны бар, отырған,
Барлығы қанша балапан?
***
Ұлпа жүнін қыздырып,
Күн шуақта бір күшік,
Отыр еді маңына
Келді тағы бір күшік.
Нешеу болды сен сана?
***
Аулада жүр балалар:
Айзат, Таңат, Нұржандар,
Келді және оларға
Сәуле, Шолпан ойнауға,
(Аулада барлығы қанша ұл бала ойнауда?)
***
Келеді көп құс ұшып:
Кептер, аққу, қос шымшық,
Сауысқан, қарға, торғай да,
Ұшып жүр осы тоғайда.
Қанша құс бар, қосып шық.
***
Бір көжекке бір көжек
Келе қалды қонаққа.
Бес сәбізден бірден жеп,
Тойып алды тамаққа.
Айта қойшы алғырың
Қанша сәбіз барлығы?
***
Пісіп тұрған төрт алмұрт,
Қызығатын көрген жұрт.
Екі алмұртты бұтақтан,
Алып жеді Темірлан.
Қанша қалды алмұрттан?
***
Төменде үш қаз ұшады,
Үшеуі бұлтты құшады,
Өзеннен көрдік екеуін,
Айтқын, қаз нешеу екенін?
***
Ал, санаңдар, санаңдар,
Бізде қанша адам бар?
Алдымда:
Атам, әжем бар,
Алдымда:
Әкем, анам бар.
Білмесеңдер, біліңдер,
Тағы саусақ бүгіңдер.
Алдымда:
Әпкем, көкем бар,
«Аман жүрсін інім», - дер.
Өзім бармын,
Інім бар,
Кіп-кішкентай күнім бар.
Қанша болдық бәріміз,
Қанша болдық? ...
Біліп ал!
***
Менде де бар бір мысық,
Сенде де бар – бір мысық.
Менде бар да көк күшік,
Сенде мүлде жоқ күшік.
Бізде: Қанша мысық бар?
Бізде: Қанша күшік бар?
Шешуін тез таба алсаң,
Сен мендегі күшікті ал.
***
Аспандағы төрт тырна,
Жерде жатқан төрт тырма.
Су ағатын төрт тұрба,
Бәрін қосса нешеу?
***
Көрдік он құсты,
Үшеуі ұшты,
Нешеуі қалды?
***
Он күшік – оң жақта,
Он мысық – сол жақта.
Үш күшік – солға шық!
Бес мысық – оңға шық!
Оң жақта неше күшік,
Сол жақта неше мысық –
Қалады?
Сол жақта неше күшік,
Оң жақта неше мысық –
Болады?
***
Сырсандық
0
Жоқтығын заттың білдірер,
Нөл де сан боп саналар.
Қолыңда шар болмаса,
Ыдыста алма тұрмаса,
Құстар ұшып келмесе,
Үйіңде ит үрмесе,
Тағысын тағы табылар.
Біз, досым, мен, сен бірге
Нөл қоялық сол жерге.
***
Дөңгелек нөл әдемі-ақ,
Білмейді ғой дым, бірақ.
***
Қараңдаршы, «нөлге» көп,
Жүзе білмес жандарды,
Құтқарғыш ол дөңгелек.
***
Білдіріп жоқты домалап,
Нөл де келді домалақ.
***
Кетсе бәрі дөңгелеп,
Ұшып, қашып, не керек.
Жоқтығын заттың білдірер
Қоялық нөлді ертерек.
***
1
Міне, бірлік, бір танығын,
Математика ол ханымы.
Сымбатты өзі, арайлы,
Бәріне үстем қарайды.
***
Жіп-жіңішке тіреу,
Жалғыз тұрған - біреу.
***
«Бір» дегенім - баған ғой,
Басына үкі қонған ғой.
«Бір» дегенім – бала,
Анасына еркелейтін дана.
***
Жіңішке жалғыз таяқша
Бір саны ол айрықша.
***
2
«Екі» деген - шалқиған,
Ашулы ата қаз.
Мойын, құйрық қайқиған –
Емес-ау шатағы аз.
***
Міне, екі саны тұр,
Қараңдаршы, неткен түр!
Мойнын алға иеді,
Құйрығы еріп жүреді.
***
«Екі» дегенім – ескек,
Ұстатты атам «Ес» - деп.
***
3
Екі ілгегім бірікті,
«Үш» цифры көрікті.
***
Екіліктен кейін, қараңдар,
Үш саны шықты, жарандар!
Үшінші орын – тұрағы,
Үш ілмекті қосып тұрады.
***
«Үш» дегенім – үйрек,
Көлде жүзер билеп.
***
4
Орындықты төңкердік,
Оны енді «төрт» дедік.
***
Үштен кейін төрт болар,
Бір жылда төрт мезгіл бар.
***
Сүйір шынтақ шығарып,
Төрт тұр алға үшті алып.
***
«Төрт» дегенім – тас,
Әрдайым іші ас.
***
5
«Бес» - мойыны иілген
Жылан дерсің иірілген.
***
Қағазда енді табан асты
«Бес» саны биге басты.
Қолын созды оң жағына,
Аяқты иді сол жағына.
***
Басталады саусағым бас бармақтан 1-ші.
Балан үйрек келеді санағанда 2-ші.
Ортан терек, биігі, тұрып қалған 3-ші.
Шылдыр шүмек келеді кезегім деп 4-ші.
Кішкентай бөбек таласпай, болған екен 5-ші.
***
«Бес» дегенім – білім,
Білімді бол, інім.
***
6
«Алты» ұқсайды құлыпқа,
Көтерілген тұмсық та.
***
Алты саны – ұлық па,
Ұқсас өзі құлыпқа.
***
Алты саны ол – алтау.
Бестен кейін келеді,
Тапқыр бірден біледі.
***
7
Бір бұрымым қолымда –
«Жеті» болды жолымда.
***
Жалғыз аяқ көсеу де,
Ұқсас екен жетеуге.
***
Бір аптаны бөлгенде,
Жеті күн бар білгенге.
***
Киелі сан – жеті деген,
Байланысты жетіменен.
Көп ұғымы халқымыздың,
Белгісіндей салтымыздың.
Жеті қат көк жер үсті,
Жеті қабат жер асты.
Жеті Жарғы – заң жеті,
Қазынамыз бар жеті.
Жеті атамыз – тегі жұрт,
Ағайынды жеті жұт.
Қызықтырар құбыла,
Жеті түсті шұғыла.
Жерде – жеті керемет,
Жеті шелпек – берекет.
Сөз, сөйлемдер бағынар,
Жеті септік тағы бар.
***
8
Қос қалашты қосқанда,
«Сегіз» шықты тосқандай.
***
Қараңдаршы көз тігіп:
Сегіздікте – қос жүзік,
Бас аяғы жоқ оның,
«8» санын ал біліп.
Көзілдірік – ол білсең,
Жүрер көзге ел іліп.
***
Кел, балалар санайық,
Жетіге бірді қосайық.
Жаңа шыққан санды біз,
«Сегіз» деп енді атайық.
***
9
Төңкеріп ек «алтыны»,
«Тоғыз» боп ол шалқыды.
***
Тоғыз – алты сияқты білмегенге,
Құйрығы бірақ қарап қалған төменге.
***
Рет-ретімен санасақ,
Тоғыз саны домалап,
Сегізден кейін келеді,
Жіңішке таяқ тірегі.
***
10
Нөл домалап парақта,
Мәнсіз орын басады.
Алға бірлік тұрақтап,
Одан 10-ды жасады.
***
Өзен басы дүр етті,
Су астына «бір» кетті.
Беру үшін бар көмек,
Бұл санға енді доп керек,
Құтқарушы дөңгелек.
Бірлік нөлмен қауышты,
Екеуі «Онға» ауысты.
***
Тоғызға бірді қосамыз,
Он санын енді тосамыз.
Қос таңбаны кім білмек,
Олар – бір мен дөңгелек.
***
Он, білсең, басы ашық,
Тоғыздан соң келеді.
Саусақтарды санап шық,
Есебін сол береді!
***

ШАР – дөңгелек, оны домалатуға болады. Ол неге ұқсайды?

КУБ – дөңгелей алмайды, өйткені оның бұрыштары болады. Кубтың неше бұрышы
бар? Ол неге ұқсайды?

ЦИЛИНДР – «сырғанақ» деп аударылады. Егер бірнеше цилиндрді қатар қойып,

оның үстіне ауыр заттарды салып итерсек, ол қозғалады.
ПИРАМИДА – «шың» деп аударылады. Бұл таудың қар басқан ұшына, сарайлар мен
мұнаралардың күмбезіне ұқсайды.

КОНУС – деген сөз «шырша жаңғағы» деп аударылады екен. Оның да домаланған
пішіні бар.
Логикалық сұрақ-тапсырмалар
Қонжық екеу, табаны нешеу? (8)
Досым келе жатып 5 теңге тауып алды, екеуіміз бірге болсақ, неше теңге тапқан болар едің? (5)
Бір шеңберді бір шеібер көтеріп тұр. (8)
Бос ыдыста неше жаңғақ бар? (0)
Жұптасып жегілген аттар 1 сағат шапса, әр ат неше сағаттан шабады? (1)
Автобус оң жаққа бұрылғанда, ішіндегі жолаушы қай жаққа бұрылады?
4 жұмыртқа 4 минутта піседі, ал 1 жұмыртқа неше минутта піседі? (4 минут)
Бір үй тұр. Оның бір шатыры жалпақ, екіншісі өте жіңішке. Шатырдың ортасында ұя бар. Ұя тесік. Ұяға қораз жұмыртқалапты. Жұмыртқа қай аққа домалайды?
1 жанұядағы ағайынды 2 жігіттің әрқайсысының 1 апасы, 1 қарындасы бар. Ол жанұяда қанша бала бар?
1 тұтас алманы тең етіп 2 бөлікке бөлгенде бірінші жартысы неге ұқсайды?
1 қарындашты тең етіп 2-ге бөлгенде, неше қарындаш шығады?
5 алманы 6 адамға ұалай бөлуге болады?