Просмотр содержимого документа
«Құстарды топқа бөлу»
Сабақтың тақырыбы: §56. Құстарды топқа бөлу. Сыныбы: 7
Сабақтың мақсаты:
А) білімділік – оқушыларға құстардың топтарға бөлінуін, қыртөссіздер, қыртөстілер қаңқасының басты ерекшелігін, құстар жануарлардың маңызды тобы екендігін, құстардың тіршілігі, адамға пайдасы туралы, жыл маусымдарына байланысты құстардың бірнеше топтарға бөлінетіндігін, Қызыл кітапқа тіркелген құстар жайында, саятшылық туралы жалпы түсінік беру.
Б) тәрбиелік – оқушыларды құстарды қорғауға, оларға қамқор болуға, құстардың адам өміріндегі маңызын дәріптеу, ұқыптылыққа, нақтылыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу.
В) дамытушылық – оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, құстарды топтарға бөлу, сол топтардың өзіндік ерекшеліктерін жүйелей, қорытындылай отырып, білімдерін, жүйелі сөйлеу қабілетін, ой өрісін дамыту.
Сабақтың түрі: Аралас
Сабақтың типі: Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ – жауап, ойын элементтері, тірек-сызба
Сабақтың көрнекілігі: компьютер – 1, ActiveStudio бағдарламасы, ActivBoard, ActivPen, бейнепроектор – 1, оқулық, құстардың суреттері, құстардың тұлыптары, құс жұмыртқасы, мамығы, қауырсыны, буклеттер, құстардың видеороликтері.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі – оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу, сабаққа дайындығын тексеру, назарын жаңа сабаққа бейімдеу.
Үй тапсырмасын сұрау:
§55. Қауырсын жабынды жануарлар
Оқушылар үйге берілген тапсырма бойынша қауырсын жабынды жануарлар – құстар тақырыбын еске түсіріп жіберейік.
Кім жылдам? «Ағаштар бүршік жарғанда» ойынын ойнаймыз. Мына ағашқа жапырақтары мен құстарын өзіне қайтарып беруіміз керек. Ол үшін төмендегі сұрақтарға жауап беруіміз керек.
Құстардың терісінде қандай бездер бар және ол қандай қызмет атқарады?
Құстардың қан тарату жүйесінің ерекшелігі неде?
Құстың омыртқа жотасының бөлімдерін ата?
Терінің қосалқы мүшелері
Құстар қалай тыныс алады?
Құстардың жақ сүйегі неге айналған?
Ширақ балапандар дегеніміз не?
Құстардың зәр шығару жүйесі қандай?
Құстардың денесі қандай бөлімдерге бөлінген?
Қызылшақа балапан дегеніміз не?
Құстардың қаңқасы қандай бөлімдерге бөлінген?
Құстардың асқорыту жүйесінде өзіне тән қандай ерекшеліктері бар?
«Ұяшықтар сыры» ойыны
Құстардың дүние жүзінде таралған түр саны қанша?
Құстарды зерттейтін ғылым
Қауырсын жабынды жануарлар дегеніміз ол –
Құстарды неліктен жылы қандылар деп атайды?
Құстар қалай ұрықтанады?
Жемсау дегеніміз не?
Қосарланып тыныс алу дегеніміз не?
Жаңа сабақ
Құстар – омыртқалы жануарлардың ішінде жер шарында кеңінен таралған жануарлар.
Құстарды дене құрылысына, тіршілік әрекетіне байланысты 3 топқа бөлінеді. Олар: қыртөссіздер (жүгіретін құстар), жүзетін құстар (пингвиндер), қыртөстілер (ұшатын құстар).
Қыртөссіздер немесе жүгіретін құстар. Бұлардың төс сүйегі жалпақ әрі оның қыры болмайды. Олар ұша алмайды, бірақ құрлықта өте жылдам жүгіреді. Қанат қауырсындары доғалданып келген, аяқтары өте жақсы жетілген. Бұған барлық құрлықта кездесетін түйеқұстар жатады.
Түйеқұстардың ең ірісі – африкалық түйеқұс. Олардың басқа құстардан басты айырмашылығы – аяқтарында екі ғана саусақ болады. Өте ірілерінің салмағы 90 килограмға жетеді. Африкада, өзгеде елдерде арнайы қолда өсіріледі. Оның етін, жұмыртқасын тағам ретінде, ал қауырсындарын әсемдік үшін пайдаланады. Африкалық түйеқұс Қазақстанда алғаш рет Қостанай облысындағы Қарабатыр шаруа қожалығында қолдан өсіріле бастады. Қазір мұндай арнайы фермалар Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Есік елді мекенінде, Шымкент қаласының маңында бар.
Нанду – үш саусақты, қанаты жақсы дамыған, бірақ ұша алмайды, жылдам жүгіреді. Оның екі түрі бар ( кәдімгі және ұзынтұмсықты нанду). Оңтүстік Американың далалы, шөлейтті аймақтарында таралған. Қораздары да жұмыртқа басады, әрі ұрпақтарына қамқорлық жасайды. Салмағы 25 кг. Өсімдік жапырақтарымен, бүршіктерімен және ұсақ бунақденелілермен қоректенеді.
Қазуардың қауырсындары ірі қылшықты. Басында мүйіз текті айдары бар. Мойны қауырсынсыз, ашық қызғылт түсті тері қатпарлы. Салмағы 80-90 кг шамасында. Жаңа Гвинея, Австралия және сол маңдағы ұсақ аралдарда кездеседі.
Эму Австралияның бұталы, құрғақ далалы жерлерінде таралған. Салмағы – 45-50 кг. Жұмыртқасын қоразы басады. Көбінесе жемістермен қоректенеді. Қолда өсіріледі.
Жүзетін құстар (пингвиндер) – құстардың ішіндегі ерекше тобы.
Пингвиндер оңтүстік жарты шарда ғана таралған, әсіресе Антарктида жағалауында көптеп кездеседі. Жұп құрып тіршілік етеді әрі жұптарын өмір бойы сақтайды. Көбейер кезде бір жерге мыңдап топтасады. Ұяларын тасты жерлерге салады. Ұяда көбіне 1-2 жұмыртқа болады. Жұмыртқаны қоразы мен мекиені кезектесіп басады. Көптеген түрлерінің құрсағында тері қатпарлы қалтасы бар. Жұмыртқа басқан кезде қалтасы жұмыртқаны жауып тұрады. Жұмыртқасын көбіне жарғақты табанының астына қойып басады. Үлкен пингвин жұмыртқасын қыста басады. Ол пингвиндердің ең ірісі. Биіктігі 110-120 см, салмағы 45 кг. Одан сәл кішілеу түрі – корольдік пингвин. Саны өте көп таралған түрлеріне – қоршаукөз, алтыншашты, галапагостық, көзілдірікті пингвиндер жатады. Пингвиндердің кәсіптік мәні жоқ
Қыртөстілер (ұшатын) құстар – қазіргі кездегі құстардың ең түрі көп тобы. Ұшатын құстар тіршілік ететін орта жағдайларына байланысты бірнеше топтарға бөлінеді.
Сулы, батпақты жерлердегі құстар құрылысына тән белгілері – саусақтарының арасында жүзу жарғағы бар. Жақсы жүзіп, жақсы сүңгиді. Көпшілігінің тұмсықтары жалпақ және тұмсығының жиектерінде араның тісі тәрізді майда «тісшелері» болады. «Тісшелер» негізінен қоректі сүзіп ұстау қызметін атқарады, оны үйрек, қаз тұмсықтарынан айқын көруге болады. Дауылпаздар, шағалалар, сұқсырлар су құстарына жатады. Олардың қорегі – ұсақ су жануарлары. Қаздар, бірқазандар, дегелектер, қоқиқаздар, тырналар – су жағалауы мен батпақты жерлерді мекендейтін құстар. Олардың кейбір түрлері өсімдіктермен де, жануарлармен де қоректене береді.
Орман құстарының денелері көбіне шағын, қанаттары сүйірленіп келеді. Орман құстарына тоқылдақтар, көкектер, жапалақтар, тотықұстар, торғайлардың көпшілігі жатады. Тоқылдақтар тікелей ағашта өрмелеп тіршілік етуге бейімделген. Тұмсықтары мықты, үшкір. Саусақтары қысқа, тырнақтары имек. Ағаш діңіне қонып отырғанда екі саусағы алға, екі саусағғы артқа қарай бағытталады. Құйрық қауырсындары қатты, ол тірек қызметін атқарады. Ұзын үшкір тілінің көмегімен ағаш қабығының астындағы жәндіктермен қоректенеді.
Ашық далалы алқаптардағы құстардың қанаттары кең, қалықтап ұшуға бейімделген, кейбір түрлерінің аяқтары жақсы жетілген. Сондықтан олар жылдам жүгіре де алады. Тұмсықтары қысқа, доғал, кейде иіліп келген өткір. Бұлар (тазқара, бүркіт, жұртшы) – күндізгі жыртқыш құстар. Тауықтәріздестерге: бөдене, кекілік, ұлар, қырғауыл; дуадақтарға: безгелдек, жорға дуадақ жатады. Бұлдырықтар мен бозторғайларда шөлейтті, ашық далалы алқаптарда кездеседі.
Құстардың тіршілігінде жыл маусымдарының алмасуының да ерекше маңызы зор. Осыған байланысты құстар тіршілігінде елеулі өзгерістер (көбею, жылыстау) байқалады. Құстарды жыл құстары, көшпелі құстар, қыстап шығатын құстар деп үш топқа бөледі. Құстардың жылыстауын аяқтарына сақина салу арқылы анықтайды. Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі Жамбыл облысы, Жуалы ауданында Шақпақтас асуында құстарға сақина салу орталығы бар.
Жыл құстары күзде оңтүстіктегі жылы аймақтарға жылыстап, көктемде елімізге қайта оралады. Жұп құрып, ұя салып, жұмыртқадан балапан өргізіп, көбейеді. Көктемнің алғашқы айында жауған соңғы қарды құс қанатының ызғары деп есептейді.
Көшпелі құстар күзде, қыста ауа райының қолайсыздығынан солтүстіктен оңтүстікке қарай жылыстайды. (полюстік үкі, кейбір жыртқыш құстар)
Қыстап шығатын құстар жыл бойы бір аймақта тіршілік етіп, көбейеді. Ешқайда жылыстамайды. Ондай құстарға қарғалар, торғайлар, шымшықтар, сауысқандар жатады.
Қазақстанның Қызыл кітабына 1996 жылы 11 отрядқа жататын 56 құстың түрлері тіркелді. Қараша қаз, қутұмсық қаз, сұңқылдақ және кіші аққу, мәрмәр, шүрегей үйректерде Қызыл кітапқа тіркелген. Бұлардың ішінде халық аққуды ерекше киелі құс санайды. Ол туралы аңыздар, әңгімелер, күйлер кеңінен тарлағн. Аққу пәктіктің, адалдықтың , сұлулықтың белгісі деп есептеледі.
Сұңқартәріздестер – балықшы тұйғын, лашын, бүркіт, аққұйрықты субүркіт, ақсұңқар, ителгі, сақалтай, жұртшы, құмай жатады. Бұл құстарды халқымыз ерекше қадірлеп, қыран құстар деп те атайды. Жыртқыш құстардың тұмсықтары, тырнақтары өткір, қорегін бүріп ұстауға бейімделген. Қыран құстардың қоразы – «шәулі», мекиені – «ұябасар», балапаны – «ақүрпек» деп аталады.
Қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі өнерінің бірі – саятшылық., аңды бүркітпен аулау. Бүркіт деп қазақ аңшылары жыртқыш құстардың ішіндегі аса тектісін, адам қолына тез үйренгіш естісін атаған. Қазақстанда бүркіт ұясы көбінесе Алтай, Тарбағатай, Алатау, Көкшетау, Шыңғыс сияқты сілемді тауларда, сонымен бірге орманды алқаптарда әсіресе, биік қарағайлы, үйеңкілі жерлерде кездеседі. Қазақ құсбегілерінің қолға түскен бүркітті «ой құсы» немесе «қыр құсы» деуі де осыдан. Қыран құстарды қолға үйретіп баптау, оны аң-құсқа салу адамды табиғатпен етене жақындастыра түседі. Бапкер, саятшы құсбегілер қолға түскен құсты түн ортасында тұрып айналып – толғанып ықылас көрсетіп, сылап – сипап қайтады. Бүркіттің иесіне әбден бауыр басуы үшін мұндай ықылас қажет-ақ. Мұнан соң далбпйға түсіріп үйретеді. Далбайға түсіру деп тұлып етіп сойылған аң терісінің үстінен жем алғызуды айтады. Жемді аң терісінің кез-келген жеріне қоя салмай, бас жағына тығып, екі көзінен болар-болмас қызартып көрсетіп қоюы керек. Бүркіт сонда күш жұмсап жейді. Бұған үйренген шақта тұлыпқа ұзын жіп байлап сүйретеді де, бүркітті ат үстінде ұстап тұрып көрсетеді. Соңғы жылдары елімізде саятшылық өнерді жандандыру саласында ізгі шаралар қолға алынды. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра ауылында «Жалайыр Шора» атындағы халықаралық құсбегілер мектебі ашылды. Мұндай маңызды бастамалар басқа лоблыстарда да қолға алынып, саятшылық өнерге ерекше көңіл бөлінуде.
Тауықтәріздестерге жататын алтай ұлары биік таулы алқаптарда кездеседі. Ұлар да киелі құс, олар шағын топ құрып тіршілік етеді. Еті де дәмді.
Тырнатәріздестер: ақ,сұр, ақбас тырна сулы, батпақты жерлерде кездеседі. Дуадақ – ірі құс, оның салмағы кейде 16 кг-ға жетеді. Оны кейден «тоқтыбалақ» немесе «қозыбалақ» деп те атайды. Ертеде далалы өңірде көптеп ауланған. Тарғақ, орақтұмсық және реликті шағалалар Қызыл кітап тізімінде бар. Реликті шағала қазақстанда Алакөл көлінде ғана таралған. Қорғау мақсатында Алакөл 1998 ж ұйымдастырылды.
Жапалақтәріздестерден тек үкі ғана Қызыл кітапқа тіркелген. Халқымызда үкі – ерекше құрметке бөленген құс. Қолда ұқстап, қауырсынын қадірлеп, бас киімге, домбыраға, бесікке, үйге іліп қою дәстүрі бар.
Торғайтәріздестердің түрлері көп және кеңінен тараплған. Қазақстанда жорға торғай, көкқұс, үлкен құралай сирек кездеседі. Жорға торғай еліміздің шөлейтті алқабында мекендейді. Сексеуіл ағаштарының арасында, жер бетінде жылдам жүгіретіндіктен «жорға торғай» деп аталған.
IY. Бекіту:
Биологиялық диктант
Түйеқұстардың ең ірісі ……………. түйеқұс.
Пингвиндердің алдыңғы ………………ескекке айналған.
Қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі өнерінің бірі ………………………
Орман құстарының денелері көбіне шағын, ………………………….. сүйірленіп келеді.
………………….құстары күзде оңтүстіктегі жылы аймақтарға жылыстап, көктемде елімізге қайтадан оралады.
«Мені тап» ойыны ойналады. Құстардың дауыстары беріледі, дыбысты есту арқылы құстың атын атайды.