Просмотр содержимого документа
«Гүлдің құрылысы мен маңызы.»
Сабақтың тақырыбы: Гүлдің құрылысы мен маңызы.
Сабақтың мақсаты:1.Гүлдің құрылысымен таныстыру.
2. Оқушылардың байқампаздығын, есте сақтау қабілеттерін дамыту.
3.Әсемдікке тәрбиелеу.
Сабақтың типі: жаңа.
Сабақтың көрнекілігі: суреттер, электронды плакаттар.
Сабақтың әдісі: жаңа техналогия элементтерін пайдалану.
Сабақтың барысы:1 Ұйымдастыру кезеңі.
2.Үй тапсырмасын тексеру.
3.Жаңа тақырып.
Гүлбөлімдері – гүл сағағы, гүл табаны (тұғыры), тостағанша жапырақша, күлте жапырақша, аталық пен аналықтан тұрады (35-сурет). Гүл сағағы – жапырақ сағағына ұқсаған гүлдің жіңішкерген жері. Сағағы арқылы сабаққа бекінеді. Гүл сағағы болмаса, отырмалы гүлдер дейді (беде, қашқаргүл (астра)).
Гүл табаны (тұғыры) – гүлдің барлық бөлімдері бекінетін гүл сағағының жоғарғы жағындағы кеңейген жері.
Тостағанша көбінесе жасыл түсті, гүлдің сыртында бірікпеген жеке немесе біріккен жапырақшалардан тұрады. Тостағанша 2-ден (көкнәрда) бірнеше ондаған санға (шай өсімдігі) дейін жетеді. Атқаратын қызметіне байланысты әр түрлі өзгеріске ұшырайды. Мысалы, жемістер мен тұқымдарды желмен тарату үшін (бақбақта) үлпекке айналады. Меңдуана, қоңыраугүлде тостағанша бір-бірімен тұтасып, жемістің сыртын қаптап, қорғап тұрады. Кейбір өсімдіктердің тостағаншасы күлтесі ашыла сала түсіп қалады (көкнәрда). Гүлі қураған кезде күлтесімен бірге түсетіндері де піскен жемістерінде бірге сақталатындары да бар (баклажан, бұрыш, құрма және т.б.). Жануарлар арқылы таралуға бейімделген, итошағанның тостағанша жапырақшасының ұшы иіліп, ілмешекке айналған.
Күлте – тостағанша жапырақшалардан кейін орналасады. Күлте жапырақша лары бір-бірімен бірігіп кеткендерге: інжугүл, қоңыраугүл жатады. Бірікпей жеке орналасатын күлтелер: қызғалдақ, көкнәр, итмұрын.
Күлте түбіндегі жіңішкерген жерде тәтті шірне бөлетін шірнеліктер орналасады. Күлтенің хош иісі, тәтті шірнесі, ашық реңдері гүлді тозаңдандыратын бунақденелілерді еліктіреді.
Естеріңде болсын! Шірнеліктер – гүлтабанында, аталық жіпшесінің түбінде, аналық жатынында да болады.
Бунақденелілер шірнелікті шеңбер, нүкте, сызықша-жолақтар сияқты белгілері арқылы ажыратады. Күлтенің ашық реңі тікелей түскен күн сәулесінің қызуын бәсеңдетеді. Аталық пен аналықты қызып кетуден сақтайды. Ішкі жыныс мүшелерін жаңбыр суынан, шық тамшыларынан қорғайды.
Тостағанша жапырақша мен күлте жапырақшаны гүл серігі дейді. Гүл серігі жай және қос гүлсерікті деп бөлінеді. Жай гүлсерікте (36-сурет) тек тостағанша жапырақшалары болып, күлте жапырақшалары болмайды (қалақай, қызылша, қымыздық, еменнің аталық гүлдері, қарағаш гүлдері). Немесе керісінше, күлте жапырақшалары ғана болады (қызғалдақ, лалагүл, інжугүл).
Қос гүлсерікті гүлде тостағанша да, күлте де болады (алма, өрік, шие ағаштарының гүлдері). Гүл серігінің екеуі де болмайтындарды гүлсеріксіз гүлдер дейді (тал, шаған, терек, еменнің аналық гүлі).
Аталық – гүлдің көбеюге қатысатын бөлімі. Әрбір аталық – аталық жіпшесінен және тозаңқаптан тұрады (38-сурет). Аталықтың жіңішкерген жері – жіпшесі. Тозаңқап бір-бірімен байланысқан екі бөліктен құралған. Әр бөлігінде 2-ден тозаң ұясы бар. Тозаңқапта мыңдаған тозаң түйіршіктері түзіледі, пісіп жетілгенде тозаңдары сыртқа шашылады.
Тозаң – сыртқы және ішкі қабықшасы бар жасуша, пішіндері де алуан түрлі (38-сурет). Тозаңдар сырттай қарағанда ұнтақ тәрізді. Әрбір тозаңның сыртында үшкір өсінділер, майда тікенектер, бұртиған төмпешіктер болады. Атқаратын қызметіне қарай сыртқы қабықшасы қалыңдап өзгереді. Сыртқы қабықшасында тозаң түтігінің өнуіне қажет көптеген тесіктері болады. Тозаңның құрамында май, қант, минералды тұздар, нәруыз, витаминдер бар.
Аналық – гүлдің жеміс түзуге қатысатын негізгі бөлімі гүлдің дәл ортасына орналасады. Аналықтың ұшын – ауыз, ортаңғы жіңішкерген жерін мойын, түп жағындағы жуандаған жерін жатын дейді Аналық аузы өсімдік түріне қарай түрліше (домалақ үлпекті, қостелімді, көптелімді, жұлдызша және т.б.) болып келеді. Аналық аузынан жабысқақ сұйықтық бөлуі, тозаңның аналық аузына түсіп, тез өнуіне жағдай туғызады.
Аналықтың мойныаузы мен жатынын жалғастырып, басқа бөлімдерінен жоғары биіктетіп тұрады. Неғұрлым аналық күлтеден озыңқы тұрса, соғұрлым жеңіл тозаңданады. Мойны болмайтын аналық көкнәр, қызғалдақ және т. б.
Жатын (түйін) – аналықтың ең негізгі бөлігі бір және көп ұялы. Жатынның ішінде бір (бидайда) немесе бірнеше мыңдаған (көкнәр) тұқымбүршігі бар. Тұқымбүршігі жатында дамитындықтан, жатын қабырғасына бекінеді. Жатынның сыртын екі қабат қабықша (жамылғы) қаптайды. Қабықшасының түйіскен жерінде тесігі бар. Одан тозаң түтігі тұқымбүршігіне енеді. Тұқымбүршігінің ішіндегі ұрық қалтасында жұмыртқажасуша (аналық жыныс жасуша) болады. Сондықтан ұрықтану аналықтың ішінде жүреді. Әрбір аналық өзара бірігіп кеткен бір немесе бірнеше жемісжапырақшаларынан түзіледі.
Дұрысгүл мен бұрысгүл. Гүл жазықтығына бірнеше сызық жүргізгенде теңдей бөлікке бөлінсе – дұрысгүл (алма, итмұрын, мақта және т. б.). Гүл бөлімдеріне бір сызық жүргізуге ғана болса, бірнеше сызықпен теңдей бөлінбесе – бұрысгүл (соя, үрмебұршақ, сәлбен және т. б.).
. Мақтаның дұрысгүлі мен сызбанұсқасы (1) және асбұршақтың бұрысгүлі мен сызбанұсқасы (2).
№10-зертханалық жұмыс.
Гүл құрылысын талдау.
Көрнекілігі: нағыз гүлдер (қызғалдақ гүлдеп тұрған бөлме өсімдіктері және т.б.), қатты қағаздан ойылған жеке бөліктері, ұлғайтқыш қол әйнек, сапты ине.
Орындалатын тапсырмалар:
1. Нағыз гүлден (ол болмаса) немесе гүл бөліктерінің қатты қағаздан жеке-жеке қиылған жапсырма (аппликация) көрнекі құралдардан гүл бөлімдерін табу, пішініне, санына, реңдеріне көңіл аудару.
2. Табиғи (нағыз) гүлден гүл бөліктерінің орналасу тәртібімен танысу.
3. Гүл бөліктеріне қарап жай немесе қос гүлсерікті екендігін анықтап ажырату.
4. Аталық пен аналықты жеке бөліп алып құрылыстарымен танысу, суретін салып атын жазу. Оқулықтың суретімен салыстыру.
Қызғалдақтың жай Қазтабанның қос гүлсерікті гүл.
Сабақты қорытындылау.
А 1. Гүлдің негізгі бөліктерін атаңдар. 2. Гүл сағағы, гүл табаны, тостағанша жапырақшалары қандай қызмет атқарады?
В 1. Күлте қайда орналасады? Ол қандай қызмет атқарады? 2. Аталықтың құрылысы, атқаратын қызметі?
С 1. Аналықтың құрылысы, атқаратын қызметі? 2. Гүл серігі деп қандай бөліктерін айтады және ол қалай бөлінеді? мысалмен дәлелдеңдер.
1. Қандай да болмасын көрген немесе қолдарыңа ұстаған гүлдің бөліктерін, санын, орналасуын, түсін, пішінін, аталығы мен аналығының санын, құрылыс ерекшеліктерін талдауға әдеттеніңдер. 2. Жай және қос гүлсерігін ажыратыңдар. 3. Гүл бөліктерінің табиғи түсін, пішінін аудырмай қатты қағаздан жеке-жеке санына сәйкес келтіріп қиып, әр бөліктерінің орналасу ретіне қарай үлкендеу қалың қағазға әдемілеп жапсырып, көрнекі құрал ретінде биология кабинетіне қойыңдар (зертханалық жұмыста пайдаланасыңдар).
Біліміңді тексер.
І. Берілген сипаттамалар гүлдің қай бөлігіне тән екенін гүл бөлігінің бас әрпін қойып белгілеңдер («ГС» – гүлсағақ; «ГТ» – гүлтабан; «Т» – тостағанша; «К» – күлте; «А» – аталық; «Ж» – аналық).