Ел бірлігі туралы ұлттық доктрина қабылданды. Доктрина қоғамның бүгінгі талабынан туындауда, еліміздің болашағына бағыт-бағдар ретінде қызмет етуге арналған. Ел бірлігі – адам өмірі, ұлт болмысы мен рухы, осы қоғамдық құндылықтардың өркениет жолында дамыту мұраты. Мұндай тектес идеялар тарихи белестерде ұрпақтардың ұлттық сана-сезімінің нысаны болғаны мәлім. Сол идеялық сабақтастықтың үлгісі неде, одан үйренеріміз не? Көңілге қонымды жауапты Абай мұрасынан табуға болады.*** Егеменді елдің тәуелсіздігі мен теңдігін нығайтып, ұштастырып жатқан бүгінгі ұрпаққа Абай несімен құнды? Ең алдымен, ділмәр даралығымен, ерекше даналығымен. Даралық — тұлғалығында, ал даналық – азаматтық болмысы мен белсенділігінде. Қос ағымның тоғысында оның даналығы – сезімталдықтың жеке өрнегіне, тәжірибелі танымның тапқырлығына, танымдық құбылыстың кемелдігіне ұқсайды. Кең ауқымда, даналық адамдар арасындағы жарастықты, жанашырлықты, жауапкершілікті, тіпті азаматтық қоғамға деген бетбұрыстың тұрақты нышандарын білдіреді. Бірінші жайда даналықтың тұлғалық бейнесі мен белсенділігіне, адамдықты ақтаудағы рөліне назар аударсақ, ал екіншісінде, адам белсенділігін әлеуметтік деңгейге көтермелеуге, әлеуметтік дәстүр арқылы елдің ырқын жақтауға ден қоямыз. Ойымызды түптей берсек, даналықтың бұрын-соңғы сарынынан әлемдік ауқымды, ұлттық үрдісті, тұлғалық өлшемді аңғару қиын емес. Абай даналығы, даралығы туралы ойсана жарыстырғандар баршылық. Біз бұрынғы айтылған ойларымызды жалғастырмақпыз, толықтырмақпыз (1). Абай шығармасымен егжей-тегжейлі танысқан сайын, оның тынымсыз ізденісте, толғаныста болғаны, ақынның шығармашылықта жеңіл жол іздемегені, оқиғадан шет қалмағаны білініп-ақ тұрады. Олай болса, Абай сөзімен Абай ойын тұжырымды тұрғыдан өрбітіп көрелік, оның даналығын адамдық өлшеммен елдік деңгейде өрелік. Ниет осы. ХІХ ғ. өркениеті дамыған батыс үшін шығыс мәдениеті жабайы, тұрпайы жақтарынан баса қөрініс алды. Екі ағымда азиялық өмір салттың кемшілігіне қадалды. Сыңаржақтылық әлемдік тарихтың құрамдас кезеңдерін, тарихи кеңістіктің құрылымдық бөліктерін тұтас қарастыруға бейім де, дайын да емес еді. Жартыкештікте тарихи шындыққа жүгінгендер, танымдық ақиқатты бетке ұстаушылар кемде-кем болды. Өмірдегі олқылықты көңілмен сезінген Абай а) адам болмысындағы ішкі өзгеріс пен тұрпайылыққа терең үңіледі, ә) қазақтың іштегі олқылығы мен надандығын, әлеуметтену тарлығын, көзге сынық мінез-қылықтарын аямай сынайды. Адам бойындағы оң және теріс өзгерістерді дәл және толығырақ түсінуге тырысады. Ащы сынды арқау тұтқан көзқараста, а) ұлттық мәдениет мәселесі назардан тыс, талдаусыз қалғандай, ә) оның құрамдас бөлімдері өз деңгейінде, өз белгісі мен қайшылығында талқыланбай қалғандай. Бұл үстірт түсініктің елестері. Ойшыл кемшілікке қадалып, қомақты да кешенді мәселелерді қарастырады. Мәдениеттің ұлттық сипатына айрықша мән беруіміздің себебі бар. Онда әлемдік дүниетаным, мұсылмандық рухани-этикалық ұстаным, қазақи дәстүрлі көзқарастар әрқилы тоғысады. Осы үш бастау да Абай даналығында өз арнасын және өрнегін тапқан. Онда адам мен қазақ болмысының объектісі мен субъектісі мазмұндық жағынан бір-біріне үйлес, адамзаттық бірегейлікке үндес келсе де, адамзаттық бірегейлік пен қазақ болмысы танымдық және құндылық тұрғысынан әрдайым толықтырылады, Әлемді тануда заттың бейнесі затпен бірдей емес, образдың мән-мағынасы сыртқы құбылыспен немесе аңыз-әңгімелердегі символдық белгілермен таусылмайды; адамның белсенділігі әрқашан ортаға бейімделу мүмкіндігімен шектелмейді. Адам әлемі аспан әлеміндей шексіз кеңістікке бөленген, оған жетер келістік ұзақ жол. Табиғат пен қазақ даласындағы айналым бір-бірімен үйлесіп жатады. Абай оны қалай суреттейді? Күзде кең даладағы табиғаттың да, келбеттің де түрі кетеді. Қара суық сүйектен өткенде жыртық киім салбырай түседі, тоңған келбетті сүреңкілік торлап алады. «Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы, Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы» (2). Кедейлігі сүйелдей көзге түсетін «қай ауылды көрсеңде жабырқаңқы». Жастары ашық-жарқын күлмейді. Кедейлік – ғұмырдың сүреңсіз күзі.