Просмотр содержимого документа
«Тұлғаны рухани – адамгершілікке тәрбиелеу-қоғам байлығы»
Нұржанова Гүлмир Қарсаққызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы.
Қостанай автомобиль көлігі колледжі,
Қостанай облысы,
Қостанай қаласы,
Қазақстан Республикасы.
ТҰЛҒАНЫ РУХАНИ – АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУ-ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ
Білім берудің қай түрі болмасын – тәрбие.
Л.Н.Толстой.
Тәрбие – жеке тұлғаны мақсатты қалыптастыру кезеңі. В.Г.Белинский: «Тәрбие – ұлы іс, тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі» десе, Д.И.Менделеев: «Тәрбиесіз білім –есуастың қолындағы қылыштай» деген болатын. Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Қазір ортамызда «Қиын балалар», жасөспірімдер, ата –анасы көңіл бөлмейтіндер, түрлі тағдырға душар болған жастарымыз көп. Біздің мақсатымыз –осы жастарды мүмкіндігінше жан-жақты тәрбиелеу.
М.М.Пришвиннің сөзін келтірсек, «Студент –жастарымыз дұрыс тәрбиеге наннан да артық душар». Егер жабайы аңдар адамға мейірімділік көрсетсе, адамдар неге бірін-бірі тәрбиелемеске? Жаңа білім парадгимасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысы емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр.
Я.А.Коменский «Тәрбиені мойындамау – адамдардың, жанұяның, мемлекеттік және бүкіл әлемнің құруы» деген болатын. Ендеше, тәрбие — ауадай қажет. Студент жастарды гуманистік рухта тәрбиелеу алдымызға мынадай міндеттер қойды:
студент жастарды оқыған шығармалардың басты кейіпкерлерінің іс-әрекеттерінің жағымды жақтарына көңіл аударып, талдауға, түйін жасауға үйрету;
оқылған мәтіндерден кейіпкерлерге берілген авторлық көңіл-күйді табу;
студенттің сана-сезім, ақыл-ой қызметінің дамуына, қалыптасуына ықпал жасай отырып, шығармашылық қабілетін ашу, қозғау салу;
студенттердің сабақтар бойынша алған білім, білік, дағдыларын одан әрі дамытып, тереңдету, өздігінен жұмыс істеу қабілетін ашу;
студенттерді сөйлету арқылы кейіпкерлердің іс-әрекетін салыстыру, қорытындылау, бағалауға үйрету;
студенттің өзін-өзі тануына, өзіндік менін оятуға бағдар беру.
Тұлғаны рухани – адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор екенін осыдан көруге болады.
Рухани бай адам – ең алдымен әділ, шыншыл, мейірімді, кешірімді, қанағатшыл, ақылды болады.
Ал гуманист болу деген не? Ол қайырымдылықтан тұрады. Ал қайырымдылық қандай қасиет? «Мен өмірде неге қол жеткізуім керек?» — деген сұраққа жауап берместен бұрын: «Мен қандай болуға тиіспін?». «Адам болу деген не?» — тәрізді сұрақтарға ойлануымыз керек. Мысалы, теректің «жақсы» өсіп-дамуына құнарлы топырақ, ауа-райының қолайлы болуы,т.б. жағдайлар әсер етеді. Ал өсімдіктің өсуіне кедергі келтіретін «жаман» жағдайларға: құрғақшылық, өсімдікті бүлдіретін зиянкестер, дауылдар жататыны белгілі. Дәл осы тәрізді адам үшін де жақсы мен жамандық алмасып келіп тұрады. Жақсы жағдайда адам бойындағы адамшылық қасиеттер өніп, адамның Адам болып қалыптасуына көмектеседі. Жақсылыққа қайшы жамандық бар.Адам бойындағы жақсылық пен жамандық тек сыртқы жағдайлардың әсерінен ғана болып қоймайды, олар адамның ішкі жан дүниесінен де орын алады. Адамгершілік дегеніміз айналамызға қайырымдылық нұрын шашудан тұрады екен.
«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі — залымдық», — деп білемін дейді 38-ші қара сөзінде ұлы Абай. Жаман әдет пен теріс қылықтан тазарып, жаны таза, көңілі ақ, рухани сезімдерге бай адам болып қалыптасу — өзекті мәселе. Адамның адам болуға лайықты және өмір сүре білуіне керекті басты қажеттіліктері:
Денсаулық қажеттілігі;
Өзін өзі қорғай алу және қауіпсіздік қажеттілігі;
Ұжымда өзгелердің құрметіне ие болу және әлеуметтік ортада болу қажеттілігі;
Өмірдің мәнін түсіну қажеттілігі;
Өз мүмкіндігін іске асыра білу және өзіндік келбеті болу қажеттілігі;
Даму үшін шығармашылық қажеттілігі;
Атқарған ісінен қанағат сезімін алу, ішкі талпынысын іске асыру, көңіл-күйін көтеріңкі ұстау қажеттілігі.
Қажеттілік тұлғаның қызығушылығынан пайда болады. Жүйелей келе, қажеттіліктерді тұлғаның дамуын басқаратын бағдарлама деп санауға болады. Студент қажеттілікті қанағаттандыру арқылы өзінің «меніне» қадам басады, алдына қойған мақсатына жетеді, яғни тұлға болып қалыптасады. Рухани дүниесі бай, қажеттіліктері мен қызығушылықтары, талғамы, ой-өрісі кең адамдарды толық қалыптасқан, мінезі тұрақты адам дейміз. Мінездің тұрақтылығы адамның рухани-адамгершілік түсініктерінен туындайды. Ендеше, студенттерді рухани-адамгершілік тәрбиесі арқылы толыққанды жетілген азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың басты мақсаты.
Рухани-адамгершілік тәрбиесі жан-жақты тәрбиенің аса маңызды бөлігі болуымен қатар, ол адамгершілік – қоғамдық дамудың жемісі, әрі қоғам өміріндегі өзгерістерге байланысты дамып жетіліп отыратын маңызды құбылыс. Рухани-адамгершілік тәрбиесі күрделі де қайшылыққа толы процесс. Сондықтан, адамгершілікке баулу дегеніміз – ол адамдардың үлкен бе, кіші ме, әрбір істеген ісін, сөйлеген сөзін, өзгелермен қарым-қатынасын ақылға салып, ар-ұят таразысынан өткізіп, біліммен ұштастырып, ең әділ, ең дұрыс жолын таңдап ала білуі.
Заманауи білім берудің өзекті мәселесі де осы жас ұрпаққа – адамгершілік рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз - өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен оқытушылар шешуші роль атқарады.
Рухани - адамгершілік тәрбие - екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата - аналардың, педагогтардың жас ұрпаққа белсенді ықпалын, екінші жағынан – жас ұрпақтың белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым қатынастарынан көрінеді. Сондықтан белгілі бір мазмұнды іске асыра, адамгершілік ықпалдың әр түрлі әдістерін пайдалана отырып, педагог істелген жұмыстардың нәтижелерін, жас ұрпақ жетістіктерін зер салып талдау керек.
Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті өмірде, сабақты оқыту ұйымдастыру процесінде, ойын және оқу-тәрбие ісінде жоспарлы түрде іске асады. Оқытушылардың жеке тұлғалармен қоғамдық өмірдің құбылыстарымен танысу кезінде, олардың шығармаларымен, туындыларымен танысу негізінде іске асады. Мұндай мақсатқа бағытталған педагогтық жұмыс еңбек сүйгіштікке, ізгілікке, ұжымдық пен патриотизм бастамасына тәрбиелеуге, көп дүниені өз қолымен жасай алуды және жасалған дүниеге қуана білуді дамытуға, үлкендер еңбегінің нәтижесін бағалауға тәрбиелеуге мүмкіндік жасайды.
Тұлға бойындағы мейірімділік ,шыншылдық, адалдық сияқты рухани адамгершілік қасиеттерді қалыптастыра отырып жұмыстану, өзін-өзі басқаруына, жеке тұлға ретінде қалыптасуына көңіл бөлу, өз ортасында еркін сөйлеп, өз ойын еркін айта алатын бәсекеге қабілетті, дарынды студенттерді тәрбиелеу мақсатында Қостанай автомобиль көлігі колледжі әр түрлі сыныптан тыс іс-шараларды жиі ұйымдастырады.Мәселен, жыл сайын өткізілетін қарттар күніне орай «Қарттар-асыл қазына» тақырыбындағы іс-шарада колледж студенттері қарттар үйіне барып өз көмектерін көрсетеді.Колледждегі волонтер топтары да қарттарымыздың керекті дәрі-дәрмектерін алуға, жеке отбасылық жағдайларына байланысты қажетті жұмыстарға (мысалы, 4Д-17 тобы студенттері Кильевич Дмитрий мен Швидкий Никита, Балайдаров Арыстан) жыл бойы (карантин мезгілінде де) үздіксіз көмектесіп отырады.
«Өзгені ойлаған-адамдықтың белгісі » - демекші колледжде жалғыз басты қарияларға көмек беруде жақсы жолға қойылған. Сонымен бірге жыл сайын «Барлық құрмет үлкендерге» атты мерекелік концерттен басқа, автобуста орын беріп, қала көшелерінде құрмет ізеттерін көрсетіп, қалалық сенбілік жұмыстарына қатысып отырады. Бірінші курс тобы студенттерімен өткізілетін «Жақсылық –жан азығы», «Кішіпейілділік- көңіл кеңдігі» атты іс-шараларында рухани-адамгершілік білім тұлғаның, студенттің бойына өзінің жарқын болашағына деген сенімділігін ұялатады. «Салауатты өмір-көтеріңкі көңіл» атты іс-шара (балалар үйіне, мүмкіндіктері шектеулі жандарға көмек) да жыл сайын өткізіледі. Бұндай қайырымдылық шараның берері мол, өйткені ол студенттерді адамгершілікке,қайырымдылыққа, кішіпейілділікке баулыса, тіл апталығы мен отбасы күніне арналған іс-шаралар өз ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білумен қатар отбасы құндылықтарын сақтауға, ұлттық салт-дәстүрдің орынды көрсетілуі,студенттердің қызығушылығын арттыра түседі.(Студенттер өз отбастары туралы шағын бейнефильм түсіріп, эссе және фотоколлаждар жасайды.)
Рухани-адамгершілік тәрбиесі жастардың қоғамға, отбасына, білімге, Отанға, жер бетіндегі бейбітшілікке қатынасын қалыптастырады. Осы заманғы адамгершілік тәрбиесі жекелеген бағыттарға емес, адамгершілік құндылықтарға негізделеді. Колледже көп жылдар бойы ұстаздық еткен оқытушылармен бірге жүргізілетін отырыстар мен қала мақтанышы атанған ұлы адамдармен өткізілетін жиі кездесулер де - ең әуелі адамгершілігімен, парасатының биіктігімен көрікті екеніне көз жеткізеді.
Рухани- адамгершілік тәрбие- бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады. Жеке адамның адамгершілік санасының дәрежесі оның мінез- құлқы мен іс әрекетін анықтайды.
Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа-қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиеттімді мақтан тұтам», — депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым. Олай болса, жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге тәрбиелеу — адамгершілік тәрбиенің басты мақсаты. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. Ондай қасиеттерді бала бойына жас кезінен бастап қалыптастыру жеке тұлғаны қалыптастырудың негізін қалайды.
«Еліміздің күші- патшада, сәбидің күші- жылауында» демекші, біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз- адамгершілігімізде болуы керек. Ол үшін Ақанның осы үш қасиетін бала бойына дарыта білсек-ұлы жеңіс болары анық.
Жалпы рухани-адамгершілік тақырыбы- мәңгілік. Ол ешқашан ескірмек емес. Әрбір жеке тұлғаның қоғамның сан салалы еңбек майданында өзінің игерген кәсібіне, мамандығына сәйкес еңбек етіп, өзін еркін сезінуі отандық білім беру жүйесімен байланысты екені анық. Көп жағдайда сапалы білім алып, дәстүрлі ұлттық тәрбие көрген азаматтардың өз Отанын саналы түрде сүйіп, өз елінің бай да даңқты тарихына, оның жарқын болашағына сеніммен қарап, оған өзінің де қатысы бар екенін мақтанышпен сезіне алатынын қазіргі заманның алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекеттерінің іс тәжірибесі, өнегелі дәстүрі көрсетіп отыр. Сол себептен еліміздің бүгінгі күрделі мәселелері де, жарқын келешегі де оның өркендеп дамуына қажетті сапалы білім алып, ұлттық дәстүрлі тәлім-тәрбие көрген жас маман-кадрларға байланысты екенін қазақ қоғамы терең пайымдай бастады. Мәселен, білім беру орталығы жеке тұлғаның қалыптасатын жері екені баршаға аян. Ол – жас ұрпаққа білім бұлағынан нәр алып, базалық білім жинақтауды негіздеп қана қоймай, одан әрі білім алуына бағыт-бағдар береді, рухани дамуының негізін қалайды, өз Отанына деген сүйіспеншілік сана-сезімін оятады. Демек, жас ұрпақтың ел-жұртына деген сана-сезімін қалыптастырудың бір жолы – білім беру мен тәрбие ісін бір-бірімен ұштастыра жүргізуде жатыр. Ұлтымыздың тілі мен таным түсінігін, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін, мәдени-әдеби рухани құндылықтарын насихаттап, солар арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуде қазақ тілі мен әдебиеті пәні орасан зор қызмет атқарады. Әлбетте, жас ұрпаққа түрлі деңгейлік білім беру мен тәрбиелеуде қазақ тілі мен әдебиеті пәнімен қатар тарих, философия, педагогика, психология, мәдениеттану, саясаттану, әлеуметтану секілді т.б. пәндердің де маңызы ерекше. Дегенмен тіл мен әдебиеті пәні басқа пәндерден гөрі жас ұрпақтың таным-түсінігін кеңейтуде орны ерекше. Өйткені ол жас ұрпаққа көркем эстетикалық тұрғыдан тереңірек әсер етіп, олардың отаншылдық сана-сезімдерін ұлттық рухани құндылықтар негізінде қалыптастырады. Мәселен, атамекенге деген сезім көркем әдебиеттің түрлі жанрларында көркем бейнелер, көркем суреттеулер арқылы беріліп, жас ұрпақтың көркем-эстетикалық талғамын, ой-өрісін кеңейтеді. Мысалы, қазақ халқының эпостық жырларындағы батырлар бейнесі, олардың ел-жұрт үшін жан қиярлық ерліктері суреттеліп дәріптелуі атамекеніне деген сүйіспеншілік сана-сезімі оянып, қалыптасып, өркендеп өсіп келе жатқан ұрпақтың намысын жігерлендіріп, ерлік іс-әрекеттерге жетелейтіні сөзсіз. Сондықтан да жастар бойындағы адамгершілік сезімін қалыптастыруда аңыз-әңгімелер, дастандар мен жырлар, мақал-мәтелдері, қазақ ақын-жазушылары романдары мен повестерінің, өлеңдері мен поэмаларының т.б. берері мол. Мәселен, «Отан – оттан да ыстық», «Береке басы – бірлік», «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне үйір», «Көппен көрген ұлы той», «Бірліксіз тірлік болмас», «Ынтымақ болған жерде ырыс болады», «Еліңді құрметтеу – өзіңді сыйлау деген сөз» деген сияқты т.б. көптеген мақал-мәтел, нақыл, қанатты сөздер жас ұрпақты туған жер, атамекен, қоршаған ортаны сүюге тәрбиелейді. Жас ұрпақты отаншылдыққа, адамгершілікке тәрбиелеуде заманауи технологияларға негізделген білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін (бейнефильм көрсету)қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында пайдалану студенттердің әлемдік бәсекеге қабілетті маман, ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді бойына жинаған өзіне сенімді тұлға ретінде қалыптастыруда мәні зор. Бұл технология өскелең ұрпақты оқыту мен дамыту сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, адамгершілігі мол, рухани жандүниесі таза, имандылығы жоғары, ізгілікке жаны құштар кемел азамат етіп тәрбиелеуде де үлкен рөл атқарады.
Қай заманда болмасын, жас ұрпақтың өнеге тұтар өзіндік ұлттық тәлім-тәрбиесі, үлгі алатыны тарихи жеке тұлғалар екені белгілі. Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари секілді ғұламалар еңбектерінің кемеңгерлік сөздерінің жас ұрпақ тұлғасын қалыптастыруда мәні ерекше.
Қазақ халқының ұлы, ағартушысы Ыбырай Алтынсарин өзінің еңбектерін ана тілінде жазып, «бала тәрбиесі оның табиғи ортасы мен халқының салт-дәстүрі рухында тағлым болса, оның сана-сезімінің дамып, жетілуі-де ұлты мен халқына қызмет ететін көкірегі ояу, тұлға болып өседі» деп ой түйіндеген. Еңбекті сүю, үлкенді құрметтеу, мейрімділікке, кішіпейлдікке сияқты қасиеттерді жастарға түсінікті болатындай еңбектері арқылы жеткізе білді.
Қазақ ағартушылығында, қазақ халқының мәдениеті тарихында орасан үлкен орын алатын ұлы, ақын ойшыл Абай Құнанбаевтың эстетикалық және этикалық мәселелер жөніндегі ой-пікірлері сол кездегі қоғамдық ойдың үлкен белесі болып табылады.Абай шығармашылығының негізгі өзегі — адамның адамгершілік, ар-ұяты, ақылдығы болып келеді.
Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Демек, жас ұрпаққа жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.
Қай заманда болмасын оқытушы алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, адамгершілігі мол саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени — ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу — біздің борышымыз, өйткені рухани- адамгершіліктің асыл қасиеттерін игерген тұлға -қоғам байлығы.