Просмотр содержимого документа
«Бала тәрбиесіндегі ата - ананың жауапкершілігі»
Бекітемін: ____________
Мектеп директоры Н.О.Нұрмағамбетов
Бабатай орта мектебі
«Бала тәрбиесіндегі ата – ананың жауапкершілігі»
Өткізген: мектеп психологы
А.З.Нұрмағанбетова
2017-2018 оқу жылы
Мақсаты: балаларға мейірімділік, адамгершілік, ұғымдарының адами қасиеті мен өзара әрекеттері туралы айта отырып, әлемдегі барлық жақсылық пен игі істердің ең асыл сезімі – ана махаббатынан тарайтындығын түсіндіру;
Көрнекілігі: Слайдтар, буклет.
Барысы:
Саламатсыздар ма, қайырлы күн құрметті ата – аналар!
Бүгінгі Бабатай орта мектебінде өткізіліп жатырған «Отбасы – рухани жаңғыру» ұранымен «Отбасы – бақыт мекені» атты республикалық отбасы күніне арналған «Бала тәрбиесіндегі ата – ананың жауапкершілігі» тақырыбындағы семинар – тренингке қош келдіңіздер!
Бүгінгі семинар – тренинг барысында бала тәрбиесіндегі ата – ананың жауапкершілігіне байланысты түрлі жаттығулар мен тренингтер жүргізіліп, сіздердің тараптарыңыздан белсенділік, ойларыңызды ортаға салуда еркінділік сұралады.
1. Тренинг: «Сәлемдесу»
Мақсаты: Ата-аналарды орындарына отырғызу, жақсы психологиялық көңіл-күйді қалыптастыру.
«Сәлем – сөздің анасы» демекші кез-келген жерде, қандай жағдайда болмасын адамдар бір-бірімен қарым-қатынасқа жеңіл өту үшін алдымен амандасып, сәлем алысқаннан кейін жұмысы жөнінде сөз қозғайды. Бұл қашанда осылай болған, болады да, болуы керек. Дүниежүзіндегі сан алуан халықтардың сәлемдесу салты да түрлі-түрлі болып келеді. Қазір сіздерге бірнеше елдің амандасу салтын көрсетемін.
3. «Солтүстік африкандықтар» — оң қолын алдымен маңдайына, одан соң еріндеріне, содан соң кеудесіне әкеледі.
4. «Замбезиде» Африка – тізе бүгіп, алақандарын соғады екен.
5. Үндістер/ оңтүстік Америка/алақандарын бір-біріне қойып жоғары қаратып қастарына тигенше көтереді.
6. Ал енді, өзіміздің ұлттық қазақша амандық – саулық сұрап, қал-жағдайымызды біліскенге не жетсін! Олай болса, қол алысып бір-бірімізбен сәлемдесейік.
Бала туылғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимақты қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де солай сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді.
Ж.Ж.Руссо
Отбасы – адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Қоғамда отбасы екі қызмет атқарады, оның бірі дүниеге ұрпақ әкелу, екіншісі – дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамытуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру.
Адам бір алақанымен дыбыс шығара алмайды. Ол үшін екінші алақан керек. Дыбыс – бұл екі алақанның әрекетінің нәтижесі. Мұғалім – бұл тек бір алақан, ол қаншалықты күшті, шығармашыл болса да, екінші алақансыз мұғалім әлсіз. Осыдан бүгінгі жиналысымыздың алғашқы ережесін шығаруға болады:
Бір – бірімізбен байланыса отырып, біз балалардың тәрбиесі мен оқуындағы қиыншылықтарды жеңе аламыз.
2. Тренинг: «Мен кіммін?»
Әр отбасыға бір парақ қағаз бен қалам беріледі. Жетекші: «1саннан 10ға дейін баған бойынша реттік сандарды жазып шығыңыз. Әр санның тұсына «Мен кіммін» деген бір сұраққа жауаптарыңызды жазып шығасыздар. Жауап жазғанда өзіңізді ақиқатқа сай бағалап барлық оң және теріс қасиеттеріңізді шын көңілмен бағалаңыз. Қатысушылардың біреуі мысал ретінде өз «тізімін» дауыстап, топтағылардың барлығы еститіндей етіп, оқып беруіне болады.
(«Мен кіммін?» слайд)
3. Тренинг.«Отбасы арманы» коллажы
Жаттығуды орындау үшін үлкен қағаз парақтары және түрлі-түсті қарындаштар немесе фломастерлер, журнал қиындылары қажет болады. Әрбір топ қағаз бетіне отбасылық армандарын суреттер арқылы бейнелейді. Коллажды болғаннан кейін әр топ өз туындысын басқа топтарға көрсетіп, онда салынған бейнені түсіндіріп береді.
Ал енді мен сіздерге әйгілі «Бауырсақ» ертегісін ұсынамын және оны талдауда сіздердің белсенді қатысуыңызды сұраймын.
(Ата – аналар суреттер бойынша ертегіні айтуға көмектеседі).
Ерте, ерте, ертеде шал мен кемпір болыпты. Олардың балалары болмапты. Жалғызсырап отырған олар бауырсақ пісіреді.
Бірінші қағида: отбасында дүниеге келген әр бала қалаулы болуы керек.
Олар бауырсақты пірігеннен кейін терезенің алдына суытып қояды.
Екінші қағида: балаларды қараусыз қалдырмаңыздар.
Бауырсақ жолмен домалап келе жатып, алдымен қоянды, кейін аю мен қасқырды кезіктіреді.
Үшінші қағида: баланы қоршаған ортамен қарым – қатынас жасауға үйретіңіз.
Бауырсаққа мейірімді, қу түлкі кездесті.
Төртінші қағида: балаға жақсы мен жаманды, адамдардың шынайы бет – бейнесін тани білуді үйретіңіз.
Түлкі бауырсақты жеп қойды.
Бесінші қағида: балаға күрделі өмірлік жағдайлардан өміріне зиян келтірмей, өзбетімен шыға алуды үйретіңіз.
Міне, осылайша бес қағидасы бар әйгілі ертегіміз аяқталды.
(Ертегіні қорытындылау)
5. Тренинг. ««Өтінемін» ойыны. Қатысушылар ортаға жартылау шеңбер жасап тұрады.
- Құрметті ата-аналар! Сіздер қандай «сиқырлы» күші бар сөздерді білесіздер?
- Рахмет, өтінемін, т,б
- Мен әр түрлі өтініштер жасаймын, егер мен «өтінемін» деген сөзді айтсам сіздер оны орындауларыңыз қажет. «Өтінемін» деген сөзді айтпасам, сіздер ол өтінішті орындамайсыздар.
- секіріңдер
- оң аяқтарын көтеріңдер
- өтінемін, алақанмен қол шапалақтаңдар
- өтінемін, бір-біріңді құшақтаңдар.
- оң қолдарыңмен сол құлақтарыңды уқалаңдар;
6.Тренинг. «Гүл»
Бәріңізде алдыңызда жатырған гүлдерден алыңыздар. Оларды бояңыздар. (Мөлшері, түсі, формасы жағынан бірдей гүлдер, қарындаштар, фломастерлер беріледі). Ал енді өзіңіздің гүліңізді көршілеріңіздің гүлімен салыстырыңыздар, олар түрі, көлемі, түсі жағынан бір – бірінен айнымайды. Сіздер оларды бояғаннан кейін бір – бірінен аумайтын гүлді табуға болады ма? Біздер – ересектер бірдей жағдайда түрліше әрекет етеміз. Осыдан жиналысымыздың қорытынды ережесі шығады:
Ешқашан өзіңіздің балаңызды екінші баламен салыстырмаңыз!
(«Сіздерге арналған он раушан» видеоролик)
Қорытынды: «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі далада» демекші,бабалардың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін, еңбек сүйгіштік қасиеттерді өзі өскен отбасынан алады. Яғни, олар балаларын еңбекке, жақсылыққа үндейді, адал болуға және Отанын сүюге шақырады.
«Балаға берілген бірінші тәрбие -ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» дейді ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Ал Әл-Фараби «Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие. Тәрбиесіз берілген білім -адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» - деген екен.
Ендеше, ата-аналар, қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер оларға үлгі болар бейне екендігімізді ұмытпайық. Олай болса балаға әрдайым жылы сөздер айтып, дұрыс тәрбие беруге сіз болып, біз болып бірге атсалысайық.
Бала тәрбиесі бір күндік іс емес. Сондықтан да бала тәрбиесіне жете мән беріп, «Адамның бар қызығы – бала» деген ұлы аталарымыздың даналық сөзін естен шығармайық.