Просмотр содержимого документа
«тренинги "мен жеке тұлғамын"»
«Мен – жеке тұлғамын» тренингі
Мақсаты: білім көтерушінің өзін - өзі сезінуіне және басқаны түсінуіне жағдай жасау.
Міндеттері:
адамның өзінің ішкі жан дүниесіне үңіле білуге жағдай жасау, өзін-өзі түсінуге көмектесуі;
өзінің тұлғалық қырларымен өзгелерді таныстыруға мүмкіндік беру;
өзінің және басқалардың жеке бас сапаларының қалыптасуына ықпал ету.
Тренинг әрқайсысы қатысушылардың даралық ерекшеліктері мен тұлғасын ашып, басқалармен қарым – қатынасқа түсуді жан – жақты қарастыру мақсатын жүзеге асыратын үш кезеңнен тұрады. Олар:
1. Диагностикалқ - бағдарлы кезең .
2. Негізгі кезең.
3. Қорытынды кезең
І. Диагностикалық – бағдарлы кезең.
1 - жаттығу. «Сені қалай атаймыз»
Әрбір қатысушы өзінің есімін айтып, есімі ұнайды ма, жоқ ұнамайды ма, немесе топта өзін қалай атағанды жөн көретіндігі туралы айтуы керек.Топ мүшелерін шеңбер көлемінде отырғызуға болады.
2 – жаттығу. «Өз есіміңді айт»
Шеңбер көлемінде отырып, өз есімін және өз есімінің бас әріптен басталатын жағымды қасиетін айтуы қажет.
Жаттығу аяқталғаннан соң талқылау жұмысы жүргізіледі: өз жеке бас қасиеттерің ұнайды ма? Қандай сезімде болдың? Жағымды қасиет табу қиынға соққан жоқ па?
3 - жаттығу. «Менің ерке есімім»
Жаттығу шеңбер жүйесінде жүргізіледі. Қатысушылар допты бір-біріне бере отырып, өзінің ата-анасы, құрбы-құрдастары немесе тағы басқа туыс – таныстарының оны еркелетіп атайтын есімдерін айтып шығуы тиіс. Егер доп қайтып келсе, оның алдындағы қатысушылардың есімдерін айтып шығулары қажет
4 - жаттығу. «Өрмек»
Бұл жаттығу топ мүшелерінің ұйымшылдығын қалыптастыруға арналады. Жаттығуды орындау үшін шиыршық жіп қажет болады. Еденде отырып орындаған ыңғайлы.
Қатысушыларға шеңбер құра отыру қажет болады. Ойын бастаушы шиыршық жіпті алып, өзі туралы ақпарат (қысқаша) айта отырып, жіптің бір ұшын қолына қыстырып қалуы тиіс. Шиыршықты келесі қатысушыға береді. Егер өзі туралы ештеңе айтқысы келмесе де, жіпті қолына бір іліп, келесі қатысушыға беруі тиіс. Нәтижесінде топтың барлық мүшесі «өрмектің торында» қалады. Жүргізуші қатысушыларға бірнеше сұрақтар қоя отырып, талқылауы тиіс:
Біз неліктен торға шырмалып қалдық деп ойлаймыз?
Біздің топтың арасында осындай көрінбейтін «өрмек» бар деп ойлайсыңдар ма?
Талқылау аяқталған соң, «өрмек» кері шешілуі тиіс. Егер шешу кезінде қиындық туып, жіптің жүйесін таппай жатса, «көрдіңдер ме, біз өте ұйымшыл болған соң, жіптің шешілгісі келмейді...» және т.с.с сөздермен қолдау көрсетуге болады. Шиыршықты шешіп болғаннан кейін, тағы да рефлексиялық жұмыс
жүргізіледі:
Өз ойларыңды түгел айта алдыңыздар ма?
Қандай сезімде болдыңыздар?
Өздеріңіз туралы айту қиын болған жоқ па?
Топтағы қай қатысушы өз әңгімесімен Сіздерді қызықтыра алды?
5 – жаттығу. «Жиырма «Мен»
Бұл жаттығу қатысушыларды анықтау мақсатында таптырмайтын құрал десек болады. Тәжірибеде жиі қолданылатын бұл жаттығу топтағы сенімділік пен ашық қатынас аурасын дамытуға өте қажет. Жаттығуды жүргізу үшін әрбір қатысушыға қағаз, қалам таратылуы тиіс.
Жаттығудың шарты бойынша әр қатысушы өзі «Мен кіммін?» «Мен қандаймын?» сұрақтарына жиырма рет жауап жазулары тиіс. Барлық сөз, теңеу, қасиет, сапа және т.б. «Мен...» есімдігінен басталуы тиіс. Жазып болған соң, қағазды кеудеге қыстырып, бөлмеде ары-бері жүрген топ мүшелеріне жақындап, олардың қағаздарын мұқият оқып шығу қажет. Айғайлап, дауыстап оқуға тиым салынады. Ойын бастаушы «Тоқта» деп айтқанда, сол сәтте сөйлесіп тұрған топ мүшесімен жазулар туралы сөйлесуге болады.
Егер топ мүшелеріне түгел оқытқыңыз келмесе, таңдаулы түрде оқытуыңызға болады.
6 – жаттығу. «Жақсы ма, жаман ба?»
Қатысушылардың бір-бірін оңай есте сақтауына көмектесетін жаттығу. Әрбір қатысушы өз есімін айта отырып, соған қоса өз қимылын жасауы тиіс. Қалған қатысушылар оның айтқаны мен қозғалысын қайталаулары қажет. Жаттығу бірлесіп орындауға өте көңілді. Бұл жаттығуды бірнеше сағат отырып шаршай бастаған кезде ұйымдастырса, тыңдаушылар үшін сергіту сәтінің де қызметін атқарады.
7 – жаттығу. «Жақсы ма, жаман ба?»
Жүргізуші қандай да бір сапаны немесе қасиетті таңдап алуы тиіс. Бұл сапа осы топ мүшелерінде көбірек көрініс бергені жөн. Сол қасиет бойынша әрбір қатысушы өз ойын айтып шығуы тиіс: «менің ойымша бұл қасиет жақсы, себебі...» «менің ойымша бұл қасиет жаман, себебі...»
Топ мүшелері қасиеттің жақсы – жаман жақтарын іздеу барысында көмектесіп тұрғаны, бағыттап отырғаны жөн. Осы жаттығу арқылы әр қатысушы адамның бойында болатын әр түрлі қасиет – сапаларға өзіндік баға беруге машықтанады, әрі өзін - өзі тәрбиелеуге мүмкіндік алады.
8 – жаттығу. «Өз суретімді саламын»
Жаттығудың шарты бойынша қатысушыларға қағаз, түрлі-түсті қағаздар, фломастер, қарындаш, қалам, түрлі-түсті борлар таратылуы қажет.
Топ мүшелері өз суреттерін өздерін қандай кейіпте көргісі келсе, сол бейнеде салуы тиіс. Суреттер сан алуын формада болады: өсімдік, жануар, зат, схема, түс, коллаж және т.б. сурет салуды аяқтаған соң әрбір қатысушы өз суреті бойынша ойын ортаға салғаны жөн.
Қатысушылардың салған суреттерін сөзбен мадақтап, көтермелеп, әрқайсысының өз ерекшелігі бар екендігін айтып отыру тиіс.
9 – жаттығу. «Комплимент»
Бұл жаттығуда топ екіге бөлінеді. Екі топ (ішкі және сыртқы шеңбер) құрып, бір-біріне қарама-қарсы тұруы тиіс. Ішкі шеңберде тұрған қатысушы: «маған сенің ... ұнайды» деп сыртқы шеңберде тұрған қарсыласына айтуы тиіс. Сыртқы топтағы қатысушы оған «иә, мен шындығында да сондаймын...» деп жауап қайтаруы тиіс. Бұдан соң қатысушылар ролдермен ауысады. Жүргізуші айтылған нәрсенің бәрі шын көңілден болғанын ескертуі тиіс. Аяқталған соң рефлексиялық жұмыстар жүргізіледі:
Қандай сезімде болдыңыздар?
Не қиындық келтірді?
Жақсы сөзге жақсы сөзбен жауап қайтарған қиын ба?
Комплимент айтқан жақсы ма, жоқ естіген жақсы ма?
10 – жаттығу. «Біз қандаймыз»
Топ мүшелері шеңберге отырғызылып, бір парақ қағаздан таратылып беріледі. Қатысушылар парақтың бас жағына өз есімдерін жазып, парақты тігінен екі бөлікке бөлулері тиіс. Сол жақ бөлікті «+», оң жақ бөлікті «-» таңбасымен белгілейді. «+» таңбасының астына жақсы көретін түсін, жыл мезгілін, жеміс-жидегін, кітабын яғни, өзіне ұнайтын нәрселерді тіркейді де, «-» таңбасының астына өзіне ұнамайтын нәрселерді тіркеп жазады.
Кеңес беруші басқа топ мүшелерімен бірге тапсырмаларды орындауы қажет. Тапсырма оындалып біткен соң, талқылау жұмыстары жүргізіледі.
11 – жаттығу. «Оңай жолдар тығырыққа тірейді?»
Аталмыш жаттығуды қорытындылау мақсатында жүргізуге болады. Топ мүшелерінің бір-бірін анықтау жиілігін білуге қолайлы жаттығу болып табылады.
Жұмыс барысына 10 минут беріледі. Қатысушыларға жауап бланкі таратылып беріледі. Топ мүшелері әрбір қатысушының өзі туралы айтқан ақпараттарын қайта жаңғыртып жазулары қажет.
Жауап-бланкі:
№
Қатысушының тренингтік есімі
Өзі туралы ақпараты
Менің ол туралы ақпаратым, ойым
12-жаттығу. «Күн нұрындағы менің суретім»
«Қағаздың дәл ортасына күн шеңберін сызып шығыңыз.Күннің ортасына өз есіміңізді жазыңыз немесе өз суретіңізді салыңыз. Күннің нұрларының орнына өзіңіздің бойыңыздағы жақсы қасиеттеріңізді жазып шығарыңыздар. Күн нұрларының көп болғаны өзіңізге жақсы. Бұл: неліктен мен құрметтеуге лайықпын? сұрағының дәлме-дәл жауабы.»
13-жаттығу. «Өзіме хат»
Бұл тренингтің негізгі кезеңіндегі ең соңғы жаттығу болғандықтан мақсаты барлық жасалған жұмыстардың қорытындысын жасау. Басқаша айтсақ, бұл тренингтен мен не алдым, өзім жайлы не айта аламын, қандай ой-түйіндер жасадым сияқты мәселелерге тоқталу. Жұмыс әр адамның өзіне хат жазуы формасында ұйымдастырылады. Жазылғандарды кіші топтарда оқуға да болады. Әрине ол әр адамның өз қалаулары бойынша жасалады.
ІІ. Негізгі кезең. Тұлғаның негізгі және жанама қабілеттілігін анықтау.
Мақсаты: Тұлғаның негізгі және жанама қабілеттілігін анықтау, өзін-өзі тану қабілетін дамыту, өзіне-өзі баға беруге қалыптастыру, басқалармен санаса білуге үйрету.
Төмендегі ұсынылып отырған жаттығулар тұлғаның мына сапаларының дамуына ықпал етеді: сенім, қатынас, шыдамдылық, шыншылдық және сыпайылық, өзіндік дербестік.
СЕНІМ.
1-жаттығу. «Зағип және бағыттаушы»
Бұл классикалық ойынды барлық жастағы топтармен өткізуге болады. Бұл жаттығу топ мүшелерінің бір-біріне деген сенімдерінің деңгейін анықтауға көмектеседі.
Топ мүшелері екі-екіден жұптарға бөлінеді. Біреуінің көзі байланады, екіншісі соны бағыттаушы рөлін атқарады.Сөйлеуге болмайды.
Жаттығуды орындап болған соң, қатысушылар рөлдерімен алмасады.
Ойын аяқталған соң рефлексиялық жұмыстар жүргізіледі:
«Зағиптың» рөлінде болғанда өзіңді қалай сезіндің?
Бағыттаушы сізді қалай алып жүрді?
Бағыттаушының рөлі ұнады ма?
Жұптауыңыздың сеніміне кіру үшін қандай әрекет жасадың?
Сізді алып жүрген ұнады ма жоқ, әлде сіздің басқаны алып жүргеніңіз ұнады ма?
2-жаттығу. «Сенбеу - сену» мүсінің жасау
Топ мүшелерінің арасынан бір қатысушы таңдап алынады. Екінші бір қатысушы скульптордың рөлін атқарады да, «сенбеу» мүсінің жасайды. Бұл мүсіннің қандай сапаларына қарап отырып, оның сенімсіздікке жасалғандығын анықтауға болатыны талқыланады. «Сену» мүсініне қалай
айналдыруға болады? Деген сияқты сұрақтар қоя отырып, мүсінді ауыстыруға болады.
3-жаттығу. «Сенім өлшемі»
Қатысушылар ойдан жасалған «сенімсіздік пен сенімділік» аталатын координата түзуінің бойынан, өз қалаған жерлерінен орын тауып тұрулары тапсырылады. Координата түзуінің шеткі нүктелерінде тұрған қатысушылар өз әсерлерін ортаға салулары тиіс. Қалған қатысушылар оларға көмек ретінде өз ойларын ортаға салғаны жөн. Қорытындылау мақсатында мақал-мәтелдер, ертегілерді пайдалануға болады.
ҚАТЫНАС.
1-жаттығу. «Қол алысу»
«Қазір біз бөлме ішінде ары-бері жүреміз. Мақсатымыз қатысушылардың қолын көбірек қысып үлгеруіміз қажет. Әрбір қатысушы осы уақыт ішінде қанша адамның қолын қысып үлгергенімізді санаймыз». Жаттығуға 2-5 минут уақытқа жүргізіледі. Психолог кімнің өзі барып қол алғанын, ал кім біреудің қол күтіп тұра бергені секілді сәттерде бақылап үлгеруі қажет.
2-жаттығу. «Көз түйістіру»
Қатысушыларға бөлме ішіндегі өз құрбыларының көздерінің түстерін есте сақтау тапсырылады. Бұдан соң тез арада қатысушылар көз түстерінің «қоюлануына» қарай қатарға тұру қажет. Қатысушылардың көздерінің түстерін айтып бере алулары тиіс.
3-жаттығу. «Алақан»
Жаттығу жұп-жұппен жүргізіледі. Жұптар алақандарымен шапалақтай отырып, максималды жылдамдыққа жету керек. Сөйлеуге болмайды. Қателескен жұптар қарсыласын ауыстыруы тиіс. (алақанмен шапалақтап ойнағанда жалықпай, ұзақ уақыт қарым-қатынасқа түскен кезде де өзін жақсы, еркін ұстай алады).
ШЫДАМДЫЛЫҚ
1-жаттығу. «Тынысты ұстау»
Шыдамдылыққа арналған жаттығулардың алдында жүргізуге қажет. Белсендіру үшін-тыныс алу, тыныс шығару-тыныштандырады. 3-5 минут шұғылдануға болады.
2-жаттығу. «Досымның қолы»
Қатысушылар шеңберге арқаларымен отырады. Көздерін жабулары қажет. Жүргізуші ақырын барып өзі қалаған бір қатысушының иығына қолын қоюы қажет. Қалған қатысушылар оның кім екенін табуы тиіс. Оны тапқанша шыдамдылық таныту кім болса соның қолынан келе бермейді.
3 - жаттығу «Кім жылдам?»
Қатысушыларға кім шыдамдылық жайлы мақал-мәтел көп біледі? Қатысушылардың белсендіктерін, жылдамдылықтарын бақылауға мүмкіндік те береді.
ШЫНЫШЫЛДЫҚ және СЫПАЙЫЛЫҚ.
1-жаттығу. «Өтірікшілері мен шыншылдар қаласы»
Топ 3-4 топшаларға бөлінеді. Екі топ өтірікшілер мен шыншылдар қаласының тұрғындарын сипаттауы қажет те, ал қалған топтар олардың жасырып отырғанын табуы қажет. Не жасырып отырғанын табу үшін сұрақтар қоюларына болады.
Ойын аяқталғаннан кейін талқылау жүргізілуі қажет
2-жаттығу «Қырық өтірік»
Топтағы оқушылар өз еріктерімен қатыса берулеріне болады. Тазша баланың жолымен өзі қиыстырған өтірік әңгімені басқа тыңдаушыларға жеткізу керек. Әңгіме арасында бірде бір шын оқиғаны қосуға болмайды. Жаттығу аяқталғаннан кейін міндетті түрде өтірік айту қиынға соқты ма, әлде оңай болды ма деген тақырыпта талқылау жүргізу қажет.
Қорытынды кезең
Қорытынды кезеңнің мақсаты тренинг барысы бойында қатысушылардың алған тәжірбиелерін жинақтау, өзі туралы ойларын бекіту болып табылады .
Әңгімені барысында мына сұрақтарды қамтуға болады:
сабақ барысында өзіңізге деген көзқарасың өзгерді ме?
өзіңіз туралы жаңалық аштыңыз ба?
басқалар жайлы не біле алдыңыз?
не ұнады?
не қиындық туғызды?
Қорытынды кезеңінде әр түрлі жаттығулар арқылы рефлепрактикум ұйымдастырылады. Мысалы: 1-жаттығу. «Мен - ескі, мен – жаңа»
Қажетті материалдар:сурет салуға арналған қағаз немесе картон, ескі журналдар жинағы, қайшы, желім, фломастерлер.
Топ екіге бөлініп, бірі – «менің ескі өмірім», ал екіншісі – «менің қазіргі өмірім» тақырыбында коллаж жасайды. Коллаж жасау аяқталғаннан соң, жалпы талқылау жұмысы жүргізілуі тиіс.