Просмотр содержимого документа
«Дарынды және шығармашылық қабілеті жоғары оқушылардың психологиялық ерекшеліктері»
Абдрахимова Жадыра Жолдасбековна
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы,
Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы
Дарынды және шығармашылық қабілеті жоғары оқушылардың психологиялық ерекшеліктері
«Дарынды бала» деген түсінік туралы бір жүйеге келген анықтама жоқ. Дарынды балаларды анықтау – баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ процесс. Дарындылықты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес. Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап анықтау қажет. Бала бойында дарындылықты анықтау – ұлттық маңызды мүдделердің бірі. Бала бойындағы қайталанбас ерекшелік өсе келе шын мәнінде талантты болатынына кепілдік бола алмайды.
Дарынды баланың өзін-өзі тану белгілері: әр-түрлі істермен жан-жақты айналысады, еске сақтау қабілеті жоғары, ауызша әдеби сөйлеуге бейімді,қиын тапсырмаларды өз бетінше орындайды, өз ойын тез жинақтап, ойын нақты айта білу белгілері басым.
Дарындылық табиғатының ғылыми тұжырымдамаларының ішіндегі ең маңыздысы динамикалық тұжырым болып табылады. Дарынды балалар диагностикасын ұйымдастырудың маңызды шарттарының бірі – теориялық, ұйымдастырушылық және әдістемелік деңгейлерден тұратын диагностика моделін өңдеп шығару болып табылады.
Аса дарынды балалар үшін мектептің оқу бағдарламасының көлемі тарлық етеді. Олар мұғалімдер мен ата-аналардың көмегі арқылы, сондай-ақ, өз бастамалары бойынша білімдерін жетілдіріп, жаңа ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады.
Дарынды баламен жұмыстар мынандай бағытта
жүргізіледі:
Дарынды баламен жұмыстар
Пән мұғалімдермен жұмыс
Ата-анамен жұмыс
1.Дарынды баланың тұлғасын зерттеу:
- жеке тұлғалық қасиеттері;
-өзара қарым-қатынас сипаттамасы;
-бала қызығушы-
лығының ауқымы;
-өзіндік бағалауы;
2.Оқушының интеллектуалды портретін жасау
1.Дарынды баламен жұмысқа сұраныс (мақсаты мен міндеттерін анықтау).
2.Мәдени-ақпараттық және пәндік дамуындағы білім беру процесін бақылау,зерттеу.
3.Баланың дарындылығын дамытуда жеке дербес ерекшелігіне сәйкесбағыттал-
ған тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалануына көмек көрсету,психодиагнос-тикалық,психопрофилактикалық
жұмыс
1.Ата-анамен кездесу.
2.Дарынды баланың ата-анасын зерттеу.
3.Ата-аналарға арналған әдістемелікті пайдалана отырып, ата-ана көз –қарасын анықтау.
4.Дарынды баланың ата-анасына жеке кеңес
Жалпы қарастырсақ, дарынды бала дегеніміз басқа балаларға қарағанда мүлдем өзгеше, ерекше балалар. Олардың бойына ерекше қасиеттер жиналған. Ондай бала білімқұмар, қозғалмалы, дербес, көңіл-күйі әрқашан көтеріңкі қарым-қатынасқа тез әрі жеңіл түседі. Егер де оны қоршаған адамдар дәл осындай түрде қабылдаса, ешқандай қиындықтар туындамаушы еді.
Әр психолог, педагог ғалымдар дарынды балалардың психологиялық қасиеттерін әр қалай атап көрсетеді.
Белгілі психолог Н.С.Лейтес дарынды баланың негізгі қасиеттері мыналар деп көрсетеді:
ұқыптылық, жинақылық, зейіннің тұрақтылығы, еңбек ету қабілетінің жоғарлығы;
ақыл-ой, логикалық ойлаудың тездігі, кез-келген жағдайды талдап, салыстыра білу;
барлық күш-қуатын жұмсап, тынымсыз еңбек етуі.
Дарынды бала өз іс-әрекетімен, білімге деген құштарлығымен, бойындағы жоғарыда аталған қасиеттерімен ерекшеленеді.
Интеллекті мен дарындылық қабілетін терең зерттеген, оны ашып көрсете алған белгілі психолог Г.Ю.Айзенк болған.
Айзенктің көзқарасы бойынша дарындылықты әр түрлі аспектілерден қарастыруға болады, ол интеллектіге байланысты. Мысалы, биологиялық, психометриялық, әлеуметтік, бұлардың бәрі интеллектіге сәйкес келеді. Ал енді бұл сәйкестіктерді жеке қарастыратын болсақ, ең бірінші «биологиялық интеллект» дегенді қарастырайық. Бұл жерде ми бөліктерінің танымдық белсенділікке жауап беретін қызметі қарастырылады. Ол интеллектінің даралық ерекшеліктерін тұқымқуалаушылықпен байланыстырады. Осы сәйкестіктердің ішіндегі жалғыз психологиялық тұрғыдан қарастырылатын бөлігі ол – психонометриялық интеллект. Бұл интеллект деңгейі IQ (ай кью) тест арқылы өлшенеді. Айзенктің ойынша психометриялық интеллектінің 70%-генотип әсерімен, ал 30%-ортаның әсерімен (мәдениет, жанұядағы тәрбие, білім, әлеуметтік-экономикалық жағдай) өлшенеді. Айзенк өз ойын әр түрлі тесттер жүргізіп, оның ішінде арнайы интеллектуалдық тесттер жүргізу барысында айқындап, дәлелдеп берді.
Дарынды бала өте білімпаз. Ол бәрін оқып, біліп ұстап көргісі келеді. Элен Виннер бұл ерекшелікті «білімге құштарлықтың таусылмас бұлағы» дейді. Мұндай білімпаздық зерттеу жасау, таусылмайтын қызығушылыққа ұласып, өмірін байытуға жол ашады.
Дарынды балалар өз топтарында әрқашан доминант рөлін атқарады, өйткені олардың айтар сөздері әрқашанда көп. Оларға әр түрлі шектеулер қатты әсер етеді, авторитеттерді мойындамайды, бұдан оларды тәрбиелеу қиынға соғады. Балалар кішкентай болғанда жолы болмай қалса, оны өте ауыр басынан кешіреді және жаңа әрекетке өз - өзіне сенімді болмайынша кіріспейді. Бұл олардың рухани жасы интеллектуалдық жасына сәйкес келмегендіктен болатын жағдай. Уақыт өте мұның бәрі өзгереді, олар қиыншылыққа төзуді үйренеді.
Дарынды баланың бойындағы психологиялық қаситтер әртүрлі болып келеді. Баланың дарындылығы тек психологиялық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар психоәлеуметтік және дене дамуына да байланысты. Балалық шақта баланың дарындылығын себеп – салдарына байланысты байқау қабілетінен көруге болады. Дарынды балалар әрқашан да әр түрлі дәрежелі күрделі тапсырмаларды шешуге дайын болады. Дарынды балалардың сөздік қоры үлкен, күрделі синтаксистік құрылымдар құрастырады, ойларын ерекше білдіреді, сұрақтарының құрылымы көңіл аударатындай өзгеше – дарындылықтың осы белгілеріне көңіл аудармау мүмкін емес. Мұндай балалар ерте балалық шақтан бастап күрделі, қиын кітаптар, сөздіктер, энциклопедиялар оқиды.
Жалпы дарынды балалардың бойында қайталанбас, бірақ көпшілік дарынды балаларға тән ерекшеліктер көп кездеседі. Бұл ерекшеліктер баланың сөйлеген сөзінде, ойнаған ойынында, ересектермен басқа балалармен құрған қарым-қатынасында, сонымен қатар, әрине танымдық әрекетінде көрінеді. Аталған ерекшеліктерді тек психологтар ғана емес, күнделікті тұрмыста бала-бақша тәрбиешісі, мұғалімдер, ата-аналар оңай байқайды. Қалыпты, қарапайым балалардан дарынды балаларды ерекшелендіріп тұратын қасиетке баса назар аудару керек, өйткені педагогикалық үрдісті құрғанда сол қасиеттерді ескеру қажет.
Білім беру бағдарламасын құрастырғанда қандай да болсын әрекетке (көркем, техникалық, коммуникативті) тәуелді емес баланың дарындылығына бағытталған, оның тұлғасы шығармашылық әрекетте өзін-өзі ұстай алатындай болуы керек.
Дарынды бала өзінің құрбыларына қарағанда көптеген көзге түсетін қасиеттермен ерекшеленеді. Сол қасиеттердің ең негізгілерін атап өтейік:
1.Білімпаздық- білгіштік-танымдық қажеттілік.
Бұл ұғым барлық балаларға тән, мейлі ол дарынды болсын, болмасын, әр бала білім құмар, көп жаңалықты қажет еткіш болады. (Л.И.Божович, Л.А.Венгер, А.Л.Запорожец, Н.С.Лейтес).
Дарындылық психологиясы саласындағы атақты ғалым Н.С.Лейтестің ойынша баланың бойындағы білімқұштарлықты дұрыс арнаға бағыттап, жетілдірсе, онда ол қабілеттің дамуына әрқашан ынта беріп отырады.
2. Мәселеге аса сезімталдық.
Ешкім көрмеген, байқамаған жерден мәселені табу – шынайы дарынға ғана тән аса маңызды қасиет (Д.Гилфорд, В.Лоуэнфелд, А.Н.Лук, А.М.Матюшкин, К.Осборн).
Дарынды балаға тән қасиеттердің ішінде ең маңызды орын алатын осы қасиет. Платонның айтуы бойынша таным – жай нәрсеге таң қалудан басталады. Дарынды бала мұндай әркетке тек дұрыс бағытталған педагогикалық жұмыс барысында үйренеді.
3. Дивергентті түрдегі тапсырмаларға бейімділік.
Дивергентті түрдегі тапсырмалар дегеніміз- бағыттылығы бойынша жан-жақты, шығармашылық тапсырмалар. Бұл тапсырмалардың ерекшелігі мұнда дұрыс жауаптар көп. Сол жауаптардың ішінен ең ыңғайлысын, дұрысын табу керек. Дарынды бала басқа тапсырмалардан гөрі дивергентті тапсырмаларды шешкенді ұнатады.
4. Ойлаудың оригиналдылығы.
Бәріне белгілі, қоғамда қабылданған идеялардан ерекше, жаңа идеяларды ойлап табу қабілеті – ойлау оригиналдылығы деп аталады. Бұл қабілет баланың қарым-қатынасына, тәртібінде, ойлауында, барлық дерлік әрекетінде байқалады. Оригиналдылық бала салған суреттерде, жазған шығармаларда және де барлық балалық әрекеттерінде байқалады.
5. Ойлау иілгіштігі.
Шешім қабылдауды тез және оңай орындай алу қабілеті, ассоциативтік байланыстарды орната алу дегеніміз – ойлау иілгіштігі деп аталады. Ой иілгіштігінің жоғары деңгейі – сирек кездесетін құбылыс, сондықтан ол өте дарынды балаларға ғана тән. Ойлау иілгіштігі баланың тәжірибесіне байланысты (білім, дағды, іскерлік көлеміне және т.б.), барлық толығымен өмір тәжірибесімен анықталмайды.
6. Ақыл-ой нәтижелілігі.
Бұл сапаны өте көп мөлшердегі идеаларды өңдеуге қабілет деп таниды. Дарындылықтың жарқын көрінісі болып табылады. Ойлар көп болған сайын оларды таңдауға, дамытуға, терең зерттеуге деген мүмкіншіліктер де көп болады, бұл дарындылықта шығармашылықтың дамуына ықпал болады.
7. Болжам жасауға қабілеттілік.
Дарынды балалар өзінің құрдастарына қарағанда болжам жасауға қабілетті болып келеді. Болжам жасауға қабілеттілік барлық балаларға тән. Бірақ дарынды балаларда бұл қабілет жарқын көрінеді, олардың болжам жасауы тапсырмаларды шешу барысында ғана емес, сонымен қатар өмірлік шынай жағдайларда да көрінеді
8. Зейіннің жоғары концентрациясы.
Дарынды балаға зейіннің жоғары концентрациясы тән (К.Тэкекс). Біріншіден, тапсырмаға терең үңілу, екіншіден, таңдалған мақсатқа байланысты еш кедергіге қарамастан, дұрыс бағытты ұстану . Бұл жерде дарынды баланың күрделі және ұзақ орындалатын тапсырмаға деген қызығушылығы көрінеді.
9.Есте сақтау қабілеті.
Дарынды балалар көп жағдайда айналадағыларды өздерінің есте сақтау қабілеттерімен таң қалдырады. Айта кететін жайт, дарынды балалар көп ақпаратты мида сақтап қана қоймай, ол ақпаратты жүйелеп, идентификациялап, құрылымдап сақтайды. Мұны мнемикалық қабілет деп атайды (К.Дункер, А.Н.Лук, Л.Секей, В.Д.Шадриков).
10. Қызығушылықтар және бейімділік.
Дарынды балалардың қызығушылықтары мен бейімділіктері де басқа балаларға қарағанда ерекше. Мұндай балалардың қызығушылығы кең болғандықтан оның қабілетін қандай сала болсада әрқашан дамытып, қолдап отыру қажет.
Жоғарыда аталған қасиеттер баланың бойында кездессе, ол дарынды бала болып саналады.
Барлық балалар бірдей болып дүниеге келеді, нышан, қабілеттерін дер кезінде байқап, үйде ата-аналар, бала-бақшада тәрбиешілер, мектепте мұғалімдер дұрыс психологиялық, педагогикалық жұмыс ұйымдастыра алса, баланың дарындылығын өзіне пайдалы етіп қолдануға болады. Әрине, дарынды бала қарапайым балаға қарағанда көп білімді, шыдамдылықты, күш-жігерді қажет етеді. Оларға жұмсалған еңбек еш кетпейді, зор нәтижеге жеткізеді.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1.Әбілмажінова Н. Дарынды оқушымен жұмыс // Қазақстан мектебі, 2005, №2, 54 – 56 бет
2. Мусабаева Н.Д. Мектептен тыс уақытта дарынды баланың қабілетін жетілдіру мақсатындағы жұмыстар // Дарын, 2003 , № 4, 44 – 49 бет
3.Дамуов Н. Ғ. Дарынды балалармен жеке жұмыстарды ұйымдастыр // Дарын , 2004, №2 ,59 -6 7 бет
4.Сарсенбаева Қ .Дарынды ғалым, ұлағатты ұстаз // Сыныптағы тәрбие, 2004 , №3, 8 – 9 бет
5.Сейіталиева Қ . Дарынды дамыту – ұстаз парызы // Сыныптағы тәрбие, 2004, №3 8 -9 бет
6.Қадысқызы Ж. Дарынды оқушының экологиялық сауаттылығын қалыптастыру // Дарын , 2004, №1, 54- 5 7 бет
7.Әбілова С. Дарынды балаларды бағалау – міндетіміз // Қазақстан мектебі, 2002 , № 3 , 11 – 12 бет
8.Мүрсәлімова М.Дарынды баламен жұмыс // Қазақстан мектебі , 2004 , №6 , 34 – 3 6 бет
9.Қоңырбаева К. Дарынды балаларды оқыту мәселелері. // Қазақстан мектебі, 2003, № 3, 17 – 1 9бет