7.Әңгiмелеу (сұхбат). Мұғалім сыйы: «Жан Ана» С.Дағайқызы Ерте,ерте,ертеде қалаға жақын ауылда бір Жан Ана өмір сүріпті.Жан Ананың негізгі есімін ешкім білмейді екен. Алтындай жүрегі болғандықтан ауыл адамдары оны Жан Ана деп атап кетіпті. Жан Ананың баласы жоқ екен.Бірақ ол ауылдың бүкіл баласын жанындай жақсы көріп,оларға ертегі айтып,ойыншық жасап береді екен.Сондықтан да ауыл адамдарына қол ұшын беруге әрқашан дайын болыпты. Жұмыстары басынан асып жатқандар да Жан Анаға: «Бүгін ісіміз көп,келіп біраз көмек бересің бе?»-деп өтініш білдіреді екен.Жан Ана ақыл сұрағанына ақыл,көмек сұрағанына қуана-қуана қол ұшын береді екен. Уақыт өте келе ауылдағылар Жан Ананың жақсылығын ұмытып,көмектесу оның міндеті деп ойлай бастапты. Әрі Жан Анаға барып бұрынғыдай өтінудің орнына «Жан Ана,бізге келіп көмек бер!»-деп бұйыра бастапты. Жан Ана олардың бұл қылығына мүлде реңжімейді екен. Үлкен бір ауыл,жалғыз бір Жан Ана,қайсыбірінің ісіне жүгіріп,қайсыбірінің дертіне ортақ болсын. Қанша тырысса да барлығының ісіне үлгермепті.Тіпті жанындай жақсы көрген балаларға да көңіл бөле алмапты.Жан Ана көмекке бара алмаған ауыл тұрғындары есігіне келіп: «Ей,Жан Ана,неге бізге көмекке келмедің? Біз сені жақсы бір адам екен деп жүрсек»,-деп жазғыра бастайды.Бейшара Жан Ана ешкімнің көңілін қалдырмайын деп жүріп күндердің бірінде науқастанып қалады. Ауыл тұрғындары оған көмектесудің орнына «Кішкене бір аурудан төсек тартып жатуға бола ма?»-деген екен. Бұл сөздерді естіп Жан Ана қапа болыпты. «Ертегі айтып,ойыншық та жасамаймын.Ең жақсысы бұл ауылдан кетейін» деп ойлаған екен.Түн ортасы киімдерін,жейтін азығын алып,үн-түнсіз ауылдан кетпек екен.Ертеңінде ауыл тұрғындары әдеттегідей азанмен Жан Ананың үйіне барған екен.Үйге келсе ешкім жоқ,бос тұрғанын көріп таң қалыпты. «Енді Жан Анасыз қалай күн көреміз? Ісімізге кім көмек беріп,бізге кім ақылшы болады? деп қайғырыпты.Міне,осы кезде қателіктерін аңғарып, Жан Ана қадірін түсінген екен.Жан Анаға бір ауыз рақмет айта алмағандарына қатты өкініпті. Оны қайта іздеп тауып,онымен жақсы қарым-қатынаста болуды ұйғарыпты.Бірақ қаншалықты іздестірсе де Жан Ананы көрген ешкім болмапты. Қымбатты балалар! Іштеріңде оны көргендерің бар ма? Егер Жан Ананы көрсеңдер,жасаған жақсылықтары үшін алғыс айтуды ұмытпаңдар,жарай ма? 1.Осы әңгімеден қандай ой қорытуға болады? 2.Жақсылық жасау деген не? 3.Жан Ана адамдарға қандай жақсылық жасады? 4.Адамдар жақсылықты қалай түсінді? 5.Жан Ана неліктен өкінді? |