4. Оқиға айту (Мұғалім сыйы) Әнет баба мен Қазыбек би Ә. Мамашәріптегі Тобықты Әнет баба қартайып, жасы тоқсанға келгенде ел дауы, жер дауы, жесір дауына көп араласпай, Қожа Ахмет Йассауи, Сопы Алдияр секілді даналардың кітаптарын оқып, оңаша жатады екен. Қоржын-қоржын кітаптарды ақтарып,кейде көзінің жасы сақалын жуып жылап та алады екен, кейде балаша мәз болып күледі екен. – Әнет баба, не іздеп жүрсіз, кімді іздеп жүрсіз? – деп сұрапты бірде ауыл сыртында кездесіп қалған Қазыбек би. – Өзімді іздеп жүрмін, шырағым, – деп жауап беріпті Әнет баба. Жас Қазыбек ештеңені ұға алмай аңтарылып тұрып қалыпты. –Түсінбегеніңді біліп тұрмын. Өзімді іздеп жүрмін дегенімнің мәнісі мынау, шырағым. Адам баласы жарық дүниеге келгенде пәк, адал, таза күйінде келеді. Өсе келе әрнені көреді, әрнені естиді, жақсыға да, жаманға да бой ұрады. Баяғы пәктігін жоғалтады. Жасы ұлғайып, қызыл-жасыл дүниенің қызығы басылған соң, баяғы адал күйіне қайта оралады. Енді маған ештеңенің керегі жоқ. Баяғы күнәдан адал жүрегім керек. Өзімді іздеп жүрмін дегенім – осы. Кейін Қаз дауысты Қазыбек би Әнет бабадан сөз үйреніп, кеңес сұрап, ақыл алу үшін көшіп келіп, қатар қонып, екі-үш жыл іргелес отырыпты. Қазыбек биден: – Би, сен бұл дүниеде кімге қарыздарсың?– деп сұрапты Әнет баба бірде одан. – Жаратқанға қарыздармын, – деп жауап беріпті Қазыбек би. – Сосын кімге қарыздарсың? – Сосын анама. Ол мені жарық дүниеге әкелді. – Сосын кімге қарыздарсың? – Атама. Ол мені тәрбиеледі, өсірді, оқытты. – Тағы кімге қарыздарсың? – Халқыма. Ол мені қадіріме жетіп көтере білді. – Тағы кімге қарыздарсың? – Әнет баба, Сізге қарыздармын. Сіз менің көп нәрсеге көзімді аштыңыз,– деп жауап беріпті Қазыбек би. Әңгімеде адамдардың арасындағы қандай қарым-қатынас туралы айтылады? Әнет бабаның «өзімді іздеп жүрмін»,– деген сөзі нені білдіреді? Адамның жүрегінің тазалығы қандай әрекеттерден көрінеді? Қазыбек бидің жауабынан қандай құндылықтар мен қасиеттерді байқадыңдар? |