Мақсаты:Үй жануарларын таныстырып, төрт түлік жайлы түсініктерін кеңейту. Оқушылардың сөйлеу тілін дамыту, сөздік қорын байыту. Балаларға жануарларды күтіп бағуға сүйіспеншілігін ояту, оларға қамқорлық жасауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі:Аңдар, үй жануарлары мен төлдердің суреттері, ұршық пен мал жүні, тоқылған киімдер (шұлық, жеңсіз) , айран, құрт, ірімшік, бренза, балқаймақ, шұбат, қымыз, май, арқан, тарақ, киіз, көрпе.
Сабақ барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі.
-Табиғаттағы тірі денелерді атайық
-Қандай жануарларды білеміз?
-Мына жануарларды қалай атаймыз?
-Жабайы аңдар.
- Мына жануарларды қалай атаймыз?
-Үй жануарлары, яғни төрт түлік мал дейміз.
-Олай болса, балалар, бүгін біз төрт түлік малдар және төлдері туралы айтатын боламыз. Малдардың пірлерімен, олардан алынатын өнімдермен танысамыз.Төрт түліктер туралы өлеңдер айтып, жұмбақ шешіп, мақал-мәтелдер айтамыз.
Тәрбиеші:-Қазақ халқы ерте уақыттан мал шаруашылығымен айналысқан Халық. Бабаларымыз төрт түлікке ерекше көңіл бөлген. Әрі ас-ауқаты, әрі киімі, әрі көлігі, қымызы ем, әрі жек-жат жұртымен жасайтын алыс берісінің көзі, байлығы болғандықтан, қазақ үшін осы төрт түлік мал аса қымбат дүние болғаны белгілі. Халық бірін-бірі көргенде «мал-жан аман ба?» деп амандық-саулық сұрасқан. Яғни қазақ халқының өмірі, салт-дәстүрі осы төрт-түлікпен тығыз байланыста болған.
Жұмбақ айту: Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
Бұл қандай жануар? (Түйе)
-Олай болса, «Төрт түліктің төресі- түйе» туралы не білеміз?
Аманжан: Түйе-түлік басы. Түйе- көштің көлігі. Оған көбінесе жүк артады. Сүтінен
Шұбат, балқаймақ, құрт дайындайды. Жүнінен жылы киім тоқиды, көрпе
тігеді
Аяулым: Түйе – байлық, салтанат
Түйе атасы - Ойсылқара.
Диана: Екі көзі танадай
Екі өркеші баладай
Елпеңдеген ойнақтап
Енесіне қарамай
Ойсылқара баласы
Ботақаным қайдасың?
Көс, көс.
Тәрбиеші:
-Өте жақсы.Түйе атасын қалай атаймыз?
-Түйе төлін қалай атаймыз?
Түйені қалай шақырамыз?
Түйе қалай дыбыстайды?
-Түйе сүтінен не дайындайды?
-Төрт түлік малдың ішінде ең қасиеттісі түйе болып есептеледі. Ол қырық күн шөлге шыдайды. Жүк артса- көлік, жесе – ет, ал жүні киімге жараған.
Тәрбиеші жұмбақ жасырады:
Мінсең - қанат
Сүті – дәрі,
Еті - тамақ (жылқы)
Тәрбиеші: « Жылқы – ер қанаты» Жылқы туралы не білеміз?
Нұрасыл: Жылқы – төрт түліктің бірі. Саусаң – қымызы сусын, мінсең көлік.Суыққа төзімді. Оның майы салқында тоңазымайды. Еті де, қымызы да ем.
Ақтоты: Жылқы – сәндік, мақтан.
Жылқы атасы – Қамбар ата
Арман: Әжем жиі сауады
Боз биені баяғы
Сүті неткен көп еді,
Суалмай-ақ келеді.
Құлыны да тояды,
Сабамыз да толады.
Қанады әбден қымызға
Біздің үйдің қонағы.
Әнель: Құлдыр-құлдыр құлыншақ,
Жібек жалды құлыншақ.
Жүйріктігі құйындай
Құлыншақты мінде шап
Тәрбиеші:
-Өте жақсы. Жылқы атасын қалай атаймыз?
- Жылқы төлін қалай атаймыз?
- Жылқыны қалай шақырады?
- Жылқы қалай кісінейді?
- Жылқының сүтіне не дайындайды?
Тәрбиеші: Қазақтың қасиетті малдарының бірі - жылқы. Жылқы - жүйрік жануар, көлік ретінде мінген. Жылқы малын аса жоғары бағалаған қазақтар, оны үлкен ас тойларда жарысқа салып, бәйгеге қосқан. Ер азаматтарға жасалатын сыйдың да үлкені ат мінгізіп, шапан жабу болған.
Жұмбақ: Айран берген, құрт берген,
Шелек-шелек сүт берген,
Айтыңдаршы балалар,
Бұл қандай мал, кім білген? (сиыр)
-Олай болса, сиыр туралы не білеміз?
Аманжан: Сиыр – ірі қараға жатады. Оны көбіне - көп сүті үшін ұстайды, етін азық етеді. Сиырдың сүтінен қаймақ, май, айран, құрт, сүзбе, ірімшік дайындайды.
Диана: Сиыр - қанағат, ақтық
Сиыр атасы - Зеңгібаба.
Нұрасыл: Тілімен мұрнын жалаған,
Тілімен бойын тараған.
Көкке мұрнын шүйіріп,
Көз төңкеріп қараған.
Зеңгібаба өсірген,
Әукешім менің, қайдасың?
Аухау, аухау !
Тәрбиеші:
-Өте жақсы. Сиыр атасын қалай атаймыз?
- Сиыр төлін қалай атаймыз?
- Сиырды қалай шақырады?
- Сиыр қалай мөңірейді?
- Сиырдың сүтіне не дайындайды?
Жұмбақ: Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар.
Бұл қандай жануар?
Тәрбиеші: «Қой – төрт түліктің момыны» Қой туралы не білеміз?
Аяулым: Қой – төрт түліктің ұсағы. Терісінен тон тігеді, Жүнінен киіз басады. Жіп иіріп, қолғап, шұлық тоқиды. Қойдың сүті қою болады.
Әнель: Қой – қазына, мырзалық,
Қой атасы - Шопаната
Диана:Қой баласы қоңырым,
Қойдай жуас момыным.
Шопаната түлегі,
Қошақаным, қайдасың?
Пұшайт, пұшайт
Тәрбиеші:
-Өте жақсы. Қой атасын қалай атаймыз?
- Қойдың төлін қалай атаймыз?
- Қойды қалай шақырады?
- Қой қалай маңырайды?
- Қойдың сүтіне не дайындайды?
-Қой жүнінен не жасалады?
- Жіп иіріп, киім тоқылады. Киіз басады, терісінен тон тігеді.
Тәрбиеші: Қой - төрт түлік малдың ішіндегі қазақтың ең сүйіктісі десе де болады. «Қойдың сүті - қорғасын, қойды құртқан оңбасын» дейтін қазақтың қой өсіруге ынта - ықыласы мол – ақ. Қой майда , әрі өсімтал, момақан.
Жұмбақ: Асты пышақ,үсті істек
Өзіне лайықтап киім пішкен
Секіріп-секіріп түскен
Бұл қай жануар ? (ешкі)
Тәрбиеші :
-«Ешкі – өсімтал мал» Ешкі туралы не білеміз ?
Аяулым:Ешкі маған түбітін берді,-
Қолғап кидім.
Қой маған жүнін берді,-
Қалпақ кидім.
Арман: Ешкі төлі – лақ,
Тыныш тұрмайды ол бірақ
Әнель:Шөре-шөре , лағым,
Тентек болма , шырағым.
Секектеме, деміңді ал,
Селтеңдемей құлағың.
Ақтоты: Ешкі иесі – Сексеката.
Нұрасыл: Жауын жауса, бақырған,
Ешкі атасын шақырған.
Өрісте өскен жануар,
Шөкетайым, қайдасың ?
Шөре, шөре !
Тәрбиеші:
-Өте жақсы. Ешкі иесін қалай атаймыз?
- Ешкі төлін қалай атаймыз?
- Ешкіні қалай шақырады?
- Ешкі қалай маңырайды?
-Ешкі жүнінен не тоқылады?
Тәрбиеші:
-Дұрыс айтасыңдар. Ешкі өсімтал малдың бірі. Ешкінің еті жеңіл, әрі сіңімді, сүті аса құнарлы болады. Ешкінің сүттісін арнайы ұстап, ана сүтіне жарымаған баланы ешкі сүтімен асырайды.
Тәрбиеші:
-Балалар, төрт түлік мал туралы қандай тыйым сөздер білеміз?
Ақтоты: Малды теппе, ақты төкпе.
Аяулым: Малды басынан ұрма.
Арман: Малға теріс мінбе.
Төрт түлік туралы мақал-мәтелдер
Нұрасыл: Сиыр сауған шөлдемес.
Аманжан: Аттың көркі
Құйрық-жалы, құлағы.
Таудың көркі
Тасы менен бұлағы.
Әнель: Түйе атасы - нар,
Ағаш атасы – шынар.
Аяулым: Қойдың сүті - қорғасын,
Қойды ұрған оңбасын.
Диана: Сиырды теппейді,
Сүтті төкпейді.
Қорытындылау.
Ойын:«Төлдері қайда?»
Тәрбиеші: Еңбекқор қазақ халқы мал өнімдерін өте орынды пайдаланып отырған. Шаруашылыққа қолданылатын заттар - жылқының жалынан, құйрығынан жасалатын арқан, сиырдың мүйізінен жасалатын тарақ, қой жүнінен жасалатын киіз, текемет, тоқылған киімдер , көрпе аса жоғары бағаланған. Тіпті түйенің шудасында қайнатып емге пайдаланған.Кедей қазақтар қойдың жабағы жүніне жаңа туған нәрестені де орап, қыстан аман алып шыққан. Осындай құнды мал болғандықтан ,қазақтар өз перзенттерін де «құлыным » , «қозым», «қошақаным», «ботам» деп айналып, еркелетіп отырған.