Просмотр содержимого документа
«Мұқағали Мақатаев - ақиық ақын»
№ 19 орта мектеп
Мәнерлеп оқу сайысы
Тақырыбы: «Мұқағали Мақатаев – ақиық ақын»
Өткізген: Сұлтанова Кәмшат
Сынып: 2
2017 оқу жылы
Сайыстың тақырыбы: «Мұқағали Мақатаев ақиық ақын» Сайыстың мақсаты: Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын таныту, ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату, поэзияға деген қызығушылығын арттыру, өлеңдерін мәнерлеп оқуға дағдыландыру, өлеңдерінің тәрбиелік мәнін түсіндіру. Оқушылардың өлеңге деген ынтасын, көркем сөз оқу шеберлігін арттыру, ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру, Отанды сүюге, адамгершілікке, өлеңді, өнерді, сезімді бағалауға тәрбиелеу. Көрнекілігі: Ақынның суреттері, кітаптары, шығармалар жинағы, плакатқа жазылған өлең жолдарынан үзінді.
Қайырлы кеш, қадірлі қонақтар, ұстаздар мен қымбатты оқушылар! 2 сыныптар арасында өткізгелі отырған «Мұқағали Мақатаев ақиық ақын» атты мәнерлеп оқу сайысымызға қош келдіңіздер! Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан, асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаев 86 жасқа толып отыр. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық шынымен бақытты. Аламан бәйгеде оза шауып, өлең-жырда шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек біріміз білмейміз, енді бір сәт оның өмірінен деректерге жүгінсек.
Мұқағали Мақатаев 1931 жылы ақпан айының 9 жұлдызында Алматы облысының (қазіргі) Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Мұқағали мектеп қабырғасында оқып жүргенде өлең жаза бастаған. Ол 10-ыншы сыныпты интернатта бітірген. ҚазМУ-ң филология факультетін бітірген. Университетте оқып жүргенде қызыл отау меңгерушісі, комсомол жетекшісі болды. Мұқағали Мақатаевтың ең бірінші жазған өлеңі “Қойшы бала Әкітай”. Бұл өлеңде ақынның өз өмірі суреттеледі. Ақынның тірісінде үш аудармасы жарыққа шықты. Оған Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығы берілді, сондай-ақ “Ғасыр ақыны” атағы да берілген. Мұқағали Мақатаев поэзия жанрында ғана емес проза, драма саласында да қалам тартты. Ақынның 8 жыр жинағы жарық көрген. “Райымбек”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Қайырлы түн”, “Арман”, “Досыма хат” атты поэмалары бар. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне Қазақстан композиторлары Нұрғиса Тілендиев, Алтынбек Қоразбаев және тағы басқа сазгерлер ән жазған. Мұқағали Мақатаев 1976 жылы дүниеден өтті, бірақ та ол өзінің артында көп мұра қалдырды, оның атында Алматы қаласында мектеп, көше және мұражайлар ашылған.
Поэзия!
Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім? Алауыртқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім. Сені іздедім сезімге у шараптан да, Минуттардан іздедім, сағаттан да, Сені іздедім. Іздеймін тағат бар ма? Сені маған егіз ғып жаратқан ба?, - деп жырлағандай, саф алтындай поэзиясын бір елдің мұрасындай етіп қалдыра білген ақынның өлеңдері өзі айтқандай талай болашақтарға көшеді.
Дара туған, дана туған Мұқағали атамызға арналған мәнерлеп оқу сайысын бастауға рұқсат етіңіздер! Осы сайыста әділ бағасын беріп, шынайы жеңімпаздарды марапаттайтын әділқазы алқаларымен таныс болайық:
Мектеп директоры: Жүгенбаева Күләш Саламадинқызы
Бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі: Шутырова Алмаш Сахуатқызы
Мектептің әлеуметтік психологы: Құлжабаева Рахат Сүйерқұлқызы
Ендігі кезекті Мұқағали Мақатаевтың өміріне арналған видеороликке назар аударайық.
Ал құрметті әділказылар алқасы, қонақтар, ортаға қошеметпен сайыскерлерімізді шақырайық.
Жақындық сеземін -
Жерден де, аспаннан,
Жылылық сезінем -
Мұздардан, тастардан.
Өмірім, сірә да,
Арыдан басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы мен өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын, - деген өлең жолдары бір көрегендікпен, сезімталдықпен жазылғандай. Мұқағали атамыздың ортамызда әлі де тірі екеніне бүгінгі кеш, оқылған өлеңдері, оны сүйіп оқып, өз өмірінің бір бөлшегіндей көретін оқырмандарымыз көп болғай.
Ең бірінші сайыскеріміз 2 «А» сыныбының оқушысы: Қалниязова Назерке Мұқағали Мақатаевтың «Шыда, шыда» атты өлеңімен ортаға шығады. Қабыл алыңыздар!
Шыда, шыда
Шыда, шыда Шыдай түс, шыда тағы Шыдамдыны мына өмір ұнатады Үміттің Кұлан иек қула таңы, Әйтеуір бір атады, бір атады... Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе, Өмір, өмір! Болмайды түңілуге, Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге Түсінемін жаныңның ауырғанын, Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын. Иогтардың тәсілін қабылдағын, Басқасына бас ұрып, табынбағын. Шыда, шыда! Шыдай түс, тағы шыда! Тау құлатқан тасқынның ағысына, Кір жуытпай, кіршіксіз намысыңа, Қарысуға болады, алысуға...
Екінші сайыскеріміз 2 «Ә» сыныбының оқушысы: Нұрқажаева Ақмаржан Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңімен ортаға шығады. Қабыл алыңыздар!
Үш бақытым
Ең бірінші бақытым – Халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің. Ал екінші бақытым – Тілім менің, Тас жүректі тіліммен тілімдедім. Кей – кейде дүниеден түңілсем де, Қасиетті тілімнен түңілмедім. Бақытым бар үшінші – Отан деген, Құдай деген кім десе, Отан дер ем! … Оты сөнген жалғанда жан барсың ба? Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен. Түтін түтет, Өс, өрбі, көгере бер, Немерелер көбейсін, шөберелер. Жадыңда ұста: Жақсылық күтпегейсің! От емес, оқ сұрасаң менен егер! Үш бірдей бақытым бар алақанда, (Мені мұндай бақытты жаратар ма?!) Үш күн нұрын төгеді аспанымнан, Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!
Үшінші сайыскеріміз 2 «Б» сыныбының оқушысы: Ондағанова Жадыра Мұқағали Мақатаевтың «Бақыт деген не?» атты өлеңімен ортаға шығады. Қабыл алыңыздар!
Бақыт деген не?
Бақыт деген - сенің бала күндерің Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің, Бақытын да, басқасын да білмеуің Бақытсыз-ақ ойнағаның-күлгенің. Бақыт жайлы менің мынау білгенім. Бақыт деген - бірде шаттық, бірде мұң. Бақытты сол - тәрік етіп түндерін, Бақыт іздеп азаптанса, кімде-кім. Бақыт деген - әркімдерде бір арман, Сол арманның шыққан жері құмардан. Ал сен үшін бақыт деген - дәл қазір, Бақыт жайлы жаза алмаған шығармаң. Бақыт іздеп мал бақ, мейлің, тас қала, Бірақ, балам, мынаны естен тастама: Бақыттысың бақыт іздеп сорласаң, Бақытты боп сорлап жүрсең масқара! Бақытың - мен, бақытым деп біл мені, Мені білсең, бақытыңды білгенің. Ал мен үшін ең бақытты күндерім - Балам, саған бақыт іздеп жүргенім!
Төртінші сайыскеріміз 2 «В» сыныбының оқушысы: Кошматова Муслима Мұқағали Мақатаевтың «Туған жер» атты өлеңімен ортаға шығады. Қабыл алыңыздар!
Туған жер
Таныс өлке, Таныс аймақ, Таныс маң: Анау жерде - құрбылармен алысқам, Анау жерде - құрбы жанмен табысқам. Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан, Таулар әне, ұйықтап кеткен данышпан, Жолдар анау, шұбатылып шаңы ұшқан, Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң. Шабындықтар, Егістіктер, Тоғайлар. Төбелердің төбесінде - көк айдар. Ақ сағыммен араласып, аулаққа, Сағым болып бара жатыр көп ойлар. Бір тынбайды шегірткенің шырылы, Жел қозғаған ақ шилердің сыбыры, Бәрі таныс - кісінеген құлыны Ін аузында шаңқылдаған суыры. Айналайын! Атамекен, Ақ мекен! Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?! Туған өлке тәтті екен ғой, Тәтті екен!
Бесінші сайыскеріміз 2 «Г» сыныбының оқушысы: Беркалиева Кәусар Мұқағали Мақатаевтың «Өлең деген тумайды жайшылықта» атты өлеңімен ортаға шығады. Қабыл алыңыздар!
Өлең деген тумайды жайшылықта
Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта. Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан, Күнделікті тірлікке бой суытпа. Айшылық жол... Шөлдейсің, зарығасың, Армандайсың, аңсайсың, сағынасың. Жол азабын көресің, көресің де Ашынасың, біресе бағынасың. Даламенен жүресің, тау асасың, Сезесің биігін де аласасын. Кенезең кепкенде бір, лай суға Кез келген мақұлықпен таласасың. Сапар ұзақ. Тағы да аяңдайсың, Алып қашпаң басылып, баяулайсың. Ел шетіне жетесің, жетесің де Көргеніңнің бәрісін баяндайсың. Міне, осылай өлеңнің кілті деген, Құйттай жүйең қалмайды сілкімеген. Аттанам деп алысқа, айдалада Адаспайтын болғай-ды шіркін өлең.
Алтыншы сайыскеріміз 2 «Ғ» сыныбының оқушысы: Жидебай Нұрила Мұқағали Мақатаевтың «Қазақ жері» атты өлеңімен ортаға шығады. Қабыл алыңыздар!
Қазақ жері
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер! Батырлар дүрілдеп өткен жер, Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер, Ғашықтар бір-бірін өпкен жер, Сарылып сал-сері кеткен жер. Бас иіп, иіскеп топырағын, Тағзым жасамай өтпеңдер!
Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда Құлшылық етемін тұрғанға, Құлшылық етемін құмдарға, Тағзым жасаймын қырларға! Шүкірлік етемін қашан да Осы бір Отанда тұрғанға!
Жазы бар жалынмен жандырған, Қысы бар аязға қалдырған. Көктемі - балауса, балдырған, Ал күзі - алып бір ақ қырман, Ақ дәннен ақ нөсер жаудырған, Күрең нан жаңа алған тандырдан. Көлденең көлбеген көкжиек Қыранның қанатын талдырған.
“Ана” үш әріптен құралған киелі де қастерлі сөз. Әркімнің анасы бар. Сол аналарды құрмет тұтып, қастерлеу біздің борышымыз. Ана түн ұйқысын төрт бөліп біздерді әлпештеп өсіреді. Біздерді басқа балалардан кем болмасын деп алдымызға барын тосады. Біздер аналарымыздың қадірін білуіміз керек. Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, енді бір қолымен әлемді тербетеді. “Алып анадан туады , ат биеден туады” демекші біздің елбасымыз да, елге белгілі әншілеріміз де, жұдырығы балғадай палуандарымыз да, қайтпас қайсар спортшыларымыз да анадан жаралған. Ендеше Ана туралы жыр шумағын оқығым келіп тұр.
Ана
Әлемнің жарығын сыйладың сен маған Даланың әр гүлін жинадың сен маған Сен бердің құстардың қанатын самғаған Балалық қоштарың өзіңе арнаған Әлдилеп, аялап өсірген жемісің Самал жел саябақ құшағың мен үшін Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін Көңіліңді көктемдей көзіңнен танимын Өтеуге борышын анашым жан сырым Іздедім сен үшін әлемнің асылын Әлемнің байлығын сыйлар ем кеш мені Сыйлар ем ай - күнін қолыма түспеді.
Жетінші сайыскеріміз 2 «Д» сыныбының оқушысы: Урынбасарова Назым Мұқағали Мақатаевтың «Шеше, сен бақыттысың!» атты өлеңімен ортаға шығады. Қабыл алыңыздар!
Шеше, сен бақыттысың!
Шеше, Сен бақыттысың! Жыламағын. Жай түсіп жатқанда да құламадың. Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның, Сондықтан жыламағын, жыламағын! Бармын ғой, Тірімін ғой, Қасыңдамын. Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын! Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын, Байырғы берекеңді қашырмағын! Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа, Өзім кепіл тот басып тозбасыма. Екі жыр жазсам саған бірін арнап, «Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына. (Тәңірім кеше көрсін кесірімді.) Аспанға жазам сенің есіміңді!!! Шеше! Сен бақыттысың, тербете бер, Құба талдаи иілген бесігімді.
Сегізінші сайыскеріміз 2 «Е» сыныбының оқушысы: Мұратбай Шырай Мұқағали Мақатаевтың «Анашым» атты өлеңімен ортаға шығады. Қабыл алыңыздар!
Анашым
Анашым! Асыл анам, есіл анам, Елжіреп есіркеймін, есіме алам. Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам. Алыс жолда жүрсем де арып-ашып, Ағат ойлап түсірмей жаныңа шық, Оқытып кешеу барған хаттарымды Отырмысың үрпиіп, жаның ашып? Өткізіп талай жылды, ай, аптаны, Оқуын ұлың жақсы аяқтады. Анашым, білем сені, қарсы емессің Кеттім мен тың даланы оятқалы. Анашым! Қайда жүрсем сен - күш, арым, Сүйемін дидарыңды, мен құшамын. Қайда барсам, өзіндей қарсы алады Кең байтақ Отанымның кең құшағы. Анашым! Жаратылдың бағыма шын Білемін көңілсізсің, сағынасың. Қайда жүрсем, қамқоршым Отаным бар. Қапа болма мен үшін, неғыласың.
Ал әділқазы алқары өз шешімдерін шешіп болғанша 2«Д» сынып оқушысы Бисегали Інжумаржанның орындауында орыс биін қабыл алыңыздар!
Ендігі сөз кезегін әділқазы алқаларына береміз. «Мәнерлеп оқу сайысының» жеңімспаздарын анықтап, әр сыныпқа мадақтама қағаздарын ұсынады..
Олай болса, жас ұрпақтың «Мұқағали» есіміне арнаған лебіздеріне берейік. М – Мұқағалидың Ұ – ұрпаққа Қ –қалдырған А – аманатын Ғ – ғасырлар А – арнасына Л – лайық деп И – иіліп, бас иеміз.
– Барлығы бірге.
Қорытынды:
Жүректен қозғайын, Әдептен озбайын. Өзіде білмей ме, Көп сөйлеп созбайын, - деп ұлы Абай атамыз айтқандай, осымен ақиық ақынымызға арналған мәнерлеп оқу сайысы аяқталды. Назар салып тыңдаған қонақтарымызға , ұстаздар мен оқушыларға, осы мәнерлеп оқу сайысымызды өткізуге ат салысқан оқушыларға мыңда бір алғыс айтамыз.