Білгің келсе біздің жайды,
Содан сұра тек қана:
Одан асқан шежіре,
Одан асқан жоқ дана.
(Қ. Мырзалиев)
Арайлап атқан тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге, дәурімізде өнертану үрдістері жаңа бағытқа бет алды. Ғасырдың көмбесінде көміліп қала жаздаған ұлттық құндылықтарымызбен, әдет- ғұрып, салт – дәстүрлеріміздің түбіріне балта шабыла жаздағаны бәрімізге мәлім. Халқымыздың руханиятты өмірінен хабар беретін, мәні де, мағынасы да қайталанбас ғажайып өнер, киелі өнер - Күй өнері! «Бабалардың көзіндей, даналардың сөзіндей», «көнекөз»- шежіре, халықпен бірге «Мың өліп, мың тірілген» осы күнге, ұрпақ жалғасының арқасында жеткен асыл қазына, баға жетпес байлығымыз, ол біздің қасиетті, киелі- қоңыр домбырамыз! Халқымыздың қуанышын да, қайғысында, мұңы мен зарында, күйінішімен, сүйінішінда қызығында бірге бөлісіп келе жатқан қоңыр домбыра – ғасырлардың құрдасы. Әр адамның көңіл түкпіріне үңілтетін, толғантатын, сезім шіркіннің қылын шертіп, сырласатын, күрсінтіп – күңірентіп, мұңға батыратын, күш- қайрат беріп серпілтетін, шынықтырып – шаттандыратын ғажайып дүние, еш халықта жоқ қайталанбас керемет – бұл киелі де қасиетті - күй өнері. Қазіргі жас ұрпақ, жас жеткіншек, күй өнерінің сырына ден қойған шәкірттер, күйдің күрделі – өнер екенін, оның арғы жағында бүкіл қазақ халқының ауыр тағдыры мен үлкен тарихы жатқанын білуге міндетті.
Сайын далада өмір сүрген халқымыздың философиялық ой – тұжырымдары, табиғи парасаттылықтың арқасында өте жоғарғы деңгейде болғанын қазіргі өмір дәлелдеп берді, халық даналығын әлі де дәлелдеп береді деп сенеміз.
Небір оқиғаларға орайластырып шығарған дүниелер туындап жатты, сөйте келе күйлер топтамасы дәстүрлі күйлер циклы пайда болды.
Халқымыздың негізгі тұрмыс көзі, тіршілік көзі төрт түлік малға байланысты болғандықтан жан - жануарлар ішінде жылқы малы мен түйе түлігін аса қадірлеп құрметтеген. Сол себепті; әдебиетте де, музыкада да, бұл жануарлардың басты кейіпкер болуы заңды – нәрсе. Қазақ халқы күйлерінің басым бөлігі жылқы малына арналғанын ескерсек; салпы ерін, салқы төс, жер тарпыған тұлпарлардың дүмпуі мен дүбірі, күншілік жерге шапқанда жұлдыздай ағып, құстай ұшқан арғымақтардың тас ұшырған болат тұяқтары ; «Көкбалақ», «Бозайғыр», «Салкүрең», «Бозжорға», «Көкала ат», «Балжыңкер», «Тепең көк», «Торы жорға», «Егіз қызыл», «Тел қаңырлар» болып, қоңыр домбыраның қос ішегінен шыққан дүбірлі дүмпу, қаныңды қыздырып, өзіңді жаңа ғана мәре сызығын сызып өткен «Ақтанкердей» сезінесің. Арқаның дүлдүл күйшісі Әшімтайдің шәкірті жасы ұлғайғанша қолынан домбырасы түспеген –Аққыз - әже айтыпты дейді;
- Дүниеге келген, адам тағдырын жеткізуге келгенде бұдан айтқыш, бұдан шыншыл керемет болмақ емес. Өмір сырын шанағына қанағына құйып алып, қоңыр үнмен келер ұрпаққа аманат қалдырып, өсиет айтып отырғандай.
Иә, зар заманның, тар заманның күйін шертіп, халқымен бірге күңіреніп, бірге күрсінген қоңыр домбыраның күйін түсіну, ойлау жүйеміз өзгеріп, сезімдеріміз сіңірленіп кеткен қазіргі замандағы біздерге өте қиын. Қос ішектен бебеулеп шыққан қоңыр үн, ботасын іздеп боздаған «Бозінген», «Наридірген», «Ерке - атан», «Желмая», болып адамзаттың жүрек қылын дәл тауып, елжірете егілтеді.
Мектеп қабырғасында жүрген оқушыларға бұлар әлі жас, әдеби – көркем тілмен айтылған әңгімелерді түсіне бермейді, деу қателік. Күй шежіресін әңгімелеп беру, күйшінің де, күй өнерінің майталмандары да, жалпы қолына домбыра ұстап күй шерте білген адамның міндеті, ата – бабамыздан келе жатқан - дәстүр. Халқымыздың басынан өткен: «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» бастап зар замандар, тар замандар қазақ халқының тарихында ақтаңдақ беттер болып «Ел айырылған», «Ақтабан шұбырынды», «Қазақ пен Ноғайлының айрылысуы», «Елім - ай», «Заман - ай», «Қайран Нарын», «Қоштасу», секілді өскен жерін, туған елін сағынып өксіді. Алтайдан Атырауға, Қаратаудан Аштрахан, Қорған, Орынбор, Түменге дейінгі сайын дала, Еділ мен Жайық, Сырдария, Ертіс секілді ұлы өзендер мен көлдердің арасын мекен еткен қазақ халқы тұрмыс- тіршілігін, болмыс бітімін, ой – арманын, қоңырқай ғана қоңыр домбырада, қоңыр үнмен қоңырлатып санамызға сіңіріп, құлағымызға құюдан жалықпай келеді.
Қарға бойлы Қазтуған жыраудың сөзімен айтқанда,
«Қоғалы көлдер, қом сулар,
Кімдерге қоныс болмаған,
Мынау жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған»
-, деп «Қайғылы қара», «Өттің дүние», «Дүние ғапыл», «Көкейкесті», «Домалатпай», «О дүние - ай», «Әттеген - ай» «Көкіл», «Қосбасарлар», болып, өткінші дүниенің өксікке толы өтпелі, жалған екенін, қамшының сабағындай адамзаттың қысқа ғұмырын, қоңыр домбыра қоңыр үнмен налаға толы өкінішпен жырлады.
Қоңыр домбыраның қос ішегінен қоңырлаған қоңыр үн «Қоңыр қаз» болып қаңқылдады, «Аққу», «Сыңар Аққу» болып сұңқылдады, «Қыран бүркіт» «Тау құдірет» болып саңқылдады, «Бұлбұл» болып сайрады. Алысқа бармай – ақ, заманы жақын; Байжігіт, Бейсенбі, Боғда, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Тәттімбет, Ерғалы, Еспай, Әлікей, Сүгір, Қазанғап, Түркеш, Абыл, Әшімтайлар ұланғайыр өлкеміздің апайтөс алыптары. Осы алыптар, күй өнерінің «Әлемдік» деңгейге көтерілгенін білсе ғой, шіркін! Қоңыр әуеннің бар қасиет- қадірін мөлдіретіп отырып, сол қалпында жеткізген майталман күйшілерімізден айналып кетсек болар ма!
Талғампаз тыңдарман мен көрермен, күй өнерін жоғары бағалады деп білеміз. Келешек ұрпаққа өнердің бай мұрасы күй өнерін адал, таза күйінде табыстаған жөн.
Қазіргі сапырлыса қайнаған өзгерістер, дәстүрлі мәдениетіміздің бұл саласына кері әсерін тигізбей, күй мұрасы ары қарай жалғасын табады деп сенеміз.
Өскелең ұрпақ үшін, өнегелі де ардақты істің басы қасында жүру, біз үшін құрметті де қасиетті, мәртебелі іс, асыл парыз!