Үй тапсырмасын сұрау Қызығушылықты ояту | М. Дулатов шығармашылығының ең бір биік белесі – прозадағы шоқтығы биік жанр-роман жазуы. ХІХ ғасырдың екінші жартысында және ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінде прозаның шағын жанрлары новелла, хикая әңгімелер туып, дами бастады. Ал, осы саладағы көлемді туынды алғаш Міржақыптың қарымды қаламынан қанат қақты. Ол 1910 жыл Қазанда басылып шыққан «Бақытсыз Жамал» романы еді. Өз кезегінде Міржақып замандастары – зиялылар, ақын-жазушылар, сыншылар А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, К. Кемеңгеров, С. Сәдуақасов романды Әр қилы бағалағанымен, оның қазақ прозасындағы көлемді шығарма ретіндегі тұңғыштығына, ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының табысы болып саналатындығына еш шек келтірмеген. Ендеше «Бақытсыз Жамал» – бүгінгі күнде қазақ әдебиетінде жетекші жанрға айналған роман жанрына тұңғыш түрен салған шығарма. А. Байтұрсынов 1914 жылы «Арысұлы» деген бүркеншік есіммен жазған «Роман не нәрсе?» деген мақаласында Міржақыптың «Бақытсыз Жамалы» туралы «Қазақта бұрын роман жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман жазып шығарған Міржақып Дулатов болды. Оның «Бақытсыз Жамал» деген романы 1910 жылы басылып жарыққа шықты…» – десе, С. Сәдуақасов: «Меніңше, Міржақыптың «Бақытсыз Жамалы» да ескермеген ескі мұраның бірі. Бақытсыз Жамал – сүйгеніне тие алмаған қазақ қыздарының бірі. Оны бақытсыз еткен – малына сенген таз Жұман…», – деп, романға замананың көкейкесті мәселесі арқау болып, өз кезеңіндегі ірі шығарманың бірі болғандығын нақты айтады. |
Мағынаны тану | М. Дулатов роман желісіне қазақ өміріндегі ең бір әлеуметтік мәні зор мәселе – әйел теңсіздігін арқау еткен. ХХ ғасыр басындағы қазақ қыздарының теңдікке ұмтылуының әдебиетіміздегі маңдай алды тақырып болып табылуы тек қана әйел тағдыры емес, рухани теңдікке, бостандыққа ұмтылған қазақ ұлтының күрескерлік болмысын танытумен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда «Бақытсыз Жамал» азаттық идеясын басты ұстанымға айналдырған роман болып табылады. Сондықтанда, қазақтың алғашқы романында Жамал тағдыры жалаң алынбай, қазақ өмірінің сан қыры әлеуметтік мәселелерімен көмкеріле, сабақтастырыла суреттелген. Романда өз тұсындағы реалистік өмір шындығы молынан көрініс тауып, рухы биік, бостандық сүйгіш жандар бейнесі сомдалған. Романның бас кейіпкері – Жамал. Оның айналасын қоршаған қосалқы кейіпкерлер әкесі – жуас Сәрсенбай, шешесі – нәзік жанды, ақылды Шолпан, айттырған күйеуі «таз Жұман», дала шонжары, қатігез Байжан, сүйген жігіті Ғали. Романдағы Жамал мен Ғали – екеуі де елге сүйкімді, бір-бірін тең тұтып, сүйіп қосылмақ болған жандар. Жамалды алып қашқан Ғали қаладағы саудагер татар қайырымды Патухулланы паналайды. Сенгенінен сенімді тірек көре алмай Ғали Жамалмен алыстағы нағашысына кетеді, сонда кенеттен ауырып өледі. Ғашығын жоғалтқан, панасыз қалған Жамал айналып келіп айттырған күйеуінің азабына түседі. Мың сан азап тартып, еріксіз қосылған күйеуінен тепкі көрген Жамал берік шешімге келіп, қыстың боранды күнінде қашып шығады. Езгіде өткен өмірден гөрі не еркіндікке жетуді, не өлімді жөн көреді. Қалың боранда адасып, қарлы далада үсіп өледі. Романға арқау болған оқиғалар желісі осындай. |