Просмотр содержимого документа
«Абай шығармашылығын оқытудың әдіс-тәсілдері»
Абдрахман Айгерим
«Негізгі орта білім мамандығының»
4НОБ-6 тобының студенті
Жетекшісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
Нұржан Гүлжанат Түйебайқызы
Абай Құнанбаевтың шығармашылығын
орта мектепте оқыту әдістері
Абай Құнанбаев шығармаларын оқыту мектепте әдебиетті оқыту принциптерімен тығыз байланысты. Абай шығармалары сөз өнерінің биік үлгісі ретінде әдебиетті оқытудың мақсат-мүддесіне толық жауап береді. Мектепте оқытылатын пәндер қатарында әдебиеттің де пән ретіндегі оқытылу мақсаты оқушының білім алуына, білік дағдысын, таным, түсінігін қалыптастыруға, тәрбиелуге бағытталады. Әдебиет басқа оқу пәндері сияқты осы мақсат, міндеттерді арқалай отырып, басқа қырларымен де ерекшеленеді. Ол – әдебиеттің қоғамдық сана тудырған көркем өнердің бір саласы ретіндегі айырмашылығы. Әдебиет – адамтану, әлемтану ғылымы.
Әдебиет адам табиғатының алуан сипаттарын, сондай-ақ өмірдің қат-қабат құбылыстарын сұрыптап бере отырып, қоршаған ортаны, болмысты дұрыс қабылдауға жағдай жасайды, адамның логикалық ойлауын жетілдіріп, сана-сезіміне әсер етеді. Жинақталған көркем образдар арқылы адамгершіліктің биік үлгісін танытады.
Көркем әдебиетті мектеп қабырғасында оқыту көптеген маңызды мәселелерге баса назар аударуды қажет етеді. Мектептерде басқа пәндердің қатарында әдебиеттің оқытылуында да білім деңгейін берілген материалдың көлемімен өлшеу, тек ақпарат құралына айналдыру жағы жиі аңғарылады. Белгілі бір мәтінді, өлеңді оқытуда оқушы автор туралы не біледі, шығарма мазмұны не туралы дегенмен шектелушілік басым.
Ал оқушының сол мазмұнды қабылдауы қандай болды, қандай әсер- күй қалыптасты немесе оқушы өз тарапынан шығарманың ішкі мазмұнын қабылдай алды ма, сол шығармаға баға беруге талаптана ала ма деген мәселелер көмескі қала береді.
Оқушы оқылатын шығарманы дайын күйінде басқа авторлардың берген бағасы, түсіндіруі арқылы ұғынбай, өздігінен түсінетін, мұғалімнің жүргізетін жұмысы барысында талдай алатын, қорытынды жасай алатын дәрежеге жеткізу, оқушыға шығармашылық жағдай жасау, еркіндік беру әдебиетті оқытудағы басты міндет болса керек.
Абайдың жыл мезгіліне арналған өлеңдерінде жыл мезгілдеріне тән белгілерді суреттеп, табиғат көрінісін елестете отырып, әлеуметтік жағдайды көрсету, соны айқындау ниеті басым жатыр. Автордың қай сөзінің қатыңқы да, шытынап шығуы, қаһарлы қысқа, не суық күзге ызаланудан гөрі жыртық-тесік, кем-кетік, жұпыны өмірге, ондағы бейқамдыққа, қырсыздыққа ызалануы көбірек көрініп тұрады. Оған қоса ақынның ызалануында сол жыртық-тесік, жамау-жасқаумен жүргендер мен бүрсеңдеген балаларға жаны ашу, аяу белгісі де байқалады.
Күз туралы көңілсіздеу ой мен ақын суреттеуіндегі көрініс көз алдыңа екінші бір сиықсыз көріністі алып келеді. Ол – жыртық киім, жамау-жасқаумен жүрген ауыл әйелдері, бәрінің қабағы жабырқаңқы, бүрсеңдеген бала, от жақпаған, суықтан құты қашқан үй.
Бұл көрініс біріншіден, автордың оларға деген аянышы мен жан ашуын туғызып, екіншіден, одан туған көңіл-күйдің кейіске айналғаны байқалады. Берілген эмпатиялық әңгіме-сұхбат арқылы ақынның осы көңіл-күйін оқушыға сезіндіру мақсаты көзделуі керек.
Олай болса, орта буын сыныптарда Абай шығармаларын оқытуда басшылыққа алар бірден-бір тиімді әдіс-тәсіл сабақты эмпатиялық диалогқа негіздей құру. Бұл тектес әдіс-тәсілді аталған 5-8 сыныптарға лайықтау да негізсіз емес.
Өмірде жай суретші аңғара қоймайтын сәл нәрселерді Абай аңғарып көре білген. Сондықтан оның өлеңдері – шындық бейнесі болып шығады. Абай «Күз» өлеңінде жыл мезгілінің бір кезеңі – табиғат көрінісін суреттеуде қазақ халқының бұрынғы өміріне тән адамдардың іс-әрекеті мен күнделікті тұрмысында бар болмысты екі-үш сөз тіркестерімен нақ шындықтың бетін ашып көрсетеді.
Мәселен, «иін илеу», «кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң», «енесіне иіртіп шуда жібін» сияқты сөз тіркестері жай ғана сыртқы көріністі сөз еткенімен, әр қайсысында көп мағына жатыр.
Өмірде не бір айтулы оқиға, қандай болмасын бір қажеттілігімен өзіне әлем ынтасын аударған үлкен істің тындырылуы немесе қандай да бір үлкеннің әуелі бір кішкентай бір болымсыздан, тіпті бір елеусізден басталғанын көптің талай рет естіп, білгені бар. Сол сияқты, өмірде жай ғана бір кішкентай нәрсенің телегей теңіз үлкен, даңқы әлемге әйгілі ұлылық туғызар бастау болатындығы да кездеседі.
Кейде тұтас тұрған үлкен мәтіннің өзіне жаңаша көзқарас жасағанда, оның сәл ғана бір бөлігі үлкен бір тұтастықтың тиегі екендігін байқатады. Абайдың ерекшелігі осы айтылғандай оңай аңғарыла бермейтінді аңғарып көре алатындығында және бір үлкен тұтастықты тиек етіп көрсете алатындығында.
Өз заманының суретшісі, ақын Абай сол кездегі халық тағдырына, олардың ауыр халіне қабырғасы қайысады. Елдің жүдеу тұрмысы, әлеуметтік жағдайы ақын шығармаларында ерекше көңіл-күйімен суреттеледі.
Абай жыл мезгілдерін суреттеген өлеңдерінде обьектив жағдай мен субьектив жағдайды тұтастыра айтып, ондағы құбылысты, әлеуметтік жәйіт пен дүниенің, табиғат болмысының көрінісін қосып, біріктіре суреттейді. Сол арқылы өз жан дүниесінің тебіренісі мен толғанысын көрсетеді. Осындай ақын толғанысын сезіндіруде оқушы мен мұғалімнің қатар әрекет етуі – эмпатикалық диалог құруы шығарма құндылығын асыра түседі.
Мәселен, Абайдың «Күз», «Қыс» сияқты өлеңдерін оқығанда, бастауыш сыныптардағыдай жыл мезгілдерінің әр түрлі белгілерін, табиғат көріністерін айту үстірт түсінік тудырмаса керек. Абайдың өзі табиғат көрінісі және жер бетіндегі тіршілік атаулының (адам, өсімдік, оның әлеуметтік халі т.б) бәрін де тұтастық қалпында сипаттап тұр. Ол тұтастықты даралап ыдыратқанда әрбір жеке ғылым саласының үлесінен (өсімдіктану, жаратылыстану, тәнтану, әлеуметтану, саясаттану, география, тарих, сурет т.б.) екені байқалады.
Сондықтан кейбір материалдың мазмұнындағы бірден көзге түсетін бөлікті екінші пәннің үлесіндегі жеңіл бір ұғым, мазмұнмен байланыстырып, интеграциялық сабақ өткіздім деу қисынсыздау болады. Бұл түрдегі байланыстың іске асырылуы мұғалімнен үлкен міндет пен жауапкершілік, сабаққа мүлтіксіз дайындықпен келуді талап етеді.
Мектепте оқылатын оқу пәндеріндегі бай мазмұнмен оның күрделі құрылысы оқу ісінің аса жауапты, қат-қабат қиын екенін көрсетеді. Сондықтан да мұғалімнің мамандық дайындығының жан-жақты, биік дәрежелі болуы өте қажет.
Абай шығармаларының табиғаты кешегіні айта отырып, бүгінгі күннің барысына жөн сілтейді. Кешегі айтылған Абай сөзі бүгін өз құнын жоғалтпақ түгіл, ол құндылық пен оған деген мұқтаждықты еселеп арттырғандай болады. Сондықтан да бұл жердегі интеграциялық байланыс мұғалімнің білімдік-әдістемелік дайындығын қалайды.
Абай өлеңдерінің терең мазмұнына бойлау үшін сабақты интеграциялық байланыста жүргізу бірден-бір тиімді әдіс болып табылады.
Мәселен, «Интернатта оқып жүр» өлеңін оқытқанда оқушылардың 5 сыныпта оқыған «Интернат наны» (Ш. Мұртаза) мәтінімен байланыстыру арқылы кең ұғым беруге болады. Осы тұста тарихи жағдай ықпалын да сөз ету керек. Әсіресе, Абай өлеңдерін оқытқанда, тарихи жағдайға соқпай өтуге болмайды.
Ақын өлеңдері өз заманының шындығын бейнелейді. Оны жалаң күйде бүгінгі ұғым, түсінікпен айту өлеңнің ішкі мазмұнын жоғалтады. «Интерната оқып жүр» өлеңіндегі «Ойында жоқ олардың шариғатқа шаласы»» – деген жолдар Абай заманындағы ел арасының бүліншілігінен хабар береді. Сол тұстағы білім алудағы тар ұғым, түсініктің қалыптасқанын аңғартады.
Оқудағы мақсат арыз, шағым жаздыру, сот ісінде бедел көтеру, біреуден есе қайтару дегендерге саяды. Мұның өзі отаршылдық алып келген саясат салдарынан қазақ елінің ішкі жағдайының өзгеруін көрсететінін ашып айту керек.
Абай білім алудың мақсаты бұлардан әлдеқайда жоғары екендігін айтатынын ұғындыра отырып, әңгімені бүгінгі жағдайға бұрған орынды.
«Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы» – деген сөз бүгінгі қоғам құрылысы бір түрден екінші түрге ауысып, жер жүзінде идеялық түсініктерге өзгеріс еніп жатқанда халық көріп отырған қиындықты жеңу жолы – ел арасының бірлігі деген ұғымды биіктету және ел бірлігі деген түпкі тек сонау түркі қағанаты болып құрылғаннан бері келе жатқан мызғымас тұрақты ұғым екендігін ұрпақ көзқарасы мен дүниетанымына негіз етіп қолдану керек. Ол үшін өлеңнің негізгі ой-түйіні ретінде көрінетін тұсын анықтап, ол бойынша түрлі-түрлі жұмыстар жүргізу қажет.
Абай Құнанбаев шығармаларын оқыту бастауыш сыныптардан басталып, орта буында, жоғары сыныптарда түгел қамтылады. Абай шығармаларын төменгі сыныптарда немесе орта буынның 5, 6 – сыныптарында оқытқанда, оқушылардың ассоциациялық ойлауы мен қиялын дамытатын әдіс-тәсілдер пайдалану орынды деп есептейміз.
Мысалы, Абайдың табиғат лирикасынан «Күз» өлеңін оқытқанда мына тектес сұрақтар беруге болады.
1. Күз сөзі көз алдымызға қандай көріністерді елестетеді?
2. Күз сендерге қандай сезім-күй туғызады?
3. Күз қандай түсті елестетеді?
Сұрақ, тапсырмаларға берілген жауаптарды жинақтап, оқушылардың дәптерлеріне немесе тақтаға еркін жазу, яғни оқушы жауаптары бойынша жүйесіз жазып шығу керек. Жинақталған «ым» – түсініктерден оқушы өз ассоциациясындағыларын бөлек теріп жинақтайды, оларды топтастырып шығуға болады.
«Қыс» мезгілін оқытар алдында берілген сұрақтарға «қар», «қырау», «аяз», «үскірік», «шаңғы теуіп жүрген балалар», «сырғанақ», «аяз ата», «шыршаны жағалай айналған балалар», «жаңа жыл», «қатып жатқан сулар, өзендер», «қар үстіндегі адам іздері» алуға болады. Қысты оқушылардың барлығы бірдей ақ түсті табиғи деп таниды.
Көктем белгілеріне қатысты қойылған сұрақтарға «қар ериді», «жаңбыр», «үйлердің шатырына қатқан мұздардың еріп, тамшылап тұрғаны», «8 – наурыз», «құстар жылы жақтан оралғаны» «ағаштар гүлдейді», «жан-жануар ояна бастағаны», «дән егіп жатқан диқаншы» сияқты жауаптар қайырады. Оқушылар көктемді әр түрлі түспен елестетеді. Бір оқушы жасыл түсті, біреуі қызыл қызғалдақ түсін елестетеді. Мұндай жұмыс түрлерін ұйымдастырудағы басты мақсат оқылатын шығарманы дұрыс, өз дәрежесінде қабылдауға жағдай туғызу, оқушы қиялын ұштау болып табылады.
«Күз» өлеңінде Абай бұлттың түсін неліктен басқаша қолданбай, (қара бұлт, ақ бұлт, ақша бұлт, т.б) «сұр бұлт тіркесімен берген? немесе «дымқыл тұманның ерекшелігі қандай?» деген сұрақтар табиғат ерекшеліктерін тереңдей ұғуға әрі жете түсінуге жетектейді.
Білмеймін, тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрыңғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес, бала шулай, – деген жолдарға назар аударта оқыту оқушы ойын, ассоциациялық қиялын күз көріністерімен толықтырады, жаңа ұғым, түсініктерге, сезімге ойыстырады. Өлеңнің келесі жолдары сол ұғымдардың бояуын қанықтырып, өлеңнің әлеуметтік мәнін түсініп қабылдауға жол ашады. Оқушы санасында Абай бейнелеген күздің тұтас суреті орнығады.
Оқыту жұмысының нәтижелі болуы оқыту әдістерін үйлесімді етіп таңдап ала білуге байланысты. Себебі оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы – сабақ. Ал сабақтың мақсаты мұғалім мен оқушының ұжымдық, шығармашылық еңбегі, сондай-ақ сабақта оқыту мен тәрбиенің міндеттері, мақсаттары жүзеге асырылады, оқушылардың ой - өрісі кеңіп, қабілеті шыңдала түседі, өмірге деген көзқарасы қалыптасады.
Қорыта айтқанда, ұлы Абайдың лирикалық шығармаларын 5-8 сынып оқушыларына үйрету барысында ең қажетті сыналған әдістемелерді пайдаланып, оларды әрбір сабақта жаңалап, жетілдіріп отыру, әрбір тақырыпты өтуге творчестволықпен қатынас жасау бүгінгі күннің ең зәру мәселесі болып табылады. Себебі жастарымыздың дүние танымына, дүниеге көзқарасын қалыптасыруда, олардың заман дәрежесіндегі азамат болып өсуінде, биік интеллектуальдылыққа, «толық, кәміл инсан» болып жетілісуінде, олардың бойындағы эстетикалық талғамының ұштала түсуінде ұлы Абайдың шығармалары бірден бір рухани азық болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер
Каримов И. А Юксак маънавият енгилмас куч. Тошкент. 2008
Әділханов Т. Абай өлеңдерінің білімдік, тәрбиелік мәні. Қазақ тілі мен әдебиеті. 1994
Бадырақов Қ. Жоғары кластарда қазақ әдебиетінен тапсырмалар жүйесі. Алматы. 1987
Бейсенбаева А. Пәнаралық байланыс негізінде оқу процесін ұйымдастыру. Алматы. 1995
Бөкейханов Ә. Абай Құнанбаев. Абайды оқы, таңырқа. А. 1993
Есенжолова А. Абай шығармаларын оқытудың тиімді әдістемелері. Қазақ тілі мен әдебиеті. 1993 ж.