Просмотр содержимого документа
«Отбасы - басты құндылық»
Мақсаты: Оқушылардың бойында ата-анаға деген ерекше жылы сезім қалыптастыру, ата-ананың бала өміріндегі рөлін түсіндіру, ата-ананы құрметтей, сыйлай білуге тәрбиелеу.Ата-анасының берген жақсы тәрбиелерін нәтижелі етуге үйрету, қоғамға жат қылықтардан сақтандыру.
Көрнекілігі: ата-ана жайлы ұлағатты сөздер, мақал-мәтелдер, нақылдар.
Тәрбие сағатының барысы:
1. Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Ата-ана - әрбір адамның қайтып соғар қазығы. Оған деген сүйіспеншілік тек жүректен шығу қажет. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде ештеңе жоқ. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың ата-ана алдындағы парызын өтеуі "Ана сүтін ақтау" деп аталады.
"Әкеге бағыну - тәңірге бағыну" деп әкені одан бетер дәріптеген. Ендеше бүгінгі тәрбие сағатымызда адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі - баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік парызын бір сәтке де есінен шығармауына арналады.
2. А. Бақтыгерееваның "Ана жайында аңызы" мәнерлеп оқылады. ( Карина)
... Ананың кезі бар ма кекті болған.
Оқыста жүрек түсіп кетті қолдан.
Ұмтылса топырақта жатқан жүрек:
"Құлыным, байқасаңшы", - депті оған...
- Ата-ананың қандай қасиеті байқалады? Ата-ана тек аңызда ғана осындай ма? Өз ата-анаң туралы не айтар едің?
/ Оқушылардың пікірі /
3. Ой толғау.
А. "Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін" - дегенді қалай түсінесіңдер?
Ә. "Анаңды Меккеге үш рет апарып келсең де ана сүтін ақтай алмайсың" - дегенді қалай түсінесің?
Б. Ата-ананың ақысы немен өлшенеді?
В. "Ата-анаңа не қылсаң алдыңа сол келер" дегенді қалай түсінесің?
/ Оқушылар пікірін тыңдау /
4. Өлең жолдары оқылады. ( Иса)
О, ата-анам,
Таянышым, тірегім!
Бар бақытты бір басыңа тіледім.
Бізді жақсы болса екен деп қашанда,
Лүпілдейді сенің қамқор жүрегің.
( Амина)
Алдымен сүй, ардақта ата-анаңды,
Үлгілі ұрпақ атадан бата алады.
Бар жақсылық балаға бұл ғаламда,
Мейірімінен ананың жасалады.
Жырақ жүрген анасын ол сағынған,
Ата-анаға сәлем айтқан ән-жырдан.
Екеуінің қуанышты тілегі,
Әрқашан да бір арнадан табылған.
5. Ендігі кезекте ата-ана туралы ұлағатты сөздерге құлақ түрсек.
Аружан: Адам жеміске, ата-ана жеміс ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын жақсы қарап күткендей ата-ананы аялап бақса, армандары орындалады.
Жан: Ата-ананы сыйлау - сәби шағында олар өзіңді қалай бағып - қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялау керек.
Санжар: Ата-анасын ұмытқан бала - опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы.
6. Мұғалім:
Ата-анасына мейірімі жоқ, қадірлемейтін перзентті имансыз деп айтса да артық болмайды. "Ата-аналарыңа мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер" деген сөз бар.
Бірде бір жігіт пайғамбарымызға мынадай өтінішпен келіпті:
- Әкем қартайғанның салдарынан жайсыз болып кетті. Үйіме келіп, қолына не ілінсе соны алып кете береді, - депті. Мұны естіген Расулалла баланың әкесін өзінің құзырына шақыртты. Алдына келген қарияның үстіндегі киімі әбден тозған, өзі бейшара халге түскен екен.
- Ұлыңның сөзі рас па? - деп одан сұрайды. Ол:
- Иә, дұрыс. Мен ұлымды бақтым, қақтым, өсірдім. Азамат болсын деп жалғыз өзім тәрбиеледім. Анасы ерте дүние салған еді. Өзім жемегенді ұлыма жегіздім, өзім кимегенді ұлыма кигіздім. Қартайған кезімде бағады ғой деген зор үмітім де болған. Бірақ ұлым анасыз өскеннен бе, мейірім - шапағаты жоқ болып шықты. Маған қарайламайды, сондықтан өз күнімді өзім амалдап жүрмін. Ұлымның үйіне бара қалсам, қолыма ілінген затты ала кетемін. Ол затты сатып, ақшасына тамақ жеп күнелтемін. Бұл ісім дұрыс па, қате ме, білмеймін, - деп егіліп жылайды. Пайғамбарымыз ашуға булығып ұлына қарап:
- Тартқан дүниең, сатып алған заттарың, тіпті сенің өзің де әкеңнің жеке мүлкін дейсің! Егер тапқан табысың әкеңді бағуға жетпесе, әкең сенің өзіңді сатып жіберуге құқы бар. Сен тапқан табысыңды өзімнің ғана мүлкім деп, бұған басқаның қатысы жоқ деп ойлама! Барлық дүниеңе әкең ие! - деп қатты айтады. Халық даналығында: "Әке-шешең жынды болса, байлап бақ" демей ме? Пайғамбардан: "Ең алдымен жақсылықты кімге істейміз?" - дегенде, ол:
- Анаңа! - деді.
- Одан кейін ше?
- Анаңа!
- Ал одан кейін ше?
- Анаңа!
- Ал одан кейін ше?
- Әкеңе!
/ Оқушылардың пікірі /
7. Енді осы тақырыптағы мақал-мәтелдерге кезек берейік.
Рамазан: Бала тәрбиесі - бесіктен.
Алина: Баланың жақсысы - қызық, жаманы - күйік.
Жан: Әке көрген оқ жонар,
Шеше көрген тон пішер.
Айару: Атадан жақсы ұл туса,
Елінің қамын жейді,
Атадан жаман ұл туса,
Елінің малын жейді.
Мұғалімнің қорытынды сөзі: - Сонымен балалар, біз бүгін сендермен бірге үлкен тақырып аясында ой бөлістік. Білмегендерімізді бір-бірімізден үйреніп білдік. Ата-ана ардақтау хақында айтылған хадистерді оқып, талдадық. Осының барлығы ата-аналардың арқасы. Ол үшін алдымен ата-анамызды ардақтап, құрметтеп, сыйлау біздің басты міндетіміз екенін ұмытпайық.