Көрнекілігі: интербелсенді тақта, үлестірме карточкалар, бағалау үшін бағдаршам көздерінің түстері. Қажетті құрал-жабдықтар: альбом, түрлі-түсті қарындаштар, акварель, плакаттар.
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру бөлімі Оқушылармен амандасу, түгелдеу, сынып оқушыларының сабаққа дайындығын қадағалау, карточкалар суыру арқылы топқа бөлу. ІІ. Үй тапсырмасын тексеру А) «Кластер» әдісі (әр топқа А4 ақ беттер үйлестіріліп беріледі. Суретшілер шығармаларына талдау жасау бағытында топ оқушылары өз ойларын ақ бет қағазға жазып,бір-бірлеп тақтаға жабыстырады.) Бұл кезеңнің бағалау критерийі: бағдаршам көздерінің түстері. «Қызыл түс»- өте жақсы «5», «Жасыл» - жақсы «4», «Сары түс» - орташа «3».
Қолдарындағы түстер арқылы екі топ бір-бірінің жұмысын бағалайды.
ІІІ. Жаңа материалды меңгерту.( жаңа тақырып аясында сұрақтар қою арқылы,оқушыларды өз беттерінше жұмыстандыру, жаңа сабақты меңгерту және қорытындылау.)
Қазақ суретшілерінің алғашқыларының бірі ағартушы, этнограф, фольклортанушы, саяхатшы – Шоқан Уәлиханов. Ол туған елінің табиғаты, көне ескерткіштер, тұрмыстық заттар, костюм, портрет сияқты көптеген тақырыпта сурет салумен айналысқан. Шоқан салған суреттер оның ғылыми еңбектеріне байланысты этнографиялық сипатқа ие болғандықтан, оларды түгелдей кәсіптік өнерге жатқызбайды.
Қазақстанның реалистік бейнелеу өнері Н.Г.Хлудовтың (1850-1935) есімімен байланысты. Қазақстанға 1877 жылы келген ол географиялық экспедицияға қатысып, бірнеше акварель және кескіндеме полотноларын жасады. Ұлттық колориты мен этнографиялық ерекшелігінің арқасында Хлудов шығармалары көркемдік құндылыққа ие болды. Ол Қазақстанның таулы табиғатын, қазақтардың тұрмыс-тіршілігіндегі ерекшеліктерді шебер қолдана білді.
1929 жылы Түрксіб құрылысынан Алматыға жас суретші Ә.Қастеев оқуға келді. Оның әкелген суреттерінен темірқанат талаптың болашағы зор екендігі көрінді. Осы кезде қондырғылы өнер жасауға Ә. Сәрсенбаев, Ә. Ысмайылов, соңынан ағайынды Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтар араласты. Бұл алғашқы ұлттық суретшілердің пайда болуы қазақ халқының шығармашылық күш-қайратының оянуын көрсетті.
Ә. Қастеев, Н.Крутильников, Е.Сидоркин, Ш.Кенжебаев, С.Мәмбеев, Қ.Телжанов, М.Кенбаев, М.Лизогуб және басқа суретшілердің кескіндемелік жұмыстары қазақтың кең даласында болып жатқан өзгерістерді шынайы көрсетті.
Кескіндеме өнерінің шебері Қанапия Телжанов өзінің жанрлық шығармаларында күнделікті өмірдегі тіршілік мазмұнын асқан шеберлікпен,өзіндік қолтаңбамен бере білген. Сонымен қатар оның тарихы тақырыптарға арналған « Атамекен», «Бастау» атты туындылары көпшілік көңілінен шықты.
Дарынды суретшілердің бірі – Ағымсалы Дүзелхановтың қылқаламынан туған «Түркістан», «Алты сарбаз», «Наурыз», «Сақтар» және т.б шығармалары бар. А.Дүзелханов балалар кітабын көркемдеу ісіне көп еңбек сіңірді.
Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы-ТМД аумағындағы ең ірі мұражайлардың бірі.Мұнда баға жетпес рухани қазыналар сақталған. 1935 жылы көрме негізінде Т.Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясы құрылған еді.Бастапқыда галереяда небары 43 картина болды. 1936 жылы Мәскеу мен Ленинград мұражайларынан 200-ге жуық картина әкелінді. Ал 1937 жылы көпшілік көрерменге галерея есігі айқара ашылды. Мұражай қорын толықтыру 1950 жылдары кең құлаш жайып, Қазақстан суретшілері, мүсіншілері, графиктері мен кескіндемешілерінің ең таңдаулы шығармалары жинақталды. 1976 жыл Қазақ қолөнер мұражайымен біріктіріліп, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік өнер мұражайы деген атқа ие болды. Көп кешікпей мұражайға Ә.Қастеевтің есімі берелді.
Б) «Бағдаршам» әдісі ( әр топ берілген сұрақтарға жауаптарын айтып, қарсы топ толықтырып, сұрақтар қояды. Топ өз жобасын ортада қорғайды. Келесі топ түстер арқылы бағалайды.) Бұл кезеңнің бағалау критерийі: «Қызыл түс»- түсінікті «Жасыл» - аздап түсінікті «Көк түс» - түсініксіз Қолдарындағы түстер арқылы топтың жұмысын бағалайды. Әр топтың оқушысынан кім жобаны қорғауға қатынасты сол оқушы топтың алған бағасымен сәйкес өз тұсына стикер жапсырады.)
Сергіту сәті: «Түстер»
Үй тапсырмасы: Қазақ суретшілері туралы мәлімет жинау. ІV. Машықтық кезең (сыныпта орындалатын жұмыс) 2-аялдама тапсырмасы: Пейзаж жанрына елестетіп сурет салу
Топ жұмыстарын қорғайды. Салынған жұмыстарына байланысты ұсыныстар айтады. «Бағдаршам» әдісі бойынша бірін-бірі бағалайды. V. Қорытынды Тірек сызбасы арқылы жаңа тақырыпты қорытындылау.