Дүниені көзбен көріп, түйсіну негізінде бейнелейтін пластикалық өнердің бір саласы – бейнелеу өнері. Бейнелеу өнеріне негізінен кескіндеме мүсін, графика жатады. Бейнелеу өнерінің белгілері архитектура, безендіру және қолданбалы өнерде көрініс табуы мүмкін. Сондықтан шартты түрде оларды да бейнелеу өнері қатарына жатқызады. Бейнелеу өнері дүниені байқау, бақылау, көру нәтижесінде оның көркем бейнесін жасайды. Әр ғасыр, дәуір, кезеңде пайда болған бейнелеу өнерінің туындылары өзіндік бейнелеу жүйесі мен көркемдік үндесудің түрлі типтерін құрайды. Бұл өнер танымдық, құндылық және қарым-қатынастық қызметімен де ерекшеленеді. Уақыттық даму процесі басқа өнер түрлеріне (әдебиет, музыка, театр, кино) қарағанда бейнелеу өнерінде шектеулі, ол негізінен кеңістіктік ауқымымен ерекшеленеді.
Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Просмотр содержимого документа
«Бейнелеу өнері туралы түсінік»
Дүниені көзбен көріп, түйсіну негізінде бейнелейтін пластикалық өнердің бір саласы – бейнелеу өнері. Бейнелеу өнеріне негізінен кескіндеме мүсін, графика жатады. Бейнелеу өнерінің белгілері архитектура, безендіру және қолданбалы өнерде көрініс табуы мүмкін. Сондықтан шартты түрде оларды да бейнелеу өнері қатарына жатқызады. Бейнелеу өнері дүниені байқау, бақылау, көру нәтижесінде оның көркем бейнесін жасайды. Әр ғасыр, дәуір, кезеңде пайда болған бейнелеу өнерінің туындылары өзіндік бейнелеу жүйесі мен көркемдік үндесудің түрлі типтерін құрайды. Бұл өнер танымдық, құндылық және қарым-қатынастық қызметімен де ерекшеленеді. Уақыттық даму процесі басқа өнер түрлеріне (әдебиет, музыка, театр, кино) қарағанда бейнелеу өнерінде шектеулі, ол негізінен кеңістіктік ауқымымен ерекшеленеді. Суретші өз көзімен көріп, түйсінген шындығын сол сәттегі қалпымен көрсетуге ұмтылады. Өмір құбылыстары типтік жағынан таңдап алынып, заманның тірлік-тынысы жан-жақты көркемдік қуатпен беріледі. Бейнелеу өнерінің көркемдеу құралдарына сурет, түрлі түс, пластика, жарық пен көлеңке, композиция, ырғақ жатады. Шығармалар заттық материалдан дайындалатындықтан оған пәндік, заттық болмыс тән. Бейнелеу өнерінің әр жанры қоршаған әлемнің бейнесін түрліше береді: кескіндеме түрлі түрлі-түсті бояуды, графика түрлі сызықтардың қиылысуын, көлеңке мен жарықтың астасуын, мүсін пластикалық үш өлшемді (биіктік, ендік және аумақтық) пайдаланады. Бейнелеу өнерінің барлық жанрындағы шығармалары мазмұнына қарай монументальді-сәндік және қондырмалы болып екіге бөлінеді. Қондырмалы шығармалар негізінен музейлер, галереялар немесе үй интерьерлерін безендіріп, сол жерлерде орналасады. Монументальді кескіндеме ғимараттардың ішкі қабырғаларында, интерьерде және экстерьерде жазылады. Монументальді мүсін архит. кешендерде, қала көшелері мен алаңдарда, мекеме ғимараттарының қасбеті мен интерьерлерінде орналасады. Шығыс және батыс бейнелеу өнеріне тарихи даму процесі барысында қалыптасқан портрет, пейзаж, натюрморт сияқты жанрлар ортақ.
Бейнелеу өнері тарихы адамзат тарихымен қатар басталған. Көне дәуірден біздің заманымызға дейінгі жер бетінде болған небір өркениет пен мәдениеттің іздері осы өнер арқылы таңбаланып, бізге жеткен. Бейнелеу өнерінің даму жолы шартты түрде бірнеше кезеңге бөлінеді: алғашқы қауымдық өнер, ежелгі дәуір өнері, орта ғасыр өнері, қайта өркендеу дәуірі, жаңа дәуір өнері, қазіргі заманғы өнер. Жер шарының әр аймағындағы ежелгі адамдар тұрағынан Бейнелеу өнерінің алғашқы үлгілері табылған. [Альтамир (Испания), Ласко (Франция), Кимберли (Австралия) үңгірлері]. Қазақстан аумағындағы алғашқы қауымдық өнердің ірі-ірі кешенді түрлері Тамғалыда, Ертіс аңғарында, Орталық Қазақстанда сақталған.
Ежелгі дәуір өнерінің ірі орталығы — Алдыңғы Азиядағы Тигр мен Евфрат өзендерінің аралығы. Б.з.б. 3 — 1 мыңжылдықтарда мұнда шумерліктер мен аккадтықтар мәдениеті, кейінірек Бабыл, Миттани және Ассирия мемлекеттері мәдениеті өркендеді. Мүсін және кескіндеме туындыларымен көркемделген сарайлар мен ғибадатханалар маңызды рөл атқарады. Шумерліктер табынатын биік сатылы мұнара-зиккурат, “құдай үйі”, басқа да көптеген ескерткіштер дүниеге келді. Аккад патшалығы кезеңіндегі Бейнелеу өнерінің үздік үлгісі — 2 метрлік қызыл қыштан жасалған Нарамсин патшаның жеңіс тұғырындағы әскердің тауға көтеріліп бара жатқан сәті қозғалыс пен кеңістікте бейнеленген. Шумерлер мен аккадтықтар мәдениетін біріктірген Бабыл мәдениеті үлкен жетістіктерге жетті. Патша Хаммурапидің (б.з.б. 1792 — 50 ж.) заңдар жинағын оқып тұрған сәті ерекше көріністе бейнеленген. Патшаның құдаймен байланысы, патша билігінің жаратушының тікелей қолдауымен болып отырғанын символды түрде бейнелеп көрсеткен. Ассирия өнері барлық көнешығыстық мәдениеттердегідей дінмен өте тығыз байланыстылығына қарамастан мейлінше зайырлы сипатта болды. Ашшурбанипал патша (б.з.б. 668 — 26 ж.) тұсында кемелдікке жеткен рельефтер патшаның ерлік істерін, аңшылық салтанатының көріністерін бейнелеген суреттерден тұрады. Ашшурбанипалдың Ниневиядағы сарайындағы рельефтер көркемдік қуатымен, ықшамдылығымен, динамикалық ырғағымен, шиеленіскен драмалық мазмұнымен әлемдік Бейнелеу өнерінің үздік шығармалары қатарында саналады. Бабыл патшалығының өнері Вавилондағы Навуходоносор ІІ сарайларының зәулімдігі және сән-салтанатымен әйгілі. Онда атақты ассирия патшайымы Семирамида салдырған әйгілі “аспалы бақтар”, қабырғалары арыстандардың, жабайы бұқалардың, фантастикалық жануарлардың қаракөк фонға ашық ақ, сары түспен қашалған ғажайып суреттері бар әйгілі “Иштар қақпалары” болған. Бейнелеу өнері Ежелгі Мысырда да (б.з.б. 4-мыңжылдықтың соңы б.з.б. 341) қарқынды дамыды. Ол дінмен, құдай дәрежесінде дәріптелген перғауындарға табыну ғұрпымен өте тығыз байланысты болды.
Ежелгі Мысыр мәдениетінің классикалық, канондық үлгілері — адам тұлғасының тегістіктегі мүсіндері, монументальділігімен, сымбаттылығымен, зәулімділігімен таң қалдыратын Гизадағы пирамидалар, Карнак, Луксордағы ғибадатханалар кешені, т.б. Ежелгі Мысырдың Бейнелеу өнері әлемдік мәдениетке қосылған ірі үлес болып табылады. Эгей мәдениеті (б.з.б. 3000 — 1200 ж.) Жерорта т-нің шығыс бөлігінде, Эгей т-нің жағалаулары мен аралдарында өркендеді. Оның негізгі орталықтары Крит, Киклада аралдары, Микен, Пилос және Тиринф қ-лары болды. Крит-Микен мәдениетінің маңызды сәулет ескерткіші — әйгілі Кносс сарайы Б. ө-нің түрлі жанрын бойына тоғыстырған туынды. Бояуға бай, түрлі түсті суреттер фрескаларымен сарайлардың, қоғамдық ғимараттардың және үйлердің қабырғалары безендірілген. Кносс сарайының фрескалары арасынан криттіктердің шаруашылық өмірінде, діни және мифологиялық түсініктерінде маңызды рөл атқарған бұқаның бейнесі (“Акробаттар мен бұқа” фрескасы) ерекшеленеді. Сондай-ақ, оның тамаша фрескалары қатарында “Көгілдір киім киген әйелдер”, “Көк түсті дельфиндер мен түрлі-түсті балықтар”, “Абыз-балық”, т.б. бар. Микеннің қабырғаға салынған суреттері де криттік Б. ө-мен ұқсас. Бірақ онда схемашылдық, шарттылық басым. Ежелгі Грекияның Б. ө. Эгей мәдениетінің бай дәстүрлерін жалғастырды. Ол гомерлік кезең, ежелгі өнер кезеңі классика және эллинизм кезеңдері болып бөлінеді. Ежелгі Грекия мәдениеті өзінің даму кезеңін көне грек қала-полистерінің өркендеген кезінде, құлиеленушілік демократия дәуірінде (б.з.б. 5—4 ғ-ларда) басынан кешірді. Грек шеберлерінің шығармашылығы мифологиялық түсініктерге негізделеді. Олар сонымен қатар, болмыс шындығына, дүние-әлемнің үйлесімділігіне деген терең пайымдарға адамның тәни және рухани кемелденуі турасындағы идеяларымен де құнды. Әлемнің үйлесімділігінің өлшемі ретіндегі адам Ежелгі Грекиядағы Б. ө-нің барлық саласына ортақ сарын. Көне грек мәдениетінің гуманистік бастаулары түрлі дәуірлердегі Еуропа Б. ө-не өте ықпалды фактор ретінде әсер етті.
Ежелгі мүсін өнері, ең алдымен, қола статуэткаларымен, жалаңаш бозбалалар (куростар) мен ұзын киім киген сымбатты қыздардың (кор) мүсіндерімен танымал. Қышқұмыраларды безендіру өнері ерекше дамыды. Ежелгі өнерінің классикалық кезеңінде әлдеқайда шынайылыққа жақын образдар жасалды, адам мүсіні мен сымбатын сомдау жетіле түсті. Б. з. б. 5 ғ-дың 1-жартысындағы шеберлер ізденісін Мирон аяқтады. Оның “Афина мен Марсий”, “Дискобол” атты мүсіндері адам сымбатын аса кемел пластикалық күйде мүсіндеуімен, дене құрылысы мен оның әр қимыл ерекшеліктерін жетік білгендігімен ерекшеленеді. Жалпы адам бейнесін жасауға деген қызығушылық портрет жанрының дамуына ықпал етті. Кереғар болмыс қайшылықтары мен адамның идеалды, рухани және тәни әрекет-ұмтылыстарын мүсіншілер Скопас (“Менеда”, “Бозбаланың қабірі”), Пракситель (“Книдтық Афродитас”, “Демалыс кезіндегі қуақы”), Лисипп (“Апоксимен”, “Демалыс үстіндегі Гермес”), т.б. түрлі қырынан бейнеледі. Эллиндік кезең грек мәдениетінің таралу өрісінің кеңейуімен сипатталады. Бұл кезеңнің ең әйгілі туындылары — “Самофракийлік Нике”, “Пергам мехрабының фризі”, “Милостық Венера”, “Лаокоон”. Б. з. б. 1 ғ-дың соңынан бастау алатын Ежелгі Римнің Б. ө. — ежелгі заман мәдениетінің ірі ошақтарының бірі. Ол этрусс мәдениетінің негізінде қалыптасты. Этрусс мәдениетінің таңдаулы хрестоматиялық шығармалары қатарына өлген адамның мүсіні бейнеленген саркофак-құлыптастар, Римнің негізін қалаған Ромул мен Ремді асыраушы Капитолий қаншығының мүсіні жатады. Рим өнеріндегі жетекші орынды портрет жанры алды. Оның пайда болуы да жерлеу рәсімімен байланысты. Марқұмның бетбейнесін балауызға түсіріп, оны құдайлар мүсіндерімен бірге үйде сақтау салты портреттің және қайтыс болған адамның кескін-келбетін дәл көшірудің қатаң дәстүрінің қалыптасуына себепші болды. Әсіресе, әйгілі адамдардың дәлме-дәл жасалған портреттері сақталған (б.з.б. 1 ғ-дағы Августің статуясы, император Вителлийдің портреті, т.б.). Ежелгі Римдегі Б. ө-нің дамыған саласы қабырғаға аса нәзік шеберлікпен салынған мозаикалар (мыс., Александр Македонскийдің парсы патшасы Дариймен соғысы бейнеленген мозаика) болып табылады. Ежелгі дәуірдің Б. ө-нде Солт. Қара теңіз жағалауының мәдениеті, Урартумемлекетінің, Үндістанның, Қытайдың, Орталық Азия мемлекеттерінің мәдениеттері секілді ірі мәдениет ошақтары болды. Соғда, Бактрияның, кейін Ахемендерпатшалығының Б. ө. сақтардың “жануарлық стилінің” ықпалына ұшыраған жергілікті өнердің бірегей дәстүрлері мен Көне Шығыс өнерінің әдістерін ұштастырды. Грек-Бактрия патшалығы өнерінде эллиндік көркемдік қағидалардың жалғасын табуы байқалады. Сәулет, мүсін, бедерлеу өнері жетіле түсті. Б. ө-нің ғажайып ескерткіштері Үндістанда б.з.б. 4-мыңжылдықтан б.з.б. 5 ғ-ға дейін жасалды. Үндістан өнері көне дүниенің түрлі мәдениеттерімен тығыз байланысты болды. Одан, сондай-ақ, Орталық Азия мәдениетінің де ықпалы байқалады. Ежелгі Үндістан мәдениетінің орталығы Синдтағы Мохенджо-Даро мен Пенджабтағы Хараппа елді мекендері болды. Ойылып бейнеленген абыз бен еркін де ырғақты қимыл-қозғалыс үстіндегі биші қыз, үшкелбетті құдай, киелі саналған жануарлар — бұғы, буйвол, мүйізтұмсық, піл, т.б. мүсіндері жасалу шеберлігімен, пластикалылығымен, санқилылығымен ерекшеленеді. Үндістан мәдениетінің келесі кезеңі бүкіл Ганга жазығына билік жүргізген Магадха мемлекетінде өріс алды. Бұнда брахманизм идеологиясы үстемдік етіп тұрды. Үндістанның Б. ө-нде мыңжылдықтар бойына Брама (жаратушы), Вишну (қорғаушы), Шива (қиратушы) және Индра (патша билігін қолдаушы) бейнелері, түрлі рухтар мен данышпандардың мүсіндері тұрақты кейіпкерлерге айналды. Үндістан өнеріндегі бай, пластикалық, өмірлік күш-қуат пен динамикаға толы образдар Үндістанның мифтері мен аңыздары арқылы дүниенің сұлулығы мен адамға арналған мадақ ретінде қызмет етті. Үндістанда б.з.б. 3 ғ-да Ашок патша тұсында кең таралған буддизм мүсіндік рельефтермен безендірілген ғибадатханалардың, мемориалдық құрылыстардың салынуына себепші болды. Аса көрнекті де көркем ескерткіштер ансамблінің бірі — Аджанта ғибадатханалары. Вагхора өз-нің сұлу алқабындағы жартастардан қашалған Аджанта ғибадатханаларының (барлығы 29 үңгір) қасбеттері мүсіндермен безендірілген. Будданың сансыз көп мүсіндері қабырғалардың етегіне жағалай тізіліп, олардың арасы оюлармен және Будданың шәкірттері мен серіктерінің бейнелерімен бедерленген. Құжыралардың іші түгелдей монументальді ою-өрнектер мен жазбаларға толы. Аджанта сұңғаты мен мүсіндерінің сән-салтанаты қайран қалдырады.
Адамзат мәдениетінің ең бір ежелгі ошақтарының бірі — Ежелгі Қытай өнері (б.з.б. 3 ғ-ға дейін). Бұл дәуірдегі өнердің дамуы қалалардың пайда болуымен тығыз байланысты: ғибадатханалар, билеушілер сарайларының құрылысы, т.б. Ежелгі Қытай өнерінің өзіндік стилі рельеф пен өрнекті жазулармен қапталған рәсімдік ыдыстардағы бейнелерден көрініс тапқан. Аңдардың, құстардың қиял-ғажайып мақұлұқтардың бейнелері, қола ыдыстардағы оюлы өрнектер, алтын, малахит және фирузамен безендірілген қабырғалар, нефриттен ойылып жасалған заттар ақсүйектердің жерасты қабірлерінің ішіне асқан көрік берген. Қытай мәдениетінің маңызды кезеңі — б.з.б. 11 — 3 ғ-лардағы Чжоу дәуірі. Б.з.б. 1-мыңжылдықта пайда болған діни-филос. ілімдер — конфуцийлық пен даоизм Қытайдың кейінгі бүкіл мәдениетіне ықпал етті. Осы кезеңде қытай сәулет өнерінің қағидалары қалыптасты, аңшылықтың, егін орағының жанрлық көріністерінен тұратын ыдыстардың безендірілу үлгілері күрделене түсті, қытай Б. ө. үшін классикалық стиль болып табылатын орамаларға тушьпен сурет салу өнері қалыптасты. Ұлы Қытай қорғанының құрылысымен әйгіленетін Цинь дәуірінің (б.з.б. 221 — 207) өнері көне қытайлықтардың дүниенің құрылымы, әлемдегі елдер туралы түрліше түсініктерін бейнелейді. Оларда шынайы өмірлік бақылаудан туған пайымдаулар мен жүйрік қиял астасып жатыр.
Ортағасырлық Б. ө. деп, әдетте, Батыс және Орталық Еуропа елдері өнерінің ерте және кемелденген кезеңін, Византия мен Ежелгі Ресей өнерін (17 ғ-ға дейінгі) атайды. Ал Қытай, Жапония, Үндістан, Индонезия, Орталық Азия елдерінде өнердің ортағасырлық үлгісі әлдеқайда ұзағырақ сақталды (19 ғ-дың 2-жартысына дейін). Орта ғасырлардағы Б. ө-нің дамуында ұлттық ерекшелік ерекше рөл атқарды. Олар кейінен бірегей ұлттық көркемөнер мектептерінің қалыптасуына негіз болды. Бұл кезең өнерінің ортақ ерекшелігі оның дінмен байланысының күшеюі болды. Адам сезімдерінің, уайымы мен ойының күрделілігі Б. ө-нде діни идеялар, діни аңыздар мен хикаялардағы образдар, діни-этикалық нормалар арқылы көрініс тапты. Ортағасырлық батысқа да, шығысқа да руханилықтың заттық болмыстан биіктігін дәріптеу тән. Батыс Еуропа, Византия, Русь, Кавказ, Балканның ортағасырлық өнеріндегі рельефтер, фрескалар, мүсіндер, мозаикалар, шіркеу икондары — барлығы христиандық түсініктің күллі қағидалары мен аңыздарын (адамның жаратылуы, күнә жасауы, бүкіләлемдік су апаты, Ғайса пайғамбар тарихы, ақырзаман және қиямет қайым, т.б.) қамтыды. Оларға күнделікті тіршілік сарындары аралас бейнеленген. Тарихи сюжеттерге арналған миниатюра жанры дамыды. Бұл кезең өнеріне ашық бояулардың батыл қолданылуы, контур сызықтардың айқындығы, көбінесе алтынмен әрленген салтанатты фон тән.
Ортағасырлық Үндістан, Индонезия, Қытай, Камбоджа ғибадатханалары, Түркия мен Орта Шығыстың мешіттері еуропалық ғибадатханалардан кем түспейді. Айтылмыш кезеңде Месопатамия, Иран, Үндістан, Орта Азия, Әзірбайжан, Түркияда миниатюра жанры қарқынды дамыды, хұснихат жазу өнері шеберліктің биігіне жетті. Шығыстық миниатюраға нәзік те ашық бояу, ою-өрнектің әсемдігі, өмірлік тәжірибеден туған пайымдаулардың айқындылығы, терең діни-философиялық тұспалдау тән. Түрік миниатюрасының өзіндік стилін Сефи, Жәми, Нақши Ахмед, Мұстафа Шелеби секілді шеберлер қалыптастырды. Қолөнер түрлері — өрнекті кілемдер, мата тоқу, металдан жасалған ою-өрнекті бұйымдар жасау, қыш құю, ойылып, шекіліп өрнектелген қару-жарақтар жасау өнері қарқын алды. Шираз, Тебриз, Бағдат, Самарқан, т.б. орталықтарда миниатюраның бірегей мектептері пайда болды (12 — 15 ғ.). Орта Шығыс миниатюрасының даму шыңы Герат мектебінің өкілі К. Бехзадтың шығарм-нан көрініс тапты. Қиыршығыс Б. ө-ндегі тушьпен, акварельмен, гуашьпен жібек және қағаз орамаларға сурет салу өнері поэтикалылығымен, адам мен табиғатты бейнелеудегі байқампаздығымен, таңғаларлықтай нәзік бейнелеу әдіс-құралдарымен Қытайда, Кореяда, Жапонияда үлкен жетістіктерге жетті. Жапон өнерінің кемелдікке жеткен саласының бірі ағашқа гравюра салу — ксилография болды. Классикалық жапон гравюра өнерінің майталман шеберлері — Китагава Утамаро, Кацусика Хокусай, Андо Хиросигэ, Сидзуки Харунобу және басқалар. Қайта өркендеу — Ренессанс дәуірінің Б. ө. күрт, қуатты өрлеуімен, жаңалықтар спектрінің ауқымдылығымен, жанр түрлерінің, көрнекті шығарм. тұлғалардың молдығымен белгілі. Әлемдік Б. ө. тарихындағы бұл дәуір Батыс, Орталық және Шығыс Еуропаның көптеген елдерін қамтып, негізінде Ежелгі Грекияның мәдени мұраларына қайта назар аудару, оның гуманистік мұраттарын өзінше қайта жаңғырту үрдісі жатқан зайырлы сипатымен ерекшеленеді. Суретшілер, мүсіншілер, миниатюрашылар шабытының қайнары болған Б. ө-нің реалистік түрі, шынайы өмір бейнесі — Ренессанс дәуірінің негізгі ерекшелігі. Қайта өркендеу дәуірінің Б. ө-не адам мен әлемді терең тануға ұмтылу, адам ақыл-ойының күші мен мүмкіндіктеріне деген сенім тән. Жасампаздықтың, сұлулық пен шынайы болмыс үйлесімінің ұйтқысы ретіндегі адамның биік бейнесі, табиғаттың объективті заңдылықтарын меңгеру Қайта өркендеу өнеріне бөлекше мағына мен тұтастық дарытты. Еуропалық Қайта өркендеу өнерінің классикалық үлгісі Италия өнері болып табылады (13 — 16 ғ-лар). Ол ерте, жоғары және кейінгі Қайта өркендеу болып, үш кезеңге бөлінеді. Ерте Қайта өркендеуге тән ерекшелік — Б. ө-нің жергілікті флоренциялық, венециялық, умбрийлық, феррарлық, т.б. көркемсурет мектептері аясында дамуы. Оның ең көрнекті өкілдері — Мазаччо, Андреа дель Кастаньо, А. Мантенья, А. де Мессина, Фра Анжелико, Филиппо Липпи, Сандро Боттичелли және т.б. Жоғары Қайта өркендеу дәуірінің өнеріне адамды әлемнің үйлесімді құрылымның өлшемі санаған кемел классикалық, идеалды-асқақ бейнелердің сомдалуы тән.
Көрнекті суреткерлер шығарм. бұл кезең өнеріне ерекше кең тыныс, жан-жақтылық сипат береді. Леонардо да Винчидің картиналарындағы психологизм мен биязы да көтеріңкі леп, Микеланджело Буонаротти сомдаған бейнелердегі драматизм мен қаһармандық рух, Рафаэль де Санти туындыларындағы асқақ үйлесім, Джорджоне мен Тициан кескіндемелеріндегі нәзік сезімталдық және бояулар үндестігі — осыған дәлел. Кейінгі Қайта өркендеу дәуірінде Тициан, Микеланджело, Тинтореттолар шығарм. ізденістерін одан әрі дамыта түсті. Өнерде адам мен табиғат арасындағы күрделі байланыс пен қоғамдық қатынастарға терең мән, шиеленіскен драматизм жүктеу үрдісі күшейді. Солт. және Орт. Еуропа елдерінде Қайта өркендеу дәуірі хронологиялық жағынан ғана емес, сондай-ақ, түр, идеалық мазмұн тұрғысынан да бір-бірінен ерекшеленеді. Солтүстік Қайта Өркендеуі аталған Нидерланд, Германия, Франция Б. ө. готикамен туыстас белгілерімен, белгілі бір ортаның, адам және оның іс-әрекеті, еңбегі, өмір салтының нақты белгілеріне ден қоюымен ерекше. Франция мен Нидерландттың жаңа реалистік өнерінің бастаулары 14—15 ғ-лар шегінде Бургундияда пайда болды. Бұл кезеңнің белгілі туындылары — ағайынды Лимбургтардың миниатюралары. Неміс қайта өркендеуінің ірі шебері Альбрехт Дюрер (15—16 ғ-лар шегі) болып табылады. 15 ғ-дағы Нидерланд кескіндеме мектебі (мехрабтық картина, портреттер, миниатюра) солт.-еуропалық көркемсурет мектептері арасындағы ең бір ықпалдысы болды. Бұл мектептің ірі өкілдері — Я. ван Эйк, Хуго ван дер Гус, Рогир ван дер Вейден. 15 — 16 ғ-лар шегінде салынған сатиралық-ғақлиялық, символдың-мистикалық мазмұндағы Х. Босхтың картиналары белгілі. 17—18 ғ-ларда Еуропа Б. ө-нің даму процесі күрделенді. Францияда ( Ф. де ла Тур, Н. Пуссен, А. Ватто, Ж.Б. Шарден, Ж.О. Фрагонар), Италияда (М. Караваджо, Б. Тьеполо, Дж. Креспи, Ф. Тварди), Испанияда (Эль Греко, Д. Веласкес, Ф. Сурбаран, Б. Мурильо, Ф. Гойя), Фландрияда (П.П. Рубенс, Я. Йорданс, А. ван Дейк, Ф. Снейдерс), Голландияда (Ф. Хальс, Рембрандт, Я. Вермеер), Ұлыбританияда (Дж. Рейнольдс, Т. Гейнсборо, У. Хогарт), Ресейде (Ф.С. Рокотов, Д. Г. Левицкий, В. Л. Боровиковский) ұлттық мектептер қалыптаса бастады. Жанрлар жүйесі нақтыланды. Стильдік белгілері ортақ түрлі көркемдік жүйелер қалыптасты (тұйықталмаған, спиралды, композициялық, динамикалы барокко, қанық суретті, айқын сызықты классицизм, нәзік бояулы сұлу мүсінді, ойнақы табиғатты рококо). 19 ғ-да Америка мен Азия Б. ө-нің ұлттық мектептері қалыптаса бастады. Бұл аймақта реалистік тәжірибе жергілікті көне дәстүрлермен өріле дамып, ерекше өзіндік сипат алды (Үндістан, Жапон, Қытай). Сондай-ақ, еуропалық Б. ө-нің түрленіп дамуына қиыр шығыс елдері, Африка халықтарының алғашқы және көне дәуірдегі өнерлерінің ықпалы болды. Осы кезеңде Б. ө-нде академизм, натурализм, т.б. бағыттар пайда болды (Францияда — Т. Жерико, Э. Делакруа, Германияда — К. Д. Фридрих, Ресейде — О.Кипренский, С.Шедрин, К. Брюллов, А. Иванов). Барбизон мектебінің шеберлері ақиқат нәрсені көріп-тану арқылы өмірдің шынайы бейнесін беруге зейін қойды: (Ұлыбританияда Дж. Конетебл, Францияда О. Домье, Ресейде А.Г. Венецианов, П. Федотов). 19 ғ-да француз Б. ө-нде әлемнің табиғилығы мен өзгермелілігін бейнелеуге ұмтылған импрессионизм пайда болды (Э.Мане, К. Моне, О. Ренуар, К. Писсарро, А.Сислей, Э. Дега). 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-да түрлі реалистік және модерндік ағымдар пайда болып, Б. ө-нің даму процесі күрделі де қайшылықты арнаға түсті. Осы кезеңде өзінің қайталанбас шеберлігімен өнерге Ван Гог келді. Өнердің постимпрессионизм (П. Гоген, А. Дерен), фовизм (А. Матисс), кубизм (П. Пикассо, П. Сезанн, Ж. Брак), футуризм (У. Боччони, К. Малевич), дадаизм ( М. Дюшан, Ф. Пикабия, М. Эрност), сюрреализм (С. Дали), неопластицизм (П. Мондриан, Т. ван Дусбюрг), т.б. авангарттық бағыттары дамыды. 20 ғ-да адамның ішкі әлеміндегі күрделі өзгерістерді барлық қырынан көрсетуге ұмтылыс нәтижесінде түрлі бағыттағы мәңгілік туындылар дүниеге келді. 1910—13 ж. кубизм, экспрессионизм, футуризмнің тармақталуы нәтижесінде абстрактілі өнер (затсыздық) белең алды.
Б. ө-ндегі түрлі бағыттар негізінде “Стиль” және “Баухауз” тобы, Н.Габоның скульптуралық композициясы, О. Цадкин шығармалары, В. Е. Ташлин конструкциясы, америкалық абстракты экспроссионизм мектебі (Дж. Поллок, М. Тоби), ағылшын мүсіншісі Г. Мура, неміс хеппингін қалыптастырушы Г. Юккер, жапон абстракцияшы И. Ногуги, т.б. танымал болды.
20 ғ-дың 2-жартысы мен соңында Б. ө-нде концептуалдылық, кинотекалық өнер, перформанс өнері, трансаванград ағымы, т.б. пайда болды. Осындай түрлі бағыттар арнасында Д. Джадд, Дан Асаль — Рози, К. Андре, Д. Смит, А. Лоран, Э. Уорхолл, Христо, Д. Боровский, Я. Куосама, А. Кифер, Ф. Клементе, Нам Джун Пэйк және т.б. ірі өнер шеберлерінің шығармалары өмірге келді.
Көне дәуірден біздің заманымызға дейінгі кезеңде қалыптасқан Б. ө. — бай әлемдік көркем мәдениетінің аса арналы саласы. Көне дәуірден Еуроазия мәдениетінің дәстүрін сақтап қалған Қазақстанның Б. ө-нің әлемдік мәдениетте өзіндік орны бар. Қазақстанның Б. ө-нің қалыптасуы, даму үрдісі оның геосаяси жағдайына, қазақ халқының көшпелілік мәдениеті мен тарихи кезеңдердегі көркемдік гүлдену дәуірлерімен тікелей байланысты. Қазақстанның көне өнері бастауын палеолит және энеолит дәуірінен алады. Алғашқы қауымдық мәдениетке саздан жасалған ыдыстардағы суреттер, т.б. жатады. Қазақстандағы Б. ө-нің келесі даму кезеңі — қола дәуірі. Өзінің мифологиялық мазмұн-сюжеті, пластикалық өрнегі жағынан ерекше қуатымен көрінген кешенді таңбалы тастар — Тамғалы, Бұғы тас, жоғары Ертіс алқабы, Орталық Қазақстан ескерткіштері осыны айғақтайды. Сақ дәуірінен жеткен Б. ө-нің мұрасы да аса бай. Есік қорғанынан табылған сақ өнерінің кешеніндегі (б. з. б. 5 — 4, 4 — 3 ғ-лар) бүгінге дейін сақталып жеткен “Алтын адам” соның ең бір көрнекті үлгісі.
Қазақстанның орта ғасырлардағы өнері өзіндік өрнегімен ерекшеленеді. Бұл кезеңдегі өнер тәңіршілдікпен, түркілердің қуатты саясатымен, қалалардың салынып, сауда мен қолөнердің дамуымен үндесті. Балбал тастар мен құлыптастар да осы кезеңнің туындылары. Зергерлік өнер, тері илеу, қыш құю, тоқыма өнері дамыды. Қазақ халқының көркемдік ойлау жүйесі мен бейнелеу тілінің байлығы ою-өрнек өнерінде, белгі, таңба жүйесінде айқын ізін қалдырған. Адам мен табиғатты тұтас бірлікте қарастыратын қазақтың дәстүрлі дүниетанымы мен өнері киіз үйдің құрылысынан өз көрінісін тапқан. 18 — 19 ғ-лар мен 20 ғ-дың басында қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын Еуропа және орыс ориенталистері өз туындыларында (Т. Аткинсон, Б. Залесский, А. Горонович, В. Штернберг, Т. Шевченко, П. Кузнецов, Г. Хлудов) қызығушылықпен бейнеледі. Қазақтың дарынды ұлдарының бірі Ш. Уәлихановтың суреттері 19 ғ-дың 2-жартысындағы графикалық туындылардың Қазақстандағы алғашқы құнды үлгілері болып саналады. 20 ғ-дың басында Қазақстанда кәсіби кескіндеме, мүсін, графика жанрлары қалыптаса бастады. Оның негізін қалаушылар — Ә. Қастеев, Ә.Ысмайылов, Х.Наурызбаев, т.б. Ұлттық кәсіби Б. ө. алғаш еуропалық көркемдік дәстүр арнасында дамығанмен, кейіннен ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүр негізінде өзіндік стильмен даралана бастады. Айқын ұлттық қолтаңбасымен көрінген С.Мәмбеев, М.Кенбаев, Қ.Телжанов, С.Айтбаев, Т.Тоғысбаев, Ш.Сариев сияқты дарынды өнер шеберлерінің үлкен шоғыры қалыптасты. Халық өмірінің барлық қырын қамтыған қазақ Б. ө. — қазіргі таңда ірі өнер саласына айналған. 20 ғ-дың соңы ұлттық таным, төл тарих пен мәдениет тарапындағы ізденістер қарқынды дамып, қазақ өнерінің жетіліп, ұлттық көркем бағыттар, түрлі ағымдар, даралық стильдер туған кезең болды. Бұл бағытта Е.Мергенов, Е. Төлепбай, А. Ақанаев, А. Сыдыхан, Т.Маданов, А. Есенбаев, А. Есдулетов, т.б. жемісті еңбек етті. Қазіргі кезеңде қазақ Б. ө. мәдени ескерткіштер, халық тарихының бастаулары, ұлттық ерекшелік, т.б. құндылықтарға ден қою, тың ізденістерге бару.[1]