Просмотр содержимого документа
«?асырлар ?ойнауынан келген жыр»
«Қазақ хандығының 550 жылдығы – жастардың рухани байлығы» атты аудандық тарих пән мұғалімдері арасындағы эссе байқауына
«М.Маметова атындағы орта мектеп-мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Эссе
………………………………………………………………………….
Тақырыбы: «Ғасырлар қойнауынан келген жыр»
Орындаған: тарих пәнінің мұғалімі М.Байділдаева
Майское ауылы 2016 жыл
Қазақ хандығының 550 жылдығы – жастардың рухани байлығы
Қолыма қалам ұстап, ойымда жүрген елім үшін маңызды тарихи оқиға туралы бүгін жазатын мезгіл келген сияқты. Мен Байдильдаева Майгуль Талапбаевна. Көптен бері Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы шығарма жазсам ба деп жүр едім…
Тарихты білмей болашақты бағдарлау мүмкін емес дүние шығар. Болашағымыздың жарқын болуына ең басты бір кепіл ол- елімнің тарихын білу. Тәуелсіз ел ретінде өткен тарихымызды зерттеу, ата-бабамыздың жүріп өткен жолдарын, біз үшін жасаған ерліктерін білу –жарқын болашақ емес пе? Керей мен Жәнібек мен үшін болашақтың мызғымас кірпішін, Мәңгілік Елдің іргесін осыдан 550 жыл бұрын қалап кеткен болатын. Қазақ хандығының 550 жылдығын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік деңгейде атап өтуге жарлық етуі тектілігіміздің белгісі емес пе? Бұл қазақ елінің өткенін білуге деген құлшынысы деп білемін.
Ата-бабаларымның өткен өміріне көз жүгіртіп қарасам небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешіргендерін байқаймын.Ызғарлы аяздарды, жалынды от кешіп жүріп, қатардан қалмай ел болдық. Ойласам кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, көзіме жас келіп: -Көрдіңдер ме, мен батыр елдің ұрпағымын! - деп жар салғым келеді.
Қазақ хандығы Шу бойында құрылыпты. Қазағымның Керей ханымызды ақ киізге көтеріп хан сайлауының өзінде де үлкен ұлылық, мәрттік жатыр деп білемін. Бәрі бірігіп, бір жеңнен қол шығаруы халқымның ынтымақшылдығын көрсетпей ме? Бұл біздерге үлгі боларлық іс! Мәңгілік Еліміз үшін Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел, Тәуке хандардың ерен істері, сарабдал саясаты, көрегенділіктері баға жетпес байлық болып табылады.
Қазақ хандығының құрылуы бір оқиғамен және бір мезетте жүзеге асқан саяси үрдіс емес, керісінше, 10 жылдан астам уақытқа созылып, өз ішінде оқиғалардың дамуына қарай бірнеше сатыға бөлінген. Бөлініп кету – хандықтың құрылуындағы алғашқы және маңызды қадам болса, Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Қазақ хандығының билігінің толық және түпкілікті орнауы — хандықтың құрылуының аяқталғанын көрсетеді. Қазақ хандығының жері бірнеше есе ұлғайып, халқының саны миллионға жеткен тұс – Қасым ханның дәуірі болатын. Жалып, қазақ үшін ең маңызды кезеңдердің бірі дәл осы тұс. Тарихта Қасым ханның есімі Қазақ хандығының күшеюі және нығаюымен тікелей байланысты. Жазба деректерде Қасым хан 15 ғасырдың 70 – 90 жылдары Қазақ хандығының Сыр бойындағы қалалар мен өңірлер үшін жүргізген күрестерге белсене қатысады, басшылық етеді. Осы кезеңдегі оқиғаларды баяндайтын деректер Қасым ханды «белгілі сұлтан және атақты баһадүр» деп атайды. Ширек ғасырға созылған Сыр бойы үшін күресте Қасым хан және Жәнібек ханның басқа да ұлдары Сығанақ, Сауран, Отырар, Сайрам түбінде бірнеше рет Шайбани хан әскерін тас-талқан етіп жеңеді. Қазақ тарихында Қасымханнан кейін де көптеген мықты хандар хандыққа билік жүргізді. «Есім ханның ескі жолы» деген заңдар жинағымен белгілі Есімхан, 600 әскермен 50 000 жоңғардың әскеріне тойтарыс берген Жәңгір хан, қой үстіне бозторғай жұмыртқылаған заманды орнатқан және «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын шығарған әз-Тәуке хан, дипломатияны шебер пайдалана білген Абылай хан, ең соңғысы орыс әскерлерін тітіреткен Кенесары хандардың есімі қазақ тарихына алтын әріптермен сақталды. Бұлар хандық үшін көптеген тірліктерді жасай алғандар. Кейіннен Кеңес үкіметі орнаған тұста Алашордашылардың көсемі Алихан Бөкейхановтың, Қазақ КСР-ін 40 жыл басқарып, 40 қала тұрғызған Дінмұхамед Қонаевтың орасан еңбегі ел үшін ерекше.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқыны» атты кітабында «Қазақ хандығы Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды», – дейді. Расында, ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген хандықтар, мемлекеттер пайда болды, бірақ олар өздерінің атауын көбінде билеуші әулеттердің есімімен байланысты атаса, Қазақ хандығы Отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды. Бұл дерек – Қазақ халқының ежелгі заманнан елдік санасы ерте оянып, бірегей дара кескін-келбеті сомдалып, тарих толқынында ұранды ұлысқа, ордалы жұртқа айналғанын, толысып қалыптасқандығын көрсетеді.
Осы орайда асқақ Астанада сәулетті ескерткіші бой түзеп, асыл әруағына Керей-Жәнібек көшесі беріліп, ұлықталған әзиз хандарымыздың Шу өзені бойындағы Қозыбасыда Қазақ хандығының дербес шаңырағын көтергеніне, ел байрағын желбіреткеніне 550 жыл толып отыр.
Мен үшін елімнің тарихын білу азаматтық борышым деп білемін. Кеңес үкіметі құлап, ел елдер тәуелсіздік алып жатқан тұста етек-жеңін жинай біліп, қазақты қиын кезеңнен алып шықан бүгінгі Президентіміз Н.Назарбаев екені белгілі. Сонау 90 жылдардың орта тұсында ішерге тамақ, киерге киім таппай қалған кезеңде осындай көшбасшымыздың болуы қазақ халқының бағы еді. Бүгін Тәуелсіз Қазақстан дүние жүзіне ықпал ете алатын, беделі зор, бейбітшілікті ту еткен ерекше қонақжай халық болып өмір сүріп жатыр. 17 миллион халқы бар еліміз тарихын тіктеп, болашаққа қарай нық қадаммен келе жатыр. 2050 стратегиясы бар еліміз «Мәңгілік елге» айналу үшін тырысып бағуда.
Ендігі мақсат Алла біздің мемлекетімізідің осы игі ниетіне жеткізсе екен! Қазақ хандығынан –Мәңгілік елге жеттік деп нық сеніммен айта аламын. Алла еліме, халқыма, Елбасыма амандық берсе екен!!!