Өзін-өзі тану сабақтарында қолданылатын әдіс тәсілдер
«Шаттық шеңбері»─ сабақты көтеріңкі, жақсы көңіл күймен ұйымдастыруға бағытталған сабақтың бас кезеңінде қолданылатын әдістемелік тәсіл. Мұғалімнің балалармен бірге құрған шеңберінде олар бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасайды, әр түрлі әндер мен өлеңдер айтады. «Шаттық шеңберінің» педагогикалық тұрғыда маңызы зор. Өйткені мұнда әрбір бала өзін еркін сезінетін үлкен достық шеңберіне қабылданғанын түсінеді, өзіне сенімі артып және өзгелердің де сеніміне ие болады.
«Тыныштық сәті»─ релаксация тұрғысындағы әдістемелік тәсіл. Толық тыныштықта баланың жүрек соғу ырғағы мен тыныс алуы реттеледі, денесі жеңілденеді. Ол өз ойын жинақтай алу мүмкіндігіне ие болады, өзінің ішкі «Менін» түсіне алады, өзінің сезімі мен көңіл күйін жақсы сезінеді. Мұғалім балаларға осы жаттығуды орындату барысында олардың дене қалпына, тыныс алуы мен денесін бос ұстай білуіне баса назар аударуы тиіс.
«Өзіммен-өзім» ─ бұл тәсіл баланың өзін және өзінің жүрегін тыңдай білуіне септігін тигізеді. Ол баланың сезімі мен эмоциясын, жалпы рефлексияға қабілеттерінің дамуын ынталандырады. Осы тәсіл балаларға жайлы әсер етеді, олардың қиялын дамытады, топтағы мінез-құлыққа жағымды ықпал етеді және әдетте, материалды жаңадан түсіну барысында пайдаланылады. Осы мақсаттарды жүзеге асыру барысында мұғалімнің сөзі, сондай-ақ үнтаспалар, бейнетаспалар (классикалық музыка тыңдау, бейнефильмдер мен мультфильмдер көру және т.б.) қолданылады.
«Мәтін оқу» ─ оқушылардың білімін және адамгершілік қасиеттер мен құндылықтар туралы түсініктерін кеңейтуге, оқу іскерліктерін дамытуға бағытталған әдіс. Оқушылардың танып-білуге құштарлығын арттыру мақсатында үлкендермен бірге және өз бетінше көркем шығармаларды оқу ұсынылады. Бұл әдіс оқушылардың ойын, жадын, эмоционалдық күйін, еркіндігін дамытады.
«Сабақтың дәйексөзі» ─оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, оқу материалын эмоционалдық-бейнелі тұрғыдан қабылдауға ықпал ететін өзін-өзі тану сабақтарының міндетті элементі болып табылады. Сабақтың дәйексөзі ретінде халық даналығы, халық мақалы, нақыл сөз, даналық сөз, ұлағатты сөз алынады.
«Әңгімелеу» ─ оқушылардың әңгіме, ертегі, өсиет әңгіме, өлеңдерді ұжым болып тыңдауына жақсы жағдайлар тудыратын сөйлеу мен ойлау іс-әрекеттерінің маңызды түрі. Балалар осы әдіс арқылы әңгімені тыңдай және есіте білуді, сезіне алу және сезіммен қабылдауды, ойдан өткізу мен талдай алуды үйренеді. Шығарманы үзіліспен әңгімелеу сияқты амал-тәсілдері қолданылады: әңгімелеу, сахналық элементтер бірлігінде жүзеге асырылады.
«Әңгімелеу»– 1,2-сыныптарда (рөлдік әңгімелеуді қоспағанда) мұғалімнің әңгімелеуі арқылы, жүзеге асырылады.
Әңгімелеуге арналған мәтіндер «Өзін-өзі тану» оқулығында беріледі.
«Әңгімелесу» – бұл балалардың тақырып мазмұнын түсінуіне мүмкіндік беретін дидактикалық тәсілдің сұрақтар мен жауаптар түріндегі қарым-қатынас формасы. Әрбір бала өзінің пікірін айта алады, тақырыпқа өзінің көзқарасын білдіре алады, өзін ойландыратын сұрақтарды қоя алады. Мұғалім балалардың өз пікірлерін айтуын қолдап отырады, оларға ойлана алуды, жағдаяттар мен іс-әрекеттерге адамгершілік тұрғысынан баға бере білуді үйретеді.
«Ойын», «Жаттығу» ─ балалардың танымдық қызығушылықтарын арттыру мен жаңа игерілген түсініктері мен іскерліктерін бекітуге арналған оқыту әдісі. Ойын әрекеттері мен жаттығулары арқылы баланың жеке тәжірибесі негізінде оқу материалының мазмұны жүзеге асырылады. Балалар ойындар мен жаттығулар нәтижесінде құрбыластарымен жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларына ие болады, өмірлік дағдыларды меңгереді.
«Шығармашылық жұмыс» ─ өзін-өзі тану сабағының маңызды бөлігі. Шығармашылық жұмыс сурет салу, макеттер, коллаждар мен өлең, әңгіме құрастыру және т.б. түрінде жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл тәсіл балалардың шығармашылық шабытын аша түсуге, олардың символдарды, бейнелер мен әрекеттерді ұғынуы арқылы өзіндік «Менін» көрсете алуына септігін тигізеді. Бірлескен шығармашылық әрекет оқушылардың ынтымақтастық, шыдамдылық, ынталылық сияқты адами қасиеттерді ұғынуына, өзінің пікірін айту мен басқалардың пікірін құрметтей білу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді, балалардың өз күшіне сенімділігін, өзінің қабілеттері мен шығармашылық мүмкіндіктеріне сенімдерін қалыптастырады, жауапкершілікке, дербестілікке тәрбиелейді.
«Жаттығу-ойлану» балалардың өмірдің тәлімдік-танымдық жағдайларының мәнін ұғына білу мен нақты өмірлік жағдаяттарды бағалай білу дағдыларын дамытуға, өзінің ойы мен ісіне, әрекеттеріне жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал ететін әдістемелік тәсіл. Жаттығу-ойлану тапсырмалары болып нақты өмірлік жағдаяттар, мақал-мәтелдер, тәлімдік-танымдық мәні бар өлең жолдары табылады. Балалардың мақал-мәтелдерді өлең жолдарының тәлімдік, өмірлік мәнін талдауы және жағдаяттарды талқылауы арқылы олардың ойлана білуге, өзін және өзгелерді бағалай алуға икемділігі артып, адамдармен, айналасымен жағымды қарым-қатынас жасау дағдылары қалыптасады.
Жаттығу-ойлану жұмыстарын орындау барысында ойлануға берілетін уақытты тапсырмалардың күрделілігіне қарай мұғалімнің өзі белгілейді.
«Бейнематериалдар көру(фильмнен, мультфильмнен үзінділер және т.б.)» – оқу мағлұматтарын көрнекілік тұрғысынан жеткілікті түсіндіруге мүмкіндік беретін әдістемелік тәсіл. Айқын көркем көріністер балаларға оқу материалының мазмұнын түсінікті қабылдауына және жете меңгеруіне ықпал етеді.
«Сергіту сәті» ─ сабақ үстінде балалардың жалығуы мен шаршағандығын ұмыттыратын, бойларын сергітуге қажетті өзін-өзі тану сабағының құрамдас бір бөлігі. Сергіту жаттығулары бір іс-әрекет түрінен екіншісіне ауысатын сәтте қысқа ойындар, қимыл-қозғалыстар түрінде қолданылады. Осы тәсіл топтың көңіл күйін көтереді, оқуға, білуге ынтасын дамытады, жылдам назар аударуын күшейтеді, ұжымның ұйымшыл болуына ықпал етеді.
«Сахналау» ─ бұл тәсіл өзін-өзі тану сабақтарында оқу материалының мазмұнын эмоционалдық-сезімдік күймен тиімді қабылдау мақсатында әр түрлі жағдаяттарды балалардың өздері рөлдерде орындауы арқылы ұйымдастырылады.
«Қорытындылау» ─ сабақ барысында айтылған ойларды мұғалімнің өзі немесе балалармен бірге жинақтап қорытуға бағытталған әдістемелік тәсіл.
«Үй тапсырмасы» ─ баланың сабақ тақырыбына және сабақта меңгерген білімдері мен игерген іскерлік, дағдыларын бекітуге қызығушылығын арттыратын тәсіл. Балалар үй тапсырмасын дәптерлеріне өз бетінше немесе үлкендермен бірге орындайды. Бұл балалар мен үлкендердің бірін-бірі жақсы түсінуіне септігін тигізеді. Балалардың үй тапсырмасын қызығушылықпен, жақсы көңілмен орындауы үшін дәптерге олардың көмекшілері – Данышпан ата, ақылды ұл мен қыз– Алпамыс, Махаббат, түйенің ботасы – Ақбота сияқты ертегі кейіпкерлері енгізілді
«Жүректен-жүрекке» ─ сабақтың аяқталу кезеңінде қолданылатын, бір-бірімен пікір алмасуды, бір-біріне тілектер айтуды немесе бәрі бірге сабақтың негізгі ойын қорытатындай ән не өлең орындауды қамтитын және мұғалімнің әрбір баланың эмоционалдық күйін, олардың сабақ мазмұнын түсіну деңгейін анықтауға мүмкіндік туғызатын әдістемелік тәсіл.