Қайырлы таң, балалар! Сендерді көргеніме қуаныштымын! Қане, бәріміз қол ұстасып шеңбер құрып, Е.Өтетілеуұлының «Отан» өлеңін бірге қайталайық.
Отанды әркім анасындай
Қастерлейді, бағалап.
Өйткені,
Отан баласындай
Бізді өсірер аялап.
Отан деген – атамекен.
Отан деген – туған жер.
Отан – ана,
Отан – үлкен
Қазақстан – туған ел.
Балалар, «Отан» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
Отан туралы қандай мақалдар білесіңдер?
Балалардың жауаптары.
Әңгімелесу.
Анамазды біз неліктен құрметтейміз, қадірлейміз?
Отанды неліктен «анамыздай» қастерлейміз?
Отанды неліктен «Атамекен » деп аялап атаймыз?
Балалардың жауаптары
Атамекен деген сөзді біздің үйдегі үлкендеріміз қалай түсінеді екен?
Мұғалім балаларға магнитафонға немесе қағазға алдын ала жазып алған ата – аналардың пікірін тыңдатып, ойларымен бөліседі.
Ата-аналардың пікірі:
Атамекен – ол біздің туып-өскен ауылымыз, қаламыз,ол біздің туған жеріміз.
Атамекен – ата-бабадан ұрпаққа мұра болып қалған ежелгі құтты қоныс, мекен.
Атамекен аталарымыз, әжелеріміз аянбай күресіп, жауларға бермей қорғап қалған жері. Ол-кең байтақ қазақ жері.
Атамекен – ата-бабамыз мекендеген, қоныстанған туған жер. Сондықтан туған жерімізді «ата-мекеніміз» деп аялап атаймыз. Апамыз, атамыз, ата-анамыз, туыстарымыз, достарымыз туып-өскен туған жерін Отанымыз деп сүйеді. Отан бізді баласындай қорғайды, бізді асырайды, қастерлейді. Сондықтан да біз оны анамыздай қастерлейміз.
Біз өскенде ақылды, батыл, ада азамат болып, өз Отанымызды қорғаймыз,аялаймыз,көркейтуге өз үлесімізді қосамыз. Біздің Отанымыз – Қазақстан.
Дәйексөз
«Отанды сүю отбасынан басталады» деген халық мақалын бүгінгі сабақтың дәйексөзі ретінде түсіндіреді.
«Отан сүю отбасынан басталады» деп халық бекер айтпаған. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Отбасының әрбір мүшесі бір-бірін сыйлауға, қорғауға, адал болуға міндетті. Отбасында бір-бірін құрметтеген адам, ол Отанды да құрметтеп сүйеді.
«Отанды сүю отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.
Әңгімелесу
Мұғалім «Кішкентай ханзада» деген әңгімені оқып беріп, Отанды жақсы көру үшін не істеу керектігі жөнінде түсінік береді.
Кішкентай ханзада
Әңгіме
Ханның үш ұлы болыпты.
Үлкені кез келген қаруды шеберлікпен қолдана білетін, батыл жауынгер болды. Ол әскери басшы болуды армандады, хан оны өз әскерінің басшысы етіп тағайындады.
Ортаншы ұлы хан әулетін сәулетті, әсем сарайларды салумен әлемге танытқысы келді. Әкесі онымен келісіп, құрылысқа ақша берді.
Тек кіші ұлы ғана ханды ренжітті. Ол соғыспады, құрылыспен шұғылданбады, тек қана күні бойы кітаптар оқыды. Ол әр ұлттың тарихын, тілдері мен дәстүрлерін оқып үйренді.
Ұлым, сен неге басқа ұлттың салттары мен тілдерін үйреніп жүрсің? Сен өз Отаныңды сүюің керек, - деп хан ханзаданы кінәлады.
Ұлы әкесін үндемей тыңдап, өз сабағын жалғастыра берді.
Кенеттен күтпеген, ойламаған жерден қайғы келді. Ханның көршілестері бірігіп, соғыс жариялады. Хан әскерлері жеңіле берді. Соғыстың аяқталуына бір күн қалғанда ханның кіші ұлы әскер басшыларының шатырына келді.
Сен не үшін мында келдің, кітапқұмар? Тез кет! Ертең шайқас болады – деп жас әскер басшысы айқайлайды.
Иә, ұлым, бұл сенің орның емес, - деп жеңіске жетуге немесе ең соңғы соғысқа дейін айқасып, өлімге дайындығын білдірген хан үлкен ұлын қолдады.
Ханның кенже ұлы қағазды алып жайлап былай деді:
Мен үш күн жаудың лагерінде болдым. Мұнда жаулардың барлық қаруларының орналасқан жері мен олардың жоспарлары бейнеленген. Ертең таңға жуық жаулардың негізгі күштері біздің әскерлерді жіңішке жолмен айналып өтіп, шабуыл жасайды.
Кіші баласы айтқан соң хан айқасқа дайындалуды бұйырды. Айқас өте қатаң болды, бірақ жаулар жаппай тұзаққа түсіп, жеңілді.
Ұлым, сен батыр болдың. Сен қалай жаулардың ортасында үш күн бойы тығылып жүрдің?- деп хан кіші ұлын жеңістен кейін құшақтады.
Мен тығылған жоқпын, барлық жерде еркін жүрдім. Мен бұл адамдардың тілдері мен дәстүрлерін білдім ғой. Сондықтан мені олар өздеріндей қабылдады – деп жауап берді ханзада.
Саған қорқынышты болған жоқ па? – деп ағасы таңғалды.
Отанға сүйіспеншілік барлығынан да күшті, - деп кіші ұлы сабырмен жауап берді.
Ханның ұлдары Отанына қандай қызмет көрсетті?
Қиыншылық туғанда жауды жеңу үшін халыққа кім қалай көмектесті?
Балалардың жауаптары тыңдалып, мұғалім қорытындылайды.
Ханның үш ұлының әрқайсысының өз үлесі болды.
Үлкені – әскер басшысы болса, екіншісі – құрылысшы болды. Үшіншісі, кенже ұлы көп оқып, ақылды болып, әкесіне, ағаларына, халқына көмектесіп, жауды жеңуге оқып-үйренген білімін пайдаланды. Біз де өскенде, өз атамекенімізді, Отанымызды қорғау, көркейту үшін тәрбиелі-өнегелі бала болып, білім аламыз, болашақта халық үшін қызмет етеміз.
Ойын: «Қазақстанда тұратын халықтар»
Шарты: Балалар шеңберге тұрып, бір-біріне допты беру арқылы Қазақстанда тұратын халықтарды айтады.
Өзіммен өзім
Балалар ыңғайланып отырып, үнтаспадан баяу музыканы тыңдайды және көз алдыларына елестетеді.
Туған өлкеміздің, Отанымыздың табиғаты қандай тамаша! Айналамыз жап-жасыл, сан алуан тамаша гүлдер хош иісін аңқытып,биік- биік ағаштар мейірімді анадай көлеңкесін тосып тұр.
Туған жердің әрбір шөбі, әр гүлі, әр ағашы, салқын самалы, қасиетті топырағы көзіңе оттай ыстық. Оның қызыл-жасыл көбелегі, құстардың құйқылжыта салған үні, жан-жануардың дыбысы құлағыңа жағымды естіледі. Туған жердің таза ауасымен дем алып, көңілдерін көтеріліп, жандарың жайланып қалды.
Енді, туған жерімізге, Отанымызға қандай жақсылық жасай алатынымызды ойлап, көз алдымызға елестетіп көрейік. Ал енді көзімізді ашып, өз ойларымызбен бөлісейік.
Шығармашылық жұмыс
«Менің Отаным Қазақстаным»
Мұғалім балаларға өздерінің туған жерлерін бейнелеп салуды тапсырады.
Ғажайып сөз:
Балалар сабақта айтып, үйренген өнегелі сөздерді қайталап айтады.
Отан – ана, отбасы, туған жер, атамекен.
Отан – Қазақстан.
Мен Отанымды сүйемін!
Қорытындылау
Бүгін біз әр адам өзінің Отанына, туған өлкесіне ыстық сезімін, сүйіспеншілігін түрлі жолдармен жеткізетінін білдік.
Білім алып, болашақта Отан үшін қызмет етеміз.
Жүректен жүрекке
Мұғалім балалармен бірге төмендегі өлең жолдарын қайталайды.