Просмотр содержимого документа
«Эссе "Менің педагогикалық философиям"»
Эссе. "МЕНІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ФИЛОСОФИЯМ"
Тәрбиеші. Ол кім?
Ұлы педагогтердің бірі В.Сухомлинский айтқандай, тәрбиеші – бұл, ең алдымен, балаларды сүйетін, олармен бірге болуды ұнататын қарапайым адам. Сондай-ақ, ол өзінің де бір кездері бала болғанын ұмытпайтын адам.
Білім беру саласына жаңа заман талаптарына сай жаңа типтік бағдарлама енгізілді,оның ішінде тәрбиешіге қойылатын бірқатар талаптар бар. Қазіргі заман тәрбиешісінің арнайы кәсіби дайындығы болуы шарт. Одан басқа, өз кәсіби деңгейін үнемі шыңдап, ақпараттық және коммуникативтік құзіреттілікке ие болып, жаңа технологияларды меңгергені жөн. Мен жаңа заманның бүлдіршіндерінің тәрбиешісі де заманауи болуы тиіс деген пікірмен толық келісемін.
«Жақсы тәрбиеші» деген қандай тәрбиеші?- деген сұраққа бір сөзбен жауап беру мүмкін бе?
Сократ: «Барлық мамандық адамдардан, тек құдайдан берілген үш мамандық бар: педагог, сот, дәрігер», - деген екен. Жақсы тәрбиешінің бойында осы үш мамандыққа лайықты қасиеттер болуы керек деп санаймын.
Жақсы тәрбиеші – ол дәрігер, оған «Кеселіңді тигізбе!» ұстанымы тән. Дәрісіз, инесіз, күлімдеген жылы жүзімен, мейірімімен бала жанын емдей алады.
Жақсы тәрбиеші – ол әділ сот, күні бойында сан рет кездесетін түрлі конфликтілердің алдын алып, қарама-қайшылықтардың тігісін жазып, балаларды татулыққа, кешірімді болуға баулиды.
Жақсы тәрбиеші - ол талантты актер. Себебі, кез келген сабақты қызықты өткізуге тырысып, әр ойын-сауық пен ертеңгілікті керемет мерекеге айналдыра алады. Жақсы тәрбиеші қандай тәрбиеші деп ұзақ талқылап, тізе беруге болады. Бірақ, ең бастысы, нағыз тәрбиеші – ол күнделікті жұмысына көтеріңкі көңіл күймен асыға келетін жан. Себебі, балалар оны күтеді, өзі де балаларсыз өмірін елестете алмайды.
... Балабақшаға дейінгі жолдың алыстығынан үздігіп, шаршайсың.
... Денсаулығың сыр берсе, енді тәрбиешілік қызметті алып жүре алмаспын деп ойлайсың.
... Жұмыстағы кездесетін түрлі келеңсіз жағдайлардан қиналасың.
Бірақ, күл боп өртенген үйіндіден қайта тірілген мифологиялық Сфинкс сияқты қайраттанып, жігерленесің! Түрлі себептермен жұмыста бір-екі күн болмасаң, «балабақшаға бармаймын» деп ата-анасына қиғылықты салатын күнәсіз періштелеріңді сағынасың! Сені көргенде көзі жайнап, күлімдеп, қуанатын тентектеріңді сағынасың. Небір «қиын» деген балалардан, «Сіз ең жақсы тәрбиешісіз!» деген сөздерді есту – бүкіл еңбек жолымда алған барлық марапаттарымнан артық болмаса, кем емес.
Осылай күн артынан күн, ай артынан ай, жыл артынан жыл жалғаса береді....
Уақыт не деген жылдам! 12 жыл, бір мүшел толыпты тәрбиешілік қызметіме. 25 бала, жалғыз топ. Әртүрлі жастағы балалардан құралған. Қазір ойласам, таңғалам. Қалай мен сонша баламен жалғыз жұмыс істеймін деп қорықпай бардым?! Заман түзеліп келеді. Қазіргі таңда жас ерекшеліктеріне сай құралған бес топ жұмыс істейді «Айгөлек» балабақшасында.
Алдыңа жылулықты, мейірімді күтетін бүлдіршіндер келеді. Кенет, сиқырлы таяқшаның сермеуіндей қас қағым сәтте, олар балабақшамен қоштасып кете барады. Жаңа өмірге қадам басады, мектеп табалдырығынан аттайды. Ол жерде сен жоқсың, сондықтан сен жылайсың...
Жоқ, әрине, күнде күнде емес, мамыр айының соңында, қоштасу ертеңгілігінде, балалардың орындауында «Тәрбиеші - мұғалім» немесе
«Қош бол,балабақшамыз! Сәлем саған, мектебім!» әндерін естігенде; ата-аналардан алғыс естігенде. Себебі, өміріңнің тағы бір айналымы аяқталғанын түсінесің, ұяңнан ұшырған балапандарыңның жаныңның бір бөлшегін әкетіп бара жатқанын сезгенде осы ауылда оларды жиі-жиі көріп тұратыныңды білсең де, жылайсың.
Қазір күліп еске аламыз, бірақ сол кезде қиналған жағдайымыз туралы (жанр талаптарына сыймауы мүмкін) айта кетпеу мүмкін емес.Әріптесім екеуміз бірнеше жыл баққан балапандарымызды алғаш рет даярлықтан шығарып салдық. Ертесіне бос, тып-тыныш топқа келген қиын екен. Екеуміз әр баланың төсегін сипалап, бір-бірімізге білдірмей көз жасымызды жасыруға тырысамыз. Ақыры қосылып жыладық.
Келесі жылы даярлыққа келетін балалар бөтен болатындай көрінеді. Оларды жақсы көре алмайтын шығармыз деп ойлайсың. Бірақ, өмір тоқтамайды. Алдыңа басқа бүлдіршіндер
келеді, олардың ашық көзқарастарын көргенде, біртіндеп оларға да бауыр басасың! Қоштасу ертеңгілігінде оларды да қимастықпен шығарып саласың. Жылдан – жылға, ұрпақтан – ұрпаққа осылай жалғаса береді. Өмірдің бір айналымы аяқталғанда келесі айналымы басталады.
Өз халқын бақытты етуді армандаған бір патша болыпты. Ақыл-кеңес сұрап, данышпан жандарға барған екен. Олар патшаға үш сұрақ қойыпты:
Жер бетінде ең маңызды сағат қай сағат?
Жер бетіндегі ең маңызды адам кім?
Жер бетіндегі ең маңызды іс қандай?
Патша данышпандардың сұрақтарына жауап бере алмаған екен. Ал жауаптары болса өте қарапайым екен:
ең маңызды сағат – осы сәт;
ең маңызды адам – ол қазіргі сәттегі сенің жаныңдағы жан;
осы сәтте атқарып жатқан ісің – ең маңызды іс екен.
Осы сұрақтарға өзімнің педагогикалық философиямның тұрғысынан жауап беруге тырысайын.
Мен үшін ең маңыздысы, бүгінгі күні,ертеңге қалдырмай шешуін табуым керек мәселе, сұрақ, жағдаят – ол бүгін баланы толғандырған мәселе, себебі ертең басқа сұрақтар, басқа жағдаяттар туындауы мүмкін...
Мен үшін ең маңызды адам, осы күндері менің жанымдағы адам. Жұмысымда, әрине, бұл – балалар. Олардың әрқайсысының жүрегіне жол табуға тырысуым керек. Бала – таза парақ. Таза параққа көп нәрсе жазуға болады, бірақ жазылғанның қатесін түзету әркез мүмкін бола бермейді.
Мен үшін ең маңызды іс –бала тәрбиесі. Тәрбиеші мамандығын мен жоғарғы сыныптарда таңдап, оқу комбинатынан куәлік алғанмын. Мектеп бітірген жылы өз қалауыммен педагогикалық училищеге тәрбиеші мамандығына құжат өткізіп, бір емтиханнан өтіп қойған сәтімде, отбасымның қалауымен сол кездегі Өскемен қаласындағы Педагогикалық институтқа түстім. Жоқ, өкінбеймін, әрине. Мұғалімдік қызмет пен тәрбиешілік қызметтің бір бірінен ауылы алыс емес. Қазақта сөз бар ғой, «Ат айналып қазығын табады», - деген. Орта жастан асқанда тағдыр мені сүйікті ісіме оралтты. Педагогикалық қызметімде жеткен жетістіктерімнің негізі – мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие ісімде, тәрбиешілік қызметімде жатыр.
Бала тәрбиесі мамандығын толықтай игердім деген адам қателеседі. Бала тәрбиесі ісін таңдаған адам өмір бойы үйрену үстіндегі жан, бұл процесс ешқашан тоқтамайды. Себебі, тәрбиеші баламен бірге оқып, бірге өседі, оларға бар білімін,жан дүниесін, барлық күш-жігерін арнайды. Менің қолымда тобымдағы әр баланың тағдыры, мен олардың тұлға болып қалыптасуына көмектесуге міндеттімін.
Эссемді орыс тіліндегі мына бір өлең жолдарымен аяқтағым келеді (өкінішке орай, авторын таба алмадым):
Мир детства сладостен и тонок, как флейты плавающей звук.
Пока смеется мне ребенок, я знаю, что не зря живу!
Твердят друзья: “Есть нивы тише", но ни за что не отступлю.
Я этих милых ребятишек, как собственных детей люблю!
И каждый день, как на премьеру, вхожу в притихший детский сад:
Иду сюда не для карьеры – здесь каждый мне ребенок рад.
Быть в гуще детских восприятий, и так на протяжении лет –
Судьба моя –я воспитатель!Нет лучшей доли на земле.