Просмотр содержимого документа
«Балабақша - тәрбиенің алтын бесігі»
Балабақша - тәрбиенің алтын бесігі
Гулбара Лукпанова Маннаповна
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Сүйіндік ауылы
«Сүйіндік» бөбекжай балабақша меңгерушісі
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек,
тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы,
тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі»
Әбу Насыр Әл-Фараби
Жас ұрпақ тәрбиесі-адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгінгі де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Қазақ халқында: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқасын досыңдай сырлас» — деген тамаша сөз бар. Бұл — мағынасы терең философиялық өмір шындығы. Шынында да, тәрбие сәби дүниеге шыр етіп келген алғашқы сәттен басталуы керек. Адам мінезі бес жасқа дейінгі кезеңде қалыптасады деседі. Ендеше, жас сәбиді алғашқы күннен бастап тәрбиелеу керек. Балаға айналадағы өмір шындығының әсері мол. Айналасындағы үлкендердің, өзінен ересек балалардың бір-бірімен қарым- қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс- тұрысы, еңбек әрекеті – бәрі де балаға үлгі- өнеге. Бүгінгі балалар тез жетіліп келеді. Олар айналадағы болып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Себебі, бала-бақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді, сонымен қатар жан- жақты жетіледі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. Өйткені елдің ертеңгі тірегі – жастар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Сондықтан қазіргі таңда балабақша тәрбиешілері мен мектептегі ұстаздар қауымының алдында үлкен жауапкершілік тұр. Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Сондықтан тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, қарастыру әрбір ұжымның тапқырлығы мен іскерлігін, ізденімпаздығы мен шығармашылығын талап етеді.
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мәселесіне ерекше мән берілген. Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу үздіксіз білім беру жүйесінің бастапқы буынын іске асырушы - тәрбиеші маман болып табылады. Балабақша тәрбиешісі - арнайы дайындығы бар және педагогикалық іс-әрекетпен кәсіби айналысатын тұлға. Оның негізгі міндеті – мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту, тәрбиелеу, дамыту, қалыптастыру үдеріс ұйымдастыру, кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру. Осыған орай, қазіргі таңда балабақша тәрбиешілеріне педагогикалық және психологиялық деңгейін көтеру, оқыту мен тәрбиелеудің ең соңғы жаңа педагогикалық технологияларын зерттеп меңгеру және оны өзінің кәсіптік жұмысында қолдана білу талаптары қойылады. Жаңа заман тәрбиешісі – бұл сауатты маман, бағдарламаны және әдістемелік шараларды анықтай алатын білімді адам. Әрбір тәрбиеші бала және оның ата-анасымен тіл табыса білетін, қиын ситуациядан шыға білетін жақсы психолог болуы қажет, әрі адамға, балаға деген сүйіспеншілігі мол, мамандығын жақсы көруі шарт. Тәрбиеші-баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, бала қиялын көкке самғатып арманын көкке ұсындырушы басты тұлға. Әрбір тәрбиеші ұстаз жан жақты жетілген білімді және халық дәстүрін, әдеп-ғұрып пен салт-сана ерекшеліктерін кәсіби түрде меңгеру керек. Осы ерекшеліктерді меңгерген жағдайда ғана баланың танымдық, шығармашылық қабілетін дамытып, әр нәрсенің қыр-сырын білуге деген қызығуын қалыптастыра алады. Балалар — біздің болашағымыз, сондықтан балаларды ерекше күтіп, тәрбиелеу керек. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіміз қажет. Жас ұрпақтың бойына тәрбиенің алғашқы негіздерін қалыптастыруда, әдебиет пен өнердің, техниканың дамуы туралы негізгі ұғым беретін балабақша алатын орны ерекше деп атап өткім келеді. Сондықтан бүгінгі таңда баланың үйде отырмай, балабақшаға барғаны жөн. Өйткені, бала сыртқа шықса, айналадағы ортаға үйренеді, мінезі тұйық болмайды, адамдармен тез араласады. Балабақша ең алдымен баланы тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді. Баланың ойлау қабілеттерін арттыру арқылы ұрпақты жақсылыққа тәрбиелейміз. Ата- бабаларымыз айтқандай баланың тәрбиесі бесіктен басталады, яғни тәрбиенің негізі отбасынан бастау алады, одан кейін балабақша, мектеп адамның қоршаған ортада жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектеседі. Отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбиені ұштастыра отырып, әрі қарай жақсы жолға түсуіне себепкер болады деп ойлаймын. Ата-аналар таңертең бізге балаларын әкеліп, жұмысқа кетеді. Әке-шешесі аманаттап бізге сеніп тапсырып кеткен балаларға жауапкершілікпен қарамауға болмайды. Сондықтан балабақшадағы балалар аман, қуанып жүрсе, бізге, балабақша тәрбиешілеріне, одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.
Балабақша балалары болашақ иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болып тәрбиеленуі балабақша тәрбиешісіне көп байланысты. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан балабақша тәрбиешісі осы міндеттерді жүзеге асыруға сай болулары керек. Тәрбиешінің мәдениеттілігінің көрсеткіші- әдептілігі, қоғамдық орындарда өзін сыпайы, еркін ортаға лайықты ұстай білуі, өнегелі тәртіпті, сүйкімділігі, адамдармен өзара сыйластыққа , адалдыққа негізделген қарым-қатынасы. Ондай тәрбиешіні балалар жақсы көреді, сыйлайды, құрметтейді, оған жақын жүргісі келеді, оның балалар арасында беделі зор болады. Жаңашыл педогог Ш.А.Амонашвили тәрбиешіге төмендегідей талап қояды: педогог- тәрбиеші әріптестеріне мейрімді, жылы шырайлы, ықыласты болуы керек, әріптестерімен қарым қатынас жасаудың әдебін, дауыс сарынын, жылы үнін игеру керек, әріптестерінін табысына қызғанышпен , күншілдікпен қарауға құқы жоқ, әріптестерімен өз тәжірибесін бөлісуге міндетті , әріптестерінен үйренуге ұялмауы керек, әріптестерінежоғарыдан менсінбей қарауға құқы жоқ, әріптестерінің ар-намысын, атақ-даңқын сақтауы керек, балаға байланысты отбасы құпиясының бәрін білу керек, бірақ оны ешкімге шашпауы тиіс. Тәрбиешінің бойында болатын маңызды сапалары: ақылдылығы, қайрымдылығы, мәдениеттілігі, білімділігі, кәсіби шеберлігі, балаларға деген сүйіспеншілігі,тәртіптілігі,шығармашылық қабілеттілігі, белсенділігі, жан жақты қызығушылығы , ұйымдастырушылық қабілеті, бір нәрсемен шұғылдану, зиялылығы, әзіл-қалжынға бейімділігі, басқаны тыңдай білуі, талдау жасай білу қабілеті, еңбексүйгіштігі, мейрімділігі, әділдігі, ашықтығы, шыншылдығы, әділеттілігі, әдептілігі, жақсылық жасай білуі.Тәрбиешінің педагогикалық шеберлігі тәрбие жұмысының әрбір кезеңінде не істейтінін, не үшін істейтінін, қандай нәтижеге жеткісі келетін саналы , анық және дәл білуіне байланысты болмақ. Шебер тәрбиешінің бөлмелерді педагогикалық және эстетикалық талаптарға сай жабдықталуы, тәрбие жұмысына қажетті көрнекі құрадарының түгел болуы, педогоикалық мақсатқа сәйкестелінген болуы шарт. Олардың өз орнында тұруы жемісті еңбек етуге жағдай жасайды. Шебер тәрбиешінің негізгі қасеттерінің бірі- педогоикалық әдептілік. Педагогикалық әдептілік бала психологиясын және оның жас ерекшеліктерін жете білуді талап етеді. Әдептіліктің қайнар көзі- балаларды сүю және қадірлей білу. Педагогикалық әдептіліктің бір көрінісі – шамамен сезу қасиеті. Сонда тәрбие әдістерінің көпшілігі нәтижелі болады. Қолайлы әдісті таба білу шеберлік пен әдептіліктің көрінісі. Шеберлік үйретумен, үйренумен, өз ісіне деген сүйіспеншілікпен, тәжірибемен, жұмысқа ұқыпты қараумен саналы, ойлы еңбекпен қалыптасады.
Педагогтік әдепті игеру, ел үшін ерлікпен еңбек ету, педогогтік бедел, педагогтің артистігі, педагогтік оптимизм, кәсіби шеберлікті үнемі шыңдап отыру балабақша тәрбиешсініңі қызметінің ерекшелігі болып табылады. Тәрбиешінің ата-аналармен жүргізетін жұмыстарының мазмұны,формасы,әдістері отбасымен тығыз жұмыс істеуге бағытталған болуы қажет. Отбасы –бұл баланың өмір сүру ортасы, яғни, қамқорлықтың тұрақты көзі, тәрбиелеумен , қарапайым біліммен қаруландыру және шешім қабылдай білуге үйрететін ең жақын адамдардың мейірім шуағын сезінетін орын. Отбасында барлығы жақсы болған жағдайда балалар жақсы жетістіктерге жетіп, өзінің даму әлеуметіне көтеріле алады. Отбасымен педагогикалық ынтымақтастық- баланың қанағаттану деңгейі мен тәрбиешінің жұмысының сапасын арттырады.Ол өзара сапалы қарым-қатынас, өзара сыйластық, әлемге деген түсіністік көзқарас сияқты жағдайларға негізделсе, сонда ғана тәрбие мен білім беру өз нәтижесіне жетеді. Осы орайда, ата-аналармен педагогикалық, психолоиялық білімдерін көтеру, яғни дәрістер оқу, семинарлар ұйымдастрыу, жеке және топтық кеңестер, тәжірибелік жұмыстар жүргізу және ата-аналарды оқу-тәрбие жұмыстарына қатыстыру, атап айтқанда ата-аналар жиналысы, бірлескен шығармашылық жұмыстар, материалдық-техникалық база жасауға көмектесу, сонымен қатар балабақшаның әкімшілігімен бірлескен жұмыстар, яғни, ата-аналар комитеті , ата-аналар кеңесі, аталар алқасы, әжелер клубын құру, т.б. жұмыстарды жүргізгенде балабақшаның ата-аналармен жұмысы нәтижелі болмақ. Қорыта айтқанда ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың формасы мен әдістері олардың педагогикалық мәдениетін көтеруге балабақша мен отбасының өзара ынтымақтастығына және тәрбие жұмысының әлеуметін арттыруға бағытталған болуы керек. Сонымен қатар ата-аналармен үнемі әңгіме жүргізуді, пікірлесуді, тест жүргізуді, сауалнама жүргізіп отыруды әдетке айналдыру қажет. Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады. «Бала естігенін айтады, көргенін істейді» - деп қазақ халқы бекер айтпаған. Яғни, кішкентай сәбилеріміз ата - анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс - тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Бала бойына адамгершілік қасиеттерді ойын, салт - дәстүр, мақал - мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар, айтыс өлеңдер арқылы сіңіру ата - ана мен тәрбиешілердің басты міндеті. Бұл орайда ертегінің тәрбиелік мәні зор. Ол сәбидің қиялына қанат бітіріп, бойындағы игі қасиеттердің қалыптасуына жол бастайды. Мысалы «Шалқан» ертегісін тыңдап болған соң, балалар шалқанды көптің көмегімен жұлып алғанын білді. Ал, «Ақмышым» ертегісін тыңдап болып, кішкентай бүлдіршіндер қамқорлық, мейірімділік сезімдерімен танысты. Адамгершілік дүниесіндегі ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып келе жатқан қымбат қазыналарымыздың бірі – бесік жыры, мақал - мәтелдер болып келеді. Сәбилер «бесік жырын» тыңдай отырып, ананың бесік жырымен, әлдиімен, өзінің туған тілінің әуенінен тұңғыш рет нәр алады. Мақал - мәтелдер арқылы кішкентай бүлдіршіндеріміздің қайырымдылық, ілтипат сезімдерін арттырамыз, адамгершілік сезімдерін оятамыз. «Үлкенге – құрмет, кішіге - ізет» деген мақал – мәтел арқылы бала бойына үлкенді құрметтеу, қамқорлық сезімдерін туғызамыз.
Өзімнің 35 жылдық еңбек жолымның 13 жылы балабақшада меңгеруші болып жұмыс жасап келемін. Бүгінгі таңда басқарып отырған Сүйіндік ауылындағы «Сүйіндік» бөбекжай балабақшасының тәрбиешілері мектеп жасына дейінгі балаларды еңбек сүйгіштікке баулу арқылы, адамгершілік, эстетикалық қасиеттерін дамытуғ тәрбиелейді, мектепке даярлайды, отбасына көмектеседі. Біздің балабақшада да әрбір тәрбиешінің жеке басының үлгісі- жас ұрпақ тәрбиесінде ең әсерлі әдістердің бірі екені басшылыққа алынған, өйткені балалар тәрбиешіге барлық жағынан еліктейді. Сол себеппен де ол үнемі жинақты, таза, ұқыпты жүріп, сөйлеген сөзі мәнді, ойлы әдемі, салмақты келіп, асықпай, байыппен сөйлеуі керек. Бала еліктегіш болғандықтан, жақсыны да, жамандыда тез қабылдайды.Балабақшадағы кішкентай топтарда балалар тәрбиеші көмегімен киініп, жуынып, сүртінеді, бір - біріне көмектеседі, «рахмет, кешір, өтінемін» сөздерін айтуға баулимыз. Сонымен қатар әр баланы ұжымға тәрбиелеу, балалардың өзара ұжымда қарым - қатынастарын қалыптастыруға да үлкен мән беріледі. Осылайша мейірімділіктің негізі қаланады немқұрайлықтың пайда болуына, құрбыларына, үлкендерге қалай болса солай қарауға мүмкіндігі жасалмайды. Тұрмыстық қызметте топтағы ойыншықтарды жинау, оларды күтіп ұстау, топты таза ұстауға тәрбиелеумен қатар ұйымдастырылған оқу іс – әрекетіне қажет ермек саз, тақтайша, қылқалам т. б дайындауда бірі-біріне көмектесу дағдылары қалыптасады. Осылайша біз бүлдіршіндерімізді қайырымдылыққа, кішіпейілділікке шақырып, жақын адамдарына қамқор болуға үйретеміз. Әрбір жасалынған істен кейін «Жарайсыңдар балалар! Тобымыз немесе ойын алаңымыз қандай сәнді болып қалды, бәрекелді!» деген сөздерді есту арқылы жасаған еңбектерінің дұрыс екеніне көз жеткізеді. Ұжым болып жұмыс жасай білуі, ұқыптылық, ізденімпаздық, аяушылық, қамқорлық, сезімдерін бойына сіңіруі аса маңызды.
Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу күнделікті балабақша өмірінде, тәрбиешінің жұмыс күнін ұйымдастыру процесінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы турде қамтылады. Тәрбиешінің тәртібі, іс - қимылы, балалармен, үлкендермен қарым - қатынасы кішкентай сәбилер үшін үлгі болып, олардың жеке басының қалыптасуына ықпал етеді. Балабақша мен отбасы арасындағы тығыздық артқан сайын бүлдіршіндеріміздің адамгершілік құнды қасиеттері арта түседі. Осыдан келіп, бүлдіршіндерімізде жақсы қылықтар, ұжымдық қарым - қатынас, адамгершілік сезімдері, еңбексүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу, жауапкершілік, патриоттық сезімдер туралы түсініктер қалыптасады. Кішкентай бөбектеріміз адамгершілік қасиеттерді ата - анасынан, үлкендерден, тәрбиешілерден насихаттау арқылы емес, тек шынайы көру, сезіну қатынасында алады. Адамгершіліктің құнды қасиеттерінің негізі отбасында қалыптасады.Адамгершілік тәрбие отбасынан бастау алатын болғандықтан инабаттылық, мейірімділік, ана сүтімен, ана тілімен келетіні анық. Сол себепті халық даналығы: «Сүтпен біткен мінез, сүйекпен кетеді» бекер айтпаған. Дана, ойшыл Абай атамыз бұл туралы былай деген: «балаға мінез үш алуан адамнан жұғады; бірінші – ата - анасынан, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан».
Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар көзі – халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет - ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс – тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді. Қазақ халқы баланы жастайынан жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла, жолын кеспе» деген ұлағатты, тыйым сөздердің мәні зор. Сондықтан біз, балабақша тәрбиешілері, әрбір тәрбиеленушінің бойына кішіпейілділік, сыпайылық, сыйластық сияқты қасиеттерді сіңіре білсек, адамгершілік тәрбиесінің жемісіне бөленетініміз анық! Балабақшамыздағы сәбилерімізді адам баласына тән асыл қасиеттерге, адамгершілікке тәрбиелеуден жалықпайық!К
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Меңжанова «Мектепке дейінгі педагогика»
2. «Қазақстан мектебі» журналы № 9-10 2005 ж. 3. Қ. Жарықбаев, Серғазы Қалиев ″Қазақ тәлім-тәрбиесі″. Алматы, ″Санат″ 1995ж
4. Н.М.Аксарина. Сәбилік шақтағы балаларды тәрбиелеу. Алматы, 1982 ж
5. ″Балабақшада оқыту және тәрбиелеу бағдарламасы″ , Алматы, 1987ж
6.К.НКрупская. Мектепке дейінгі тәрбие туралы. Алматы 1988ж
7. «Қазақтың ұлттық ойындары» кітабы авторы: Базарбек Төтенаев Алматы «Қайнар» баспасы 1994 ж.