Просмотр содержимого документа
«Наурыз -Ұлыстың ұлы күні»
№31 «Күншуақ» мектепке дейінгі ұйым
«Наурыз – ұлыстың ұлы күні!»
(ертеңгілік)
Өткізген: Жубатова Р.Ж.
А.Тажиданова
Ақтөбе – 2017 жыл
Зал іші мерекелік көңіл-күйге сай безендірілген. Жай әуен ойнап тұрады.
Жүргізуші:
Ертеден мерекелеп келе жатқан мейрам – Наурыз күні. Наурыз – жаңару, жасару, көктем мерекесі, халық мейрамы. Олай болса, құрметті қонақтар, сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтай отыра, «Наурыз – ұлыстың ұлы күні!» ертеңгілігімізді тамашалауға шақырамыз.
Көктем сайын арда емген Ана – Күнді,
Дүбірлесін думаннан дала күллі.
Салты солай Наурыздың...
Ей, адамдар, туыстарша тойлайық Жаңа жылды.
Наурыздың аппақ қарындай, ақ кимешегі ананың аппақ арындай әжеміз өзінің немерелерімен келеді. Қош келіпсіз, әже!
(Қасына 7 немересін ерткен әже кіреді.Табақшаларында Наурыз көже, шашу, дән, су, ақ (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән және жеміс-жидек) және қызылдан (ет тағамы), 7 түрлі тағамы бар табақша. Балалар ыдыстарын әдейі дайындалған дөңгелек үстелге қояды. Қыздар иіліп, ер балалар қолдарын кеуделеріне қойып сәлем етеді).
Әже:
Уа халайық, бүгінгі мейрамға жыйналып қалыпсаңдар ғой. Ал. Мейрамдарың құтты болсын. Наурыз мейрамы әр шаңыраққа бақыт, табыс, құт-береке, қуаныш әкелсін!
Жүргізуші:
Наурыз тойын жұп жазбай,
Қошеметпен қарсы алайық!
Досқа құшақ ашайық,
Өлең-жырға басайық.
Қазақтың бір салты деп,
Тойға шашу шашайық!
(Шашу шашылады).
Жүргізуші:
Ұлыстың ұлы күні сіздерді көргенімізге өте қуаныштымыз. Төрге озып қонақ болыңыздар.
Әже:
Иә, қызым, біз ойын-ойнап, той-тойлаумен бірге балаларға ескіден қалған есті дүниелерді насихаттап жүрмін.
Жүргізуші:
Олай болса, әже тіпті жақсы, білгенімізді бекітейік, білмесек үйренейік, ашыңыз сыр сандығыңыздың аузын!
(Әже Наурыз мейрамы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, т.б. туралы түсінік береді, балалармен бірге ағаш отырғызады).
Жүргізуші:(ағаш отырғызылып жатқанда)
Ұлыс келді!
Ұлыспенен жеріме тыныс келді,
Ақ боз аттың уығы күмістелді.
Торғай біткен топырлап шұқынып жүр,
Бітіре алмай жүргендей бір істерді.
Ауылымыздың бар жасы игі іс бастап
Бұлақ көзін ашқанды дұрыс көрді.
Олар еккен жас ағаш жайқалғанда,
Жібергендей билетіп алып жерді.
Жүргізуші:
Арайыңдай көрінген таңғы үміттің,
Басын қостың сан халық, сан бір ұлттың.
Жарқырай бер, жер-көкте жаса Наурыз.
Ұлт достық мейрамы мәңгіліктің.
Хор: «Наурыз тойы»
Жүргізуші:
«Наурыз» мерекесіне шашу ретінде өз білетін өлең шумақтарын оқып беремін деуші бүлдіршіндерімізді ортаға шақырамыз.
Тақпақтар:
1-бала:
Наурыз келді құт болып,
Мына бізге сүт болып.
Аққа аузымыз толады,
Бар жақсылық болады.
2-бала:
Бата беріп атамыз,
Бата беріп апамыз.
Дәмді болып жасалған,
Наурыз дәмін татамыз.
3-бала:
Жайнатамын бар гүлді,
Сайратамын бұлбұлды.
Төгілтіп ән-жырды,
Мейрам етіп бұл күнді.
4-бала:
Ал балалар билейік,
Наурыз тойын тойлайық.
Баянды боп мереке,
Қыр гүліндей жайнайық.
5-бала:
Кәусәр бұлақ бақшада,
Ән салдырған Наурызым.
Айтыс айтып, қыз қуып,
Көкпар тартқан Наурызым.
Жүргізуші:
Бүгінгі тойымызға жігіттеріміздің де өз өнері бар көрінеді.
Би: «Қара жорға»
Жүргізуші:
Түк татырмас Шығайбай,
Тек Алдардан ығар бай.
Мырза болып көл-көсір,
Өнерді бір шығарды-ай – дей келе «Алдар көсе мен бай» көрінісін тамашалаңыздар.
Көрініс: «Алдар көсе мен бай»
Жүргізуші:
Көктем!
Көктем, тамаша осы бір шақ,
Кіріп келдің әр үйдің досы құсап.
Жайраң қағып бәрі де албырт жанмен,
Қарсы алады алдыңнан тосып құшақ.
Хор: «Көктем»
Тақпақтар:
6-бала:
Малдар төлдеп, қой қоздап,
Сүтке бұлақ ағызған,
Жаңа жылдың сипаты,
Молшылыққа аңыз боп,
Басталыпты Наурыздан.
7-бала:
Ақ қар кетіп, қыс өтіп,
Шырайлы шуақ жаз жетіп,
Шаруаның ұлы кенелген,
Күн мейрамы ежелден.
Құтты болсын, бұл Наурыз.
8-бала:
Бата беріп атамыз,
Бата беріп апамыз.
Тәтті болып жасалған,
Наурыз дәмін татамыз.
9-бала:
Наурызды халқымыз,
Жыл басы санайды.
Көнермес салтымыз,
Көктемдей арайлы.
10-бала:
Ата-бабам тойлаған,
Наурызым, армысың?
Қызығына тоймаған,
Дарқан дала, қарлы шың.
11-бала:
Қарды ерітіп жылғасы,
Наурыз келді – жылбасы.
Шуақ төкті жарық күн,
Мейрамында халықтың.
Жүргізуші:
Қане, жігіттер, мен сіздерді ортаға ұлттық ойынымыз «Тақия алу» ойнауға шақырамын. Бұл ойында икемді, оралымды бала жеңіске жетеді. «Қара жорға» биі арқылы жердегі тақияны ауызымен іліп алу керек.
Жүргізуші:
Сан ғасыр санамызда сақталады,
Ән-күйі бабамыздың жатталады.
Қазағым осындай бір бопты деген,
Сахнада домбыра биі басталады, - дегендей, келесі кезекті «Гүлдер» тобының биші қыздарын ортаға шақырамыз.
Би: «Домбыра»
Тақпақтар:
12-бала:
Арпа, бидай бастаған,
Жеті дәмнен аспаған.
Наурыз көже – көк көже,
Бұл тойдағы бас тағам.
13-бала:
Асыр салып шуақта,
Қозы, лақтар ойнайды.
Сылдыр қағып бұлақта,
Наурыз тойын тойлайды.
14-бала:
Наурыз келді тамаша,
Ән айтамыз таласа.
Апам, атам той тойлап,
Қуанып жүр балаша.
15-бала:
Наурыз тойы әдемі,
Әжем еске түседі.
Бізге арнап әдемі,
Наурыз көже пісірді.
16-бала:
Жаңа күн ол – жыл басы,
Жиырма екісі наурыздың.
Наурыз айда төл басы,
Бүршік атар бау біздің.
Хор: «Наурыз, наурыз»
Жүргізуші:
Осындай жаңа жыл, жаңа күн баршаңызға бақыт пен денсаулық сыйласын! Жаңа жыл тек қана шат-қуаныш, ырыс-береке, бақ-дәулет, той-думан жылы болып енсін!