Просмотр содержимого документа
«Киіз үй жабдықтары»
Сабақтың тақырыбы: Киіз үй жабдықтары. Жай сөйлемдерді қайталау.
Сабақ мақсаттары: Білімділік: Жаңа тақырыпты өздіктерінен меңгерту; Оқушылардың танымдық деңгейін көтеру, сөздік қорын байыту, пікірлесу, талқылау арқылы қойылған мәселелерді анықтап, түсінуге үйрету. Жай сөйлем түрлерін пысықтау.
Дамытушылық: Оқушылардың білгенін, түсінгенін, ойын қазақ тілінде жеткізе алуға дағдыландыру, сөздік қорларын сабақ барысында ғана емес, басқа да жағдайларда қолдана алуларын дамыту. Шығармашылық қабілеттерін дамыту. Қорытынды жасауға икемдеу
Тәрбиелік: Қазақтың салт - дәстүрлерін құрметтеу, білу. Елін, ұлтын, ұлттық құндылықтарды қадірлей алатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
Сабақтың әдісі: сын тұрғысынан ойлау стратегиясын қолдана отырып, жаңа тақырыпты меңгерту. Баяндау, әңгімелеу, сұрақ – жауап, мәтінмен жұмыс, тыңдап түсіну жұмыстарын орындау.
Сабақтың түрі: оқушылардың білімдерін, ептіліктерін, өз беттерінше іздену дағдыларын дамыту сабағы.
Қолданылатын әдіс–тәсілдер: Мәтінмен жұмыс (мәнерлеп, түсініп оқу, сөздікті қолдану, аудару, қорытынды жасау), сұрақ – жауап.
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі: 1. Сәлемдесу, түгендеу, сәттілік тілеу. Тренинг «Жүректен шыққан жылы сөз». Оқушылар сабақты бір - біріне жылы сөз айтып, жаңа сабақты меңгеру барысында көңіл - күйлерінің жақсы болуына тілек білдіреді. - Балалар, қазақта мынадай сөз бар «Жылы сөз жанға қуат береді» деген. Ендеше бүгін сабағымызды бастамас бұрын бір - бірімізге жылы сөз айтып, бүгінгі күнге жақсы тілек айтып, сабағымызды бастайық.
. ІІ. Оқушылардың білімін тексеру:
Қызығушылықты ояту: Ал, енді біз қазір жаңа тақырыпқа көшеміз. Қандай тақырып, екенің сендер маған айтып бересіздер, ол үшін мен сіздерге бір ертегі айтамын. Ерте, ерте ертеде, далада көшіп-қонып жүрген қазақтардың күнге ұқсас, тез жығылып, тез жиналатын, көшіп – қонуға лайықты үйі болған. Аспан күмбезіндей домалақ әрі жылы, кемпірқосаққа, тақияға, ұқсайтын үй. Ол үйді қалай атаған? Сабақтың тақырыбы анықталады. Мақсаты қойылады. 3.2 – тапсырма: Миға шабуыл • Киіз үйге кіріп, болмаса құруға көмектескендеріңіз бар ма? • Киіз үйдің құрылысы жайлы білеміз бе? • Киіз үйдің қандай түрлері болған? • Киіз үйдің ішкі жасауын көргендерің бар ма? (Айтып беріңіздер.) 3.3 – тапсырма: Жаңа сөздерді қатыстырып, жай сөйлем құрастырыңыздар.
1 – топ . Мәтінмен жұмыс Киіз үй Киіз үй – тарихымыздағы ең алғашқы сәулеттік құрылыс. Киіз үй – қазақ халқының ертеден келе жатқан баспанасы. Көшіп қонуға ыңғайлы, жер сілкінісіне төтеп беретін ең қолайлы жәдігер. Киіз үйдің жалпы салмағы жиһаздарымен қосқанда 300-400 келіге жуық. Бұл салмақты бір түйе еркін көтере алады. Кереге, шаңырақ, уық, сырқырлауық – киіз үйдің негізгі бөлшектері. Соның ішінде — кереге киіз үйдің негізгі қаңқасы болып есептеледі. Кереге - киіз үйдің қабырғасын құрайтын жиналмалы, тор көз тәріздес қанаттардан тұрады. Қанаттар жартылай шеңбер тәріздес орналасып, бір-біріне жалғаса отырып, киіз үйдің қабырғасын құрайды. Сол себепті, ол оп-оңай керіліп, қайта жиналып отырады. Ол — талдан, жіңішке қайыңнан жасалады. Ал шаңырақ болса – киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Сонымен бірге шаңырақ киіз үйдің терезесі, түтін шығатын орынның қызметін атқарады. Уық - кереге мен шаңырақты жалғастырып, киіз үйдің төбесін құрайтын сырық ағаштар. Үйдің қанаты көп болған сайын, оған байланатын уықтың саны көбейіп, уықтарының ұзындығы ұзарады. Есік (сықырлауық) - екі жаққа айқара ашылатын табалдырыққа бекітілген қос қанаттан, маңдайша, босағадан тұрады. Киіз үйдің бөліктерін жасауға ағаштың түрлі сорттары пайдаланылды. Ағашы толығымен құрылып болған соң — киізі жабылады. Киіз үйдің киіз бөліктері көлемі мен түрі жағынан әр түрлі төрт кесіндіден тұрады. 1) Туырлық - киіз үйдің қабырғасын жауып тұратын киіз кесінді. 2) Үзік - киіз үйдің төбесін жауып тұрады. 3) Түндік - шаңырақтың үстін жауып тұратын төрт бұрышты киіз кесінді. 4) Киіз есік - есіктің сыртынан жауып тұратын тік бұрышты киіз кесінді. Киіз үйді әдетте 3-4 адам 1 сағаттың ішінде құра алады. Киіз үйдің қанаттары мен уықтары шеберлердің қолында оңай майыстыруға ыңғайлы ағаштың жеңіл сорты-талдан жасалды. Шаңырақ жас қайыңнан жасалса, босаға мен есіктер қарағайдан жасалды.
2 – топ. Мәтінмен жұмыс. Киіз үйдің ішкі жасауы Киіз үй адамзат тарихындағы ең бірінші архитектуралық құрылыс. Ол жер сілкіністеріне де төзімді. Киіз үй қазақ халқының қысы-жазы отыратын баспанасы болған. Ол тез жығып түйеге артып жүре беруге, көшіп-қонуға лайықтап жасалған. Үй іші мен сыртқы әлемді жалғастыратын касиетті шекара – ақ босаға. Үйдің ортасында ошақ, ошақта қазан тұрады. Бұл – киелі орын. Қазақтың «отбасы», «отағасы» атаулары да осыдан шыққан. От жанған жерде тіршілік, тірлік бар. Ошақтан әрі кіреберіске қарсы киіз үйдің сыйлы орыны – төр орналасады. Киіз үйдің қонақ отыратын жері – төр ең құрметті орын саналады. Қазақтар келген мейманды төрге отырғызады, қазақтың кеңдігі мен қонақжайлығының белгісі, қонағын дәм ауыз тигізбей жібермеген. Бұл тамаша ғұрып күні бүгінге дейін сол күйінде сақталған. Төрде міндетті түрде аң терілері және қасиетті домбыра ілулі тұрады. Тұрғын-жайлық киіз үйлерде бұл жерде кебеже-сандық және отбасының байлығына арналған басқа да ыдыстар, сондай-ақ төсек-орын (жүк) жиналып, төр осы екенін паш етеді. Сандық - сәндеп, оюлап ағаштан жасалатын киіз үй жиһазы. Оларды қаптама сандықтар деп атайды. Абажа – тамақ пен ыдыс-аяқ сақталатын кебеженің үлкен түрі. Ағаштан жасалып, киізбен, былғарымен қапталған. Кебеже – сүр ет, құрт, шай салып сақтау үшін ағаштан жасап, өрнектеген үй жиһазы. Әбдіре – зат сақтайтын үлкен сандық. Сырты қаңылтырмен әшекейленіп қапталады. Ағаш төсек – жату үшін пайдаланатын үй жиһазы. Асадал-тамақ пен ыдыс-аяқ сақталатын кебеже. Адалбақан – киім ілуге арналған үй жиһазы. Жүкаяқ – үйде жүк астына қоятын ағаш зат. Алаша – әр түрлі түске боялған жүннен тоқылған төсеніш. Көп мәнерлі өрнектер түсіріп тоқиды. Бөстек – малдың не аңның жұмсақ терісіне киізден астар салып жасалынады. Киіз – қой жүнінен, еденге төсейтін төсеніш. Сырмақ – киізден сырып, оюлап жасалған төсеніш. Ақ-қара киіздер бөлек-бөлек даярланып бір-біріне беттестіріп, қиюластырып тігеді. Түскиіз – сәндік үшін төсектің тұсына тұтатын үй бұйымы. Киіз үстіне барқыт, шұға, жібектерден ою-өрнектер тігіледі. Қоржын – екі жағын тең етіп тоқыған, не құрап тіккен зат салатын дорба. Көрпе – матаның арасына мақта немесе жүн салып тіккен жамылғы. Егер көрпе тысын мата қиындыларынан құрап тіксе «құрақ көрпе» делінеді. Ақ дастархан – ас қоюға арналған мата төсеніш. Дастарханның шетін сырып тігеді, не шашақ тағады. Жалпы киіз үй оң жақ және сол жақ деп екіге бөлінеді. Яғни ерлер және әйелдер жағы болып. Ерлер жақта ер адамға тән нәрселер ілініп тұрады. Олар: шоқпар, қамшы, садақ сияқты қару-жарақтар. Ал әйелдер жағында тек әйелге тән нәрселер тұрады. Олар: ыдыс-аяқ, төсек орын, бесік тағы басқалар. Барлық киіз үй әдемі ою-өрнектермен әшекейленген түскиіздермен, алашалармен, сырмақтармен безендіріледі.
3- топ.Киіз үйдің қазақы және қалмақы деп аталатын екі түрі бар. Қазақы үйлер дөңгелек, толық күмбезді болады да, қалмақы түрінің төбесі шошақтау келеді. Қазақы үйлер пайдаланылуына, сән-салтанатына қарай бірнеше түрлерге бөлінеді. Мысалы, қара үй (үш қанат), қоңыр үй (4 қанат), боз үй (5 қанат), ақ үй (6 қанат), ақ ала орда (8 қанат), ақ орда (12 қанат), ақ шаңқан (18 қанат), алтын үзік (24 қанат), алтын орда (30 қанат) деп аталатын түрлері бар. Сол сияқты көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылық, жұмыс ретінде бейімделген үй түрлері болады. Олар қос, абылайша, күрке, кепе, итарқа, жаппа, жолым үй, ас үй, қалқа деп аталады. Жаңа үй болған жас шаңырақты «отау» дейді.
Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді:
1. Төр. Мұнда жүк жиналады, қонақтар орналасады. Бұл – киіз үйдің жоғары әрі сыйлы орны. Жас келіндер бұл жерде отырмайды.
2. Сол жақ (кіргенде оң жақ) – үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар тұрады. Оны шимен жауып қояды.
3. Оң жақта (кіргенде сол жақ) балалар орналасады. Босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінеді.
4. От орны қасиетті орын болып саналады. Мұнда от жағылады, қазан асылады.
Киіз үй негізгі 3 бөліктен құралады:
1. Үйдің сүйектері (ағаштан тұратын бөліктері).
2. Киіздері (ши де осыған кіреді)
3. Бау-шулары (баулары мен басқұр, арқандары).
Есiк пен төр Киiз үйдiң есiгi әдетте шығысқа қаратылады. Бұл — күннiң сәулесi үйге бiрiншi түссiн дегендi бiлдiредi. Есiкке қарама - қарсы бетте — төр. Төрдегi адам есiкке қарап отырады. Егер ол малдас құрып отырса, оның әкесi жоқ деп есептеңiз. Әкесi тiрi адам малдас құрмайды. Отырудың өзiнiң осындай таңбалық мәнi бар. Төрдегi адам төрелiк айтады. Төрге ақ пен қара түстi сырмақ төселедi. Мәнiсi, төр — ақ пен қараның ара жiгiн ажырата алатын адамның орны. Төрде отырып, билiк айтқандар мемлекет билiгiне дейiн көтерiлген. Мұны Орхон - Енисей жазбасындағы «төр» сөзiнiң мемлекет мағынасында қолданылғанынан байқауға болады.
Бекіту кезеңі: 1-топ. Киіз үйді тігеді. 2-топ.Киіз үйдің ішкі жасауын жасайды, шетелден келген қонақтарды таныстырады. 3-топ.
Сөйлемдерді айтылу мақсатына қарай жай сөйлемдерге түрлендіріңіз. Ата-бабамызда «қасиетті қара шаңырақ» деген сөз бар. Қазақтың өмірінде шаңырақтың маңызы зор. Ол атадан балаға мұраға қалдырылып отырған. Шаңырақ арқылы ұрпақтан ұрпаққа ата-бабалар рухы, күші жалғасады деседі. Шаңырақ – үй, әулет,мағынасында да пайдаланылады. Әулет дәстүрі бойынша ұлдар әкенің үйінінен бөлініп, жеке шаңырақ иесі болады. Әкесі мен шешесін кенже ұлы асырайды. Ол әке шаңырағының иесі, мұрагері болып саналады. Егерде киіз үйдің басқа бөлшектері тозса, оларды жаңалайды, ал шаңырақты сақтайды, сондықтан оны «қара шаңырақ» деп атайды.
Қорытындылау: Бүгінгі күні киіз үй кеңінен қолданылады деуге болмайды. Киіз үй тек қана ауыл шаруашылығында Оңтүстік Қазақстанда, ұлттық мейрамдарда, той – думандарда, шет елден қонақтар келгенде, қазақ халқының салт – дәстүрін көрсету үшін қолданылады. Шаңырақтың ортасындағы шаңырақ, үш жүздің бірлігін, ынтымақтастығын білдіреді және Отанымыздың біртұтастығын білдіреді. Қазір көп ұлтты халықтар «Қазақстан» деген шаңырақтың астында, ашық аспан астында тату – тәтті өмір сүріп жатырмыз. ҮІ. Рефлексия: «Қазақстан – достықтың шаңырағы» тақырыбына эссе жазыңыздар. ҮІ. Бағалау: ҮІІ. Үйге тапсырма: «Киіз үй» тақырыбына шығарма жазу.