Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында білім беру орындарымен бірге отбасының алатын орны ерекше. Баланы тәрбиелеу алдымен отбасынан, өскен ұясынан басталып өсе келе мектеп қабырғасынан жалғасын табады.
Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Просмотр содержимого документа
«Отбасы - өнегелі ұрпақ тәрбиелеудің басты кепілі»
Отбасы - өнегелі ұрпақ тәрбиелеудің басты кепілі
Нұржан Г.Т.
Қостанай гуманитарлық колледжі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
...Еліміздің болашағы бүгінгі балалардың дұрыс азамат болып қалыптасуы отбасындағы тәрбиеге байланысты.Сондықтан балаларыңыз елін, Отанын сүйген азамат болып өсіп сіздерді бақытқа кенелтсін десеңіздер бала тәрбиелеудегі қателіктерге жол бермеңіздер!
Н.Назарбаев
Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында білім беру орындарымен бірге отбасының алатын орны ерекше. Баланы тәрбиелеу алдымен отбасынан, өскен ұясынан басталып өсе келе мектеп қабырғасынан жалғасын табады. Қазақ халқы өзінің баласына ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын ізгілік, адамгершілік, үлкенді құрметтеу, ұяңдық сынды асыл қасиеттерді ерте заманнан бері атаның қанымен ананың сүтімен бойына сіңіріп өсіреді. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ең алдымен ата-ана өз ұлтымыздың әдебиетімен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, тілімен, тарихымен, өнерімен тереңірек таныс болу керек. М.Жұмабаевтың: «Тәрбиедегі мақсат баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деп айтуы отбасындағы ата-ананың бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауын тілге тиек етеді. Өйткені елдің ертеңгі тірегі – болашақ ұрпақ. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» - деп ел басымыз Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей бала мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі оның алғашқы ұстазы – ата-анасы болып табылады. Бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Сондықтан балалар қайырымды болу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық жасау, өзініне деген сенімділік мәселелерін отбасынан үйреніп қалыптасады. Осыған байланысты халық даналығында «Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген қасиетті нақыл сөзді тегін айтпаса керекті. Ата-ана өзінің мінезі, дағдысы, сөзі, іс - әрекеті арқылы баласына үлгі көрсетеді. «Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар, - деп жазады А.С. Макаренко – Сіздер оны өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, сіздер басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, сіздер достарыңызбен қандай қарым-қатынаста боласыздар, сіздер қалай күлесіздер, газет-журнал оқисыздар – осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар». Бала әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, ата-ананы өмірдің тірегі деп санайды.
Ата-аналары балаларын өнегелi сөзiмен, жеке басының тәрбиесiмен тәрбиелейдi. Бала әр нәрсеге сенгiш, тез қабылдағыш, елiктегiш келедi. Әр бала сипағанды, жылы сөйлегендi, аялағанды, еркелеткендi, ертегi әңгiме тыңдағанды, ойын ойнағанды ұнатады. Бұл - баланың бойындағы үлкендерден ерекшеленiп тұратын негiзгi қасиетi. Бұл қасиеттер тек балаға ғана тән. «Бала тiлi– бал», «Балалы үй - базар» деген мақалды халқымыз өте орынды айтқан. Баланы сипау, аялау, жылы сөйлеу - баланың ақылды, ұстамды, мейiрiмдi азамат болып өсуiне көп ықпал етедi. Ал балаға ұрсу және оны балағаттау баланың бойында кек алу, өшпендiлiк қасиеттердi оятады. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесiне құрғақ ақылдан гөрi үлгi-өнеге арқылы ықпал етудiң жұғымды екенiн және балаға жора-жолдастарының, құрбы-құрдастарының әсерi мол екенiн айтқан. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деп, тәрбиелiк мәнi зор мақал-мәтелдер айтқан. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесiне ерекше назар аударып, «Баланы жетiге келгенше тыйма, жетiден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейiн құрдасыңдай сыйла» деп, баланың ой-өрiсi даму кезеңiн ерекше бағалаған.
Мектеп пен отбасы одақтас болуы тиіс. Осындай жағдайда ғана өз балаларымызды тәуелсіз Қазақстан Республикасының азаматы етіп тәрбиелеу мәселесін шешуге жағдай жасалады. Бұл үшін отбасымен байланысты дұрыс жолға қою ғана емес, отбасының педагогикалық мәдениетін көтеруге жағдай жасап, оның күшті тәрбиелік әлеуетін тиімді пайдалануға талпыну керек. Халықтық, отбасылық дәстүрді жаңғыртып, ата-ананы бірлескен әрекетке жұмылдыруға, оларды педагогтармен бірлесе еңбектенуге тарту қажет. Мектеп тәрбиеге байланысты қоғамдық күштерді ұйымдастыру және біріктіру рөлін атқарады. Осы тұрғыдан мектеп - балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастырып, жеке адамның дамуында және қалыптасуында әр түрлі факторлардың ықпалын үйлестіріп, біріктіретін орталық. Мектепте іс-әрекеттің ең бастысы - тәрбие түрлерінің (дүниетаным, еңбек, мінез-құлық, эстетикалық дене тәрбиесі) мақсаттары мен міндеттері жүзеге асырылады. Сондықтан мектептен тыс жұмыстардың болашақ ұрпаққа ықпалы бар. Кейбір жастар мектеп оқушыларын қоғамдық жат әрекеттерге үйретуге бейім тұрады. Мектеп оқушыларын нашақорлыққа темекі шегуге, спирттік ішімдіктерге әуестендіріп, тіпті теріс діни ағымдарға да үгіттейтіндері де кездесіп жатады. Міне, осындай жағдайлардың алдын алу үшін мектепте өткізілетін тәрбие сағаттары мен ата-аналардың балаға көп көңіл бөлуінің нәтижесі жемісін береді. Әсіресе мектепте жүргізілетін тәрбие жұмыстары педагогикалық заңдылықтарға сүйенгені жөн. Мұнсыз тәрбие жұмысы жүзеге асырылуы негізсіз деуге саяды. Оқытушы әрбір сабақтың оқыту, тәрбиелеу және дамыту бірлігін сақтау қажет. Сабақтың мазмұны, құрылысы және оқыту әдістері барлық жақтары да оқушыны тәрбиелеуі қажет. Бұл мәселені шешуде отбасымен серіктестік пен ынмытақтастықты баланың мектепке бейімделуі кезеңінде жаңа деңгейде құру қажет. Баланың мектептегі өмірінің табысты басталуы - отбасы мен мектептің ортақ әрекетінің нәтижесі. Ата-аналармен ынтымақтастық бастауында серіктестіктің қалыптасуы баланың мектеп өміріне тез бейімделіп, жан-жақты дамуына апарар жолдың негізгісі. Себебі ата-анасының мектеп өміріне белсене қатысуы баланың өзіне деген сенімін арттырып, оқуға деген құлшынысын арттырары сөзсіз.
Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін оқу орындарына қойылатын талап - тәуелсіз еліміздің азаматын тәрбиелеу, жастардың ұлттық сана-сезімін ояту, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілік көзқарастарын қалыптастыру. Ал ұлттық тәрбие берудің ең басты жолы - ұлттық қадір қасиетті дәріптеп, ана тілімізді сақтап, мәдениетімізді дамыту. Оқушылар арасында бірнеше бағытқа сәйкес ата-аналардың қатысуымен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы: «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «Сәлемдесу – сөз басы» және т.б. Осындай атқарылатын тәрбие жұмыстары олардың көзқарастары мен ойлау қабілеттеріне назар аударылады. Білім беру орындарында өтетін тәрбиелік іс-шараларға ата-аналарды қатысқаны олардың белсенділіктерін арттырады.
Жас ұрпақтың сапалы білім алып өскелең өмірімізге лайықты адам болып шығуы қазіргі өмір талабы, ал уақыт талабының күннен күнге күшие түсуі және қоғамдық өмірдегі өзгерістер оқу-тәрбие процесіне жаңаша көзқараспен қарауды қажет етіп отыр. Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі ояу, рухани дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты,ар-ожданы, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу. Адамзат дамуының қай кезеңінде болсын тәрбиенің тиімділігін жетілдіру ісі жүзеге асырылып келеді. Бұл істі жүзеге асыру үдерісі әрбір қоғамдағы мемлекет қажеттігіне бағындырылады. Өйткені, мемлекет қажеттігінің орындалуы оның экономикалық күш-қуаты мен саясатына тәуелді екендігі белгілі. Олай болса, тәрбие тиімділігінің ең басты шарты мемлекет мүмкіндігінен туындайтын қажеттікке сай тәрбиенің мақсатын нақты анықтау болып табылады. Жалпы адамзаттық тұрғыдан қарағанда тәрбие мақсаты - әрбір тұлғаны жан-жақты және жарасымды етіп тәрбиелеу.
ХХІ ғасыр – ақпараттар мен ғаламдасу ғасыры десек, заман талабына сай жастарымызды тәрбиелеп, Отанына деген шынайы сүйіспеншілігін ояту-қоғамның бүгінгі ең өзекті мәселесі. Жастар - елдің болашағы, тірегі. Сондықтан бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне барлығымыз да қоғамға пайдалы іс-әрекеттер жасауды қолға алғанымыз жөн.
Сонымен, жаңа ғасырда қоғам мүддесіне сай лайықты жан-жақты жетілген ертеңгі қоғам иегері боларлық азамат тәрбиелеп өсіру отбасының, балабақшаның, мектептің, барша жұртшылықтың міндеті болмақ.