1941-1945 жылғы соғыста қазақстандықтардың жанқиярлық ерліктері туралы мәлімет беру. Жиырма сегіз гвардияшы Панфиловшылар — Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді ерлікпен қорғаған қазақстандық жауынгерлер жайлы дерек беру. Өз ұлтын сүюге, құрметтеуге және өз ұлтының патриоты болуға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Кітапханалық сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, түсіндіру.
Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Просмотр содержимого документа
««Ер есімі-ел есінде!»»
Ақмола облысы, Жақсы ауданы
Ғ.Әбдірахманұлы атындағы
Қима орта мектебінің кітапханашысы
Есенгулова Тогжан Сейткереевна
Кітапханалық сабақ
Сабақтың тақырыбы: «Ер есімі-ел есінде!»
Сабақтың мақсаты: 1941-1945 жылғы соғыста қазақстандықтардың жанқиярлық ерліктері туралы мәлімет беру. Жиырма сегіз гвардияшы Панфиловшылар — Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді ерлікпен қорғаған қазақстандық жауынгерлер жайлы дерек беру. Өз ұлтын сүюге, құрметтеуге және өз ұлтының патриоты болуға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Кітапханалық сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, түсіндіру.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру
Оқушылармен сәлемдесу.
ІІ. Негізгі бөлім.
Бүгін біз қазақстандық 28 Панфиловшылар жауынгерлерінің ерлігімен танысамыз және бүгінгі сабағымыз сол жауынгерлеріміздің ерлігіне биыл 75 жыл толуына орай «Ер есімі – ел есінде» тақырыбындағы кітапханалық сабаққа қош келдіңіздер.
Кіріспе сөз: Кітапханашы
Жұмыр жерді билеп-төстемекші болған фашистік Германияның бақайшағынан басына дейін мұздай қаруланған армиясы 1941 жылдың 22 маусымында бейбіт өмір сүріп, бейқам жатқан Кеңестер Одағына тұтқиылдан соғыс жариялап, Батыс шекарадан лап қойды. Араға төрт ай салып, жолындағының бәрін жапырып, жайпап Одақ астанасы – Мәскеудің іргесіне таяп қалғанын естіді.
Соғыс басталысымен Алматы қаласының түбінде жасақталған атақты генерал-майор И.В. Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясы қан майданға (құрамында даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының жаужурек батальоны да бар), Мәскеу қаласын жаудан қорғауға аттанды. Күші басым дұшпанмен қорғана отырып соғысқан қазақстандық ержүрек жауынгерлер 1941 жылдың қар жамылған аязды қараша айының 16-сында Мәскеуге таяу Волоколам ауданы, Дубосеково разъезінің (темір жол айырмасы) түбінде Батыс майданы, 16-шы армияның 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы (бұрынғы 316-шы атқыштар дивизиясы) 1075-ші атқыштар полкінің 2-ші батальоны 4-ші ротасының кіші политрук В.Г.Клочков бастаған 28 гвардияшы-панфиловшы сарбаздары әлемді дүр сілкіндірген ерен ерлік танытты.
Олар өз политругі В. Клочковтың: «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ. Артымызда – Мәскеу!» деген жалынды сөзін басшылыққа алып, неміс-фашистерінің құрыш болат құрсанған 18 танкісін отқа орап, жүзден астам солдатын жер құштырды. Осылайша жеңілуді білмейді деген неміс армиясының сандырақ ұйғарымының, мақтангөй аңызының күлі көкке ұшты. Өздерін жанпида етсе де дұшпанды ілгері бастырмаған, әр сүйем жер үшін кескілесе ұрыс салған 28 гвардияшы-панфиловшылардың қаһарман ерлігі кеңес жауынгерлерінің рухын шұғыл көтерді, намысын жаныды. Сол бір жаужүрек 28 батырдың 11-і дерлік Жетісу өңірінің жайсаңдары болатын. Солардың қатарында: Г.М.Безродных, Я.А.Бондаренко, И.Р.Васильев, П.Д.Дутов, Н.Есболатов, Д. Калейников, Ә.Қожабергенов, Н.А.Митченко, И.М. Натаров, М.Сеңгірбаев, И.Д.Шадрин бар еді. Ал осы 28-дің, яғни 11-дің бірі қасиетті Қаратал ауданының тумасы, қатардағы жауынгер Никита Андреевич Митченко (1913-1941ж.) болғанын біздер әрдайым мақтаныш тұтамыз. Енді Отан үшін деп отқа оранған панфиловшы жауынгердің өмір дерегі мен еңбек жолы, отбасы, қаһармандық ерен ісінің кейбір тұстары жайлы зерделегеніміз бен білгеніміз жайлы ортаға салғанды құп көрдік.
1. Кім не біледі! Балалар сіздер қаншалықты 28 Панфиловшыларды білесіңдер? (оқушылар 28 Панфиловшылар туралы айтады).
Никита ресейлік емес, ақмолалық...
Өкінішке қарай, Кеңес Одағы салтанат құрған жылдары жарық көрген «Совет Одағының қазақстандық батырлары» анықтамалығында «Никита Андреевич Митченко 1913 жылы Новосибирск облысы Нововладимировка селосында шаруа отбасында дүниеге келген. Ата -анасынан айырылған соң, 1935 жылы отбасымен Қазақстанға көшіп келеді. 1935 -1937 жылдары Киров ауданының қызылша өсіретін совхозында, ал 1937 жылдың қарашасынан 1941 жылдың 19 шілдесіне дейін Үштөбе стансасындағы жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде жүк түсіруші-тиеуші болып жұмыс істеген. Ол соғысқа дейін үйленіп, Ксения Борисовнамен тұрмыс құрған. Дүниеге келген қызы Валя екі жасында қайтыс болған. Н.А. Митченко 1941 жылдың шілдесінде әскер қатарына шақырылып, генерал-майор И. Панфиловтың дивизиясы қатарында Мәскеу қаласын қорғауға қатысады. Оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1942 жылғы 21 шілдедегі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры (қаза тапқаннан соң) атағы беріледі. Оның есімімен Қара теңіздің теңіз пароходствосының теплоходы (27 желтоқсан, 1980 жыл), Үштөбе қаласының бір көшесі аталған. Пионерлер үйінде батырдың шағын бюсті орнатылған» делінген. Ерлік қашанда елге мұра, ұрпаққа ұран болды, болып қала береді де. Танымал қаламгер Бейбіт Қойшыбаевтың республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 1985 жылғы санында ұлы ерлік шежіресінің 40 жылдығына орай батыр Н. Митченкоға арналған «Сүйіспеншілік» атты очеркі жарияланды. Онда автор Никита Андреевичтің ресейлік емес, қазақстандық, онда да бұрынғы Целиноград (қазіргі Ақмола) облысы, Нововладимировка ауылында 1913 жылы 13 сәуірде туғандығын алға тартады. Бұған Н. Митченконың өмір жолын зерттеп жүрген отставкадағы майор В.Е. Ахиткиннің аталған облыстың Новогеоргиевка ауылындағы Успен шіркеуі архивіндегі жазбада оның ата-анасы Андрей Михайлович пен Прасковья Матвеевнаның Нововладимировка ауылында тұратындығы дәлелді айғақ болады. Ұзақ жылдар бойы жіберіліп, қайталанған осы олқылық 2010 жылы республикалық «Өнер» баспасынан (Алматы қаласы) басып шығарылған «Қазақстандық Кеңес Одағының батырлары» анықтамалығында біршама түзетіліп, толықтырылған. Әйтсе де, қынжыларлығы сол, батырдың туған жылы үш жасқа үлкейтіліп, 3.04.1910 жылы Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Нововладимировка ауылында туған делінген (мәтінді дайындаушының қандай дерек көзіне сүйенгені беймәлім). Әрі қарай ұлты – украин. 1935-1941 жылдары Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында жұмыс істеген. Мәскеудің гимніне айналған «Дорогая моя, столица» өлеңінде 28 гвардияшы-панфиловшылар туралы айтылады. Митченконың есімі Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Сарыоба атындағы мектепке берілген», делінген. Бұл жазбадан аңғарғанымыз, бізге халқымыздың мақтанышы саналатын батыр жерлесіміздің өмірбаянын әр саққа жүгіртпей, біріздендіру қажет. Сүйсінерлігі сол, ерлік пен елдікті қашан да қастер тұтатын қараталдықтар өзінің төл перзентіне айналған Никита Митченконың есімін қадірлеп, оған құрмет көрсетуде біршама игі істерді атқарды. Сөзіміздің басында айтқандай, аудан орталығы – Үштөбе қаласының көрікті көшесінің біріне оның есімі берілген. Қаладағы Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш С.Морозов атындағы №51 мектеп-гимназиясында өлкетанушы ұстаз Т.И. Молчанованың ұйытқы болуымен жауынгерлік Даңқ музейі ашылған. Онда батырдың шағын бюсті орнатылған. Жеңіс мерекесі қарсаңында жас ұрпақ хабардар болатындай еске алу кештері мен тәрбие сағаттары өтеді.
Ерлер есімі ұмытылмайды, ұрпаққа үлгі болған...
Сонымен, өткен ғасырда 1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысының тарихи жылнамасына жарқын бет болып жазылған, 1941 жылдың 16 қарашасындағы Мәскеудің Дубосеково разъезі түбіндегі болат сауыт құрсанған, ажал оғын шашқан дұшпанның 18 танкісіне бетпе-бет келіп, жалаң қолдарымен, граната және сұйық жарылғыштың көмегімен өртеген, екі жүзге жуық фашисті жер жастандырған, жаралы жолбарыстай алысып, ерлікпен қаза тапқан 28 панфиловшы батырлардың патриоттық іс-қимылы дүниежүзін елең еткізді десе болады.
Осы ретте мына екі жайтқа көңіл аударған жөн. Оның біріншісі, Отан үшін, Мәскеу үшін өліспей беріспейміз деп ант еткен, жоғарыда есімдері аталған 28 гвардияшы-панфиловшылардың көзсіз батырлығы сол тұстағы одақтық «Красная звезда» газетінің тілшісі А.Кривицкийдің мақаласына арқау болып, шартарапқа тарауы еді. Тарихи деректерге сүйенсек, кескілескен қанды шайқастан соң медициналық санитарлар ұрыс даласынан әупірімнің күшімен тірі қалған, қызыл қанға боялған жауынгердің бірін (кейбір деректе Иван Натаров (1910 – 1941 жылы), ал екіншісі Иван Шадрин (1917-1985 ж. Көксулық жерлесіміз, запастағы старшина) медсанчастьқа жеткізеді. Газет тілшісі А.Кривицкий онымен сұхбаттасып, оқиғаның жай-жапсарына қанығады. Политрук В.Г.Клочковтың қамал бұзар қаһарлы сөзін ұран етіп, ортаға тастайды. Ерлердің ерен ерлігімен жоғарғы әскери басшылық хабардар болғаннан кейін ғана барып, араға жеті ай салып КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1942 жылғы 21 шілдедегі Жарлығымен 28 гвардияшы-панфиловшыға (27-сіне қаза тапқан соң. Жерлесіміз И.Шадрин аман-сау елге оралған) Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Қаламы ұшқыр журналист А.Кривицкий араға біраз уақыт салып, генерал-майор И.Панфилов басшылық жасаған 8-ші гвардиялық дивизияның қаһармандарына арналған «Мәскеу түбіндегі қарауыл» кітабын жазады. Аталған тарихи ерліктің мән-мағынасы мен тағылымына маршал К.Жуковтың естеліктерінде, А.Бектің «Арпалыс» повесінде /«Волоколамское шоссе»), Б.Момышұлының «Біздің генерал» және «Москва үшін шайқас» шығармасында біршама орын берілген.
Екінші бір айтпағымыз, тағдыр жазып Кеңестер Одағының құрамындағы одақтас республиканың бірі саналған Қазақстан, оның ішінде қазақ жауынгерлері осы бір ел басына күн туған алапат шайқаста тумысынан батыр да ержүрек халық екендігін жасампаз ерлігімен дәлелдеді. Бұл уәжімізге осыдан тура жетпіс жыл бұрын Одақтың астанасы, жүрегі саналатын Мәскеу қаласын жаудан қорғауда қаһарман ерліктің үлгісін көрсеткен жетісулық 28 гвардияшы-панфиловшылардың қатарындағы қандастарымыз: Нарсұтбай Есболатов, Әлиасқар Қожабергенов, Әлікбай Қосаев, Мұсабек Сеңгірбаевтың есімдерін бөле-жара атаған жөн. Кезінде орыстың қаламы жүйрік журналист-жазушылары И.Эренбург, К.Фединнен бастап қазақ жауынгерлері мен командирлерінің мәңгі өшпес ерлігіне тәнті болып, «Правда» газетінің беттері арқылы «Қазақтар тегінде батыр халық», деп баға бергені бүгінгі ұрпақ – біздер үшін мақтаныш.
Біз бұл жолы күні кешегі күркіреп өткен Ұлы Отан соғысының өте бір ауыр кезеңінде көзсіз ерлік көрсеткен, осы ретте жанын пида еткен қазақстандық 28 гвардияшы-панфиловшылардың бірі Никита Митченконың батырлығы жайлы азды-көпті сөз еттік. Халқымыз ерлер есімі – ел есінде деп бекер айтпаған. Аттары аңызға айналған баһадүр батырларымызға туған Қазақстанымыз бен ежелден көршілес Ресей Үкіметі тарапынан жүзеге асырылып отырған игі шаралар әбден құптарлық. Алматыдағы 28 панфиловшылар атындағы саябақтағы Мәскеуді кеудесімен қорғаушыларға арналған монумент ескерткіш, 28 батырдың әрқайсысына жекелей орнатылған тақтайша белгі, осындағы даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры (12.12.1990 ж.) Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткіші оларға деген халықтық құрмет пен елдік ілтипаттың ыстық белгісіндей.
Ал Ресей жағына келетін болсақ, Мәскеу шайқасының тарихи маңыздылығына жоғары баға бере отырып, 1944 жылдың өзінде «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалін тағайындады. Бертінде, 1966 жылы Мәускеу қаласындағы Солтүстік Тушино ауданында панфиловшылардың құрметіне көше аталып, монумент орнатылды. Жеңістің 30 жылдығына орай, 1975 жылы қанды шайқастың ізі қалған Дубосековода мемориал, Нелидово деревнясында (Дубосеководан 1,5 шақырым қашықтықта) ержүрек панфиловшы батырларға еңселі ескерткіш орнатылып, мұражай ашылды.
2. Қаһарман ерлерге арналған өлең жырларымыз: (Оқушылар тақпақ айтады).
1 — оқушы.
Даламыздың даңқысың,
Балауса гүл балғын қыз.
Жанын қиып халқы үшін,
Жанып түскен ақ жұлдыз.
Мәңгі жасап жерде енді,
Биік бол деп таулардан,
Сенің балғын бейнеңді
Жасап қойдық мәрмәрдан.
Бірге соқсын дүрсілдеп,
Туған жермен жүрегің.
Ауасында жүрсің сен
Әнге қосып жүр елдің
2 — оқушы.
Ол бұзбаған қамал жоқ,
Жайдай тиіп бүйірден.
Тажал жауға ажал боп,
Төбесінен шүйілген.
Байтақ елдің бағына,
Туған қыран ұланы.
Қашанда Отан жауына
Қаһар төгіп тұрады
3 — оқушы.
Тастар көкке атылды,
Орман құлап тау шулап.
Жиырма сегіз батырды.
Жеңе алмады жау бірақ
4 - оқушы
Белгісіз жауынгер
Басында от пен гүл
Барлығы бауыр дер
Қасынан өткеннің.
Семсердей сермеліп
Сынғанмен батырлар
Гүл болып тербеліп
От болып лапылдар
3. Көрме көрсету: Көрмеге қойылған кітаптар: Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас», РҰлтанбаев «Естен кетпес ерлік», З.Ахметова «Светлые дни», К.Көпішев «Қаһармандар», «Ұмытылмас ерлік, өшпес данқ» Бақытжан Момышулы «Восхождение к отцу», Бауыржан Момышұлының «Соғыс тактикалары», «Айтылмаған сырлар», Александр Бектің «Волоколамск тас жолы», Бауыржан Мошұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы кітаптар қойылып насихатталды.
4. Ән: Сағи Жиенбаев «Жиырма сегіз батыр» әнін қосылып орындалды.
ІІІ. Қорытынды: Бүгінгі сабақтан біз не білдік! Не естідік, қаншалықты мағлұматтар алдыңыздар қысқаша түйіндесеңіздер.
Кітапханашы:
1941-1945 жылдардағы соғыстың ерлікке толы қаһарлы жылдары барған сайын бізден алыстап тарихқа кетіп барады. Жеңіс күні бізге ең алдымен бейбітшіліктің бағасын ұқтырды. Миллиондаған адамның өмірімен қолға тиген 1945 жылғы Жеңіс күні бізге қымбат. Біз соғысты көрген жоқпыз. Бірақ ата-әжелеріміздің әңгімесінен соғыстың не екенін түсініп, жанымыз түршігеді. Қан майданның төрінде жаумен жанын қия айқасқан ата-апаларымыздың рухына мәңгі тағзым етеміз. Күйзелген көңілдер, жүдеген жандар Жеңістен жұбаныш тапты. Жеңіске қолымыз жетті.
Қаншама жылдар өтседе жеңістің жаңғырығы еш уақытта өшпес емес. Ешкімде еш уақытта ұмытылмайды. Біз Отан үшін, жеңіс үшін жанын қиған ерлерімізді мәңгі ұмытпаймыз. Ардагер ата-апаларымыздың ерен ерлігі, еңбегі, Отан сүйгіштік асқақ рухы кейінгі ұрпақ біздер үшін үлгі өнеге болып санамызда мәңгі сақталады. Осыменен Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арналған кітапханалық сағатымыз аяқталды. Отанымызды сүйіп қастерлей білейік. Тәуелсіздігіміздің туы мәңгі желбіреп бейбіт заман болсын деген тілекпен «Әр қашан күн сөнбесін» әнімен сабағымызды аяқтайық.