Просмотр содержимого документа
««Жеңіс туы, желбіре!»»
Бақанас аграрлы- индустриалдық колледжі, МКҚК
Балқаш ауданы, Бақанас ауылы,Алматы облысы
Сланбекова Карлыга Боранкуловна
тарих және география пәндерінің оқытушысы
Тақырыбы: «ЖЕҢІС ТУЫ, ЖЕЛБІРЕ!»
(9 мамыр -Жеңіс күніне арналған іс-шара сценарийі)
Мақсаты:Ұлы Жеңісті дәріптеу, Ұлы Отан соғысында Отан үшін ерліктің тамаша үлгісін көрсеткен батырларымыздың ерлік істерін құрметтеп,үлгі-өнеге тұту. Өз Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, Отанын, туған жерін сүюге, қорғай білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Мәңгі алаудың және Рейхстагтің макеті, әсем безендірілген «Жеңіс туы, желбіре!» тақырыбы бойынша плакат,қабырға газеттері, буклет, слайдтар мен бейнематериалдар.
Барысы:
Фан-фар
«9 мамыр - Жеңіс күні!» атты мерекелік -музыкалық композиция орындалады. ( Музыка ойнап, слайд көрсетіліп тұрады ,білім алушылардың би ырғағымен
«9 мамыр - Жеңіс күні!» сөзі шарлармен құрастырылады).
1-жүргізуші: -Қайырлы күн, құрметті оқытушылар, қонақтар мен білім алушылар!
9 мамыр -Жеңіс күніне арналған «Жеңіс туы, желбіре!» атты мерекелік іс-шараға қош келдіңіздер!
2-жүргізуші: «Жеңіс күні!»- бұл ерлік пен әскери даңқ, елдің бірлігі мен ынтымағы салтанат құратын күн.
1-жүргізуші: «Жеңіс күні!» -бәріміз үшін айрықша мереке. Бұл күн-сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен, елі үшін жанын құрбан еткен бабаларымыздың рухына тағзым етудің, қиян-кескі ұрыстан аман келген ардагерлерімізді құрметтейтін ұлы күн.
2-жүргізуші: Әрине, Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Ол батырларымыздың ерен ерліктерімен, қанымен, маңдай терімен келді.
Азаматтың ант ішетін сағаты-дей отырып «Отты жылдар» атты бейне материалға назар аударамыз.
(Интерактивті тақтадан Ұлы Отан соғысы туралы бейнематериал көрсетіледі).
2-жүргізуші: Даңқты Қарулы күштердің құрамына 1 млн. 200 мыңға тарта Қазақстандықтар осы бір тажалға қарсы тұруда үлкен ерлік көрсетіп, жан қиды. Біздің Балқаш ауданының азаматтары да Ұлы Отан соғысы жылдарында батырлық пен ерліктің ерекше үлгісін көрсете білді. Ауданнан соғысқа аттанған 3185 адамның 1898-і туған жеріне оралмады.
Ұлы Отан соғысында ерліктері үшін 497 Қазақстандық жауынгерге «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді,142 жауынгер «Даңқ» орденінің иегері атанды.
1-жүргізуші:
Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болсадағы ғасырдың бұл қай жылы.
Әрқашан да басын иіп бір минут,
Есіне алмақ сол бір апат қайғыны-дей отырып,Отан тағдыры үшін отқа түсіп, ел мен жер бостандығы үшін жаны күйіп, от жалынға оранған, келешек ұрпағының қамы үшін кеудесін оққа тосып қорған бола алған аға буын өкілдерінің өмір бойы ұмытылмайтын өшпес ерліктеріне тағзым етіп, үлкен алғысымызды білдере отырып, құрметпен еске аламыз. (1 минут үнсіздік)
2-жүргізуші:
«Катюша» салды әуенін жан түршігер,
Түскен жері от болып салар сүрең.
Жаңа қару айналды ғашық әнге,
Солдаттарды сергітті ғажап өлең.
Ән: «Катюша»
1-жүргізуші:Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Аға ұрпақтың Ұлы Отан соғысының от жалынды жылдарындағы ерлік істері, қажырлы еңбектері біз үшін өлмес өнеге, өшпес мұра. Сол шежіре біз арқылы келер ұрпақтың жадына сіңірілетін баға жетпес игілік» -деп атап өткендей, Отанды сүйген, ел мен жерді қорғаған, қиын да, сындарлы сәттерде жанын жалау еткен-Ерлер есімі, ерлік үлгісі ұмытылмайды! «Ер есімі-ел есінде...» деген халық қағидатының шынайы шындығы, мәнді сыры осыған келіп саяды.
2-жүргізуші: Батырлық пен ерлікті Балқаш өңірінің азаматтары Ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше көрсете білген. Солардың ішінде сұрапыл соғыста елге қайтпаған боздақтардың бірі-жерлесіміз Бақтыораз Бейсекбаев еді. Күні кешеге дейін хабарсыз кеткендер қатарында болған батыр атамыз 55 жыл өткенде салтанат құрып, туған елі батырын тапты.
Бақтыораз Бейсекбаев 1920 жылы Жиделі ауылында туған. Ата-анадан ерте айырылған Бақтыораз бен ағасы Бейсекбай туыстарының қолында қалады. Бертін келе, 1927 жылы ағасы жоқта Бақтыоразды сол кездегі ауыл белсендісі Атан деген кісі Іле станциясындағы балалар үйіне жібереді.
2-жүргізуші:Ұлы Отан соғысы басталғанда 42-ші авиация дивизиясы құрамындағы 207-ші авиация алғашқы күннен ұрысқа кіріскен. Міне, осы полкта А.Маслов экипажы қызмет еткен. Біздің еліміздің ақпарат құралдары сол экипаж құрамындағы қаһарман қазақ батыры Бақтыораз Бейсекбаев ,біздің Балқаш ауданының перзенті бар екенін анықтады. 1998 жылғы мамырда Елбасы Н.Назарбаев батыр ұшқышқа «Халық қаһарманы» ерекше белгісін беру жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Шындық осылай салтанат құрды.
1-жүргізуші: Соғыстың алғашқы күндерінде жау ошағына жасын болып түскен «Ресей батыры», «Қазақстанның Халық қаһарманы» жерлесіміз, Балқаштың бас батыры Бақтыораз Бейсекбаевтың ерлігі ұрпақтың жадында мәңгі жатталып қалады.
«Қаһарман ұл-Бақтыораз» өлеңін оқу
(авторы: жазушы Әли Ысқабай)
(Интерактивті тақтадан Бақтыораз Бейсекбаевтуралы бейне материал көрсетіледі).
Көрініс: «Зұлымдық зауалы»
2 –жүргізуші:Жазушы-журналистӘли Ысқабайдың Кеңес Одағының Батыры Матай Байысовтың ерлігіне арналған «Зұлымдық зауалы» драмасынан үзінді.
Қатысушылар:
-Матай-Кеңес Одағының Батыры
-Демченко-командир
-Валерий-жауынгер
-Рақымбай-жауынгер
-Неміс солдаттары
-Жауынгерлер
Cахна қараңғыланады. Ұра мен жыра, окоп, блиндаж, қарауытқан орман. Кенет бомба жарылып, жердің астаң-кестеңін шығарып, көкке атылған түтін көтеріледі, қопарылыс дүрліктіріп, құлақ тұндырады.(Бұл көріністер видеопроектор арқылы көрсетіледі).От-жалын арасы ығы-жығы қимыл. Шыбын жанына сауға сұраған неміс солдаттарын үрей басқан. Түрлері өрт сөндіргендей, абыржыған кейіпте.
Демченко:Матай, бармысың. Қарша бораған оқ қатарымызды сиретіп барады. Мынау аласапыран арпалыс жауынгерлердің де тоз-тозын шығарды білем. Ана топ неге ыдырайды. Бұл не сұмдық?
Демченко:Матай, расчет командирінің орнына бар. Сол міндетті қоса атқарасың. Анау орман алқабын көрдің бе? Немістер сонда шоғырланды. Ендігі нысана сол жер.
Матай: Құп болады.
Демченко:Матай көздеуші қайда?
Матай:Білмедім, жолдас командир. Жаңа жарылған минадан соң көз жазып қалдым.
Демченко: Көздеушінің де міндеті саған жүктеледі.Үш адамның міндетін өзіңе тапсырылғанын түсіне біл.
Матай. Түсіндім. Орындаймын.(Біреу ентіге басып жақын келеді. Ол-Валерий)
Матай:Валерий, оқ-дәрілерді жеткіздіңдер ме, пулеметті бері жақындат.
Валерий: Матай, мен дайынмын. Немістердің құты қашты, тырақайлап барады.
Матай: Шүріппені басуға асықпа, барысын аңды.
Валерий:Матай, Рақымбай оққа ұшты.
Матай:Қайран, аяулы досым, қош бол.
Валерий:Дос қайғысы өте ауыр. Қабырғаңның қайысып тұрғанын сеземін. Бірақ оқ атуды тоқтатпа.
Матай:Бауырым Рақымбай, сен үшін соғысуға, кек қайтаруға дайынмын. Алға қаруластар! (Оқты қарша боратады).
Демченко:О, қырандарым,жарадыңдар. Бізге қарсы беттеген жау шебі қорғанысының тас-талқаны шықты. Ерледіңдер бәріңде. Ал, Матайдың ерлігі тіптен ерекше. Бір өзі үш адамның міндетін атқарды. Бәрін мұқият атқарды.
Матай:Тапсырманы мұқият атқармауға менің қандай хақым бар. Жауапкершілік пен сенім маған жүктелді. Сіз берген әмір, жолдас командир,Отан әмірі, Ал, Отан –анам, қай уақытта, қандай жағдайда бұйрық берсе, оны орындауға мен әрқашан дайынмын.
(Осы кезде бомба жарылады. Дүние дүрлігіп кетеді. Оқтардың зуылы естіледі. Матайдың кеудесіне оқ тиіп, сұлап жатады. Тұрайын деп қанша зорланса да, кеудесін көтере алмайды. Ақырғы күшін жұмсағандай екі қолын жерге тіреп, ышқына көтеріледі де, сол жақ төс қалтасынан партбилетін алады. Оны оң қолына ұстап, алға ұмтылады. Қолын алға қарай созғанымен денесі қозғалмайды. Бар күшін жинап, ышқына айқайлайды).
Матай: Жолдас командир, Валерий мынаны ал.... Партбилетімді қабылда... Жоғалмасын....Тапсыр..... Отан алдында арым таза...
(Осы сөздерді қинала айтады. Бірақ бұған бірде-бір адам жауап қатпайды. Матай сылқ түседі. Кейіннен Демченко мен Валерий келіп, бетін жауып, тағзым етеді).
Демченко: Қаруластар, жүрек жұтқан қайсар жолдасымыз Матай Байысов жаңа аяқ асты жарылған неміс бомбасынан қаза тапты. Ол болашақ өмір үшін үлкен ерлік жасады.Оның қаһармандық дастанға айналары сөзсіз. Матай Байысов өзі өліп бара жатқанда партия билетін біреуге бергісі келген болуы керек, жұдырығына ұстаған екен, әрең жазып алдық. Ол міне. Матай Байысовтың ерлігіне ерлік қосу үшін біз жаудан кек алуға тиістіміз. Мұндай жауынгерлер шығарған елді ешбір жау жеңе алмайды.
Жауынгерлер: Дұрыс айтады. Матай сияқты батыры бар елді ешбір жау жеңе алмайды. Зұлымдыққа зауал қойылады, қойылады да.
Демченко: Топырағың торқа болсын, қош Матай. Матай Байысов үшін аспанға үш дүркін оқ атылып, салют берілсін! (Жауынгерлер бас киімдерін алып, үнсіз қоштасады).
1-жүргізуші:
Сарбаздармыз саптағы біз,
Қатарымыз сөгілмеген.
Туған елдің мақтанымыз,
Адымдаймыз сенімменен!
Би: «Сарбаздар»
2-жүргізуші:Ел басына күн туған сәтте туған жердің намысы үшін майданға аттанып, Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, танкисттер Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмилә Талқанбаева, сержант Жамал Байтасова, ұшқыш Хиуаз Қайырқызы Доспанова, радист Нұрғаным Байсейітова сынды қазақ халқының қаһарман қыздарының ерліктері мәңгілік ел есінде.
1-жүргізуші:Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы мамырдың 15 Ганюшкин ауылында (қазір Атырау облысы) дүниеге келген. Әкесi Қайыр — балықшы, анасы Меруерт — мұғалiм болып еңбек еткен. Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46 гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан Хиуаз Доспанова сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған еді.
2-жүргізуші: Жаумен аспандағы шайқаста 300 рет болып қайтқан Хиуаз ұшақтан 14 рет құлапты. Төрт мәрте ауыр жарақат алып, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Жаумен шайқаста асқан ерлік көрсете білді. Қазақтың жас қызы Ұлы Отан соғысы жылдары Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы – ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарған. Майдандағы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ал төсіндегі «Еңбек Қызыл Ту» ордені соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі еңбегінің жемісі.
1-жүргізуші:Хиуаз Доспанова «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға, «Медеу» спорт кешенін салуға және көптеген тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына ер азаматтармен иық тірестіре жүріп араласып, көптеген игі жұмыстардың ортасынан табылды. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған
Х. Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген болатын. 2008 жылы мамырдың 21 Алматы қаласында 86 жасында дүниеден озды. Әлия, Мәншүк, Хиуаз... Олардың есімдерін тек Қазақстан ғана емес, кезіндегі КСРО халықтары да жақсы біледі.
(Интерактивті тақтадан Х.Доспанова туралы бейне материал көрсетіледі)
2-жүргізуші: Жасында жарқ етіп шыққан шығыстың қос жұлдызы-Әлия мен Мәншүктің ерлігі ұлтқа мақтаныш, ұрпаққа үлгі. Сондай асыл текті қыздардың қатарында Бөкей ордасынан шыққан партизан қыз, Жайықтың «Нұр апасы» атанған Нұрғаным Байсейітова әке-шешеден ерте жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Соғыс басталғанда Орал қаласындағы №4 қазақ орта мектебін және саз мектебінің скрипка сыныбын бітірген. Ол соғыс басталған күннен бастап майданға аттануға тілек білдірген. Бірақ оның тілегі 1942 жылы мамыр айында орындалды. Радистер даярлайтын курста білім алып, 19 жасында Партизан отрядында радист болып әскери міндетін атқарған.
1-жүргізуші:Радист Н.Байсейітова жауынгерлік тапсырмаларды әркез үздік орындап отырды. Бірде жаудың негізгі стратегиялық күші болып табылатын темір жол рельстерін істен шығару жөнінде тапсырма алады. Оны да ол мүлтіксіз орындайды. Соғыстың 3 жылында 11 мың жау эшелондары рельстен шығарылып, көздеген мақсаттарына жете алмайды.
2-жүргізуші:Біз көбіне батыр атағын алғандар туралы айтып, сол батырлардың қасында жүрген Нұрғаным секілді батыр қыздардың ерлігін қалай айтсаң да жарасып тұрары анық. Сан түрлі толқын арқылы жұмбақтап, тұспалдап хабар беріп отыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Кез-келген азаматпен иықтаса алатын ержүрек қыздың сұрапыл соғыстағы ерлігі мен еңбегі «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені мен медальдарымен аталып өтсе, 1991 жылы «Белоруссия партизаны» деген белгі тапсырылды. Қазақтың қайсар қызы Нұрғанымның Украина мен Белоруссияның ну орманының ішінде ерлермен қатар жүріп, жаудың қадамын қысқартып, бетін қайтарған ерлігі ұрпақтарының есінде мәңгі сақталып қана қоймай, Отан қорғаудың үлгісі болып, қалыптасары анық.
Ән: «Мен қазақ қыздарына қайран қалам»
(Интерактивті тақтадан «Қазақтың қаһарман қыздары» атты слайд көрсетіледі.)
1-жүргізуші: 1945 жылдың 30 сәуірінің кешінде 6 сағат 30 минутта Берлиндегі Рейхстагқа лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, Жеңіс туын тікті. Рақымжан Қошқарбаев – Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық Қаһарманы. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды.
2-жүргізуші:
Аждаха орға түсіп жалын шашқан,
Жеңілістің осылай дәмін татқан.
Ту тігілді Рейхстах төбесіне,
Рухы көтерілді Совет жақтың!- дей отырып Р.Қошқарбаев туралы бейне материалға назар аударамыз.
(Интерактивті тақтадан Р.Қошқарбаев туралы бейне материал көрсетіледі)
Көрініс:
Жауынгер: Қошқарбаев , сені батальон командирі шақырады.
Р.Қошқарбаев: Жолдас командир, сіздің шақыртуыңызбен келіп тұрмын.
Батальон командирі: Жауынгерлік тапсырма бар.Анау үйді көремісің? Ол-Рейхстаг. Соның үстіне ту тігу керек. Мына жігіттер де саған ереді. Оқпен сүйемелдеп тұрамыз.
Р.Қошқарбаев: Құп болады! (Батальон командирі туды береді. Рақымжан туды алып, ішіне тығып алады. Қасында Григорий Булатов та бар).
Р. Қошқарбаев: Гриша ал, жөнелдік!
(Екеуі еңбектеп жылжып жүріп терезеге жетеді. Рақымжан ұшып тұрып, қойынына тыққан туды суырып алады).
Р. Қошқарбаев: Гриша, мә, ұста! Иығыма шық! Туды тік! (осы сәтте аяғына оқ тиеді. бір аяқтап тұрып, Гришаны тік көтереді. Жеңістің қызыл жалауы желбіреді!...)
1-жүргізуші:
Ту алып ұмтылды Қошқарбаев,
Жасалды сан ерліктер ерге лайық.
45-тің көктемгі гүлін жарған,
Фашисте әне-міне болар ғайып.
2-жүргізуші:
Рейхстагтан тартып аттың шылбырын,
Қуанғаннан құшаққа алап бір-бірін.
Жеңіс туын желбіреткен батырлар,
Дәл 71 жыл бұрын.
Хор: «Ел қорғауға әзірміз!»
1-жүргізуші:
Өткен күндер сірә да естен шыға ма?
71 жыл тарих болып жүр аға.
Жеңіс туы желбіреген мамырда,
Оған дейін не болды деп сұрама....
Би: Украин биі
2-жүргізуші:
71 жыл бақытқа орап саямды,
Бүлдіршіндер күлкіменен оянды.
Жеңіс туы желбіреген елімде,
Бейбітшілік мәңгі болсын баянды!
Ән: «Бейбітшілік маршы»
1-жүргізуші: Жеңіс деген жақсылықтың сыңары,
Жігер менен құштарлықтың құралы.
Күрескердің арманы мен ұраны,
Қуаныш пен мерекенің бұлағы.
Қазақ биі: «Шашу»
2-жүргізуші:
Сен неткен Отан — анам, ғажап едің, Әспеттеп көркем тілмен жазар едім. Болашақ ұрпағыңның бақыты үшін, Жайнай бер, Ұлы Отаным — Қазақ елім!
Ән:«Қазақстаным»
1-жүргізуші:
Желбіре көгілдір Ту көк аспанда,
Не жетсін жөні келіп жарасқанға!
Орындалып жас ұрпақтың қалауы,
Желбірейді бейбітшілік жалауы.
Ән: «Көк тудің желбірегені»
2-жүргізуші:
Жеңіс! Жеңіс!
Осынау сөзбен жарқ етіп,
Көңілі көптің ашылды.
Жауыздың туы жалп етіп,
Тігілді Жеңіс жалауы.
1-жүргізуші:
Қуаныш құшты халқымыз,
Әділдік бізді жеңді деп.
Әйгілі болды даңқымыз,
Жеңіс туы желбіреп.
2-жүргізуші:
Тамаша тойда ел гулеп,
Тербелген бақыт бетіне.
Жеңістің шаттық күйімен,
Жеңіс туы, желбіре!
-Құрметті оқытушылар, қонақтар мен білім алушылар!
«9 мамыр - Жеңіс күні!» -құтты болсын!- дей отырып, «9 мамыр -Жеңіс күніне» арналған «Жеңіс туы , желбере!» атты мерекелік іс-шарамыз өз мәресіне жетті.