Мақсаты: Оқушыларға шешендік сөздердің мәндерін ұғындыру. Шешендік өнерге деген қабілетін арттыру. Туған елінің тарихын, әдеби-мәдени мұрасын, салт-дәстүрін танып білуге ықыласын аудару Оқушыларды мәдениетті сөйлеуге, өнегелі болуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Билердің суреті, шешендік нақыл сөздер, гүлдер мен шарлар.
Барысы:
Кіріспе соз.
Қош келдіңіздер, құрметті қонақтар!
Біздің ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, өнеге аларлықтай, тамаша тәлім-тәрбие берерліктей өсиет сөздер бар. Біздің тәрбиеміз де ананың ақ сүтінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Қазақ халқының шешен билері - Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би халықтың ұлттық бірлігін нығайтып, елді сақтауға басшылық жасаған данышпан шешен, ойшыл көсемдер- Қазақ шешен халық. Халықтың шешендік дәстүрін жалғастыру, тарихын білу, оны қастерлеп бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Олай болса, сол бабалар мен олардың ойлы да, нәрлі шешендік өнері туралы бүгінгі бүлдіршіндер ойтолғайды. Құрметті көрермендер, енді сол балалардың әдеби-сазды толғанысына құлақ түріңіздер.
1-жүргізуші:
Құрметті қарттар, ардақты ұстаздар және оқушылар!
Бүгінгі біздің тәрбие сағатымыздың тақырыбы "Атадан қалған, асыл сөз" деп тектен-текке аталған жоқ. Өйткені, халқымыз ежелден аталы сөзді, шешендік өнерді аса қадір тұтқан. Кейбір бітімсіз жер дауы, жесір дауы, барымта, ердің құны сияқты дау-жанжалдардың шешімін екі-ақ сөзбен айтып тындырған.
2-жүргізуші:
Ел арасындағы әр түрлі дау-дамайлар шешен билердің айтысы арқылы шешіліп отырған. Сондай шешендердің кейбірі кейін би болған. Шешендік сөз өнері өмір шындығынан туған. Оның тәлім-тәрбиелік маңызы зор. Кейінгі ұрпақтарға үлгі- өнеге етіп отырған.
Төле Әлібекұлы 1663 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданының Жайсан жайлауында дүниеге келген. Төле жастайынан ескіше оқып, сауатын ашады. Төле бала кезінде әкесіне еріп жүріп, ел көріп, жүрт таниды. Он бес жасынан билікке араласып, өзінің ақыл парасаттылығымен, әділ шешімімен, шешендіқ өнерімен көзге түседі.
1-жүргізуші:
Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылымына үйсін мен арғынның беделді жақсылары таласыпты. Екі жақтың билері басқосып, кеңесіп татуласа алмай отырғанда, көпшілікке еріп барған он бес жасар Төле билік айтушылардың бірде-біріне көңілі толмай былай деген екен:
Ақты ақ бағалар,
Өрені жақсы ағалар
Өзегі талса ел біткен,
Өзен бойын жағалар.
Би:
Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без" деуші еді.
Мына бала кім өзі ?...
Төле:
О, би аға, он үште отау иесі емес пе?
Кінәлімін бе, келіп қалсам он беске?
Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа,
Ала көз болу ағайын адамға лайық па?
О, игі асқар тауымыз!
Әділ ме осы дауымыз?
Жар астында тұрғанда,
Жасырынып жауымыз:
Би:
Қой асығы демендер,
Қолыңа жақса, сақа тұт.
Жасы кіші демендер,
Ақылы асса, аға тұт. — Балам, ағалық билікті саған бердім.
Төле:
Сары табақтан сарқыт қайтады деген. Билікті маған берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын Үйсін, сол жағын Арғын жайласын. Бұған қалай қарайсыздар?
Би:
Үй баласы ма деп едім,
Ел баласы екенсің.
Ай мандайлы арысым,
Талабың алдан өтелсін.
Ауылыңның таңы бол,
Мандайдағы бағы бол!
2-жүргізуші:
Осыдан бастап, Төленің аты шығып, дау-жанжал, келіссөзге араласып, билік айта бастапты.
1-жүргізуші:
Қазыбектің аталас ағайындары Бертіс би мен Тілеуке би Қазыбектің ел ішіндегі абыройын көре алмай жастарының үлкендігін пайдаланып:
Ақылы елден артылған,
Ақылың болса мақтан.
Сенің жолың кіші ғой,
Ағаңның алдына шығудан сақтан, - дейді.
Сонда Қазыбек: Бір бала бар, атаға жете туады. Бір бала бар, атадан өте туады. Бір бала бар, кері кете туады. Өркенің өссін десең кекшіл болма, кесапаты тиер еліңе. Елім өссін десең, өршіл болма, өскенінді өшірерсің. Басына іс түскенде бақырға қастық қылма, қайғысы көшер басыңа, - депті.
2-жүргізуші:
Тәуке хан үш жүзден өзіне кеңесші етіп үш би алған екен. Ұлы жүзден Үйсін - Төле би, орта жүзден Арғын — Қаз дауысты Қазыбек би, кіші жүзден Алшын - Әйтеке би.
1-жүргізуші:
Сол үш бите Қазанғаптың берген бағасы: Төле би, ер Қазыбек, тілді Әйтеке білімді еді, бірі күн, бірі туған айдай болып, заманға сәйкестеніп келген еді.
Бірде Тәуке хан:
Би үшеу болса, дау төртеу болады деген сөз бар. Сондықтан үш бидің қайсысы аға би болуға лайық, - депті.
Сонда Теле би:
Би шыңының басына шыққан адам алды-артын, оң мен солын, яғни екі жағын түгел көреді. Ал көпті көріп, көнені тоздырған адам сол биік шыңның басында тұрған адаммен пара-пар емес пе?! Үлкенге жолды берсе, артық болмас деймін.
Қазыбек би:
Аға әділ төреші бола алмайды, алдында айбынары жоқу артында именері жоқ. Дұрысында, алдында айбынатын ағасы бар, ізінде именетін інісі болса, інісінің істеген жұмысынан ағаның алатын тынысы болса ағанікі бас бағуда, ал інісінің ici басқару емес пе?! - дейді.
Тәукехан:
Аға би сайланбаса да болады, Қазыбек би қазып айтады, Төле би тауып айтады екен.
1-жүргізуші: Енді нақыл сөзге кезек берелік.
Жерден ауыр не?
Судан терең не?
Оттан ыстық не?
Көктен биік не?
Оқушы:
Жерден ауыр дегенім - ақыл, білім.
Судан терең дегенім - оқу-ғылым.
Оттан ыстық дегенім - адамның өмірі,
Көктен биік дегенім —тәкапардың көңілі.
1-жүргізуші: Алты алаш деген не?
Оқушы: Алты алаш деген - Алаш ханның балалары: Қазақ, Қарақалпақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Жайлыхан.
2-жүргізуші: Не жетім?
Оқушы:
Жаңбыр жаумаса жер жетім,
Басшысы болмаса ел жетім,
Ұқпасқа айтылған сөз жетім.
1-жүргізуші: Дүниеде не тәтті, не жұмсақ, не - қатты?
Оқушы: Арман дегеніміз ақыл-ойдың шындығы. Құс ұшсам дейді, бала өссем дейді. Қыз көрікті болсам дейді, жігіт бақытты болсам дейді. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді.
2-жүргізуші: Өмірде не жетім?
Оқушы: Өмірде тоғыз жетім бар. Халқына сенімсіз болса, хан жетім. Ханы ақылсыз болса, халқы жетім, кеңесшісі ақылсыз болса, әкім жетім, суы жоқ құдық жетім, ұлы жоқ әке жетім, қызы жетесіз болса ана жетім, досы жоқ жігіт жетім, өмірде ата-анасы жоқ болса, бала жетім.
1- жүргізуші: Біздің мақсатымыз - өткенімізді білетін, бүгінді түсінетін, ертеңге сеніммен қарайтын азамат болу.
Оқушы:
Ел тарихы, жер тарихы өзіміз,
Болашақтың қасиетті көзіміз.
Барлық ұлтпен бауырласып жетеміз,
Ақ, қараны тіліп тұрса сөзіміз.
Оқушы:
Қазақ жері — қонақжай, төрлер жері,
Қазақ елі - қас сақтай ерлер елі.
Елі кедей болмаған, жері байтақ,
Едігедей, Бабырдай шерлер елі.
Оқушы:
Азат бүгін байлыққа тұнған жерім
Азап жүгін, ел жауын қуған ері.
Әділет пен бірлікке жанын қиып,
Әділ өткен билердің туған жері.
Оқушы:
Қазақ жері көп шеккен қасіретті
Қазақ ері - өнерлі, өсиетті.
Египетті билеген Бейбарыстың
Елі текті, киелі қасиетті.
Оқушы:
Қорлаған жау - басқыншы, халыққа мұң,
Қорғаған ел ойлаушы халық қамын.
Қобыланды, Ер Тарғын, Алпамыстар
Қорғап қалды ел бағын алыптарым.
Оқушы:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің.
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің!
Бүгінде әр әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан — елім менің.
Оқушы:
Атыңнан айналайын қазақ деген
Қазағым, қайсарлығың ғажап дер ем.
Сақтапсың сағың сынбай,
Көрсең де көресінді азаппенен.
Оқушы:
Бір ата, бір ананың тілегіміз.
Бір болсын қайда жүрсек тілегіміз.
Бірлік барда тірлік бар деген бабам,
Бірлікпен бірге соқсын жүрегіміз.
Қорытынды:
Атамыз қазақ тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып, қысқа да нұсқа шешен сөйлей білген.
Бүгінгі таңда бүкіл оқу-тәрбие жүйесі халықтық педагогикаға негізделіп, қайта құрылып жатқанда балалардың бойындағы ұлттық психологияны қалыптастыру әрбір ұстаздың міндеті деп ойлаймын.