Просмотр содержимого документа
«Ата - аналар жиналысы (тренинг)»
Ата- аналар жиналысы
Тақырыбы: «Мәңгілік ел –идеясы»
Мақсаты: ата-аналарға «Қазақстан - 2050» стратегиясының маңызы мен мақсатын түсіндіру арқылы Мәңгілік ел –идеясының маңызын жеткізу, Қазақстан мемлекеті туралы алған білімдерін жинақтау.
Міндеттері: Отанды сүюге, бірлікке, ел тарихын білуге, еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге, отанымыздың байлығын қорғауға, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне аса жауакершілікпен қарауға тәрбиелеу.
Өткізу формасы: тренинг
Көрнекілігі: «Қазақстан - 2050» стратегиясы, слайдтар, Қазақ елі суреттері, Қазақстан Республикасының рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, Н. Ә Назарбаевтың суреті, нақыл сөздер.
Қажетті құралдар: интерактивтік тақта, ватман қағаздар, түрлі-түсті фломастерлер.
Тренингтің барысы:
1.Танысу, психологиялық ахуал орнату.Барлық қатысушылар және педагог шеңбер құрып ортаға жайғасады.( бұл отырыс тренинг өткізгенде ең ұтымды болып саналады) Педагог қысқаша түрде өзін таныстырып, тренингтің тақырыбын, өзектілігін және осы тренингтен күтелетін нәтиже жөнінде баяндайды. Ендігі танысу кезегі қатысушы ата- аналарға беріледі. Олар өздерін келесі үлгі бойынша таныстырады: Мысалы: (Менің атым Сауле, мен Дауреннің анасы сүйкімді Сәулемін) деп атының бірінші әріпінен басталатын сөз сын есімді қосып айтасыз.( Айгүл-ажарлы, Болат – батыл және т.б.)
Барлық қатысушаларға бейдж таратылып, есімдерін жазып, кеуделеріне тағып қою ұсынылады.
2.Жұмыс тәртібін қабылдау
Плакатқа жазылған дайын жұмыс ережесі талқылауға ұсынылады. Педагог әрбір ережені оқып, қатысушылардан оқылған ережені талқылап, бір шешім қабылдауды өтінеді. Ұсынылған ережелердің ең аз дегенде бесеуі қабылданып, тренинг барысында орындалуы қажет.
Бір –бірімізді сыйлау;
Бір-біріміздің сөзімізді бөлмейміз. Сөйлеп тұрған адамды тек тренер –педагог қана тоқтата алады (регламент сақталмаған жағдайда);
Әркім өз ойын ортаға сала алады (біреудің ой пікіріне баға бермейміз);
«Көтерілген қол ережесі» (сөз айтқын келсе, қолыңды көтер, кезекпен сөйле);
Ұрыс-жанжалға жол бермеу;
Осы жерде айтылған барлық жеке басқа қатысты ақпарат басқаларға таратылмайды (айтылған жерінде қалады);
Тренинг барысында ұялы телефонды сөндіріп қою (жұмысқа кедергі жасамау үшін)
3.Күтілетін нәтиже. (ата-аналар бүгінгі тренингтен не күтетіндерін айтып, қағаз бетіне жазады, тренинг соныңда тексеріп, орындалғаны жөнінде белгі қояды).Біз тренингтен не күтеміз:
Өзара қарым –қатынас орнату.
ҚР тарихы туралы ой –пікір алмасу.
«Мәңгілік ел –идеясын талқылап, түсіну.
Пайдалы, қызықты уақыт өткізу.
4. «Менің есімде ....» ойыны. Барлық қатысушыларға қолдан жасалған монеталар таратылады. Ойынның шарты бойынша монетада жазылған тарихи дата Қазақстан тарихында, өзінің отбасында қандай оқиғамен есте қалғаны жөнінде айтып беру.
Ел тарихы:
1991 жыл.
1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
1992 жыл.
Бүкілхалықтық талқылаудан кейін 1992 жылғы маусымда Жоғарғы Қеңестің сессиясы Республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Ту авторы — суретші Шәкен Ниязбеков, Елтаңба авторлары — сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов.
1992 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әнұранның мәтіні бекітілді.
1992 жылы Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы өтті.
1993 жыл.
1993 жылғы қаңтардың 28-інде Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Сөйтіп, төл теңгеміз 1993 жылдың 15 қарашасында айналымға түсті.
1994 жыл.
1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес депутаттары астананы Ақмола қаласына көшіруге шешім қабылдады.
1995 жыл.
1995 жылғы 1 наурызда мемлекет басшысы жанындағы қоғамдық консультациялық-кеңесші орган — Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Оның мақсаты — қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту болды.
1995 жылы 30 тамызда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды.
2001 жыл.
2001 жыл автомобиль жолдары жылы болып жарияланды. Трансевразиялық магистраль «Батыс Еуропа —Батыс Қытай» жобасы басталды. Еліміздегі жолдардың көп бөлігі жөнделіп, жаңа жолдар салынды. Әуежайлар мен Каспийдегі теңіз порты қайта құрылды.
Қалың жұртшылықты Қазақстан халқының тарихи-мәдени игіліктерімен таныстыру мақсатында 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы құрылды.
2011 жыл
2011 жылғы халқымыз үшін ең басты мереке бұл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Бұл -Тәуелсіз еліміздің тарихындағы осы күнге дейінгі ең атаулы оқиға. Елбасымыздың тәуелсіздік пен мемлекеттілікті одан әрі нығайтуға және еліміздің болашақта дамуын қамтамасыз етуге бағытталған
2015 жыл
2015 жыл Қазақ хандығына 550 жыл. Қазақстан халқы ассамблеясының жылы.
2016 жыл
2016 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы.
Отбасы туралы: (балам өмірге келді, пәтер сатып алдық, жұмысқа тұрдым, шел елге бардым, балам оқу бітірді және т.б.)
5. «Мемлекеттік рәміздер» тапсырмасы. Бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі- мемлекеттік рәміздер. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады.Осы рәміздер туралы біз не білеміз. Қатысушылар үш топқа бөлінеді. Бірінші топ- мемлекеттік ту, екінші топ – елтаңба, үшінші топ –әнұран туралы шағын презентация жасап, қорғайды. Дайындалуға 10 минут уақыт беріледі.(қажетті құралдар таратылады).
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Музыкасы – композитор Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі.
Әрбір топ өз жұмыстарын қорғап болғаннан кейін «Мемлекеттік рәміздер туралы» бейне фильм көрсетіледі.
6.Негізгі тақырыпқа шолу «Қазақстан -2050» Мәңгілік ел.» атты бейнеролик көруден басталады.
Мен өз сөзімді Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында айтқан сөзінен бастайын«Халық өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан Халықтың Мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ. Мәңгілік Ел - бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенімді арттыратын идея, бұл - кері қайтпайтын және берік тұрақтылықтың символы...»
Мәңгілік Ел- Мәңгілік Ел ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман –әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді.
Мәңгілік Елдің өзегінде қарапайым, түсінікті және біздің әрқайсымыз үшін ең қымбат ақиқаттар - отбасымыздың амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары орныққан.
Біз Мәңгілік Елдің мызғымас Жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге шақырамыз.
Мәңгілік Ел, бұл-Тәуелсіздік және Астана. Біз Тәуелсіздікті нығайтудың тарихи ұлы миссиясына адал боламыз. Біз Астананы халқымыздың гүлденуі мен қуатының жарқын белгісі ретінде әрқашан мақтан тұтатын боламыз.
Мәңгілік Ел, бұл - Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Біздің Отанымыз бір, ол - Тәуелсіз Қазақстан, біздің еліміз бір - тағдырымыз ортақ.Бейбітшілік пен келісімнің ұлы ісіне адал халықтың ғұмыры мыңжылдықтарға жалғасады.
Мәңгілік Ел, бұл -Зайырлы Мемлекет және Жоғары Руханият. Азаматтық және рухани құндылықтардың бірлігі бізге өз жолымызды табуға және өзімізді бүкіл әлемге мәшһүр етуге мүмкіндік берді.Біз еліміздің бірегей рухани келбетін айқындайтын діндер мен өркениеттердің жаһандық үнқатысуын одан әрі жан-жақты дамытатын боламыз.
Мәңгілік Ел, бұл -Инновация негізіндегі тұрақты Экономикалық Өсім. Біз мемлекеттің индустриялық және инновациялық күш-қуатын дамытып, табиғи ресурстар мен қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарап, қоғамда білім мен ғалымдық культін елдің зияткерлік іргетасы ретінде бекітетін боламыз.
Мәңгілік Ел, бұл - Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Елдің барлық табыстары мен жетістіктері - барша қазақстандықтардың күн сайынғы қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Біз елдің әрбір азаматының жасампаздық әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасай отырып, еңбексүйгіштік және жауапкершілік, Еңбек Адамына құрмет сынды құндылықтарымызды нығайтамыз.
Мәңгілік Ел, бұл -Тарихтың, Мәдениет пен Тілдің ортақтығы. Біз ортақ тарихи мұрамызды мұқият сақтайтын боламыз.Біз Қазақстан халқының мәдени әралуандығын арттыра түсеміз.Біз мемлекеттік тілді қоғамды біріктірудің негізі, үштілділікті Елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты ретінде дамыту қағидатын ұстанатын боламыз.Біз - Үлкен Ел - Үлкен Отбасымыз.
Мәңгілік Ел, бұл - Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Біз өз жетістіктерімізді қорғауға тиіспіз.Ұлттық қауіпсіздікті нығайту әрбір азаматтың, өз елі патриотының қасиетті парызы болып саналады.Біз бейбітшілік пен келісім идеясын ілгерілете отырып, еліміздің халықаралық аренада мойындалған беделін нығайта түсетін боламыз.Біз Мәңгілік Елдің қастерлі құндылықтарын басшылыққа аламыз.Біз Отанымыздың көк байрағын асқақтата көтеріп, еліміз жеткен жаңа биіктерде желбірететін боламыз.Бұл - біздің болашақ ұрпақ үшін, Қазақстан халқының амандығы мен гүлденуі үшін жасаған саналы таңдауымыз!
Біртұтас Еліміз - Мәңгілік Ел қуатты болсын!
7. «Жеті қағида..» тапсырмасы. Қатысушалар төрт топқа бөлінеді, әрбір топқа жребий арқылы екі қағиданы таңдап алу ұсынылады.
Топ № 1 - Мәңгілік Ел, бұл-Тәуелсіздік және Астана және Мәңгілік Ел, бұл - Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
Топ № 2- Мәңгілік Ел, бұл - Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім және- Мәңгілік Ел, бұл -Зайырлы Мемлекет және Жоғары Руханият.
Топ № 3- Мәңгілік Ел, бұл -Инновация негізіндегі тұрақты Экономикалық Өсім және Мәңгілік Ел, бұл -Тарихтың, Мәдениет пен Тілдің ортақтығы
Топ № 4- Мәңгілік Ел, бұл - Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы
Тапсырманың шарты: қағидалар туралы өз түсініктерін қағаз бетіне түсіріп, ойларымен бөлісу және қорғау. Тапсырманы орындауға 15 минут уақыт беріледі.
Мен 21 - ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін.
Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады.
Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық.
Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз.
Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дәуірлерге жол ашсын! - деген елбасымыздың қорытынды сөзімен бүгінгі кездесуімізді аяқтаймын.
8.Тренингтен күткен нәтижелеріміз орындалды ма?( әрбір жолға орындалғаны жөнінде белгі қойып, алған әсерлеріміз бөлісеміз.)
Қатысқандарыңыз үшін рахмет!
Назарларыңызға «Мәңгі ел үшін» патриоттық әнін ұсынамын.
«Мемлекеттік рәміздер» тапсырмасына № 1 қосымша
Елтаңба туралы мәлімет:
«Мемлекеттік рәміздер» тапсырмасына № 2 қосымша
Қазақстан Республикасының Туы -
«Мемлекеттік рәміздер» тапсырмасына № 3 қосымша
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны
Ережелер:
Бір –бірімізді сыйлау;
Бір-біріміздің сөзімізді бөлмейміз. Сөйлеп тұрған адамды тек тренер –педагог қана тоқтата алады (регламент сақталмаған жағдайда);
Әркім өз ойын ортаға сала алады (біреудің ой пікіріне баға бермейміз);
«Көтерілген қол ережесі» (сөз айтқын келсе, қолыңды көтер, кезекпен сөйле);
Ұрыс-жанжалға жол бермеу;
Осы жерде айтылған барлық жеке басқа қатысты ақпарат басқаларға таратылмайды (айтылған жерінде қалады);
Тренинг барысында ұялы телефонды сөндіріп қою (жұмысқа кедергі жасамау үшін)