Тақырыбы:«Махаббат – өмір өзегі»
Құндылық:сүйіспеншілік
Қасиеттер:жақсы көру және кішіпейілдік, жомарттық, аянбай қызмет ету, ізгілік және т.б.
Сынып:9 сынып
Оқушылар саны:18 оқушы
Мақсаты:оқушылардың сүйіспеншілік, махаббат туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеті:
Білімділік:өмірдің бар жақсылығының негізі махаббат, сүйіспеншілік екендігін түсіндіру.
Дамытушылық:қоршаған ортаны, адамдарды, Отанды, өмірді сүйе білу іскерліктерін дамыту;
Тәрбиелік:сүйіспеншілікті, махаббатты бағалай білуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
«Жағымды күйге келу»
Әдісі:«Теңізге саяхат» (Жайлы, баяу музыка ойнап тұрады)
Мұғалім: Шеңбер құрып отырыңыздар, қолдарыңызды тізелеріне немесе үстел үстіне қойыңыздар, аяқтарыңызды айқастырмаңыздар. Арқаларыңызды тік ұстаңыздар.
Көзіңізді жұмыңыз және бірнеше рет терең тыныстаңыз; денеңізді босатыңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз.
Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз. Шалғайдан қара нүкте көріп тұрсыз: ол жақындаған кезде дельфин екенін түсіндіңіз. Ол сізді теңіз түбіне алып кету үшін келді. Ол өте әдепті жәндік, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасында жайланып отырып, өзіңді қауіпсіз сезіну, су астында жүзу қандай керемет. Жан-жағыңызға қараңыз: мұнда кемпірқосақ тәрізді арлы-берлі жарқырай қалқыған әсем балықтар қаншама. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала қалайша өзгереді, суда тербелген қаншама ғажайып балдырлар. Қараңызшы, қандай орасан зор балықтар, ал енді анау жаққа көз тастаңыз. бұл орасан зор сегізаяқ. Су асты неткен қызықты әрі ғажап әлем. Сіз бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда неткен тұңғиық, толық тыныштық. Осы тыныштық күйде болыңыз.(Мұғалім бірнеше секунд үнсіз қалады).
Ал қазір жоғарыға, өз әлемімізге кері қайтуға дайындалыңыз. Айналаға жіті қараңыз. Ғажап түстерге тағы бір рет қараңыз және тыныштыққа құлақ түріңіз. Осындай тыныштық сізге самалдай әсер береді. Енді дельфин кері қарай жолға шықты. Сіз су бетіне шықтыңыз, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіңіз, оны сипалаңыз және осындай ғажап саяхатқа апарғаны үшін ризашылық білдіріңіз.
Сыныпқа оралыңыз және өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз, осы түйсінген тыныштықты өз бойыңызда сақтауға тырысыңыз.
Сұрақтар:
1) Жаттығу барысында қандай сезімге бөлендіңіздер?
2) Ішкі тыныштыққа келе алдыңыздар ма?
3) Дельфинді сипаған кезде не сезіндіңіздер?
Қорытынды:Сонымен, балалар, жаттығу барысында дельфинге сезінген мейірімділігіңізді және ішкі тыныштықты жүректеріңізде үнемі сақтаңыздар.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру
№33 сабақ. Т. Әбдірахманова «Махаббат»
О, Махаббат аяулы асыл сезім,
Арнамаған бар ма екен саған сөзін.
Мекендеген жер үстін жан иесін.
Баурамаған бар ма екен сірә кезің.
Асыл сезім жаралған ізгіліктен
Талпынды жан біткен ізгі үмітпен
Сенен шығып, тарайды сенен ғана
Бар жақсылық атаулы бізді күткен.
Дүние бос, өмір жоқ сенсіз жерде
Тең саналар хайуанмен сенсіз пенде.
Адамдықтың, ізгілік, ұлылықтың
Биігіне жетудің кілті сенде.
Ұлы сезім, шегін жоқ, шеңберін жоқ,
Бір қарасақ өзіңсіз елдегі көп.
Түрлерің көп, қырларың, сырларың көп,
Ең қол жетпес және жердегі жоқ.
Адамдағы қымбаттың, қасиеттің
Қадіріне жетуді ғасыл еттің
Сен бар жерде бақытты жан атаулы,
Сен жоқ жерде басында қасірет-мұң.
О, махаббат берілген тек адамға
Нұрың түспес жан бар ма бұл ғаламда
Тек қадірің түсіну, құрбан болу
Бұйырмаған жердегі әр адамға.
Сұрақтар:
1) Берілген өлең жолдарында басты назарға қай құндылық алынып тұр? (мазмұндық)
2) Махаббат неліктен құдыретті де қасиетті ұғым? (себеп-салдарлық)
3) Сүйіспеншіліктің шын мәнін түсінген адам қандай болу керек? (мінездік)
4) Сен өз жүрегіңдегі сүйіспеншілікті кімдерге таратасың? (өмірмен байл.)
Қорытынды:Сүйіспеншілік адамның әр ісінде, оның айналадағы қоршаған ортаға, табиғатқа және өмірге деген қатынасынан байқалып тұруға тиісті. Әр адам басқан қадамын, істеген әр ісін сүйіспеншілікке толтыра білсе – ол нағыз ақиқатты таныған адам болады.
ІІІ. Дәйек сөз
«Махаббат құдыреті – жер жүзіндегі күллі ізгі, таза, риясыздық атаулының қайнар көзі»
Ж.Сталь
Сұрақтар:
1) Адамды ізгі, таза, риясыз істерге не итермелейді?
2) Сүйіспеншіліксіз бұл өмірдің мәні бар ма?
Қорытынды:
Қараңдаршы, балалар, сүйіспеншіліксіз өмір сүру мүмкін емес екен. Өйткені бұл өмірдің мәні де сонда. Егер адам өзінің туған-туыстарын, достарын, Отанын, әлемді, табиғатты сүймесе оның еш бір ісі алға баспайды. Адамның жүрегін ашу-ыза, өкпе-реніш толтырады. Сондықтан, бұл әлемдегі қуаныштың бірден қайнар көзі – бұл сүйіспеншілік екенін ұмытпаңдар.
ІV. Мұғалімнің сыйы:
«Ана махаббаты»
(аңыз әңгіме)
Төле бидің алдына бір балаға таласқан екі әйел шешім сұрап келеді. Екеуі де «бала менікі» деп бет бақтырмайды. Біреуі «бұл баланы мен тудым, бесіктегі жатқан шағында ұрлап кеткен еді. Бұны пәлен жеріндегі алақандай қалынан таныдым» десе, екіншісі «Ұрлаған түгім жоқ, 9 ай көтеріп тапқан ұлым» десе керек.
Сонда Төле би қолына қылыш алып «Бұл баланы екеуіңе ақ бөліп берейін» деп баланы қақ бөлмекші болады. Баланы 9 ай көтердім деген әйел бұл әрекетке міз бақпастан қарап тұрса, «ұрлатып алдым» деген әйел «Ойбай-ай, шаппаңыз! Қайда жүрсе де аман жүрсін!» деп жер тізерлеп отыра кетеді. Сөйтіп би баланы өз анасына қайтарып береді.
Сұрақтар:
1) Екі әйел Төле бидің алдына не үшін таласып келеді?
2) Төле би қолына ұылыш алған кездегі мақсаты не еді?
3) Ақыр сонында кім жеңеді?
Қорытынды:Байқадыңыздар ма, балалар, ақыр соңында әділдік шынайы махаббаттын жағына шықты. Өйткені шынайы сүйіспеншілік қана барлығын жеңе алады.
V. Шығармашылық жұмыс:Топтық жұмыс.
Сынып түстер әдісі арқылы 3 топқа бөлінеді. Әр бір топ өздерінің сүйіспеншілік туралы түсініктерін, оның өмірдегі көрінісін плакатқа коллаж арқылы жасайды. Әр топта жұмыс істеу материалы әр түрлі болу керек:
1 топ – әр түрлі түймелер, ине-жіп, замок, биссер, су моншақ және т.с.с.
2 топ – газет-журналдардан сурет қиып алып, желіммен жапсырады
3 топ – түрлі-түсті қағаздардан апплекация жасайды.
Қорытынды:Осы шығармашылық жұмыс барысында біз шабыттана түстік. Өз арман-қиялымызды жарыққа шығара алдық. Ең бастысы біз бір-бірімізге деген сүйіспеншілік пен сыйластық таныта отырып, ортақ нәтиже шығара алдық. Ендеше әр күнде осы бір сүйіспеншілік сезімін жүрегімізде сақтап жүрейік.
VI. Топпен ән:
«Бақыт құшағында»
Сөзін жазған Т.Молдағалиев
Әнін жазған Ш.Қалдаяқов
Көзіңнен бір ұшқын
Ұшты ма, білмедім.
Әйтеуір нұр құштым,
Әйтеуір гүлдедім.
Көктемнің бұлбұлы
Кеудеме қонады.
Құшаққа қыр гүлі
Толғандай болады.
Қайырмасы.
Кел билейік, кетпе менің қасымнан,
Қызғалдағым таң нұрынан ашылған.
Сезім, шіркін, ақ жаңбырға ұқсайды,
Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған.
Әнбісің төгілген,
Жырмысың армандай.
Бір бақыт көрінген,
Жақындап қалғандай.
Жанарың ұшқыны
Жүректе жанады.
Қолыңның ыстығы
Қолымда қалады.
Қайырмасы.
Сұрақтар:
1) Қалай ойлайсыңдар, балалар, адамға шабыт қай уақытта келеді?
2) Махаббат пен құштарлықтың айырмашылығы неде?
3) Не себепті бұл әннің авторы өз сезімін табиғат құбылысындағы теңеулерді пайдаланады?
Қорытынды:Риясыз сүйіспеншілік пен махаббатты біз табиғаттан үйренеміз. Күннің риясыз нұрын шашуы, жаңбырдың жауатындығы, салқын самал желдің соғатындығы – мұның барлығы табиғи құбылыс болғанымен, адамға пайдасы өте зор. Және бұл шексіз және ақысыз жақсылық. Ендеше бізде табиғатқа, әлемге және жалпы адамзатқа осындай риясыз сүйіспеншілік таныта білейік.
VII. Үй тапсырмасы:І.Есенберлин «Алтын құс» (романнан үзінді) мазмұндап келу. Дәптерге берілген мәтін бойынша шағын эссе жазып келу.
VIII. Сабақты қорыту:(Жайлы, баяу музыка ойнап тұрады)
Мұғалім: Шеңбер құрып отырыңыздар, қолдарыңызды тізелеріне немесе үстел үстіне қойыңыздар, аяқтарыңызды айқастырмаңыздар. Арқаларыңызды тік ұстаңыздар. Көздеріңізді жұмыңыздар. Терең тыныс алыңыздар. Менің айтқанымды іштей қайталаңыздар.
Бүгінгі сабақта қандай қасиеттер туралы айтылды? Жақсы көру және кішіпейілдік, жомарттық, аянбай қызмет ету, ізгілік. Ал бұл қасиеттерді біз жүрегіміздегі риясыз сүйіспеншіліктен аламыз.