1.Мәтін мазмұнын тарау тақырыбына байланыстыра отырып, оның идеясын ашуға жағдай туғызу.
2.Топтық, жеке жұмыстар арқылы шығармашылық дағдыларын дамыту.
3.Туған жерге, оның табиғаты мен жануарларына деген сүйіспеншілікті адамгершілік, ақыл-парасат тұрғысынан шешуді үлгі ету. Білмегенді үйрету, өзара көмекке дайын болу дағдысын дамыту.
Көрнекілігі: плакат, сызба, маркер, көздеу дөңгелегі, т.б.
-Мерген болу үшін адамға қандай қасиеттер керек деп ойлайсыңдар?
Сұрақтарға берілген жауаптар бойынша қорытындылау.
-балалар, бүгін сабақта біз мерген де, көреген де болайық.
Тақтаға «нысана дөңгелегін» ілу. (Нысана сызу).
-Біздің алдымызда тақтада немесе нысана дөңгелегі тұр.
-Сендерге бір мәселе айтайын. Аю ормандағы омарташының балын күнде жеп кетеді екен. Ол күнде келеді. Омарташы не істерін білмейді. Омарташыға қалай көмектесер едіңдер? Ескерту: егер сұрақтағы мәселе оң шешімін тапса, жауаптарың нысана дөңгелегіндегі 9 бен 10-ға түседі. Егер мәселе теріс шешілсе, 2 және 3-ке түседі.
Әр топ ақылдасып, «жедел жәрдем» операциясын құрады. Жұмыс шығармашылық жағынан тапқырлықты керек ететіндіктен, оқушылар жұмыс формасындағы еркіндікті сезінуі керек. Дегенмен, оқушылардың алдында плакат, маркерлер болғаны жөн.
Тақтада алдын ала кесте сызулы тұрады. Оқушылардың сөздері кестеге жазылады.
Мәселенің:
Балалар шешімі
Мәтіндегі шешімі
Мысалы, 1-топ - аюды атып алу.
2-топ – аулап ұстап алу.
3-топ – ұстап алып, зообаққа өткізу немесе ұйықтатын оқпен атып, қорқытып қойса, ешқашан келмейді.
4.Мағынаны тану.
-Ал, балалар, енді «Ахмет мерген» мәтінін оқып көрейік, - деп , автормен таныстыру.
Мәтіннің «Жарайды...» деп басталған сөйлеміне дейін оқу.
Сұрақтар:
-Бұл өңірде қандай аюлар өмір сүреді екен? (үзінді арқылы дәлелдеу).
-Ахмет қарттың туған жерін қалай білетіні туралы не айтуға болады?
Дәлелдеу.
Қарттың жан-жануарларға жанашырлығы қалай байқалады? Үзінді оқы.
-Осы оқыған бөлімде оқиға бірден басталып кетті ме? Бөлімге ат қойып жаз.
-Ахметтің мына сөзіне қандай мақал-мәтел табар едіңдер: «»атпағаның дұрыс болған. Өлтіре алмасаң, өзіңді мерт қылады.(Сақтық туралы).
Ары қарай оқу. Оқу кезінде:
-Үзіндіге ат қою.
-Аюдың әрекетін жазушы қалай суреттегенін тауып оқу.
Мәселенің шешімін сабақ басындағы «Балалар шешімі» кестесіне толтыру.
-Ақаңның шешімін қалай бағалайсыңдар? (Кестеге толтыру).
-Табиғатқа, аюға зиянды жағы бар ма?
-Енді өз шешімдеріңмен салыстырыңдар. (Кесте бойынша).
-Аюды атудың қандай зардаптары болуы мүмкін?
-Егер оған дене жарақатын салса, аю қандай зиян жасауы мүмкін?
-Ендеше, Ахмет қандай адам?
Кейіпкер мінезін талдау кезінде мына жайттарды еске алған жөн: әңгіме тақырыбына қарап, Ахметті мерген десе де, атуға бейім адам емес, керісінше табиғатқа жанашырлық сезіммен қарайтын адам екенін мәтін идеясының негізі ретінде алу.
5.Ойтолғау.
Тақтадағы плакатқа көз жіберіп, дұрыс, ойлы шешім тапқан балалардың ұпайлары туралы айта кетіп, мәселеге басқаша, қатал қараған балаларды да ақтап, себебі олардың адамды құтқару үшін амалсыз айтқанын атап өту керек те, ұпайларды бала көңіліне қаяу түсірмейтіндей, келешекте ойланатындай түрде бөлу. (Нысана дөңгелегіне).