"БІЗ ТӘУЕЛСІЗДІҢ ЕЛДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ"
Мақсаты: Оқушыларға желтоқсан оқиғасы туралы Желтоқсан көтерілісінің құрбандары туралы мағлұмат беру. Егемендіктің мәнін ұғындыру. Өз Отанын сүйетін ұлтжанды азамат болуға тәрбиелеу арқылы оқушылардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, сыйластыққа, адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Тәуелсіздік күніне арнайы шығарылған қабырға газеті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың рәміздер туралы айтқан сөздері, ерлік, Отан, туған жер туралы нақыл сөздер, үнтаспа, музыкалық аспаптар, буклеттер.
Кеш барысы:
Әнұран орындалады
1 - жүргізуші:
Қайырлы кеш құрметті бүгінгі дөңгелек үстелге қатысушылар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Біз Тәуелсіз елдің Ұланымыз» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 25 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.
Желтоқсан құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алу.
2 - жүргізуші:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан - жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан - Гүлстан!
Ерасыл:
Қазақ халқы қашаннан еркіндікті аңсап, бостандықты көксеген ел емес пе? Сол көптен күткен еркіндіктің таңы бостандықтың лебі 1991 жылы атқандай болды...
Содан бері 25 жыл! Содан бері ширек ғасыр!
Тәуелсіздік ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан қазақ елі үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз Тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекетін әлем жұртшылығы таниды, құрметтейді.
Елбасының «Қазақстанның Тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңдерді бастан кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы,бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс» - деп атап көрсеткенінде үлкен мағына жатыр.
Иә, қазақ елі үшін Тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыздың қайтпас қайсарлығының арқасында Тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Айгерім:
Бұл күнге дейінгі жеткен ұмытылмас оқиғалар, ел Тәуелсіздігін қорғау жолындағы көтерілістер ел тарихында өлмес мұра ретінде сақталатыны рас. Ашаршылық, Ұлт-азаттық көтеріліс, Тоталитарлық жүйе, Ұлы Отан соғысы, Желтоқсан оқиғасы бұның барлығы да қазақ еліне ауыр жара салды. Қанша қиыншылық келсе де біз оларды еш уақыт ұмытпаймыз. Себебі бұл қазақ елінің тарихы. Осындай ел басына іс түскен түрлі қиыншылық кезеңде де ата-бабамыз еш мойымай елдің бірлігін сақтай білді. Ата-баба рухына мың тағзым! «Басың кесілейін деп тұрса да еліңді ойла» деген Шыңғыс ханның сөзі еске түседі.
«Қазақстан Республикасы», «Мәңгілік Ел!» , «Мәңгілік Тәуелсіздік!» Бұл ұғымдардан Отанымыздың Тәуелсіз, еркін мемлекет екенін бірден аңғаруға болады.
Осы 25 жыл ішінде еліміз мақтана аларлықтай көптеген істер атқарды. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, Ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында жаңа Астанамыз бой көтерді.Әлемдік қауымдастық арасында Қазақстан Республикасы асқақ рухты ел екенін мойындаттық.
Бағдат:
Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз жолдауында: «Уақыт қарқыны зымыран күні кеше өткен сияқты оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтанда еліміздің еңсесі биіктей берсін» - деген болатын.
Тәуелсіздік ол асқақ арман, ол - ән , ол - өлең, ол –жыр. «Тәуелсіздік» деген осынау ыстық сөз, ыстық көңіл қазақ жұртының үлкен ықыласпен айтар асыл сөзі.
Оқушылардың Тәуелсіздік туралы ойлары тыңдалады.
1 - жүргізуші:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің
Ән «Қазақстан» орындайтын 11 ә сынып оқушысы
Серік Айжан Ерболқызы
2 - жүргізуші:
Сөз кезегі мектебіміздің директоры Жумагулов Руслан Бекежанұлына беріледі.
1 - жүргізуші:
Күй, сені тәтті көрем, жаным сүйіп,
Тыңдаймын тыным алмай, жанып - күйіп
Өмірдің сырын ашып жүрегіме
Музаның әміріне басымды иіп.
Алайық ескі күйдің бәрін жиып,
Жандырған ой - қиялды қалың күйік
Шерттіріп құнарлырақ домбыраға
Тербеліп ырғағына тамылжиық
«Балбырауын» күйі. Орындайтын: Ермеков Бағдат Мерекеұлы
Бақытым - Республикам Қазақстан,
Көгінде ақ көгершін, қаздар ұшқан.
Саған жетпес құшағы әлемнің де,
Қыс болса, бір шетінде жаз ауысқан.
Алдарыңызда бишілер тобының орындауында «Алтынай биі»
2 - жүргізуші:
Қазақ дейтін менің бір елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далаға жылап келіп қуанған, - деп Қасым Аманжолов ағамыз жырлағандай, кең байтақ жерімізде қазақ халқының басынан не өтпеді десеңізші. Талай қиындықты бастан кешірсе де, ешқашан мойымай, күресе білді. Азаттық таңы туатынына кәміл сеніп, үміттерін үзбеді.
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, шөліркеп тамсанады,
Өкініш пе, білмеймін қуаныш па
Өз - өзінен жүрегім ән салады.
«Жігіттер» дуэтінің орындауында ән «Алға, қазақ, жігіттері»
1 - жүргізуші:
«Орнында бар оңалар» демекші, ел орнында, жер орнында, жерге жетер байлық жоқ. Жер болса, ел болады, ел болса ер болады. Ерлеріміздің арқасында «Қазақстан» егеменді ел болып, дүние жүзіне танылды. 125 - дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет дархан дастархандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады.
2 - жүргізуші:
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе - тең деп тереземді.
Қазақпын, қойнауы - құт, жері - дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам.
Ән: «Жаса, Қазақстан!» орындайтын: 11 а сынып оқушысы Мақсотов Дулат Жалғасұлы.
1 - жүргізуші:
Желтоқсан – заман толғағы байтақ даланың,
Шарпыған сәті үміт пен күдік қаланың
Желтоқсан – Қайрат, Ләззат, Сабира
Құрбаны болған жаланың
Ал қоғамның адамнан бар ма асылы,
Кеткенде жоқ құлақтан зар басылып,
Бұғаудағы боздақтары кете барды
Бірі атылып, ал бірі дарға асылып
2 - жүргізуші: Барлық ұлттың басын қосты бұл достық
Ұлы достық
Нұрлы достық
Күн достық
Достық деген қасиетті ұранға
Кең даланың жүрегі де үн қосты
Биші қыздар биімен де үн қосты
«Жастар» биі. Орындайтын 11 - сынып оқушылары
1 - жүргізуші: Қасиетті Қазақстан мекенім,
Ақиқаттың алтын бесігі екенсің.
Елім, жерім, Отаным – бақ - дәулетім,
Болашағым, өнер - білім, өркенім.
Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма
Туған тілім шұбарланба жарқыра
Тарихымызда таланттылар көбейсін
Бас иемін ата баба рухына.
Бойымда әні бұлақ жатыр бұрқырап
Ән: «Қазақстаным» Орындайтын: 11 - сынып оқушысы Айгалиева Айгерім
(Барша бала артында шығып тұрады, қолдарында шар мен жалауша)
2 - жүргізуші:
Ту тігілді халқымның бүгін бағына
Жас өрендер желбіретіп нық ұста
Ғасырларға жалғастырып елдікті
Дақ түсірме ата баба рухына
Үлгі бізге аталардың ерлігі
Ұлағаты өнегесі еңбегі
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі дей келе бүгінгі тәуелсіздігіміздің
25 жылдығына арналған «Біз Тәуелсіз елдің Ұланымыз» атты мерекелік кешіміз өз мәресіне де келіп жетті.
Қазақ елім!
Туды жастық дәуірің.
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік. Келесі кездескенше сау саламатта болыңыздар!