Сабақтың тақырыбы: Күй құдіреті Сабақтың мақсаты: Білімділік – Оқушыларды күйдің шығу тарихымен таныстур, күй өнері туралы біліктерін арттыру.
Тәрбиелік – Күй тыңдауды, оны бағалауға, құрметтеуге үйрету. Дамытушылық – күйдің орындаушылық шеберлігін көрсету, балалардың бойына оны дарыту. Сабақтың түрі: жаңа сабақ Сабақтың көрнекілігі: үнтаспаға жазылған күй және домбыра аспабы
Сабақтың барысы. І. Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру, сабаққа назарын аудару. Психологиялық дайындық жасау ІІ. Үй жұмысын сұрау. ІІІ. Жаңа сабақ.
Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй. Қай ұлтқа, қай халыққа болса да сол ұлтпен, халықпен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан киелі мұралары қымбат. Қазақ халқы үшін сондай құнды, бағалы мұралардың бірі – күй. Қазақ күйінің тарихы әріде жатыр. Күйді ел тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. Кешегі замандарда күйлерде халықтың қайғы-қасіреті, азат өмірге ұмтылысы, әділетсіздікке күресі өрнек тапты. Біз «Күй атасы – Қорқыт» дегенімізбен өнер зерттеушілері Қорқытқа дейін де күйдің «өмір сүргендігін» дәлелдейді. Көне күйлердің әуен-сарыны ертедегі Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Көк түріктер және басқа да тайпалар өмірінен бастау алатынын алға тартады. Бұған мысал ретінде халық күйлері аталып жүрген «Аққу», «Кеңес», «Боз айғыр», «Сары өзен», «Шұбар ат» және басқа да туындыларды келтіреді. Негізі, күй жайдан-жай шығарыла салмайды. Ол адам жанының ішкі толқынысынан, сезімінен пайда болады.
Күйді жай ғана музыкалық жанр десек қателесеміз. Ол сан қырлы, сан сырлы күрделі шығарма. Оның мазмұнына, сипатына қарай тарихи, лирикалық, аңыз, қаралы, арнау секілді тақырыптарға да бөлінетіні содан. Идеялық-көркемдік жағынан да сан алуан. Күйлерде тек көңіл-күй ғана емес, жер-су аттары, жануарлар, құстар, табиғат құбылыстары және басқалар суреттеледі. Күйдің әуендік-түрлік құрлысы мен ырғағының, орындалуының өзгешелігі де назар аударарлық. Құрманғазының күйлері жігерлі, екпінді келсе, Дәулеткерейдің шығармаларына сезім, нәзіктік басымырақ. Тәттімбетте қоңыр әуен байқалады. Қазанғап күйлері жеңіл, ойнақы төгіледі. Күйшілердің домбыра қағыстары да әр түрлі. Біреулер «жаппай», «кезектесе», енді бірқатары «шертіп», «шұбыртып» қағады. Күйлердің орындаушылық дәстүрге, қағысына қарай екі түрге бөлінетініне де көзіміз үйреніп келеді. Оның бірі – төкпе, екіншісі – шертпе. Төкпеде көзге ұратыны – қайрат-өрлік, сергектік, өмірге құштарлық, қиындықтан жасымау, алға ұмтылу. Шертпе күйлер салқынқандылығымен, сабырлылығымен, терең философиялығымен, ой-сырға толығымен ерекшеленеді. Міне, қазақ күйі дегеніңіз осындай. Ол бір өзінше әлем. Сол әлемнің қыр-сырына қанық қазақ – біз бақыттымыз. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов кезінде «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген. Күйге бұдан артық баға беру де қиын. Сабақты қорытындылау: