Сабақтың тақырыбы: «Р» дыбысын қою.
Сабақтың мақсаты:
Р дыбысын еліктеу, механикалық тәсілдер арқылы анық, дұрыс айтуға үйрету. Фонематикалық қабылдауын дамыту, ойын тапсырмалар арқылы ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту.
Сабақтың түрі: жеке
Сабақтың көрнекілігі: «Р» дыбысының артикуляциясы, артикуляциялық жаттығулар, айна, зонд (мақталы таяқша), сандықша, түрлі суреттер.
Сабақ барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі.
- Психологиялық дайындық
Амандасу
Күн жарығын алақанға салайық,
Жүрегіме басып ұстап қалайық.
Сондай жарық, мейірімді көңілмен,
Сабағымызды бастайық.
- біз бүгінгі сабағымызға келген сиқырлы пойыздың тапсырмаларын орындап, вагондарды ашамыз.
І тапсырма:
- Қай әріп екенін айтшы?
Райхан да өлең жаттады
Раушан да өлең жаттады
Қай әріптен басталған
Екеуінің аттары? («Р»)
ІІ. Дайындық кезең.
Р дыбысының артикуляциясы:
Алдымен «Р» дыбысының артикуляциясына назар аударамыз.
- ерін аздап дөңгеленіп тұрады
- жоғарғы төменгі тістер арасы алшақ келеді
- тілдің ұшы қатты таңдайға көтеріледі
- тіл мен таңдай арасында ауа толқыны еркін өтеді.
- тілдің шет жақтары азу тістерге жабысып тұрады.
- жұмсақ таңдай көтеріңкі жұтқыншақтың артқы қабырғасына
жабысып, ауаның мұрын қуысына өту жағын жауып тұрады.
- дауыс шымылдықтары қатайып, бір-біріне жақындап, діріл арқылы дыбыс шығады.
- ауа ағысы дем шығару сәтте ауыз қуысына толып, қатайып тұрған тіл ұшын қозғалтып дірілдетеді.
ІІІ. Негізгі бөлім.
ІІ Вагон.
- Артикулияциялық жаттығулар:
«Күрекше» - жалпақ тілді ауыз қуысынан шығарып, төменгі ерінге салып, 10-15 секунд ұстап тұру керек.
«Кесе» – ауыз кең ашық, жалпақ тілді жоғары тіске қарай көтеріп, 10-15 секунд ұстап тұру керек. Бірақ тіл тіске тимеуі керек.
«Ат шауып келеді» - ауызды кең ашып, тілді таңдайға жабыстырып, баяу, жылдам қағу керек.Тіл асты желбезегін созу. 10-15 рет қайталау қажет.
«Саңырауқұлақ» - ауызды кең ашып, тіл ұшын таңдайға жапыстырып ұстап тұру керек.
«Тәтті тосап» - жалпақ тілімен жоғары ерінді жалап, ауыз қуысынына тереңірек кіргізіп ұстау. 10-15 рет қайталау керек.
«Сылақшы» - ауыз кең ашық, тілдің ұшымен қатты таңдайды сылау. Бағытын өзгерте отырып, 10-15 рет қайталау керек.
Сергіту сәті:
Жатыр еді сұр күшік,
Өте берді бір мысық.
Күшік оған: «ЫРР»-деді,
Мысық тұрып: «БРР»-деді.
ІІІ Вагон.
- Тыныс алу жаттығулары:
- «Алақанды жылыту» - қолымыздың ара қашықтығы 10-15 см алдымызда, аузымыздан жылы дем шығарып, алақанымызға үрлейміз.
- Мұрын ұшына мақта қойып, оны үрлеу.
- Оқушыға тандаған әр түстегі батпырауықты үрлету.
ІV Вагон
- Еліктеу арқылы «Р» дыбысын қою:
- «Мотоцикл айдау» - тілді жоғарғы тіске қарай көтеріп, «Дррррың-дррррың» деп айтқызу.
- «Мотор» - тілді қатты таңдайға жабыстырып, мұрынмен тез тыныс алып, тілдің ұшына үрлеу.
- «Барабан» - Д-Д-Д деп айтқызу арқылы тіл ұшын зондпен оңға-солға қозғау.
ІV. Сабақты бекіту.
- Сиқырлы сандық ішінен бір суретті қолға алып, сөздегі дыбыс санына қарай сонша рет Р дыбысын қайталау (ара, радио, сиыр)
Мысалы: Радио - 5 рет.
- Дәптермен жұмыс. «Р» әрпін көркем жазу.
V. Сабақты қорытындылау.
- Жарайсың, Әмина! Сен барлық тапсырмаларды жақсы орындадың!
- Біз бүгін қай дыбысты айтуды үйрендік?
- Қандай тапсырмалар орындадық?
VІ. Үйге тапсырма. «Алфавиттік жұмбақтарды шеш».
Қарда бар, Дәптерде бар,
Мұзда жоқ Кітапта жоқ.
Жарда бар, Пәтерде бар,
Құзда жоқ. (Р) Үйде жоқ. (Р)