Просмотр содержимого документа
«Тіл - ұлттың жаны»
Тіл – ұлттың жаны
Талдықорған қаласы №26 орта
мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі Шакерова Г.М.
Бүгінгі таңда елімізде «көптілділік» мәселесі көкейкесті мәселелердің бірі болып саналады. Елбасымыз сол үшін де үштұғырлылығын міндеттеп отыр. Халқымыздың тәуелсіздіктің туын желбіреткелі бері, түрлі елдермен іскерлік қарым-қатынас орнатып келеді. Тәуелсіз мемлекетіміздің қол жеткізген игіліктерінің бірі – дүниежүзілік аренаға еркін шығып, әлемдік өркениеттің озық үлгілерімен танысып, оларды өз еліміздің экономикасын нығайтуға, медицина, ғылым және білім беру, қоғамдық-әлеуметтік салалардың іргесін кеңейтіп, заманауи технологиялармен жабдықтауға жаңа мүмкіндіктердің туындауы болды. Бұл арада білімді ұрпақ, білікті маман мәселесі бой көтереді.
Көптілділік, полилингвизм – нақтылы коммуникативтік жағдайдың әсер етуімен белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте үш, одан да көп тілде сөйлей білушілік. Көптілділіктің үш тілді меңгеру дәрежесі сол адамның немесе бүтіндей халықтың өмір сүрген тілдік ортасы, әлеуметтік, экономикалық, мәдени өмірі, тұрмыс-тіршілігі секілді көптеген факторларға байланысты.Көптілділік – бүгінгі заман талабы. Бір халықтың мәдениетін басқаларымен салыстыру арқылы ғана, әлем суретін әр қилы әрі тұтас көруге мүмкіндік беретін ұлттық мәдениеттің күллі ерекшеліктерін, барша құндылықтарын сезінуге болар еді. Еліміз бен жерімізге ие болатын жастар үш тілді де қатар меңгеруі тиіс. Көптілді білім – көпмәдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Бүгінгі таңда көп тілді оқыту және оқып үйрену – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Үш тілді оқу – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Атап айтатын болсақ, олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – дамыған мемлекеттермен терезе теңестіріп, солардың қатарына қосылу үшін қажет. Қарапайым тілмен айтқанда, қазақ тілін дамыту керек, орыс тілін қолданамыз және ағылшын тілін үйренеміз. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мен шетел тілін білу тұлғаның ой-өрісін кеңейтеді, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашады, ұлтаралық қатынас мәдениетін, толеранттілігін және планетарлық ойлауының қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Маманға шет тілін меңгеру кез-келген шетелдік ортада өзін еркін ұстап, жаңа кәсіптік ақпараттар легіне немесе жалпы ақпараттық ғаламшарға бейімделу мүмкіндігіне ие болады.
Халқымыз ежелден тіл абыройын биік көтеріп, «Өнер алды – қызыл тіл» деп, сөз өнерін бар өнердің алдына қойып, жоғары бағалаған. Әдетте тіл жөнінде, тіл – адамдар ара қарым-қатынас жасау құралы, оған жай-жадағай анықтама берілгенімен, іс жүзінде тіл тек адамдар ара қарым-қатынас жасау құралы ғана болып қалмастан, қайта одан да маңыздысы, ол белгілі бір ұлттың ұлттық сана-сезімі, халықтың халықтық қасиеті, оның жалпы тарихы, әдет-ғұрпы, мәдениеті қатарлыларды тұтастай өз бойына қамтып жататын күрделі ұғым. Сондықтан тіл мейлі қайсы ұлттың болмасын тарихы мен тағдырының, тәрбиесі мен тағылымының, бүкіл халықтық болмысының баға жетпес асылы, сарқылмас құнды қазынасы, ұлт рухының ұйтқысы болып келген. Көп тілді меңерген адам әуелі өз тілінде ой қорытып, туған халқына өнеге болып, өзге жұртпен бәсекеде ырықты орынды иелеп, сан мәдениетті санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін қалайда мағыналы өткізетін айтулы тұлға болып жетілері хақ.
Тіл – халықтың ең басты қазынасы. Үш тұғырлы тіл саясатын қолға алсақ та, өз еліміздің ішінде қазақ тілін өгейсітуге болмайтынын әсте естен шығаруға болмайды. Мұндайда «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» — деген даналық сөз ойымызға орала кетеді. Тіл білу – байлық. Әсіресе, өркениеттік өрелік алға шығып, жаһанданудың лебі есіп тұрғанда көп тілді игергенге ешкімнің таласы бола қоймайтыны анық. Бірақ бұл үш тілдің тұғыры бірдей деген сөз емес. Қазақстанда бір ғана тұғырлы тіл бар, ол мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тұғыр сөзі «діңгек, қазық» деген мағынада қолданылады. Бір шаңырақты көтеру үшін үш діңгек керек емес. Бір діңгекпен көтерген шаңырақтың жан-жағынан уықтар қадалып, оның беріктігін қамтамасыз етеді. Біздің алтын діңгегіміз, тұғырымыз – қазақ тілі, ал жан-жағынан өзге тілдер мемлекеттік тілді қолдап уық секілді қадалады.Еліміздің егемендік алып, тәуелсіз еліміздің өсіп келе жатқан жас ұрпағына өз Отанының мемлекеттілігінің кепілі – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеуге баулу, сол арқылы еліміздің саяси тұрақтылығын арттыру – мемлекетіміздің бүгінгі тілдер саясатының стратегиялық нысандарының бірі. Ұлттық тіл өз мәртебесіне ие болып, мемлекеттік тіл аталып отырғанына да көп уақыт болған жоқ. Осы кезеңде жас мемлекетіміздің тарих көшінен қалып қоймай, өркениетті елдердің қатарында болып тұрақтануы үшін әлемдік деңгейде қазақ ұлтын таныту үшін оның ұлттық болмысын көрсететін рухани дүниелерді, бай мұраны таныту қажет. Соның ішінде баға жетпес мұра – ана тілінің мерейін асқақтатып, оның даму процесін танып білуде жан- жақты зерттеу жұмысын жүргізу – бүгінгі күн талаптарының бірі.
Мемлекеттік тілді меңгеру – әр қазақстандықтың борышы әрі міндеті екендігін, қазақ тілі ертеңгі күні оның маман болып, үлкен өмірге араласқанда қоғамдағы қызметіне көмегін тигізетіні, жұмысы мен күнделікті өміріне қажеттігі жарайтынын туралы түсінікті қалыптастыра отыра, мемлекеттік тілде өтілетін әр шараға жауапкершілікпен қарап, белсенді түрде қатысулары қажет екендігі жан-жақты түсіндіріледі. Мақсатымыз – қазіргі заман ағымына сай бәсекеге қабілетті білімді де білікті, жоғары интеллектілі тұлға тәрбиелеу.
Үштұғырлы тіл өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Сондай-ақ, бүгінгі Еуропада да көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдік бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.
Әдебиет:
1. Солташұлы Ы.Заман талабы – көп тілді болу. // Ақиқат. 26.11.2012 ж. №11. 14-15 б.
2. Государственная программа развития и функционирования языков в Республике Казахстан на 2011-2020 годы. Астана: 2011.
3. Жетписбаева Б.А. Полиязычное образование: теория и методология. Алматы: Білім, 2008. – 347 с.
4.Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты. Құжаттар жинағы.Астана: Елорда, 1999. – 216 б.