Натюрморт жанры (әр топ оқушыларына сұрақ жазылған мозайка бөлігін беру)
«Натюрморт» сөзі қандай мағына береді?
(«Натюрморт» - француз сөзі, дәл мағынасы «өлі табиғат» деген ұғымды білдіреді)
Натюрмортта нелер бейнеленеді?
(Натюрмортта жеміс-жидек, көкөніс, гулдер, алуан түрлі тағамдар мен тұрмыстық заттар бейнеленеді)
Натюрморт алғаш қай елде пайда болды?
(Натюрморт алғаш ХVІІ ғасырдың басында Голландияда пайда болды)
Натюрморт құрамына қарай нешеге бөлінеді?
(Натюрморт 2 – ге бөлінеді: қарапайым және күрделі натюрморт. Қарапайым натюрморт 2 – 3 заттың, күрделі натюрморт 4-5 немесе одан да көп заттардан құралады)
Айша Ғалымбаеваның «Шеберхана бұрышы» натюрморты қандай мамандық иесі туралы сыр шертеді?
(Суретші)
Берілген туындылардың ішінен натюрморт жанрында бейнеленген картинаны көрсетіңдер.
(И.И.Машков.Натюрморт «Жүзім, лимон және шаян»)
Сұраққа жауап берген әр топтың оқушылары ортаға шығып, сурет қиындыларын құрастырады.
– Қандай сурет шықты? Табиғат көрінісі (Пейзаж) .
Жаңа сабақ
Қызығушылықты ояту:
Табиғат аясына саяхат жасайық.
Бейнеролик көрсету . Фрэнк Дюваль «Табиғат дыбыстары» .
Мағынаны тану:
Пейзаж – француз сөзі, бұл табиғатты бейнелеу. Пейзаж дербес жанр ретінде Қытайда, Жапонияда және басқа шығыс елдерінде, сондай – ақ Еуропада дамыған. Пейзаж өнері әр алуан. Кейбір пейзаждар табиғаттың өмірде бар нақты көрінісін бейнелесе, енді біреулері суретшінің қиялынан туады. Ондай шығармалардың бәрінде де суретшілер табиғаттың мінез-құлқан айнытпай беруге тырысады. XVII ғасырдан бастап суретшілер бірыңғай табиғат көрінісін бейнелейтін картиналар жазуды бастады. Әсіресе ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында орыс суретшілері пейзаж жанрында көркем шығармалар орындауда зор табысқа жетті.
Слайд көрсетілімі:
Ф.Васильевтің «Жаңбыр алдында», К.Юонның «Қыс соңы», С.Герасимовтың «Жаз» , И.Айвазовскийдің «Тоғызыншы балл», т.б. көркем шығармаларында табиғат көрінісінің алуан ерекшеліктері шынайы бейнеленген.
Қазақстан суретшілері Ә.Қастеев, Г.Ысмайылова, С.Мәмбеев, О.Таңсықбаев, Ү.Әжиев т.б. пейзаж жанрында көптеген шығармалар ұсынды. А.Черкасскийдің «Көктем», Ә.Қастеевтің «Күзгі көрініс», Ү.Әжиевтің «Асы жайлауы», Ә.Ысмайыловтың «Хантәңірі», т.б. көркем шығармалары Қазақстанның сұлу табиғатының көрінісін паш етті.
Пейзаж – табиғат көрінісін бейнелеу деген ұғым. Табиғаттың алуан түрлі болуы бейнелеу өнерінде пейзаждық жанрдың көптеген түрінің қалыптасуына ықпал етті.
Әр топқа тапсырма беру. «Екі жақты күнделік».
Слайд көрсетілімі: «Пейзаж түрлері»
Ауыл пейзажы – (Ү.Әжиевтің «Асы жайлауы» картинасы) ауыл өмірін, оның айналасындағы табиғатпен шынайы байланысын бейнелейді.
Саябақ пейзажында – (В. Батуриннің «Ясная Полянадағы гүлдер» картинасы) адамдар демалу үшін арнайы жасалған табиғат аясыберіледі. Мұндағы табиғат бірде геомертиялық тәртіпке қатаң бағындырылған, бірде табиғи пішіндер сәндік мүсіндер сәулеті әсем үйлесім тауып, еркін орналасқандай болып көрінеді.
Қала пейзажында – (О.Нұржұмаевтың «Түнгі субұрқақ» картинасы) адамзат қолымен салынған биік ғимараттар, көшелер, даңғылдар, алаңдар, жағалаулар және басқа да көрікті жерлер бейнеленеді.
Теңіз пейзажы – марина (И.Айвазовскийдің «Теңіздегі түнгі дауыл» картинасы) бірде тыныш, бірде буырқанған теңіздің ғажап сұлулығын, көбік шашқан асау толқындарды немесе теңіз дауылын бейнелейді.
Сәулет пейзажы – (А.Остроумова – Лебедеваның «Крюков арнасы» картинасы) қалалық пейзажға ұқсас келеді. Олардың арасындағы айырмашылық – сәулет пейзажында суретші сәулет ескерткіштерін табиғат аясында бейнелейді.
Индустриялық пейзажда – (К. Моненің «Сен – Лазар вокзалы» картинасы) суретші зауыттар мен фабрикаларды, бөгеттер мен электр бекеттерін, вокзалдар мен көпірлердің айшықты құрылымдарын, теміржол тораптарын салған жасампаз адамның рөлі мен маңызын көрсетуге тырысады.
Бүгін пейзаждық жанрдың түрлерімен таныстық. Сабақта қандай шығармашылық тапсырма орындаймыз және қандай бейнелеу ережелерін есте сақтауымыз керек. Ол үшін әр топтың атына назар аударайық.
Пейзаж (табиғат көрінісін бейнелеу)
Композиция (суреттің әрбір бөлшегін байланыстырып, қызықты етіп, әсерлеп, үйлесімді орналастыру)
Перспектива (қағаз бетінде көлем мен кеңістікті бейнелеу заңдылығы)
Кестемен жұмыс: «Сызықтық және кеңістіктік перспектива»
Жарық пен көлеңке (жарық пен көлеңкенің астасуы, бейненің көлемін беру тәсілі)
Түстер (бояу түстерін дұрыс таңдай білу, ортақ түске бағындыру, түстердің үйлесуі (колорит)
Кестемен жұмыс: «Түстану»
Галерея (көркем шығармалар қоры жинақталған орын)
Міне балалар, табиғат көрінісін бейнелеуде жоғарыда берілген тапсырмаларды орындау арқылы белгілі нәтижеге жетуге болады.
Шығармашылық тапсырма
«Пейзаж». Табиғат көрінісін елестету, қиялдау арқылы үйлесімді бейнелеу. А.Еңсепов «Балалық шақ» күйін тыңдап отырып, сурет салу.
Бекіту
Табиғат көрінісін бейнелейтін жанр қалай аталады?
Пейзаж түрлерін ата
Табиғат көрінісін бейнелеген қандай суретшілерді білесіңдер?
Оқушы әрекетін және сабақ барысын бағалау
«Галереяға саяхат».
Оқушылардың жұмыстарын тақтаға ілу. Әр оқушы өзіне ұнаған суретке дауыс береді. «Көрермен көзайымын» анықтайды. Балалардың салған композициялық жұмыстарын бағалау.