Қазақ хандығы - Қазақстан аумағында бұрын болған мемлекеттік құрылымдардың мұрагері, этникалық процестермен байланысты әлеуметтік қатынастардың өзгерістер мен экономикалық даму нәтижесі. 1457 жылдың күзінде Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанып, Қазақ хандығының негізін салады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері - Шу бойы мен Қозыбасы деп айтылады. 1458 жылдың көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Әбілқайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары Керей мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыттың ішінде халықтың саны 200 мыңнан асып түседі. Қазақ хандығының құрылуы осыған дейін бүкіл Қазақстан аумағында болған әлеуметтік-экономикалық және этно саяси процестердің заңды қорытындысы еді.
XV ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ хандары қарсыластарын тықсыра отырып, Батыс Жетісуға табан тіреді. XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығы нығайып, этникалық аумағының негізгі бөлігін қамтитын шекаралары кеңейе түсті. Орта Азия, Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен, Ресеймен тығыз байланыс болды. Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел, Тәуке хандардың есімдері Қазақ мемлекеттілігі деген атаумен қоса жүреді. Өйткені олардың қазақ жерін нығайтудағы, қазақтардың үстемдігін орнатудағы әрекеттері орасан зор болатын.
Хандықтағы жоғары билік хан қолына шоғырландырылды. Салт бойынша, хан тағына отыруға рудағы үлкен ұлдың құқығы басым болды. Хан әскерлердің бас қолбасшысы және жоғарғы сот қызметін атқарды, шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу, соғыс жариялау мен бейбіт бітім жасау, заңдар шығару және хандықтың бүкіл аумағын билеудің бас құқығына ие болды.[1]
XV-XVII-ғ. Қазақ хандығы дәуірінде қазақ этносының материалдық және рухани мәдениетінің негізгі сипаттары қалыптасты.
Қазақ хандығынын пайда болу фактісі Жетісудың батыс бөлігінде өтті. Дәл осы жерге Керей мен Жәнібектің қарамағындағы, Орталық және Оңтүстік Қазақстан аумағында тұратын Орта жүздің қазақтары қоныс аударды.
Қазақ хандығының әрмен қарайғы нығаю процесі жер аумағының кеңеюі Сырдария өңірінде, Оңтүстік Қазақстан өлкелерінде мемлекеттін орнығуымен қатар жүрді. Қазақ хандары Сыр бойындағы қалалы өңірлерді өзінің экономикалык және әскери базасы деп таныды.