Просмотр содержимого документа
«"Елім менің " зияткерлік сайыс»
Тексерілді: сынып: 8 - 9 күні: 18.04.2018ж
Сабақ тақырыбы: «Елім менің» интеллектуалды сайыс Сабақтың мақсаты: 1. Білімділік: Оқушылардың өз Отаны Қазақстан Республикасы жайлы білімдерін тексеру. 2. Дамытушылық: Білімге деген құштарлығын және шығармашылық ізденісін дамыту. 3. Тәрбиелік: Туған жерге деген сүйіспеншілік, Отан сүйгіштікке тәрбиелеу. Өткізу түрі: Жарыс Көрнекіліктер – Қазақстан картасы, слайд, нақыл сөздер. Жарысқа қатысушылар: 8 - 9 сынып оқушыларынан құралған 2 команда. Әр командада 3 оқушыдан.
Мұғалім сөзі: Өз елін,өзінің кіндік кескен туған жерін, ана сүтімен дарыған туған тілін түсінбейтін адам жоқ. Біздің туған еліміз – Қазақстан! Даласы қараса көз жетпейтін кең, таулары айбатты,халқы мерейлі ғажайып өлке. Қазақстан елінде тұратын әрбір азамат Елбасының сөзін жүрегінің терең түкпірінде қашанда есінде ұстауы керек. Бүгінгі сайыста сіздердің Қазақстан географиясы пәні бойынша білімдеріңіз тексеріледі. Сайысқа қатысатын 1 топ 8сынып оқушыларынан құралған "Балқаш" тобы және 2 топ 9сынып оқушыларынан құралған "Каспий" тобы. Жарыстың кезеңдері. І кезең- Жедел сұрақтар. ІІ кезең- Кім көп біледі? Тұлғаларды тану ІІІ кезең – Қара жәшік ІҮ кезең- Жасырын ұяшықтар Ү кезең – Сандар сөйлейді ҮІ кезең- Қорытындылау.
Сайысты бастамас бұрын сайысымыздың әділ бағасын беретін әділ қазылар алқасымен таныстырып өтейін:
Қиындықтан өткізер , – деп сайысымыздың алғашқы шарты «Жедел сұрақтар» кезеңін бастаймыз. Ікезең "Жедел сұрақтар". Бұл кезеңде әр топқа кезекпен 10 сұрақ қойылады. Әр дұрыс жауап 1 ұпаймен бағаланады. Жауап берілмеген жағдайда келесі топқа жауап беру мүмкіндігі берілмейді. 1 топқа арналған сұрақтар "Балқаш" 1. Қазақстанның астанасы орналасқан өзен- (Есіл) 2. Тудың авторы – (Шәкен Ниязбеков) 3. Қазақстанның Астанадан бұрынғы астана болған қалалары. Орынбор,Қызылорда, Алматы 4.Республикамыздың мемлекетік рәміздері (Ту,Гимн, Елтаңба ) 5.Қазақстанның астанасы Алматыдан Астанаға қай жылы көшірілді?(1997ж) 6. Қазақтың ұсақ шоқысы деп аталатын Қазақстан жері. (Сарыарқа) 7. Еуропа мен Азия аралығында орналасқан жер шарындағы ең тұйық үлкен көл,үлкендігіне қарап теңіз деп атайды. (Каспий) 8. Қазақстандағы ең биік тау (Тянь - Шань) 9. Қазақстан жер көлемі бойынша Еуразия материгінде нешінші орында? (4) 10. Қазақстан батыста, солтүстік - батыста және солтүстігінде қандай елмен шектеседі? (Ресей)
2 топқа арналған сұрақтар "Каспий" 1. Қазақстан қай материкте орналасқан. (Еуразия) 2.Елтаңба авторының есімі. ( Жандарбек Мәлiбеков пен Шота Уәлиханов.) 3.Ақмола қаласы Астана қаласы деп қай жылы жарияланды. (1998ж) 4.Қазақстан шығысында қандай елмен шекараласады? (Қытай Халық Республикасы) 5.Қазақстан көлемі жөнінен дүниежүзінде нешінші орында? 9 6. Қазақстанның теңіз деңгейінен ең төмен жері қалай аталады? (Қарақия ойысы) 7.Етегінде ару қала Алматы орналасқан тау. (Іле Алатауы) 8. Никель мен хромға бай облыс ? (Ақтөбе) 9. Қаз-дағы ең ірі өзенді ата (Ертіс) 10.Қаз-н БҰҰ – на мүше болған уақыты. (02.03.1992ж)
Мықты болсаң – алдағыны басып оз,
Мықты болсаң – арттағыны жеткізбе!
Мықты болсаң – тайғанама, құлама!
Мықты болсаң – бөгеттерді бұзып өт- деп сайысымыздың «Кім көп біледі?» бөліміне кезек береміз. ІІ кезең "Кім көп біледі ?" деп аталады. Бұл кезеңде суретте берілген тұлғаларды кім екенін табуымыз қажет. Тапсырма әр топқа жеке - жеке беріледі. Әр дұрыс жауапқа 5 ұпай беріледі.
І топ "Балқаш" Кім көп біледі? Сұрақ-жауап Тұлғаларды табу. 1. Қазақ Ғылым академиясының тұңғыш президенті болған академик , қазақтан шыққан тұңғыш геолог (Қаныш Сәтбаев) 2.Ең алғаш география ұғымын енгізген, географиялық карта жасаған кім? (Эратосфен) 3.Тянь-Шань тауын зерттеген саяхатшы (П.П.Семенов ) 4.Қазақстандық ғарышкер. (Талғат Мұсабаев) 5.Қарағанды көмірін ашқан кім? (Аппақ Байжанов )
ІІ топ "Каспий" Кім көп біледі? Сұрақ-жауап Тұлғаларды табу 1. Қаз-нан шыққан тұңғыш ғалым. Қашғарға сапар шеккен кім?( Шоқан Уәлиханов) 2.Ұлы ғалым «Шығыс Аристотелі» атанған кім ? (Әл- Фараби) 3. Екібастұз көмірін тапқан кім? (Қасым Пішенбаев) 4. 2015 жылдың қыркүйек айында ғарышқа ұшқан Қазақстандық ғарышкер (Айдын Айымбетов) 5. Үш жүздің басын қосушы хан? (Абылай) Ойын толқын, айналған қатты ағысқа,
Табылғандай танымда, жат дауыста.
Біреу озып шығады қатарынан,
Біреу қалып жатады асығыста.
Ойын толқын жатқанда асып, тасып,
Біреу мығым,біреулер шалыс басып.
Бұл ойында шығады тамаша ойлар,
Жеңсе де, жеңілсе де қалма жасып –дей отырып сайысымыздың ІІІ кезеңін бастаймыз.
III-кезең. «Қара жәшік» ойыны. Жәшік ішіне жасырылған 4 заттың оқушыларға сипаттамасы беріледі, сол арқылы оның ішінде не бар екенін табу керек. 1 көмек болады, көмек алғаны үшін 1 ұпай шегеріліп отырады. Ойлануға 1 минут, толық және дұрыс жауап 5 ұпай. Сұрақ 2 топқа ортақ қойылады. Кім бірінші болып қол көтерсе сол топ жауап береді.
1-зат. Нәрестеге - Ғабдул-Ғани деген есім берілді. Анасы Әлима "Ғаниым, Ғанышым" деп атаған.
Көмекші сұрақ: Қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы.
Жауабы: Сәтбаев Қаныш Имантайұлы
2-зат. Жердің, Айдың, планеталардың және аспан сферасының контуры мен геометриялық пішіндік ұқсастығы сақталып, ХҮ ғасырда жасалған.
Көмекші сұрақ: бұл құралды алғаш неміс картограф Мартин Бехайм жасаған.
Жауабы: Глобус.
3-зат. Көлемі шағын, өте жинақы жинақталған, алып жүруге қолайлы, пәннің тілі болып саналады.
Көмекші сұрақ: Әр елдің географиялық орны көрсетілген.
Жауабы: Әлемдік атлас кітапшасы.
4-зат. Алғаш қырғыз «Манасын» жазып алған Қашғарияға өзгеден бірінші барған Кім еді орыстың географиялық қоғамына , Қазақтан тұңғыш рет мүше болған?
Жауабы: Шоқан Уәлиханов
ІV - кезең: "Жасырын ұяшықтар". Бұл кезеңде 3 тақырып беріледі, әр тақырыпта 3 сұрақтан беріледі. Сұрақ деңгейіне байланысты ұпай саны беріледі. 10 - 20 - 30 ұпайлармен бағаланады.
1. Қалалар
10 - Әбу - Насыр әл-Фараби дүниеге келген қала. (Отырар)
20 - Қожа Ахмет Иассауи кесенесі орналасқан қала. (Түркістан)
30 - 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша "Әлем қаласы" атағы берілген Қазақстан қаласы. (Астана)
2. Қорықтар
10 - Қазақстандағы ең алғашқы қорық (Ақсу - Жабағылы)
20 - Маңғыстау облысында орналасқан қорық (Үстірт қорығы)
30 - 1931 жылы Алматы облысында құрылған қорық қалай аталады? (Алматы)
3. Пайдалы қазбалар
10 - Бұл пайдалы қазба еліміздің батыс аймағында мол кездеседі. Жанатын пайдалы қазбаға жататын бұл пайдалы қазбаны елімізде бірінші рет 1899-ж Қарашүңгілдегі Ембі кен орнынан алды?
(мұнай)
20 - Қазақстан бұл пайдалы қазбаның кен қоры бойынша ТМД-да Ресей мен Украинадан кейін 3-орын иеленеді. Негізгі кен орындары Қашар, Соколов - Сарыбай, Әйет.
(темір)
30 - Қазақстанда бұл руданың қоры мол. Жалпы қоры 164 млрд тоннадан астам. Жанатын пайдалы қазбаға жататын бұл руданың негізгі кен орындары Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында орналасқан.
(көмір)
V - кезең. "Сандар сөйлейді" кезеңі. Бұл кезеңде 2 топқа бірдей тапсырма беріледі. Берілген қима кағаздарда сандар жазылған. Сол сандардың нені білдіретінін тауып айту керек. Әр дұрыс жауапқа 1 ұпай қосылады.
І топ "Балқаш"
1. 2724,9 мың км² - ҚР жер көлемі
2. 9 - ҚР жер көлемі бойынша дүниежүзінде алатын орны
3. 6995 м - Хан - Тәңірінің биіктігі
4. 1991ж - ҚР Тәуелсіздігін алды
5. 6 шілде - Астана күні
ІІ топ "Каспий"
1. 18 млн - Қазақстанның халық саны
2. 14 - ҚР облыстар саны 3. - 132 м - Қарақия ойысы
4. 2017 ж - Қазақстанда ЭКСПО көрмесі болды
5. 1 желтоқсан - ҚР Тұңғыш Президенті күні
Қорытынды.
Ұшқыр ойға серік болсын шеберлік,
Сөз кезегін қазыларға берейік
Арамызда тапқыш достар көп екен,
Солардың біз нәтижесін көрейік, - дей келе ендігі қорытынды сөз кезегін қазыларға береміз.
Ғылымның сырын ұғына,
Шығыңдар білімнің шыңына.
Дарындылық пен тапқырлық,
Жеткізеді сіздерді,
География сырына,- дей отырып сайысымызды аяқтаймыз.