Просмотр содержимого документа
«Мектеп пен балабақша арасындағы сабақтастық»
Рухани-адамгершілік тәрбие — бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады. Жеке адамның адамгершілік санасының дәрежесі оның мінез-құлқы мен іс әрекетін анықтайды, адамгершіліктің негізі мінез-құлық нормалары мен ережелерінен тұрады. Олар адамдардың іс - қылықтарынан, мінез - құлықтарынан көрінеді, моральдық өзара қарым-қатынастарды басқарады. Отанға деген сүйіспеншілік, қоғам игілігі үшін адам еңбек етуге, өзара көмек көрсетуге міндетті. Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз. Мектепке дейінгі адамгершілік тәрбие — балалардың адамгершілік сана-сезімін, мінез- құлқын қалыптастыруды қамтиды. Мақсаты: дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
Міндеттері: балаға ұлттық салт-дәстүрлерді қолдана отырып, адамгершілік, Отанға деген сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет тәрбиелеу.
ұлттық салт-дәстүрлер, тәрбие сағаттар, әңгімелер, ертеңгіліктер арқылы баланы мәдениеттілікке, тәртіптілікке үйрету
Отанға сүйіспеншілік ояту, ұлттық дәстүрлерді білу, сақтауға баулу
Күтілетін нәтиже: өз жас ерекшелігіне байланысты жан-жақты дамыған, мәдениетті, еңбекқор, іздемпаз, іскер, қабілетті және шығармашыл, мектеп қабырғасында оқу бағдарламаларды жеңіл және тез қабылдайтын, оқуда кез келетін қиыншылықтарға мойынсынбайтын тұлғаны қалыптастырып, шығару.
Жоғарыда айтылған мақсат, міндеттерге жету мақсатында келесі жұмыстар балабақшада және әр топта атқарылады:
Оқу іс әрекеттерде амандасу, «Шаттық шеңбер», «Сергіту сәті», «Ойын», «Шығармашылық тапсырмалар», ұжымдық жұмыстар, негізгі тақырыпты таныстыру, үйрету, түсіндіру кезеңдері балалардың ой-өрістерін, көз қарастарын, ақыл ойларын кеңейтуге, мәдениеттілікке баулиды. Оқу іс әрекеттерде қазақтың тарихи мұрасын, өнері мен тілін, әдеп-ғұрпын жетікті балалар тілінде түсінікті болатындай жеткіземіз. Әр мерекеге орай ертеңгіліктер ұйымдастырылып, өткізіледі. Оқу іс әрекет өткізілген уақыттарда өлеңдер, мақал-мәтелдер жатталып, жатқа айтылады, жұмбақ шешіп, жаңылтпаштар жаттайды. Мақал, жұмбақ, жаңылтпаш балаларға тапқырлық, өткірлік қабілеттерді қалыптастыру, ой-өрістерін жетілдіреді және қоғамда өзін ұстауға дағдыландырады. Наурыз мерекеге орай ұлттық салт-дәстүрлер бойынша қойылымдар көрсетіледі. Ата-аналар ұлттық тағамдармен балаларға дастархан әзірлейді. Әр бала, ата-ана, тәрбиешілер ұлттық киім киеді. Балалардың ертеңгілігіне Қыдыр баба қонаққа келіп, сыйлық таратады. Ертеңгілік кезінде ұлттық ойындар ойналады. Күнделікті бос уақыттарында балаларға ұлттық ойындар ойнатамыз. Тәуелсіздік, конституция, Астана күндеріне арнап, Отан, туған жер, отбасы туралы өлең жолдар жаттап айтады. Көркем әдебиет, тіл дамыту, коршаған орта оқу іс әрекеттерінде осы тақырып бойынша өлеңдер, тақпақтар, мақал-мәтелдер жаттаймыз. Қосымша ертегі, әңгімелер оқып, мазмұндарын талдаймыз. Балаларды кішіпейлікке, адамгершілікке тәрбиелеудегі тиімді құралдың бірі – ертегілер мен әңгімелер. Балаларды ұйықыға жатқызған кезінде ертегі, әңгімелер оқимыз. Айына екі рет сахналық қойылымдар дайындап, өткіземіз. Негізгі оқу іс әрекеттермен қатар ерекше баланың мәдени тәрбиелігіне, адами-рухани тұлға қалыптастыруына өзін-өзі тану пәні ерекше әсер етеді.
Жоғарыда атқарылған жұмыстар арқылы баланың бойына сыйластық, иннабаттылық, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелей отырып, сыйлауға, ар-ұятты сақтауға, мейірімді және кішіпейіл болуға үйретеміз. Ұлттық дәстүрлер қолдана отырып, ата-аналармен тәрбие сағаттар, қойылымдар өткіземіз. Ерекше назар қарттарға бөлінеді. «Ата – ұрпаққа өнеге», «Еңбек ардагерлерін құрметтейік» атты тәрбие сағаттарға ата-әжелерімізді шақырып, ән салып, би билеп, өлең жолдарын үлкендерге арнаймыз. Әр тәрбиеші өз топтарына аталарды немесе әжелерді қонаққа шақырады. Бабаларымыздың саттары, жеңіс туралы үлкендеріміз әңгімелер, аңыздар айтып, ән шырқайды. Балабақшамызға спортсмен аға-әпкелерімізді шақырып, олардың өмір баяндарымен танысамыз. Жеңіс мерекесіне арнап салтанатты сап, концерттік бағдарламалар дайындап, әскери, спорттық сайыстар ұйымдастырамыз. Әскери сайыстарда балалар әскери киім элементтерін киюге тырмысады. Осы ертеңгіліктерде балаларға патриоттық сезім қалыптастыру мақсатында әскер, Отан туралы тақпақтар айтып, әндер шырқалып, ә скери билер биленеді. Осы атқарылған жұмыстардың барлығы балаларға өз елдерінің патриоттары болуларына, адамгершілігі мол, инабатты, мейірімді тұлға ретінде қалыптасуына әсер етеді. К.Д.Ушинский айтқан: «Тәрбиелеудің басты міндетін адамгершілік әсер етуден құрайды». Қорытындылай келсем: тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады.