Мектеп жасына дейінгі балалардың ұсақ саусақ моторикасының даму ерекшеліктері
Бүгінгі күні мемлекетіміз дамуында ауытқуы бар мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша қамқорлық көрсетуде. Бұл қамқорлықтың бәрі Елбасының халыққа жолдауында, ҚР Білім туралы заңында, «Кемтар балаларды әлеуметтік-медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» т.б. заңдарында айтылып, дамуында кемістігі бар балаларға көмек көрсетудің тиімді жүйесі, оларды оқыту, тәрбиелеу, еңбекке баулу және кәсіби даярлығын шешуде, коррекциялық - білім берудің дамытушы сипаты айқындалып, бала мүгедектігінің алдын-алуға бағытталған көптеген көкейкесті мәселелер алға қойылды. Мұндай мәселеге төтеп беретін оқу - тәрбие жүйесінің басты орны – балабақша.
Демек, Қазақстан Республикасының жалпыға міндетті білім беру стандартын басшылыққа ала отырып, «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» атты білім беру салаларына байланысты мектепке дейінгі баланың жас ерекшелігіне сай оқу іс-әрекетін шығармашылық, ізденіс негізінде жүзеге асыруда.
Соңғы кездері біз «ұсақ саусақ моторикасы» ұғымын жиі естиміз. Физиологтар ұсақ саусақ моторикасы деп, саусақ, қол және қолдың білезік бөліктерінің ұсақ бұлшықеттерін меңзейді. Осы бұлшықеттерді дамыту және шыңдау, адамның орталық жүйке жүйесінің, барлық психикалық үрдістерінің, сөйлеуінің дамуына басты ықпал етеді.
Қазіргі педагогиканың өзекті мәселесінің бірі мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық қызығушылықтарын дамыту. Әрине, баршамызға белгілі, адам миының қозғалыс проекциясының барлық бөлігінің үштен біріндей, қол проекциясы алып жатыр. Осыдан келер қорытындымыз, танымдық функциялардың, ақпаратты қабылдаудың дамуына ұсақ саусақ моторикасының әсері зор.
Л.В. Занков, А.Р. Лурия, М.С. Певзнер, Г.Е. Сухарева және басқа да ғалымдар, ұсақ саусақ моторикасының бұзылуы, дамуында тежелуі бар балаларға тән белгілердің бірі деген болатын. Аталған ғалымдар, дамуында тежелуі бар балалардың саусақ қозғалысы ебедейсіз, бағдарлауы нашар, дәлдік пен жылдамдығының бұзылғандығын атап өткен.
Л.В. Анткова-Фомина, М.М. Кольцова, Б.И. Пинскилердің зерттеу нәтижесінде интеллектуалдық дамуы мен моторика дамуының байланысы дәлелденеді.
Тарихта адамзаттың дамуының өзі, қолдың қозғалысы мен тілдің (сөйлеудің) тығыз байланысын дәлелдейді. Алғашқы кезде адамдардың қарым-қатынас құралы ым-ишара болған. Мұнда қолдың ролі ерекше орын алған. Қорғану, көрсету, нақтылау және басқа қозғалыстар негізінде адамдар бір-бірін түсінген, қатынасқан[1].
Сонымен қатар, ертеден-ақ дана халқымыз баланың қол, саусақ қозғалысына ерекше мән берген. Қыздарын ісмерлікке баулыса, ұлдарын ұсталық, зергерлікке баулиды, ертедегі санамақтармыз, мазақтамаларымыз, саусақ ойындарымыз да оған куә. Ал нәрестелерді кішкентайынан сылап-сипап, буын-буындарын қозғалтып, бесікке бөлеген болатын.
Мидың қыртысы қаншалықты дамыса, соншалықты тіл де дамиды, және ақыл-ойы да соншалықты. Бұл концепция ғалымдардың қазіргі теориялар негізінде жатыр. Адам миының қыртысының тіл бөлігі қозғалыс бөлігімен көршілес орналасқан. Былайша айтқанда, оның бөлігі болып табылады. Алдыңғы мидың орталық иірімі − қозғалыс проекциясының бөлігі. Одан келетін бұйрықтар әр түрлі қозғалыстарға жауапты. Қолдың білезік бөлігі қозғалыс проекциясының үштен бір бөлігін алып жатыр, ал ол тіл, сөйлеу бөлігіне өте жақын орналасқан. Дәл осы қолдың білезік бөлігінің көлемі мен тіл, сөйлеу бөлігіне жақын орналасуы, ғалымдарды, ұсақ саусақ моторикасын жаттықтыру баланың тілінің дамуына зор ықпал ететініне алып келген. Электрофизиологиялық зерттеулер, тіл дамына жауапты бөлік саусақтардан тарайтын импульстердің әсерімен қалыптасады деп көрсетеді.
Көріп тұрғанымыздай, қолдың қызметі мен тілдің дамуы қатар жүреді. Міндетті түрде, бұл балалармен жұмыста қолданылуы қажет. Ұсақ саусақ моторикасын шыңдау – тілді шыңдау. Ал тілді шыңдау ол ақыл-ойды да шыңдау деген сөз.
Ұсақ саусақ моторикасының балалардың жас кезеңдеріне байланысты дамуына келсек:
− Туғаннан екі жасқа дейін. Жармасу - бала заттарды ұстауға үйренеді, мақсатты түрде қимылдайды.
− Екіден төрт жасқа дейін. Дағдылар дами түседі, саусақтар белсенді қимылдайды. Қимылдарын басқара алады, жазықтықта бағдарлауы артады.
− Төрттен сегіз жасқа дейін. Меңгерген ұсақ саусақ моторикасының дағдыларын қолдануды үйренеді, қол, қолдың білезік бөлігі, саусақ қимылдары бағдарлы.
Өйткені, мектеп жасына дейінгі балалардың ұсақ саусақ моторикасын дамыту − бастаулардың бастауы.
Ұсақ саусақ моторикасын дамытуды баланың нәрестелік шағында-ақ бастаған жөн. Нәрестенің қолына саусақ жаттығуы – саусаққа арналған массаж жасаған тиімді. Сол арқылы ми қыртысымен байланысты биологиялық нүктелерге әсер етеміз.
«Бала қабілеті мен дарындылығы – саусақ ұштарынан бастау алады. Саусақтардан басталатын нәзік салалар − шығармашылық ойларды нәрлендіретін қайнар көз» В.А. Сухомлинский десе, «Қол – құралдардың құралы» Аристотель, ал «Қол адамның сыртқы миы іспеттес» И. Кант. Жоғарыдағы ғалымдардың айтқан сөздері осыған дәлел болмақ[2].
Ұсақ саусақ моторикасын дамытудың маңызды бөлігі − саусақ жаттығулары. Саусақ жаттығулары эмоционалды, балабақшада және үйде, кез-келген бос уақытта өткізуге болады. Олар қызықты, баланың тілінің, шығармашылық қабілетінің дамуына әсер етеді. Балалар саусақ жаттығуларын үлкендердің артынан қайталағанда, саусақ моторикасын дамытады. Сол арқылы қол шапшандығы дамиды, өз қимылдарын басқаруы, белгілі іс-әрекетке зейіні тұрақтанады.
Саусақ жаттығулары дегеніміз – қандайда бір ұйқасты оқиға, не ертегіні саусақтар арқылы ойнапшығару. Көптеген саусақ жаттығулары екі қолдың да қозғалысын талап етеді, ол өз кезегінде баланың «оң», «сол», «жоғары», «төмен» сияқты ұғымдарды түсінуіне көмегін тигізеді.
Бұл жаттығулардың баланың шығармашылығын дамытуда да маңызды. Егер бала қандайда бір «саусақ жаттығуын» меңгерсе, ол міндетті түрде басқа да тақпақтар мен әңгімелерге саусақ жаттығуларын ойлап табуға тырысады. Бір жастан екі жасқа дейін балалар «саусақ жаттығуларын» бір қолмен орындағанда, жақсы қабылдайды.
Үш жастағы балалар екі қолмен ойналатын саусақ жаттығуларын меңгереді, мысалға, бір қол үй болса, екінші қол үйде жүгіріп жүрген мысық болады.
Төрт жастағы балалар бұл жаттығуларды, бірнеше оқиға желісің ауысуымен ойнай алады. Ал мектепке дейінгі ересек жастағы балаларға әр түрлі заттарды, шарлар, кубиктер не үйлер сияқты құралдарды беріп, түрлендіріп саусақ жаттығуларын өткізуге болады[3].
Бала есін біліп, былдырлап сөйлей бастаған кездің өзінде-ақ баламен ойнай бастаймыз. Өйткені, ойын – мектеп жасына дейінгі баланың жетекші іс-әрекеті. В.А.Сухомлинский: «Ойынсыз баланың толыққанды ақыл-ой дамуы мүмкін емес. Ойын үлкен ошақты жағуға арналған ұшқын» десе, яғни ойынның басты мақсаты: баланы дамыту, кемшіліктерін түзету. Ойындар ұсақ саусақ моторикасын дамытудың маңызды бөлігі.
Ойындық құралдарды дұрыс таңдау өте маңызды. Мұнда, «қарапайымнан күрделіге» дидактиканың басты принциптерінің бірі ретінде қолданған тиімді. Ойындар мен жаттығуларды таңдау, олардың қайталануы, сандық және сапалық құрамы балалардың жеке және жас ерекшеліктеріне қарай өзгереді.
Қол және қолдың білезік, саусақтардың үйлесімді, жан-жақты дамуына, қолды әр түрлі қысу, созу, босаңсыту қимылдарын жасау қажет. Сондықтан келесідей тәсілдерді қолданған жөн:
Ойындар мен жаттығулардың жүйелілігі. Бірден нәтижені күтудің қажеті жоқ. Өйткені, дағдылардың автаматтануы көптеген қайталанулармен келеді. Соған байланысты, бір дағдыны меңгеру, бірнеше бөліктермен жүзеге асады;
Қарапайымнан күрделіге ауысу принципі. Бірінші оң қолға, кейін сол қолға; табысты болса – оң және сол қолға бірден орындатуға болады. Қандай да болсын жаттығулардан «аттап кетуге» болмайды. Ол, балаға физиологиялық тұрғыдан орындай алмайтын тапсырма болып, жағымсыз әсер туғызуы мүмкін;
Барлық ойындар мен жаттығулар баланы қалауымен орындалуы қажет, жағымды әсер етуі тиіс. Қандай жас болмасын, адамға нәтиже маңызды. Сондықтан баланың әр бір болмашы жетістіктерін бағаланған дұрыс;
Егер бала ойынды жалғастыруды сұраса, көңілін басқа тапсырмалар мен ойындарға аударған жөн. Барлығында өзінің шегі болу керек. Баланы ойын барысында шаршату тіптен орынсыз, ол жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін.
Ұсақ саусақ моторикасын дамытатын ойындар мен жаттығулар өте көп. Олар шартты түрде топтарға бөлінеді. Қол, қодың білезік және саусақтарының қозғалысының дамуына оң әсер ететін заттық ойындар, яғни ойыншықтармен, кез-келген заттармен өткізіледі. «Мозайкалар», «конструкторлар» − аталған материалдар саусақтардың белсенді қозғалысына әсер етеді. Мозайкада ұсақ бөліктерден толық сурет құрап шығару мақсаты тұрады. Ойын барысында бала бөлшектермен қозғалыс жасайды, байқағыштық, төзімділік, табандылық пайда болады.
Моншақтармен ойын: екі қолдың да бағдарлауын арттырады. Балаға тізуге арналған бау және әр түрлі теңдіктегі, әр түрлі диаметрлі моншақтар беріледі. «Көз-қол» бағдарлауын жетілдіреді. Бұл ойында тек қол ісмерлігі ғана емес, сенсорлық (түс, көлем, пішін) қабілетті дамиды.
Баулармен ойындар – сенсомоторлық бағдарлауды, ұсақ моториканы, жазықтықта бағдарлауды, «жоғары», «төмен», «оң», «сол» ұғымдарын игеруіне жәрдемдеседі, тілді дамытады, зейіннің тұрақтандырады, қол белсендігін, икемділігін арттырып, қолды босаңсытады.
Сонымен қатар, қысқыштармен ойналатын ойындар өте нәтижелі. Ол баланың ұсақ моторикасын дамытады, ақыл-ойының, тілінің дамуына зор ықпал етеді. Түрлі-түсті қатты қағаздардан дөңгелектер жасап, сондай түсті қысқыштарды қыстырса, гүлдер пайда болады.
Сурет салу – барлық балалар жақсы көретін, әрі пайдалы ісі. Қарындаш, қылқаламмен парақта, қатты қағазда сурет салу қатып қалған қағида емес. Қарда, құмда, терлеген терезе бетіне, асфальтта сурет салуға болады. Алақанмен, мақталы таяқшалармен, көкөністер бастырмаларымен және т.б. әдістермен, яғни бейнелеудің дәстүрлі емес техникалары арқылы сурет салу өте пайдалы, әрі қызықты. Балаға әр түрлі пішіндерді тік сызықпен салуға, суреттің үзік сызық бойымен жүргізу, үлгімен сурет салу, суреттің аяқталмаған екінші бөлігін салу − шығармашылық қабілетті, есте сақтау қабілетін, түсті қабылдауды дамытады.
Ермексаз баланы жалпы дамытатын әр түрлі қызықты ойындар өткізуге мүмкіндік береді. Балалар ермексазды қолмен жібітеді, саусақпен бөліп алады, домалатады, ширатады, ермексазды қалауынша қалыпқа келтіреді және кез-келген уақытта ермексазды бүлдіріп алам деп қорықпастан жұмысына өзгеріс енгізеді, ол өз ісіне деген сенімділік тудырады.
Қазіргі дамыған технологиялар арқасында, ермексаздың жетілдірілген түрі хендгам шықты. Ермексаздан айырмашылығы, қолға, үстелге жағылмайды, пішінді сақтамайды. Ұсақ саусақ моторикасының дамытады, агрессияны басады, шығармашылық қабілетін, тілін дамытады, қолдың бұлшықеттерін бекітеді. Өте пайдалы құрал.
Қағазбен жұмыс. Жай қағаз үлкен мүмкіндіктерге ие. Қағазды кішкентай бөлшектерге жыртып, бөлшектерден сурет салуға болады. Қағазды умаждап, допқа айналдыруға болады, қағазды қырқуға болады. Оригами өнерінің пайдасы ұшаң теңіз[4].
Төмендегі 1-ші кестеде ұсақ саусақ моторикасын қандай іс-әрекеттер арқылы дамытуға болатыны көрестілген.
1 кесте
Қорыта айтқанда, мектеп жасына дейінгі балалардың ұсақ саусақ моторикасын дамыту педагог-тәрбиеші үшін ең маңызды міндет десек онда, баланың физикалық және психикалық денсаулығын сақтауға көмектесу қажет етеді.
Әдебиеттер:
1. Логопедия [Текст]: учебник для студ. дефектолог.фак. пед. Вузов/ ред. Л.С. Волкова, С.Н. Шаховская. – 3-е изд., перераб. и доп. – М.: Гуманит. Изд. Центр ВЛАДОС, 2002. – 680 с.
2. Кольцова М. М. Двигательная активность и развитие мозга ребёнка.- М.,2003.
3. Пименова Е. П. «Пальчиковые игры» / Е. П. Пименова.- Ростов н/Д: Феникс, 2007.
4.Филиппова С.О. Подготовка дошкольников к обучению письму. Влияние специальных физических упражнений на эффективность формирования графических навыков [Текст]: учебное пособие/ С.О. Филиппова. – СПб.: Питер,2000. 287 с.