Сабақтың мақсаты: Өзгеге «жақсы тілек» тілеу арқылы сүйіспеншілік құндылығын дамыту.
Міндеттері:
Мейірімділік адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру
қайырымды қарым – қатынас жасау іскерліктерін дамыту
Ізеттілікке тәрбиелеу
Көрнекіліктері: үнтаспа, жүрекше, оқулық, дәптер, суреттер т.б.
I.Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі, Топқа бөлу.
Тыныштық сәті. Нұрға бөлену
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады.
Рахмет.
Үй тапсырмасы. Жақсы ата
Ерасыл биыл төртке толды. Оның туған күніне атасы Қуандық пен әжесі Күміс әдемі шана сыйлады. Бірақ ол өздігінен жүре бермейді. Міндетті түрде бір адам сүйреу қажет. Ал ондай адам көбіне-көп табыла бермесі Ерасылдың бір өзіне ғана аян.
Міне, бүгін де шанасын сүйретіп, өзін ойнататын адам таппай әлекке түсті. Мамасына айтып көріп еді. Ол:
- Қолым тимей жатыр, - дегеннен аса алмады.
Әкесі:
- Өзің ойнасаңшы, - деп сылап-сипап шығарып салды. Ендігі үміті әжесі Күмісте болатын. « Қырсыққанда қымырын іриді» дегендей, әншейінде айналып-толғанып отыратын әжесі есеп-қисап шығарып, өз бөлмесінен бой көрсете қоймады. Ерасыл ызасы келіп, жыларман болды. Мұның бәрін сырттай бақылап, көріп отырған атасы Қуандық:
- Ерасыл, жүре ғой, жүр, құлыным. Мен сені шанаға сүйретіп, мұзға сырғанатып, Аққала жасап ойнатып келейін,- деді.
Ерасыл мұндай қуанбас. Сол күні атасы екеуі әбден құмара қанғанша ойнады. Сырғанақ тепті, аққала соқты, шанаға мініп, қырдан оқша зулады. Үйге қайтып бара жатып атасына:
Ата, бұл дүниеде Сізден өткен жақсы ата жоқ, - деді көңіліндегі қуанышын жасыра алмай.
Құлыным, мен де әлемді жеті айналсам да сендей балдан тәтті немере таба алмаспын, - деді мейірленіп.
. Немересі атасына қандай жақсы тілек айтты?
. Атасының немересіне деген жылы жүрегі қалай байқалады?
. Өздерің жылы жүрекпен жақсы тілек айтқан кездерінді еске түсіріп көріңдер.
Дәйексөз
Жақсы сөз – жарым ырыс
Жақсы сөз-жанды нұрландырады.
Жүрек жылылығы – жан жұбанышы, өмір құанышы.
Мақалдың мағынасын сұрай отырып, түсіндіру, хормен айтқызу арқылы жаттату.
-Жақсы ой, жылы лебіз, жақсы тілек адамды шаттандырады, қуантады, бақытты етеді.
IY. Әңгімелеу. (Мұғалім сыйы)
«Ағаш тостақ » әңгімесін балаларға айтып беремін.
Бір қарт адам өмір сүріпті. Көздері жақсы көрмей,құлақтары жақсы естімей,аяғынан жүре алмапты. Дастарханда отырғанда қолы қалтырап,қасығын ұстай алмайды. Сорпасын үстел үстіне төгіп,аузынан ағызыпты.Ұлы мен келіні оның бұл жағдайына ызалары келіп,қатты ұрысып, жүрегін жаралапты.
Соңғы кезде дастархан басына шақырмай,пештің артындағы бір жерге отырғызыпты. Сол жерде отырып,сол жерде тамағын жепті. Қолына бір ағаш тостақ ұстатыпты.
Мүсәпір адам сол бұрышта қозғалмай отырыпты. Жанары сөне бастаған сулы көздерімен дастарханға мұңая қарайтын болыпты.
Күндердің бір күнінде қолдары қалтырап,тостағын жерге түсіріп,сындырып алыпты. Келіні ауыр сөздер айтып айғайлайды.
Ертеңінде атайдың ұлы дүкеннен ұсқынсыз ағаш тостақ сатып алады. Мүсәпір адам енді тамақты сол тостақтан жейтін болады.
Бір күні осы үйдің төрт жасар ұлы ағаш кесінділерін үйге алып келеді. Әкесі ұлына:
-Ол ағаштардан не істемекшісің? – деп сұрайды.
-Ағаштан тостақ жасаймын,әке... Қартайғанда сіз де осы тостақтан тамақ жейтін боласыз, - дейді ұлы.
Ұлының бұл сөзін естіген әке-шешесінің көздеріне жас толып,жасаған істеріне қатты ұялады. Атасын қайтадан дастархан басына отырғызады. Содан кейін тамақ үстінде, дастарханға төксе де,оған сөйлемейтін болыпты.
Сұрақ:
Мәтін кімдер туралы?
Қандай жағдайда отбасы берік болады деп ойлайсыңдар?
Отбасы жарасымды болу үшін адамдарға қандай қасиет керек?
«Ата-ана қадірі» видео көрсету
Y. Шығармашылық жұмыс.
3 түсті қағаз беріп 5 минут ішінде көрші топқа сыйлық жасау
Адамның бойындағы қасиеттерге байланысты «мейірімділік», «адамгершілік», «қайырымдылық», қуанышты сөздеріне сөзжұмбақ құрастыру.
әр топ басшысы суретті таңдап алады да , әр топ өздері тілек айтады.
1-топ »Досына»тілек айтады.
2- топ «Ата-анасына» тілек айтады.
3- топ «Халқына» тілек айтады.
4- топ «Мектебіне» тілек айтады .
YI Топпен ән айту.
Аңса, жаным
Сөзі: М. Мақатаевтікі
Әні: Т. Төлендиевтікі
1. Мен тiлейiн, жарқыным сен де тiле
Жақсылық орнасын де жер бетiнде
Аққу тiле айдынның келбетiне
Айдын тiле аққуды
Айдын тiле аққуды
Айдын тiле аққуды тербетуге ооо
Қайырмасы
Мен аңсаймын, сен-дағы аңса, жаным
Жақсыдан жайлап ескен жан самалын
Аңса жаным, зарығып шарша жаным
Қалса да қанша ғұмыр, қанша амалың
2.Мен сағынам, сен-дағы сағын, жаным
Адамнан тек жақсылық табылғанын
Ашусыз, пәк сезімді бауырлардың
Аңсаймын ашық жарқын
Аңсаймын ашық жарқын
Аңсаймын ашық жарқын қауымдарын ооо
Қайырмасы
Мен аңсаймын, сен-дағы аңса, жаным
Жақсыдан жайлап ескен жан самалын
Аңса жаным, зарығып шарша жаным
Қалса да қанша ғұмыр, қанша амалың
Мен аңсаймын, сен-дағы аңса, жаным
Жақсыдан жайлап ескен жан самалын
Аңса жаным, зарығып шарша жаным
Қалса да қанша ғұмыр, қанша амалың
YII. Үйге тапсырма беру
«Ұқыпты бала – әдепті бала» мәтінін оқып келу.
YIII.Сабақ соңындағы тыныштық сәті (2мин)
Баяу әуен қойылады. Оқушылар денесін, басын тік ұстапе, көзін жұмып отырады.
Мұғалім жай дауыспен:
«Бүгінгі сабағымызды есімізге түсірейікші. Жақсыны естіп, айтып бәріміздің көңіл – күйіміз көтерілді. Ісіміз де сөзіміз бен ойымыздай, болатынына сенемін. Сабақта көрініс тапқан жақсы қасиеттер жүректерімізде сақталып, іс жүзіне асырылсын. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Осындай тыныштықта сәл отыра тұрайық. Қандай жан тыныштығы! Енді жайлап көздеріңді ашуға болады»