Просмотр содержимого документа
«"Менің Қазақстаным" атты ашық сабақ»
ҚАЛАЛЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ
АШЫҚ САБАҚ
Дайындаған:Кужахметова А.К.
АҚТӨБЕ
2016
Қазақстан Республикасының 25 жылдық Тәуелсіздігіне
арналған ашық сабақ: «Менің Қазақстаным»
Сабақтың мақсаты:
Білімділік:
- Paint редакторында суретті ашуды, құруды, сақтау қызметін меңгерту;
Тәрбиелік:
-Эстетикалық талғамының қалыптастыру, нәтиже алуға және уақытты үнемдеуге дағдыландыру;
Дамытушылық:
-графикалық бейнелеу жұмыстарын орындау арқылы бейнелеу жұмыстарын орындау арқылы бейнелік ойлау қабілетін дамыту, шығармашылыққа баулу;
- жас жеткіншектерді еліміздің тәуелсіз алғалы жеткен табыстарымен таныстырып,білімдерін нығайту;
- Отанын құрметтей білетін,болашақта Қазақстанды өркендетуге өз үлесітерін қосатын азамат тәрбиелеу ;
-Оқушыларды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, туған жеріне, атамекеніне деген сүйіспеншіліктерін арттыруға дұрыс бағыт-бағдар беру;
- -з елінің тарихын сыйлауға үйрету, оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу;
- Paint графикалық редакторында сурет салу, суретті ашу, суретті сақтау.
- информатика пәнінен Paint графикалық редакторында сурет салу әдеттерін даму;
- балалар Paint графикалық редакторында өз ойын, қиялын көрсете білуді үйрету.
Сабақтың көрнекілігі: ҚР 1991-2016 жылға дейінгі тарихынан үзінділер бейнеленген слайдтар, плакаттар, буклеттер, карта, фотосуреттер, үнтаспа.
Тәрбие сағатының типі: білім, білікті практикада қолдана білу сабағы.
Сабақтың түрі: ашық сабақ.
Сабақтың әдісі: көрсете баяндау, пікірлесе-түсіндіру.
Сабақ барысы:
ұйымдастыру
жаңа сабақ
сарамандық жұмыс
қорытындылау
Педагог: Саламатсыздарма, балалар! Бүгінгі біздің сабағымыз күндегіден ерекше болғалы отыр. Себебі, біз бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймыз.
«Менің Қазақстаным» атты ашық сабағымызды бастайық. Сонымен Қазақстанымыздың Тәуелсіздігіне арналған ашық сабағымызды еліміздің мемлекеттік әнұранымен бастайық.
Әнұран орындалады.
Педагог: Туған халқымыз тәуелсіздік алды. Тарихымыздың беттеріне 1991 жыл алтын әріптермен жазылды. Тәуелсіздік, еркіндік – ежелден ел тілегі. Тәуелсіздік халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күресінің тарихи нәтижесі.
Біздің тарихымыз туралы не айтып бересіздер.
1-оқушы. 1723 жылы қаннен-қаперсіз елімізге жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, қалың жұртты қан жылатты. Дүрліккен ел үдере көшіп, дүние-мүлік, мал, жанына да қарай алмай босып кетті, тіпті, бесіктегі бала, қария кемпір-шалдарға дейін жұртта қалып қойған кездері де болды. Қазақ халқының бұл босуы тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен қалды. Ақтабан шұбырындыда 1 миллион адам, яғни сол кездегі халықтың 40 пайызы қырылды.
2-оқушы. Әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұйытқы болуымен Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Баян батыр, Көкжал Барақ секілді көптеген батырлар Қазақ халқын қазақтың ханы – Абылай ханның ақ туының астына біріктіріп, жоңғар шапқыншылығынан толық азат етті.
3-оқушы. XVIII ғасырда Қазақ хандығының тәуелсіздігіне қатер төндірген тек қана Жоңғар хандығы ғана болған жоқ. Оңтүстіктен Хиуа, Қоқан, Бұқар хандықтары көз алартса, Батысы мен Солтүстігінде қалмақтар, башқұрттар, казак орыстар үнемі шапқыншылық жасаумен болды.
4-оқушы. Қазақ халқын аман алып қалу үшін осындай қысылтаяң кезде Әбілқайыр бастаған Қазақ сұлтандары, билері мен бір топ батырлары Ресей империясының құрамына кіре бастады. Сөйтіп, Қазақ халқы тәуелсіздігінен айырыла бастады.
5-оқушы. Ресей империясының отаршылдық және орыстандыру саясатына қарсы Қазақ халқы сан рет ұлт-азаттық көтеріліске шықты.
6-оқушы. 1783-1797 жылдары Сырым Датұлы басқарған шаруалар көтерілісі.
7-оқушы. 1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған шаруалар көтерілісі.
8-оқушы. 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліс.
9-оқушы. 1930-1932 жылдардағы ашаршылықта 2 млн. 100 мың Қазақ қырылды.
10-оқушы. 1986 жылғы 16 желтоқсанда таңертеңгі сағат 10.00-да бар-жоғы 18 минутқа созылған Қазақстан Компартиясының пленумында елімізді ширек ғасыр басқарған Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев орнынан алынып, шеттен келген Геннадий Колбин сайланды. Бұл, әрине, Қазақ халқының наразылығын туғызып, әйгілі Желтоқсан оқиғасын туғызды.
11-оқушы. Қазақ халқының ең соңғы өліп, тірілуі – біздің халқымыздың қайғы-қасіретіне, сонымен бірге мақтанышына айналған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Осы оқиғаға қатысты деген жалған жаламен 99 адам сотталды. 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан, 52 адам коммунистік партия қатарынан шығарылды, әр түрлі жазалар берілді. Қазіргі күнде 16-17 желтоқсандағы оқиғаға қатысқаны үшін жазаланған азаматтар Президенттің жарлығымен ақталды. Желтоқсан оқиғасы – ХХ ғасырдың ең ұлы оқиғаларының бірі. Өйткені желтоқсан оқиғасы тек бүкіл тоталитарлық-коммунистік жүйенің күйреуінің бастаушысы болып қана қоймай, сондай-ақ ол бұрын бағынышты болып келген көптеген елдерге егемендік, тәуелсіздік әперген зор саяси-әлеуметтік құбылыс болды. 1986 жылдың желтоқсанындағы Қазақ жастарының төгілген қанымен бүгінгі тәуелсіздігіміздің тұңғыш парағы жазылған еді.
1-оқушы. Тәуелсіздік – бабалардың ұраны,
Бейуақытта бойға таққан тұмары.
Тәуелсіздік – түнектерде тұншығып,
Ызғар ұрып, жанбай қалған шырағы.
2-оқушы. Дербестігін аңсаған ел ақ, адал,
Қанын төкті қанша батыр бабалар.
Осы жолдар құрбан болды емес пе?
Халық жауы атанған көп ағалар.
3-оқушы. Тәуелсіздік үшін тігіп бастарын
Желтоқсанда шықты алаңға жастарым
Әр ұрпақтың құбандары жеткілік
Дербестікке кім сұрамақ басқа құн
Педагог: Біздің үйірменің балалары тарихымыз туралы көп нәрсе біледі екен. Енді, балалар біз Paint графикалық редакторында «Менің Қазақстаным- менің болашағым» тақырыбында сурет салайық.
Балалар Paint графикалық редакторында компьютерде сурет салады. Оқушылар өз суреттері туралы айтып береді.
Мұғалім: Иә, Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім! – деп ақын Жұбан Молдағалиев атамыз жырлағандай, Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі аз уақытта еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Сол жетістіктерімізді атап өтейікші. Мысалы: 1990 ж. 25 қазанда Қазақ КСР-інің егемендігі туралы Декларация қабылданды. Ары қарай, жалғастырып айтып көрейік.
1-оқушы. 1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды.
2-оқушы. 1991 ж. 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.
3-оқушы. 1991 ж. 1 желтоқсанда тұңғыш Президент сайланды. Ал сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды.
4-оқушы. 1992 ж. 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен ұлттар ұйымына мүше болды.
5-оқушы. 1992 ж. 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Сол жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі мемлекеттік рәміздерді қабылдады.
6-оқушы. 1993 ж. 28 қаңтарда Тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі Заңы – Конституция қабылданды.
7-оқушы. 1993 жылдың 15 қарашасы еліміздің тарихында ерекше күн болып қалды. Осы күннен бастап ұлттық валютамыз – Теңге айналымға енді.
8-оқушы. 1995 ж. 30 тамызда қазіргі Ата Заңымыз – жаңа Конституция қабылданды. Ал, 1996 ж. Алматы қаласында Тәуелсіздік монументі ашылды.
9-оқушы. 1997 ж. 10 желтоқсанда Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы ретінде жарияланды. 1998 ж. Президент Жарлығымен Ақмола қаласы Астана қаласы болып өзгертілді.
10-оқушы. Қазақстан – сан ғасырлық тарихы бар,
Қазақстан – бұл азат ел, танысыңдар.
Көк байрақты, елтаңбалы, әнұранды,
Қазақ елі – егеменді, сан ұлты бар.
Қорытынды сөз: Тәуелсіздік үшін мың өліп, мың тірілген Қазақ елі, құдай қаласа, гүлденіп мәңгі жасай бермек. Тәуелсіздігімізді алтынымыздай ардақтап, асылымыздай бағалайық, қымбатымыздай құрметтей білейік.
Елтаңбамыз ажарлы, әнұранымыз әуенді, асқақ бола берсін!
Еліміздің, елдігіміздің белгісі – көгілдір туымыз, қасиетті көк байрағымыз көкте қалықтап, желбірей берсін!
Сабағымыздың мәнді, мағыналы болып өтуіне бар білімі мен күш-жігерін салған оқушылар, сіздерге рахмет!
Көңіл қойып тыңдаған қонақтарымыз – аяулы ұстаздар, алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін, ілтипат-ниеттеріңіз үшін сіздерге зор алғысымды білдіргім келеді! Осымен сабағымызды әдеттегідей музыкалық қоштасумен аяқтаймыз.
Б.Тілеухановтың орындауындағы ән «Қазағым менің» орындалады.