Просмотр содержимого документа
«Ашы? саба? "Жабайы жануарлар"»
Жануарлардың бағдарлануы
Жануарлардың кеңістіктегі тіршілік ету қабілеттілігі; белгілі бір экологиялық жағдайға бейімділігі. Бағдарланудың бірнеше түрі бар: 1) оптикалық – көптеген жәндіктердің полярланған жарық немесе ультракүлгін сәуле арқылы бағдарлануы; 2) химиялық – кейбір жануарлардың қорегін, жұбын иіс арқылы дәл табуы (мысалы, жібек көбелегінің аталығы 10 км жерден аналығын иіс арқылы сезеді); 3) акустикалық – жыртқыш жануарлардың өз қорегін есту арқылы ұстауы (мысалы, жапалақ кеміргіштерді 15 – 20 м-ден сыбдыры арқылы біледі); 4) терморецепция – жылу арқылы бағдарлану (мысалы, айдаhарлар мен қалқантұмсықты жыланның тұмсығында жылуды сезетін шұңқыры болады). Көптеген төменгі сатыдағы омыртқасыздар (мысалы, планария), жәндіктер (шыбын, қоңыз, термиттер), сондай-ақ, құстар және кейбір суда тіршілік ететін сүтқоректілер Жердің магниттік өрісі, ал балықтар бүйір сызығы арқылы бағдарланады. Жануарлардың бағдарлану ерекшелігін, оны атқаратын органдардың құрылысын зерттеп танудың ғылым үшін маңызы зор.
Жануарлардың дауысы
Бір түрге, кейде әр түрге жататын жануарлардың өзара бірін-бірі ажырату және түрлі сезімін білдіру үшін шығаратын дыбыстары. Бұл көптеген жәндіктерге, балықтарға, құйрықсыз қосмекенділерге (құрбақа, бақа), кейбір бауырыменжорғалаушыларға (жармасқылар, хамелеондар, қолтырауындар) және барлық құстар мен сүтқоректілерге тән. Жануарлардың дыбыс диапазоны 20 Гц – 20 кГц аралығында және ол тек дыбыс аппараты арқылы ғана пайда болатын дыбыс (шаянтәрізділерде, жәндіктерде) емес, балықтың торсылдағымен, жүзу қанатымен, құстың құйрық қауырсынымен, қанатымен, тұмсығымен (қарабауыр бұлдырық, дегелек), аяғындағы не қанатындағы арнайы аппараттарымен (түзу қанатты жәндіктер) шығаратын дыбыстары да болады. Жануарлардың сайрау, қорқу, айбат шегу, ашыққан, сескенген, жұптасу кезінде шығаратын әртүрлі дыбыстары болады. Кейбір жануарлар дауысын ғалымдар шаруашылыққа зиян келтіретін құстарға, жәндіктерге, т.б. кейбір хайуанаттарға қарсы пайдаланып, бау-бақшаны, егістікті қорғайды. Мысалы, Қазақстан орнитологтары қараторғайдың шығаратын дыбыстарын жазып алып, акустикалық әдіспен жүзім бағының зиянкестеріне қарсы қолдануда.
Жануарлардың жүзуі
Жануарлардың жүзуі - жануарлардың суда тіршілік етуге бейімделуінің бір түрі. Бұл шартты және шартсыз рефлекстер салдарынан да қалыптасады. Жануарлар жүзуге әртүрлі жағдайда бейімделген. Кейбір түрі тіршілігінің көп уақытын (су жануарлары, қосмекенділер) суда жүзіп өткізсе, құрлық жануарлары жолындағы кедергіден, судан өткенде не суға кенет түсіп кеткенде жүзеді. Жануарлардың суда жүзіп тіршілік етуге бейімделуі активті және пассивті болып екі түрге бөлінеді. Активті түрінде түрлі жүзу органдарын (қарапайымдар, құрттар – кірпікшелерін, шаянтәрізділер – мұртшаларын, құстар, ескек аяқтылар, қамшат және құндыз – аяқтарын) қозғап жүзеді. Жүзудің пассивті түрінде жануарлар денесін әртүрлі иіп (балықтардың көптеген түрлері, құйрықты қосмекенділер, барлық қосмекенділердің дернәсілі, жылан, сүлік т.б.), қозғап жүзеді. Жүзуге бейімділік сүтқоректілердің де арасында байқалады. Мысалы, камшаттың, құндыздың, жұпартышқанның, су күзенінің және ондатрдың бармақтарының арасында жарғағы болады, жүні жылтыр, су жұқпайды.