Просмотр содержимого документа
«Үміт, сенім бізді алға жетелейді.»
Үміт, сенім бізді алға жетелейді. Мақсаты: 11 сынып оқушыларын ҰБТ-ге байланысты өз-өзіне деген сенімділікті күшейту, стрестік қалыптан арылту, өзіндік күш-жігеріне деген қарым-қатынасын нығайту. Көрнекілік: үнтаспа, қызыл түсті маркерлер, А4 қағаздар, ҰБТ-ге дайындыққа байланысты әртүрлі смайликтер, адам контуры салынған ватман қағаз, ішіне айна салынған сандықша, слайд. Тренингтің жүру барысы. Кіріспе сөз. Құрметті мектеп түлектері, сіздер Қазақстанның болашағысыздар, болашақ бүгіннен басталады! Сіздер кеше ғана бүлдіршін бала болсаңдар, міне бүгін дүбірлі додаға қатысуға дайын, жарауы жеткен сайгүліктей ауыздықпен алысып тұрсыңдар. Алдарыңда үлкен болашақ, ұлы мақсат, міндет күтіп тұр. Асар белестерің, шығар биіктерің көп болсын. Ұлттың келешегін анықтап беретін және оның бүкіл болмысын ашатын ең қасиетті, әрі аса қажетті мәселе – БІЛІМ! Кім еңбектенсе, соның бағы жанады. Халқымыз айтпақшы «Талаптыға нұр жауар!» деп, яғни еңбек етсек әрқашан жемісін көреміз. Тренинг ережесімен таныстыру. Ашық әңгімелесу Белсенді болу және әзілдесе білу Бағаламау Бір-біріміздің сөзімізді бөлмеу Өзгелерді тыңдай білу 1. Жаттығу «Жағымды сөздер» Мақсаты: өзін-өзі одан әрі ашу, өзін-өзі тану, өзінің және айналасындағылардың қасиеттерін дамыту. Қатысушылар шеңбер бойымен отырады, жүргізуші жағымды сөздер айта отырып кез-келген біреуге доп лақтырады. Допты алған ойыншы шеңбердегі қатысушылардың кез-келгенін таңдайды да, оған өз жағымды сөзін айтып допты лақтырады. Доп қатысушылардың бәрінде болып шыққанға дейін ойын жалғаса береді. Жағымды сөздер қысқа, ең жақсысы бір сөзден тұрса болады. Талдау: Мақтау сөзді айту жеңіл болды ма? Мақтау сөзді естігенде өзіңізді қалай сезіндіңіз? Алған әсеріңіз қандай? 2. «Алғашқы көмек» жаттығуы. Қажетті құралдар: А4 қағаздар, қара қарындаш, түрлі-түсті қарындаштар, адам сұлбасы салынған плакат, қызыл түсті маркерлер, скотч. Нұсқау: әр оқушы А4 қағазына адам сұлбасын салады. Қызыл түсті қарындашпен денсаулыққа «емтихандағы қауіп-қатер аймағы», яғни емтиханға дайындық барысында біздің ағзамыздың қай мүшелеріне күш түседі немесе қауіп қатерге ұшырайды, сол жерлерді белгілеңіздер (мысалы, бас - «шамадан артық күш түсу») және де қосымша ойланып, мынандай сұраққа жауап беріп көріңіздер, «менің қобалжуым қай жерде өмір сүреді?», оны да салған адам сұлбасына белгілеңіздер. Күнделікті өмірде қабалжу мен қорқыныш сезімдерінен арылу үшін не істейсің? Қағазға жазыңыздар. Ал енді салған суреттерімізді көрейік. Үлкен плакатта жалпылама нұсқасы беріледі. Қорытынды: ҰБТ-ге дайындық барысында біздің бүкіл организміміз толық қауіп қатерге ұшырайды. Дайындық кезінде - Көзге - Омыртқа - Бас ауруы - Ас қорыту жүйесі - Жүрек қан тамыр жүйесі - Жүйке жүйесі Қараңдаршы барлық адамдар қызыл түске боялып қалды! Не істеу керек мұндай жағдайда? Өзімізді құтқару керек! Стресс туралы қысқаша дәріс оқылады. 3. Релаксациялық жаттығу. «Тұлғаның өзіне сенімділігін психологиялық дайындау» Мақсаты: Өзі туралы ойын дамыту, комуникациялық іскерлікті жетілдіру, сенімді сезіну үшін тұлғаны психологиялық күйге келтіру. Ыңғайлы отырыңыздар. Өз денелеріңізді сезініңіздер және бос ұстаңыздар. Дене демалады, ал сана-сезім сергиді. Аспанға қарап отырмын деп ойлаңыздар. Ішіңізден. Аспанды сезініңіз. Табиғат көркемділігін байқадыңыз.Айналадағы шуылдаған құстардың дауыстары неткен керемет! Кенеттен, сіз бір әсем әуенді естисіз! Әуен бағытына қарай ұмтыламыз. Сіз орман ішіне қарап зәулім сарайды байқайсыз. Зәулім сарайдың жартылай ашылған есігінен әсем әуен естіледі. Сіз зәулім сарайдың ішіне кіресіз. Айналаңызды қоршаған төрт қабырғада көркем де керемет суреттер. Сол көркем суреттерді көру үшін сіз әр қабырғаны жағалап, ұстап көресіз. Ол суреттерде сіздің қиял-ойларыңыз бейнеленген. Бірінші қабырғаға.., екінші қабырғаға..., үшінші қабырғаға..., төртінші қабырғаның соңында сіз аппақ, әрі жұмсақ демалатын жерді байқайсыз. Кенеттен, шаршағаныңызды байқайсызда, сол жерге демалуға жатасыз. Өз денелеріңізді көз алдыңызға елестетесіз... басыңыздан бастап, аяғыңыздың ұшына дейін... енді керісінше аяғыңыздың ұшынан басыңызға дейін. Сіздер демалыңыздар, жеңілдеңіздер, жай ғана тұрып, осы бөлмеде ҰБТ-ға байланысты өз қорқынышымызды, үрейімізді, сенімсіздігімізді, барлық кері әсерлерді тастап артқа қарамай есіктен шығып, жауып кетеміз. Сіздер көңілді қайратты, қажырлысыздар. Табанды және қайратты болыңыздар! Сезініңіз-сіз сергексіз! Сіз ештеңеден қорықпайсыз! Сіздің күшіңіз көп, қайратты, өзіңізге сенімдісіз! Сізде бәріде болады! Сіз үлкен шыдамдылықтың арқасында жақсы оқисыз, көңіл-күйіңіз жақсы, орындалмай қалған жұмыстың орнын тезірек толтыруға ынтызарсыз. Сіз қайтадан табиғат аясындасыз. Шексіз аспан... Ораламыз.Тамаша... Жұмысымызды аяқтаймыз. Сіз өзіңіз туралы ойыңызды аяқтағаныңызды, өзіңіздің демалғаныңызды сезінген кезде көзіңізді ашыңыз. Оқушылардың жаттығудан алған әсерлері тыңдалады. 4. Жаттығу «Сілкіп таста» Мақсаты: жағымсыз, қажет емес, кедергі жақтардан құтылу, сенімділікті орнату. Нұсқау: мен сіздерге жағымсыз, сенімсіз сезімдерден арылып, өзіңізді қалыпқа келтірудің жолын көрсетемін. Кейде біз көп күшімізді алатын ауырлықтарды көтереміз. Мысалы: Ойымызға! Тағы да жолым болмай қалды. «ҰБТ-ға жақсы дайындала алмаймын», «Жақсы тапсыра алмаймын» деген сияқты. Айналамызға орын қалдырып, еркін тұрып, алақаныңызды сілкіңіздер, білегіңізді сілкіңіздер, иығыңызды сілкіңіздер. Аяқтарыңызды саннан тобыққа дейін сілкіңіздер. Қандай да бір дауыс шығарсаңыз да болады, беттеріңізді сілкіңіздер. Сеніңіздер, сіздің бойыңыздан ауыр жағымсыз жүктің түскенін. Сіз біртіндеп сергек, көңілді болудасыз немесе көңілді күй жағдайдасыз. Енді сеніммен мына сөздерді қайталаңыз: мен ақылдымын, менің жаным тыныш, мен қиындықтан қорықпаймын, мен жаспын, әдемімін, менің қолымнан көптеген жақсылық келеді, маған сенімділік күш береді, мен дайынмын. Рефлексия. Көңіл-күйіңіз қандай? 5. «Ғажайып көл» жаттығуы. Бұл жаттығуды орындау үшін ішіне ғажайып айна салынған кішкентай сандықша қажет. Барлық қатысушылар шеңбер болып отырып, көздерін жұмады. Қазір барлығымыз сандықшаны бір-бірлеріңе кезекпен беріп, қолына сандықша тиген қатысушы сандықшаның ішіне үңіліп, ішіндегі кішкентай «таңғажайып» көлден осы өмірдегі ең керемет және қайталанбас жанды көресіз. Оған қарап жымиыңыз - бұл жаттығуды орындау барысында сіз жымиғанда ол адам қандай жауап қайтарды - «бірегей, бірден бір, өте сирек кездесетін» деген сөзді қалай түсінесіздер? 6. Жаттығу «Жылдамдық» Мақсаты: оқушылардың жылдамдық реакциясын дамыту. Нұсқау: мен сіздерге жылдам сөздер тобын оқимын, сіздер мұқият тыңдап әр сөздің 2-ші әріпін жазасыздар. Ес, сезім, анықтау, білек, емен, адамгершілік, кітап, үлкен, білім, екі. Психолог. Құрметті мектеп түлектері алдарыңда үлкен сын, намысты дода сол сынға әрқашан сеніммен барыңдар. Бақытты ғұмыр болмайды, ол бақытты секунд, бақытты минут, бақытты сәттерден тұрады, біз сол бақытты сәтті сезіне білу арқылы бақытты боламыз. Бір - бірінің қолдарыңды ұстап жоғары көтеріңдер, біркелкі хор дауыспен «Біз ҰБТ - ға сеніммен барамыз!» деп айқайлаңдар. Құрметті түлектер! ҰБТ-ні өте жақсы нәтижемен тапсырып, мектептеріңнің мәртебесін асқақтатып азаматтары болыңдар! Сендерге сәттілік тілеймін! Сау болыңыздар!